«Сәтбаев» ғұмырнамасы – үш тілде
22.06.2018
1673
0

 

 

 

 

 

Медеу СӘРСЕКЕ, жазушы

 

– Академик Қ.И.Сәтбаев туралы халқымызға танымал ғұмырнама кі­та­быңыздың қазақшасы, орысшасы жә­не ағылшын тіліне аударылған нұс­қасы бір кітап болып, «Фолиант» бас­пасынан жуықта жарық көріпті. Бір кітапты үш тілде шығару – игі жаңалық. Десе де, кітаптың үш тілде жа­рық көргенін өз аузыңыздан естіп-біл­гіміз келеді…
– Бұл істі былтырғы қоңыр күзде бас­тап, небәрі тоғыз айда жобалан­ған кітабым қолыма тиді. Оның бас­па табағы 120, көлемі 60х90 1/8, яки А-4 форматындағы 960 бет, үш тіл­де шыққан ғұмырнама кітабым осы­дан үш апта бұрын қолыма тиді. Қа­зір Семей мен Өскемен оқыр­ман­дары қызыға оқып жүр.
– Кітаптың көлемі де, көркі де та­маша сияқты! Қ.Сәтбаев аруағы ри­за болсын, оқырман қауым да осы басылымның шыққанына қуанышты. Осы кітабыңыздың таралымы қанша?
– Әзірше 2500 дана. Сұраныс ту­са тағы да шығады. Осы кітапқа ең алдымен тапсырыс берген Павлодар мен Шығыс Қазақстан облыстары, сол өңірдің ел тарихына құштар бас­шылары – Болат Бақауов пен Да­ниал Ахметов мырзалар, екеуі 2000 данаға тапсырыс жасады. Қосымша шық­қан 500 данасы «Фолиант» бас­пасының Астанадағы дүкені арқылы са­тылады. Әлбетте, бағасы көтерің­кі…
– Былтыр сіз әл-Фараби атын­да­ғы ҚазҰУ-дың баспасынан «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрме­сіне арнап шы­ғар­ған «Сәтбаев ұлағаты – Уроки Сат­паева» деп атаған жаңа кітабыңыз көр­менің бәйгесін иеленіп, ең ғажабы, сол кітап қымбаттығына қарамастан, тұсау­кесер өткізілген күні небәрі екі сағаттың ішінде сатылғанын сұқ­ба­тыңыз­да айтқансыз. Сәтбаев та­қырыбын осымен тоқтатамын деп те едіңіз…
– Дұрыс айтасың, сол уәжім ән­шейін сөз болды. Ең ғажабы, екеу­міз­дің газетіңде жарияланған сол әң­гімеміз мына кітапқа кірісуіме түрт­кі болды. Неге? Жаңа кіта­бым­ның бірнеше данасын Алматыға жол түскен сапарымда өзіммен қарым-қа­тынасы бар геологтарға сый­ла­ған­мын. Арада бірер апта өтті, тамыз айы­­ның орта шені, академик-геолог Се­рікбек Дәукеевтен қалта теле­фо­ныма жеделхат түсті: «Медеу аға, Сәт­баев тақырыбына қайтадан ора­лыңыз, мына кітабыңыз біздің ор­та­мызда ерекше оңды пікір туғызды. Яғни, бұрынғы «Қазақтың Қанышы» ро­маныңызды, немесе баспа шы­ғы­нын 2010 жылы мен көтерген, өзіңіз «Феномен» деп атаған орысша нұс­қасын ағылшын тілінде дайын­даңыз. Аудармаға кеткен шығынды қанша болса да біз, бір топ геологтар көтеруге өзара келістік…», – дейді. Мен «ойланайын» деген сипатта, сырғытпа жауап бердім. Өйткені, шет тіліне аудару ерекше қымбат, әрі соны жариялау – машақаты қиын шаруа… Алайда, Серікбек інімнен іле-шала есепшотымды сұраған екін­ші хат алдым. Амал қанша, айт­қанын орындадым. Үш күн өткен жоқ, Есқожа есімді геолог-мұнай­шыдан қомақты қаржы Семейге түсті. Ескерту міндет: бұл азаматты мен танымаймын, Қ.Сәтбаев еңбе­гіне бас иген геолог, естуімше, мұнай мен газ іздеуші аса ірі маман, «Алтын Прометей» сыйлығының иесі, есімі – Есқожа Базар Баташұлы… Осыдан соң күмәнім сейіліп, өзіме жете та­ныс, аудармашылық деңгейі өте жо­ғары (тек ерекше қымбат төлем сұ­райтын), «Семей қасіреті» кіта­бым­ды ағылшын тіліне аударған Ал­ма­тыдағы «Citrus Advertising» бас­пасымен келісім шарт жасасып, сол ұжым сұраған несие қаржысын дереу төледім. Бұл – қыркүйек айы­ның бас кезі. Қалған сомасын Серік­бек інім іле-шала аударды.
– Сабақты ине сәтімен дерлік жайт. Сонымен бел шешіп кірістіңіз…
– Аударуға ұсындым деу – айтуға оңай жайт. Оның да, Қарагөз қара­ғым, машақаты көп. Мен үшін басты қиын­дық – ағылшын тілінде был­дыр­лайтын шала білімім баяғыда ұмы­тылған. Сөйтсе де, тәуекел ет­тім. Аударма мә­тіні биылғы қаңтарда қо­лыма тиді. Сонымен екі жер­де: Қарағанды мен Астанада тексерттім. Екеуі де қыз ба­ла­лар, ағылшын тілі­нің тама­ша білгірлері, біреуі – өзім­нің немерем Іңкәр, екіншісі де бө­те­нім емес – туған бөлемнің оқы­­­­­мысты қызы. Ең ғажабы, екеуі­нің де тұжырымы – бірдей болды, «аударманың тілі көркем, тартымды оқы­лады. Күллі мәтін толық ауда­рылған» деген сипатта қортынды айт­ты. Әлбетте, мәтіннің көлемі едәуір қысқарған, яки орысшасынан жүз беттен аса кеміген. Бұл енді ағыл­­­шын тіліне тән ерекшелік. Сөз қо­­ры­ның көптігі жөнінен біздің қа­зақ тілі әлемде төртінші орында, те­­гінде біз ұзақтау сөйлейміз орыс ті­лі де шұбалаңқы…
– Сонымен дайын болған қолжаз­баны кітапқа айналдыруға кірістіңіз?
– Геологтар қауымы оған да қол ұшын беріп, жер-жерден қаржы жия­мыз десті. Мен соған келіспедім, егде жа­сымда мұндай жылу жиған­дай күйкі іске бармаймын дедім. Ақыры, мәсе­ле­ні басқаша шешіп, жоғарыда есім­дерін атаған екі облыстың әкімдеріне бар­дым, тәубе деймін, сол азаматтар бірден-ақ бір мың данадан үш тілдегі «Сәтбаевты» алуға дайынбыз, өйткені сөз ұлы Қаныш Имантайұлы туралы болып отыр деді. Рас, тағы бір облыс­тың әкімі ойланайын, мен де бұл істен қалыс қалмаспын деген еді, жуықта бі­рақ бір мың кітап үшін қаржы тө­леуден бас тартты. Неге өйткенін біл­меймін. Сондықтан да бір кітап­тың өзін­дік құны 15 мың теңгеге жақын­дады. Соны төмен­детудің жо­лын бас­па иесі Нұрлан Исабекұлы мойны­на алып, 500 кітапты қосым­ша шығаруға келісті. Нәтижесінде, міне, үш тілде, кө­лемі қос кірпіштей төл кітабым қо­лы­ма тиді. Соның мұқабасында, қо­сым­ша тыстығында жазылған атау­лар­дың қазақшасы – «ҚАЗАҚТЫҢ ҚА­НЫШЫ» (түрлі-түс­ті суреттерімен 361 бет), «ФЕ­НО­МЕН» аталған оры­с­ша­сы (312 б.), ал ағылшын тіліндегі ау­дармасы «ТHE PHENOMENON» (282 б.) аталды. Жалпы көлемі 960 бет, алты түсті бояу­мен көркемделген су­пер­тыстыққа ие әдемі де қомақты туын­ды жарыққа шықты. Кітаптың су­пер­тыстығына Елбасы Н.Ә.Назарбаев бас­таған бес тұлғаның Қанекеңе арна­ған тамаша лебіздерін үш тілде кел­тірдім. Біреуін ғана даралап айтайын: Англияның Черчилльді ауыстырған, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Премьер-министрі Энтони Иденнің «Среди множества народов Великоб­ри­тании не было такого выдающегося уче­ного, каким стал Каныш Сатпаев для Советского Союза. Это удиви­тельное явление» деген сөзін келтірдім (Бұл тұжырым­ның 1947 жылы, наурыз айында Кеңес Одағының Парламент деле­га­циясы құрамында Қаныш Иман­тай­ұлы Англияда бір ай шамасы болып, Черчилльмен, Иденмен кез­десіп, сұқбат құрудан соң ай­тылғанын мен архивтен суырдым).
– Көлемі – зор, әрі үш тілде шық­қан, рухани және тарихи мәні – ерек­ше туындыны, Ертіс өңіріндегі екі облысқа ғана емес, күллі ҚР атыра­бы­на тарату қа­жеттігі айқын мәселе де­ген ой туын­дайды. Өйткені, Елба­сы­ның жуықтағы шешімі және «Ру­хани жаңғыру» нұс­қауына орай ағыл­шын тілін үйрену мек­тептің бірінші сыныбынан енгізу бас­талды. Демек, сіздің «Сәтбаевтың» ағыл­шын тілін­дегі дайын нұсқасын да­ра­лап басуға да ділгерлік туған сияқ­­ты…
– Қарагөз, бұл мәселе – мен сияқ­­ты зейнеткер жазушының қо­лынан келмейтін шаруа. «Ша­ма­сы­на қарай – шарасы» де­ген бар емес пе?! Мен тек өзіме ти­ген санаулы кі­тап­тың оншақты да­насын респуб­ли­калық кітап­ха­наларға сыйға бер­мекпін. Сұраныс бол­са, «Фолиант» бас­пасы сол кі­тап­ты бір айда кере­гінше шығарып бе­реді. Елбасы да үш тілді игеру шарасын өмір қажетіне қарай енгізіп отыр. Бұл іспен Білім және Мә­дениет министрлігі шұғыл­дануға тиіс. Ал, Мәдениет ми­нистр­­лігі менің осы туындыма ерек­ше көңіл бөледі деп айта ал­май­мын. Ер­тіс өңіріндегі елді мың-мыңдап жайратқан ядролық полигон зар­дабын түре ашқан ең­бегім «Семей қасіреті» үшінші жыл­ға айналды, жалған уәдемен үне­мі кейінге ше­ге­ріп, респуб­ли­ка­ға таратуға дәрмен­сіз­дік аңғар­тып отыр. Ал, мына кітап­ты, бүк­пе­сіз айтып отырмын, ұлы ға­лым­ның аруағын, еңбегін, есімін қадір тұт­қан азаматтардың игі кө­ме­гімен шы­ғардым. Мен соған да тәубе дей­мін!.. Одан бөлек, Семейге кел­ген сапарында Ұлықбек Есдәу­лет кі­тап­тың тұсаукесерін Жазу­шы­лар одағы Алматы қаласында өт­кізіп береді деп уәде берген еді. Сондық­тан, жақын арада алма­ты­лық­тар да кітаппен жақын та­ны­сып қалар.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен
Қарагөз СІМӘДІЛ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір