Абай дүниеге келмегенде
25.08.2015
1351
0

Ғасырлардан ғасырларға жалғасқан ұлттың тарихи тағдырындағы сөз жоқ болған даналықтың өлшемін тап басып айту, әрине, мүмкін емес. Ақиқаты – қашалып, қатталып қалған ғасырлар ғибраттары көмбе-көмбе екені аян. Енді Абайдың жөні бөлек. Ол берідегі дана. Абай дүниеге келмегенде, қазақ үшін ыңғайсыз, тіпті ұят болатын еді. Қазақпыз ғой, әйтеуір біреуді қолдан кемеңгер жасап та жіберетін бе едік, кім білсін.

10Несіпбек Дәутайұлы,

жазушы

Даналық – ұлыларға тиесілі. Абай сияқты. Әйтсе де, Абайға дейін де қазақтың қайда, қалай баруын кесіп-пішкен кемеңгерлердің де болғаны рас. Олар­дың өмір, адам, қоғам, оның ар-ұяты, абырой-атақ, ар-намыс тағы-тағылары таңбалап айтқан дана­лық­тары кезегімен келіп отырған ұрпақтың жадында қалып отырды. Сол қазыналар Абайға ұстаздық ет­педі дейсіз бе. Ешкім де аспаннан салбырап түс­пей­ді. Дана болып туар. Бірақ ұлт жасап келген ұлы ұстаздыққа ол да тәуелді. Әңгіме ата-бабадан қал­ған ғибраттарды өз түйсігімен жаңғыртып әке­тіп, ақыл-ойдың, сананың реформаторлық сипатын та­ны­туда. Абай сөйтті. Ол танымдық тұрғыда, ұлттық ая­дан шығындап шығып кетті. Өлеңдегі ой-жүйе өл­шемінің өркениетін, пәлсапа мен поэзияның үздік үйле­сімін жасай алды. Бұған, әрине, орыс ойшылдары мен ұлы ақындарының септігі аз тиген жоқ. Ақыр соңында Абай қазақты ғұмыр мәнін ұғыну тұр­ғысынан озық мәдени айналымға жетелеуді мақсат етті. Ол үшін ішкі реттілігін, прогреске ұмты­луын, са­­налық жаңаруын көкседі. Селт етпейтін көн­бістігіне күйінді, аяусыз сынап-мінеді. Л.Толстой ай­татын: «Қанша кітап жазсаң да, өмір өз жолымен жү­реді»-інің кері, Абай қазақты өзгертемін деп өз жа­нын өзі аяусыз жеп, азап шеккенімен қазақ «Бая­ғы жартас, бір жартастығынан» айнымай қойды. «Мо­ласындай бақсының, жалғыз қалдым тап шыным» деп опынып, өкінетін жері де осы.

Даналықты айтып отырғанда, сол даналықтың кей­бір жағдайда, қазағына өзге бір тұстан өңмеңдеп ке­ле жатқан орыс империясының отарлау саясатына еш көзқарас білдірмеуі.

Біздің қазіргі әдебиетімізді қайдам, ауыз әде­биетінің «Алтын» да, «Күміс» те ғасырларының бол­ғаны күмәнсіз. Өкілдері Асан қайғы, Қазтуған, Дос­­пан­бет… Тағысын тағылар. «Еділге қолды сал­ға­ны…» деп еңіреген ерлер қандықол империяның отар­лау саясатының ақыры қалың қазақтың қаза­нын төң­керіп, қабырғасын қаусатып, қаңғытып қоюға апа­ратынын айтып аңырамады ма, сонда ұлы Абай не­ге үнсіз қалды?! Осы сауалды көрнекті жазушы Тө­лен ағамыз төбесінен әділ қойып жүр. Орыс мә­дениетінің қазақтың рухани әлеміне әсерін көксеген Абай отарлау саясатының зұлым әре­кетін көзімен көріп отырып та үндемеді ғой. Сон­да… Дана ақын нені ойлап, нені қойса да бір Құ­дайға аян.

Ал бүгінгі біздің ахуал қандай? Қазақпен қаты­на­сымызды айтамын. Қаламгер ретінде ұлт болып ояну, ұлт болып қалыптасу – рухани өркениетке тәуел­ді екенін оның санасына жеткізе алып жүрміз бе. Қамсыздау жүрген қазақтың көңіл-күйін қан-кө­белек ойнатып жіберетіндей шығармалар әкеле ал­дық па, дүниеге. Абай заманында қазақ атаулы хат танымады, алайда, өлең-жырды жабыла дерлік жат­қа соқты ғой. Бүгінгі қазақ олай ету түгілі, хатқа түс­кен дап-дайын дүниені оқымайды. Ең басты се­бептің бірі, менімше, біздің шығармаларымыз көп жағ­дайда ешкімді елеңдетпейтін, бар айтары тұр­мыстық деңгейдің ар жақ, бер жағындағы қиял мен қисыннан ада-күде жазбалар. Олай екен, қазақ оны неге, қалай оқиды. Олай екен, ақын, жазушылардың қазақтың рухани тәрбиесінде қандай әсер, ықпалы болуы мүмкін. Екіншіден, әдебиетті жалпы халықтың жан-дүниесімен жарастырып жібере алатындай жүйе­лі, пәрменді әрекет жоқ, бізде. Ұлттық мә­де­ниет­ті сөз еткенде айтылып жататыны театр, кино, ән мен күй. Оған айтыс деген айналайынды қо­сақ­тап жүр. Ал ұлттың рухани әлеміндегі ең құдіретті құ­былыс – әдебиет өзімен-өзі қалды. Біздің тәуел­сіздігімізді алғанымызды күтіп жүргендей, дәл бүгінгі сәтте әлемде рухани отарлау саясаты құты­рып тұр. Олардың насихаттамайтыны, уағыз­да­май­тыны қалмады. Шетінен шеннен шығаратын әзә­зіл­дік. Әзәзілдікке әліміз жетпей отыр. Ұлттық ру­хы­мыздың әлсіздігінен рухани айбынымыздың ала­ңын әлем-жәлем, әңкі-тәңкі, әр нәрсеге әләу­лаймен қарайтын әртіскештік басты.
Бәрін заманға саятындар көп. Тіршілікті компью­тер, интернет-тағы-тағылар басып алды деп ақт­а­лып жатамыз. Құдай-ау, соның барлығына баяғыда қо­л­ы жеткен, қазір де күн сайын небір ғылыми тех­нологияларды жүзеге асырып жатқан Жапонияда жетекті жазушылардың кітаптарының 150 мың да­намен шығып жатуы қалай. Жапон халқы жаппай оқи­ды, өйткені. Рухани әлемі аса қуатты ұлт болып отыр­ғаны да сол. Рухани әлемі аса қуатты ұлт алдымен ұлттық ар-намысты таңдайды. Олар өзінің әде­биеті арқылы өздерінің өткеніне, бүгініне, ертеңіне қыз­мет ететін ақыл-ойлары, пайым-парасаттары, мақ­сат-мұраттары, ұлттық дәстүр-салттарын, ой-са­на деңгейлері өсуін талдайды, зерттейді, қо­ры­тынды шығарып, түзетулер енгізіп отырады. Ұлттық қа­лыптасу дегеніміздің өзі де, сірә осы.
Біз Абайымызбен мақтанамыз. Ал енді қалың қа­зағымызбен мақтану, ең басты ұлттық мұратымыз бо­лып қала беретіні бір Құдайға аян. Соған жетер күн­нен асқан арманынан өткен ештеңе бола қой­мас.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір