Перзент мұңы…
01.06.2018
2619
7

Әдебиетке әр адам әртүрлі жолмен келеді. Ақылмен, біліммен,талантпен. Бірақ бәрінің мақсаты – адам жанын дөп басу, адам сезімін ояту, сол арқылы тәрбиелеу. Жадыраның мына әңгімесі – өзінің жан сыры. Жәй сыры емес – шыны. Жас жанына маза бермеген түнде түсінен кетпейтін, күндіз есінен шықпайтын жан шырылы. Осы сырды гәзетке жариялауды өте өтініп тілеймін!

Бексұлтан НҰРЖЕКЕ-ҰЛЫ.


Бұл өлім деген қайда жоқ Жар­­­қыраған айда жоқ Күлімдеген күнде жоқ, – деп күрсінеді ақ жау­лық­ты аяулым. Алды – үміт, арты – өкініш ал­дам­шы өмір өзекті жанға бір өлім бар екенін бізге көр­сетіп-ақ келеді. Ата-анам маңдайы жар­қы­ра­ған Қайыржандарынан қапыда айрылып ақ қанат пе­ріште перзенттің артында аңырап қалған адам­дар. Қабырғаларын қайыстырған сол бала қа­за­сынан екеуінің жаны қалай аман қалғанын айта ал­маймын. Себебі: Қиналамын. Кей кезде өмір өлім­нен де қорқынышты болып көрінетінін асы­лы жақын адамынан айрылған жандар жақсы бі­леді. Алайда жүректі ұйытып, көзге жас тұн­дыр­ған жан жарасы жазылмайды. Қасірет-қайғыңа уа­қыт екеш уақыт та емші бола алмайды екен еш­қашан. Сол себепті, тағдырға таң қалуға бол­майтынын бағамдадым.
Саналы ғұмыры сары жамбас болып, төсекке таңы­лып өткен асқар тауым да, құйрықты жұлдыз­дай жарқ етіп жоқ болған бауырым сынды бір-ақ сәт­те жүректен кетті.
Аурумен арпалысқан азамат еді – ақыр аяғы дерті жеңді, әкем жеңілді. Қайғыдан қан жұтып жа­дап-жүдеген жылдары қара жердің қойнына та­ғы бір қимасымызды тапсырдық. Ат жалын тар­тып азамат атанған Ғалымжан ағам да кенет­тен көз жұмды. Жүрегі жұмсақ, мінезге бай аптал­дай арыстың да әппақ ақ арманы өзімен бірге кетті. Өкініш өзекті өртейді. Қолдан келер қайран бол­маған соң бақи дүниеден фәниге аттанған­дар­дың артында көз жасымызды көлдетіп біз қала бер­дік.
Марқұм болған ағаларым Қайыр­жан, Ғалым­жан­дар түсіме анда-санда кіреді. Ал әкем ұдайы ме­німен бірге секілді. Ғажабы сол: Түнде басым­нан сипап ұйықтатып, таңертең арқамнан қағып оятады. Дегенмен кеткендер қайта келмейді.Жа­сағанның жәрдемімен тірі адам тіршілігін жа­сайды.
Еңсем езілсе де қайғыны қайратты жеңеді де­ген бір ауыз сөзге тоқтадым-ау деймін. Есеңгі­реп қалсам да есімді жиып, қолыма қалам алу қа­жеттігін балалық борышыма баладым. Әңгіме әкем жайында…

***

Әкетай… Мейірімі молдау жанарыңыздың қа­шан да мұңы басымдау еді. Көзіңіз күлгенмен кө­кірегіңіз күңіреніп жүретінін бала болсам да бай­­қайтынмын. Дерт жеңген денеңіздің шөкім­дей бо­лып шөгіп бара жатқаны әрдайым жаныма ба­тып, жап-жас жүрегім қан жылайтын…
Анам екеуіңіздің ақ адал сезімдеріңіздің бел­гісіндей өмірге келген өзімнің бесіктегі нәресте ке­зімде сіз денсаулығыңыздан айрылыпсыз. Орда бұзар отызыңызда тағдырдың тауқыметін арқалап қалғаныңызды азамат басыңызға берілген Алла­ның сынағы, – деп қабылдапсыз. Сізге қайғы, анама қасірет сыйлаған аурудың қырық қабат қиын­шылығын да қасқайып тұрып қарсы алып­сыз. Басыңызға түскен жәйді тағдыр деп қабылдап со­ған көндігіпсіз, соған көніпсіз. Анам асылы ауру кірді дегенше әлек кірді десейші деген сөздің парқын да нарқын да шын түсінген адам-ау деп топ­шылаймын. Аз сөйлеп көп тыңдайтыны да бәлкім сол жылдардан қалған бір белгі болар… Әкетай, өкінішке карай мен сіздің он екі мү­шеңіздің сау кезін көре алмадым. Анамның ай­туынша аяқтарыңыз оқтаудай түзу болған кө­рінеді. Есімді білгелі менің көргенім балдаққа сүйенген жарым көңіл бірақ жұлдыздай жарқын бейнеңіз. Кім не айтса да Әке деген ұлы сөзге сіз­­ге демеу болған сол ағаштың да,бізге көрсетуге ар­ланатын мүгедек куәлігіңіздің де еш сызат тү­сіре алмағанын жақын-жуық жақсы біледі..
Өзіңіздің арқаңызда біз тіпті төрт дүниесі тү­гел адамдар қол жеткізе алмайтын бақыттың бал дәмін татқан отбасы болыппыз. Әрине, өкі­ніш­теріміз де жоқ емес. Әттеген-айларымыз да баршылық… Бала болсам да менің өзегімді өрт шарпып өсті, – дей алам.Өйткені сіз менің апыл-тапыл басып аяғыма тұрған шағымды көре ал­ма­дыңыз. Ең алғаш жасаған тәй-тәй қадамдарыма мәз болып қуана алмадыңыз. Әке деп былдырлай шыққан бал тілімді еститін уағыңызда да жадап-жүдеп ауруханада жатыпсыз. Айтпай келген аурудың азабын өзіңізбен қылдай бөліп қоса тарт­қан жан-жарыңыздың алдында қаншалықты қа­рыздар екеніңізді қамығып түскен сурет­те­ріңізге қарап жазбай танып жүрмін қазір. Асқар тау­дай болып арамызда жүргеніңізде ара кідік: «Ауру – Алланың тұтқыны», – деген сөзді де жиі қай­талапсыз. Оны да анам айтқан әңгімелерден құ­лағым ерте жастан-ақ шалған. Неге екенін қай­дам әйтеуір тезірек өсіп жетіліп адам болсам ауру­­­дың азабынан құтқарам, – дедім бе екем әй­­теуір бала күнімнен ертерек есейсем деген ар­ман­мен ғана таңым атып, күнім бататын.
Мектеп бітірген жылы алтын медаль иегері ретінде шетелге Түркияға оқуға жолдама алдым.Бі­рақ елде қалдым. Өйткені, сіз іргетасын қалап бе­ріп кеткен тәлім-тәрбиеден асып ыстық ұямды тастап,анамды аттап кете алмадым. Қазақстанда қалып университетті үздік аяқтап журналистің қы­зыл дипломын қолыма алғанда сіздің атыңыз­ды төрт дүниеге түгел танытқым келіп талпын­ға­ным ол өз алдына бөлек бір тақырып. Әйтеуір ата даңқын айдай әлемге шығарғым келіп шыр­қыра­ғаным бар. Тегімді танытқым келді тезірек. Бірақ танымал тележүргізуші болу үшін тар жолда талай тайғақ кешерімді тым кештеу білдім. Ол да тағ­дыр, тарихымның алдағы уақытта баян болар бір беттері, – деп білем. Әкетай… Сәби санамдағы кө­ріністер көз алдымда көлбеңдесе алыстан мұ­нар­тып сіздің бейнеңіз елес береді. Тағы да балдай тәт­ті бал шағым сырғанай сырғып өтіп жатыр көз ал­дымнан. Бала болсам да есімде: Киініп-ше­шінуіңізге, жүріп-тұруыңызға жәрдемдескен сайын: Қатарыңның алды бол қалқам, – деп бата бе­ретінсіз. Сондықтан ба екен, мен де өмірде тек бі­рінші болуға ұмтылдым. Бірақ еңбекке ара­лас­қан алғашқы жылдары бірден жолым бола қой­мады. Аурудың азабын арқалап, тағдырдың тау­қыметін тартқан Әкемнің атын шығарғым келіп шарқ ұрған шарасыз шағымды ойласам қазір де жанарым жасқа толады. Әлі күнге дейін мұнар мұңға оранам. Сонда шыр-шыр еткен менің кеу­демде шемен боп қатқан қандай шер барын жан адам сезбеді. Менің қандай арман арқалап жүр­генім­ді ел-жұрт еш уақытта білген емес. Сырым да мұңым да әркез ішімде болды. Кейде өз отыма өзім қалай өртеніп кетпей аман жүргеніме таң қа­лам.
Әлі есімде жүрегіңіз қысылып қиналған шақ­­­тар­­да жанын шүберекке түйген анам дәрігер ша­қыратын жалма-жан. Жейдеңіз су болып жа­ныңыз көзіңізге көрінгенін қарап тұрып көкіректі ащы өксік кернемеу еш мүмкін емес еді.Жақын адам­ның жаны қиналғанның қандай болатынын ба­ла кезімнен жақсы білем. Соны ерте жастан көр­генім үшін сол сәби кезеңімді жек көретінім бар кейде. Бар болғаны бес-ақ жаста болсам да, мен ересек адамнан бетер еңірейтінмін ондайда. Со­дан бері аурудан үркіп қалған жас жүрегімді би­леген бір үрей бар бойымда. Жыл өткен сайын ол да менімен бірге есейіп келе жатыр. Осы қор­қыныш туралы да өзімді қоршағандарға жақ аш­қан емеспін. Көп жағдай жанымды ауыртып, жүрегімді сыздатады. Ондайда оңашада отырып екі көзді еркіне жіберемін. Осы оқиғалар балдан тәт­ті балалығымды тым ерте ұрлады білем.Әйтеуір кішкентай күнімнен хирург болғым кел­ді. Адамдар ауырмаса, – деп армандадым. Бірақ ақ ха­лат жамылған абзал жан атанбадым. Бұйрық бол­маған шығар, – деп долбарлаймын.
Қараңғы түннің қара қойнында тұрып қы­сы­лып, қыстығып жылап көз жасыма булық­қан, тұншыққан сәттер де өзгеден көрі өзіме жақсы мә­лім. Қамкөңіл адамның жаны қашан да жал­ғыз­дықты қалайды. Оқушы күнімнен дос, жол­дас­қа бай болмадым.
Тек қағаз бен қаламға үйір болып өскенім есім­де қалыпты. Сөз түсінетінім де шамасы шы­нашақтай күнімде белгілі болған шығар. Әйтпесе әкем бір жапырақ маған: Анаңның алдында қа­рыздармын. Мен тастан қашап соға алмаған ес­керткішті сен ержеткенде сөзбен қою керексің, – деп айта алар ма еді. Әке балаға сыншы, – дейді қа­зақ. Сәби санамда мәңгіге мөр болып басылған ас­қар тауымның бір ауыз сөзі менің болашағыма бағдар беріп, бағыт сілтегендей 15-жылдан соң мен журналист атандым.
Бала шағымның еншісінде қалған тағы бір жәй бар. Өнерді құлай сүйген ата-анам себеп бол­ды ма екен, мен әйтеуір бір заманда кино-театр әле­міне қызыға қарайтынмын. Бірақ қасиеті мен қа­сіреті қатар жүретін сол салаға бетімді біржола бұруға бата алмадым. Киесінен қорықтым-ау дей­мін сахнаның.
Әкешім, сіздің жастай ауырғаныңыз жаны-
ма батқан соң ба мен әйтеуір ойшыл, мұңшыл, қиял­шыл, арманшыл болдым. Оңашада отырып алып ойларымды көк дәптердің бетіне түсіргенше тағат таппайтынмын. Бірақ қандай мамандықтың иесі боларымды кесімді сөзіңізбен өзіңіз шешіп ке­тіпсіз. Сізге берген сертім – серт, уәдем – уәде.Ана­ма мәрмәр сөзден сұлу мүсін қалағанша қа­лам, қағаз қолымнан түспесіне өзім кепіл. Қай­ран әкешім… Алатаудай асқарым, Қаратаудай қай­раттым деп өзіңізді Мамам ардақтаушы еді, аялаушы еді әрдайым. Сіз кеткелі жан-жарыңыз да жадап-жүдеп қалды. Жүрегі де жиі-жиі сыр беріп жүр. Қай бір жылы құлағаннан бел омырт­қа­сына зақым келсе де, сәждеге басын июден тан­ған емес Анам. Бұрынғыдай тұрып оқыма­ған­мен төсекке жайылған жайнамазға қазір де маң­дайы күнде тиеді. Өзі жататын керуеттің бір бұ­ры­­шын мамам бұл күнде Алланың ақ үйіндей аяу­лы мекеніне айналдырды. Бес уақыт нама­зын­да таңғы тілек дұғасының бәрінде Болатым мен пер­зенттерім Қайыржан, Ғалымжандармен пейіш­­те жолықтыра көр, – деп тілейді Жарат­қан­нан.
Әкетай – өзіңіз кеткелі көп жылдың жүзі бол­ды. Бала кезімде Жаконай, – деп ерекше ер­келе­те­тін едіңіз. Даусыңыздан мейірім лебі есетін.Бұл дү­ниеде жұп-жұмсақ мейірлі, мейірімді үніңізді енді ешқашан ести алмайтыным өкін­діреді. Жан­тайлағым деп еміреніп, Жапы­рағым, – деп ақ маң­­дайым­нан иіскейтін едіңіз.Көзі­ңізден шегі жоқ шеті жоқ дариядай ұлан-асыр иман нұры тө­гіліп тұра­тын сонда. Маған күш-қуат беретін сол шапағат шуағына шомылдырған көзқарасты да енді қайтіп еш уақытта көре алмайтыным өк­сітеді. Ақ жалауым деп мені ту көтеретін едіңіз. Өзіңіз барда жас жанымның ешқашан тоңып, жау­рамағанын да жақсы білем.Қай қиырда жүр­сем де сіз жақтан жып-жылы жанға жайлы ауа се­зілетін. Арқамнан аяздай қарыған ызғарлы, ыз­барлы желдің өтінен келіп енді сіздің ешқашан қал­қан, қорған бола ал­майтыныңызды ойласам аза бойым қаза болады. Болмысыңыз бөлек, біті­міңіз бөтен болғандықтан ба екен жаныңыз – жаз, көңіліңіз – көктем еді. Сіздей әкені жер дүниені жеті айналсам да таба алмасым хақ. Оңашада ой бағатыным бар.
Кейде ел аузынан адамдар суға шөлдейді де­ген­ді естіп қалам. Сол секілді әкесіз қалған бала да кәдімгідей мейірімге шөлдейді екен. Қамкөңіл жа­ны қамқорлық аңсап тұратын да сол әкесіз же­тімдер болса керек. Аз ғана ғұмырымда менің осы шындыққа көзім әбден жеткен сынды. Жа­қынынан айрылған адамның жаны жақсылық аң­сап, ізгілік іздейді айналасынан. Өзіңіз кеткелі мен осыны ұқтым.
Әкешім… Сенесіз бе сіздің рухыңыз мен жүр­ген Алматыға біржола көшіп келген секілді. Қа­лың адамның арасынан қараңызды көргім келіп аңсап, армандайтыным содан болса керек. Мен әйтеуір Алматы көшелерінен өзіңізді кездестіріп қа­латындай жаутаң қағып жан-жағыма қарай бе­рем. Топ ортасынан төбе көрсетіп қолыңызды бұл­ғап күндей күліп қарсы алдымнан шыға ке­летіндей көрінесіз. Көшеге шықсам көш аттам жерде сіз тұрғандай әлдекімді іздеуден жалық­пай­мын да, жаңылмаймын да. Күндіз ойымнан, түнде түсімнен шықпайсыз. Тұп-тұнық жана­рыңызда тұңғиық бір терең уайым жататын.Дауа­сы жоқ дерт екен ғой тереңіне тартатын.Кө­зіңіз күлгенмен көкірегіңіздің күңіреніп кет­кені де сол сырқаттың салдары, – деп ойлаймын. Жаныңызды жеген аурудың бар азабы мен бар ауыртпалығын арқалай кеттіңіз ана дүниеге.Әйтеуір бір өкініш, бір өксігіңіз ішіңізде кеткенін жақсы білем.
Жаным жабырқап жүрегім жүдеп жүргенде көзімді жұмсам жымиып күлген жап-жарық жып-жылы жүзіңіз елестейді көз алдыма. Ал түнде.Түнемелік түсіме көп кіресіз. Арқамнан қаққан аялы алақаныңыздың табын сезем оянғанда.Алаңдап жүрген сияқтысыз. Өзіңізге тартқан қызыңыз оны да сезеді. Сосын суретіңізге қарап: Анама аманат қылып тапсырып кеткен ұрпағыңыз барда шырағыңыз мәңгі сөнбейді, – деп күбір­лей­мін. Жаныңыз жай тапқан мәңгілік мекені­ңіздегі ұйқыңыз тыныш болуын тілеп артыңызда дұға қайы­рып жүрмін қазір. Қазақта ата-ана алдын­дағы перзенттік парыз деген қасиетті ұғым бар. Амал нешік қамшының сабындай қысқа ғұмырда балалық борышын өтей алмай қалған­дардың басы да соңы да мен емес шығармын. Ержетіп есейсем аяғымнан тұрып адам болсам Әкемді шет елде емдетем, – деген үкілеп жүрген үмітім сол қалпы ақталмай қалды. Өкінішім осы. Жас жаным­ның тағы бір жазылмайтын жарасы соңғы деміңіз үзілгенде қасыңызда бола алма­ғаным. Арамызды бірнеше мың шақырым жер бөліп жатты. Ұшып келсем де үлгере алмадым. Ақтық деміңіз үзілерде ақырғы рет не айтқыңыз келгенін ести алмадым. Елжірей қарайтын мейі­рімі мол мұң­дылау жанарыңыздың сөнгенін көрсетпей кете бардыңыз. Бірақ бәрібір бізді ойлап кет­кеніңізді білем, жан-жүрегіммен сезем. Тек соңғы рет қысып құшақтай алмағаныңыз маңдайымнан емі­реніп иіскемей кете барғаныңыз жаныма бата­ды. Қас қылғандай дәл осы сәттер үнемі түсіме кіре­ді. Ондайда сізге қарай жүгіремін. Тезірек ар­қамнан қағып құшағына алып бетімнен сүйіп үл­герсе, – деймін.Түсімде қара шаңыраққа жиі қа­рай­лайсыз. Бірақ босағадан аттап есіктен бері қарай ешқашан енген емессіз…
Бұл күнде бой жеттім, бірақ бойымда балалық мінездерім әлі бар. Жалғыз, жалқы жүрген соң ба көңі­лім жетімсірей береді. Көзіме жиі-жиі жас үйіріледі. Тек анамды жабықтырмас үшін қа­мық­паймын. Өйткені, мен оның тынысымын – тір­ші­лігімін. Арман қуып Алматыға аттанғанымда да артымда ақ батасымен қалған Анамның ама­наты: Әкеңнің атын шығар балам, – боп еді.Қазақтың қаймағы дейтін жақсы-жайсаңмен сұхбат құрып Жүрекжардыны алғаш жүргізіп шыққанымда сіздің қызыңыз болғаныма және аты­ңызды жаң­ғыртқаныма жас баладай қуанғаным да жадымда.

***

Айрылып қалатынымды сезгендей,мен өзіңіз­ді әрдайым қуантуға асығатынмын – жан Әке. Бірақ сіздің алдыңыздағы балалық бо­ры­шым­ды өтей алмағаныма еңсем езіліп, перзенттік па­рызымды атқара алмағаныма ет жүрегім егі­ле­тіні бар. Аяғыңызды емдеп жазам деген ар­ма­ным­ның ақталмағаны да жандүниемді тілгілейді.Сізді сау адамдардың қатарына қосам деген үкі­леп жүрген үмітімнің кілт үзілгені де кеуде тұсым­ды кескілейді.
Бала деген Әкені сағынудан арыла алмайды екен ешқашан. Сіз кеткелі мен сағыныштың мәң­гі тұтқынына айналдым. Сағыныш деген дерт екен. Сол дерттің дауасын таба алмай жүрмін Әкетай. Алматыдан Астанаға келіп кеткен сайын қарайған төмпешік болып жатқан топырағыңызды қанша сипасам да мауқым бір басылған емес…
Біздің үйдің бар байлығы оқу-тоқу болған екен. Адамға алдымен керегі ілім-білім деп түсін­ген соң анам екеуіңіз ғұмыр бойы кітап жи­нап­сыздар бізге деп. Төрдегі сөредегі қазына-бай­лық­тың ішінен Бердібек Соқпақбаевтың: «Өл­гендер қайтіп келмейдісі» көзіме оттай басыла беретін ел­ден ерек. Қалың кітаптың ішінен неге соны кө­р­е бердім…
ӨЛГЕНДЕР ҚАЙТІП КЕЛМЕЙДІ дегенге се­не алмай жүрмін, Әкетай…

 

 

 

Жадыра Сейдеш,
Қазақстан Журналистер
одағының және
Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты.

ПІКІРЛЕР7
Аноним 27.08.2019 | 14:03

Тамаша жазыпсың қызым , шабытың таса берсін .Танымалы болғандығың үшін қыанушы едім
Енді Нұрғалиға тиді дегелі , қазақ қызының ар-намысын таптағалы , тірі жүргеніңе өкінем Атайдай адамның құшағында қалай жатасвң .

Аноним 27.08.2019 | 17:51

Бала кезінен әкесін аңсауменен өскен, жүрегі әке мейіріміне тоймай өскен болар Жадыра қызымыздың. Сондықтан да болар, өзінен үлкен, әкесіндей оданда үлкен адамға тұрмысқа шыгып отырғаны. Жүрегіндегі өшпеген, ешкимменен бөлісе алмаған бір мұңды тарқатайын деп…

Аноним 28.08.2019 | 10:58

Жадыра қызым ,сенің аке туралы,бала өмірін туралы оқып,сені түсінген сияктымын.Екі сыйлы адам қосылса,несі айып?Біз пендеміз, періште көкте!Бəрі кудайдың қалауымен болады.Бакытты болыңыздар!!!

Аноним 30.08.2019 | 10:55

Жадыра,əкең туралы толғаныспен керемет жазыпсың.Бойыңды əкеңе деген сағыныш билейді.Сол сағынышыңды көркем сөзбен өрнектеп,шеберлікпен жеткізіп отырсың.Оқи отырып,əкеге деген сағыныш жүрегімізді бір бұлқындырып өтті.
Болатбек аға өте жақсы адам еді. Жадыра айналайын,елімізді дүр сілкіндірген жаңалық бізге де жетіп жатыр.Өзің қош көрген амал болар.Өз таңдауың.Əркімнің тағдыры түрлі-түрлі.Бұл — сенің тағдырың.Біреудің тағдырын біреу шешпейді.Адам мəңгілік емес.Мына санаулы ғұмырыңда өз қалауыңмен өмір сүруге қақың бар.Айыптар,кінəлар,тілдер,бəрі де артта қалады.Енді болар іс болды,артық не айтуға болады?!Бағың ашылсын,қызым.
Мектепте жүргенде əдебиетке құштар болдың.Сол құштарлығыңды ұштауға тырысып,саған қолдау жасадым.М.Əуезовтің «Абай жолын»оқып,талдап бердің.Өзің де,анвң да өлең шығаратын едіңдер.Ол өнеріне де қолдау жасадым.
Жастайыңнан бойыңа біткен дарындылық ерекше еді.Қазір дарындылығың кемеліне келген шақ.Жалындай бер! Қанатың талмасын,сүйікті шəкіртім!

Аноним 31.08.2019 | 17:47

Жадыра да, Нұрғали ағамыз да қазақ жодымен қарасақ та, адамшылық жолымен қарасақ та абыройлы қадам жасады. Көр де тұрыңдар: әншінің 100-ден кейінгі абыройлы аманатын Ж.Сейдеш шашауын шығармай ұрпағына, халқына жеткізеді. Ошақтың отын өшірмейді, мұрасына шырақшы болады. Жасасын ұлт дәстүрі! Құрметпен, ЕҰУ профессоры, Жадыраның әдебиетші ұстаздарының бірі

Аноним 31.08.2019 | 17:57

Меніңше, Тәуелсіздіктің 28 жылындағы қазақ отбасы әлеміндегі тамаша тағылымды оқиға. Нұрғали аға — бекзат, Жадыра — мәдениетті. «Бір ұлға зар болу» — қазақ мұңы. Арманы! Бәрі Алланың қолында. Жаман бала өмірге аман келсін. Асыл әншіден, сезімтал қыздан туған перзент өз деңгейін көрсетеді, бұйырса! Біз бұл некені 100 пайыз қолдаймыз. Ақылды азаматтардың бәрі қолдайды. Ақылсыздар, өресіздер не десе — о десін. Жадыра, рухың биік болсын. Адамшылықтан пйныма, пәлсінбе, нәпсіге ерме! Ағалық ақыдым осы. Астаналық бір ағаң

Аноним 31.08.2019 | 17:59

Меніңше, Тәуелсіздіктің 28 жылындағы қазақ отбасы әлеміндегі тамаша тағылымды оқиға. Нұрғали аға — бекзат, Жадыра — мәдениетті. «Бір ұлға зар болу» — қазақ мұңы. Арманы! Бәрі Алланың қолында. Жаман бала өмірге аман келсін. Асыл әншіден, сезімтал қыздан туған перзент өз деңгейін көрсетеді, бұйырса! Біз бұл некені 100 пайыз қолдаймыз. Ақылды азаматтардың бәрі қолдайды. Ақылсыздар, өресіздер не десе — о десін. Жадыра, рухың биік болсын. Адамшылықтан айныма, пәлсінбе, әсіре мақтан мен нәпсіге ерме! Ағалық ақылым осы. Астаналық бір ағаң

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір