«Баспана» ипотекалық ұйымы құрылды
Газетіміздің №22 санында Елбасының 5 әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру барысы туралы «7-20-25 халық күткен бағдарлама» атты мақала жариялаған едік. Мақалада Парламент Сенаты отырысында Ұлттық Банк төрағасы Данияр Ақышевтың бағдарламаға дайындық барысы туралы айтылған. Жуырда Банк басшысы бағдарламаның нақты қашан қолға алынатыны жайлы мәлімдеме жасады.
Мәлімдемеде белгілі болғандай, жаңа тұрғын үй бағдарламасы жылдың екінші жартысында іске қосылады. Бұған дейін аталған бағдарламаның қашан жүзеге асырылатыны туралы нақты ақпарат берілмеген.
Банк басшысының айтуынша, ішкі заңнамаға сәйкес өзгертулер енгізбей, оны іске қосу мүмкін емес. Сондай-ақ бұған дейін 7–20–25 бағдарламасын мамыр айында іске қосуға уәде берілген жоқ, бағдарлама 2018 жылдың екінші жартысында басталуы үшін банк мамыр айында тек барлық қажетті құжаттарды қабылдауға дайын болған екен.
Сонымен қатар, бағдарламаны ойдағыдай жүзеге асыру үшін Парламент Сенатың қарауындағы валютаны реттеу туралы заң жобасына заңнамалық өзгерістер қажеттігін айтты. Данияр Ақышевтің айтуынша мұндай түзету жасалмай, бағдарламаны іске асыру қиын.
– Ұлттық банкте бар құзірет бойынша «7–20–25» бағдарламасын қабылдап, «Баспана» ипотекалық ұйымын құрдық. Қазір әділет органдарынан тіркеуден өтуде және менеджменті құрылып жатыр. Егер айтқан шарттың бәрін орындасақ, онда 2018 жылдың екінші жартысында бағдарламаны жүзеге асыруға кірісеміз» – деді ол.
Ақышев Ұлттық Банктің екінші деңгейдегі банктердің жұмысына ерекше назар аударатынын айтты. Қаржы секторының өкілдерімен көптеген кездесу өткізгенін, соған сәйкес бағдарламаға қатысқысы келетін адамдар екінші деңгейлі банктерге жүгінетін болады деп атап өтті.
«Екінші деңгейлі банктер мен Ұлттық банкке қатысты еш мәселе туындамауы тиіс. Осы бағдарламаны сәтті іске қосып әрі қарай жұмыс істеу үшін барлық норманы қоса алғанда нормативтік жағдайды жақсартуға тиіспіз. Алғашқы нәтижені сол кезде айтайық», – деді Ақышев.
Ж.АДЫРБАЙ,
ХАТУ-дың 1 курс студенті.