Қамшы
15.06.2018
1486
0

Осыдан біршама уақыт бұрын Қарағанды облысындағы жас ақындардың жыр мүшәйрасын қорытындылауға қатыстым. Жұмабек Тәшенов атындағы бас жүлдеге, яғни жеке кітабын шығару құрметіне жас дарын Айзада Рақымжанова ие болды. Мені қайран қалдырғаны, қауырсын қаламды қолына алғанына көп болмаған Айзаданың ересек өлеңдері болды. Ересек болғанда да, есейіп, сөздері орнығып қалған ақынның мінсіз жыр шумақтары емес, поэзияда жаңа бетбұрыс жасауға қабілеті жетіп тұрған дара дарынның ерекше қолтаңбасы мені еріксіз таң қалдырды. Өзгеше ойлау, өзгеше түсіну, тосын түйін жасау деген жаңашыл талпыныстар қазақтың қара өлең дәстүрімен табиғи қабысып жатқаны таңдай қақтырды. Және осы бас жүлдегермен иін тіресе келген тағы төрт-бес жас ақынның жыр талабы осы өлкеде Қасымнан кейін тағы бір ақындық мектептің қалыптасып келе жатқанынан үміт еткізді. Осы ойымыздың дәлелі секілді бір жыр кешіне таяу күндері тағы куә болдық. Белгілі ақын Ғалым Жайлыбайдың мерейтойы жыр фестиваліне айналды. Біраз, жас ақындар, жақсы ақындар жұрт алдында тұма жырларын оқып, тұсауларын кестірді. Олардың ақындық потенциалына, қуатты тегеурініне Иран-Ғайып, Серік Тұрғынбек, Қасымхан Бегманов, Маралтай секілді танымал ақын ағалары ризашылық білдіріп, арқасынан қақты. Биік мінберге шыға алмай қалған тағы бір екі ақын кешкісін бір оңашада жол тауып келіп, өлеңдерін оқыды. Нұрдос Кәрімов пен Қайрат Иманбековтың өлеңдегі жүрек лүпіліне менен басқа Жанарбек Әшімжан, Нұртөре Жүсіп, Нұртілеу Иманғали куә болды. Бір кеште екі бірдей талантты інімізбен табысып, бәріміз мәре-сәре болдық. Қайрат та, Нұрдос та өлең өлкесіне бейсауат келген жолаушы емес, қазақ жырының бел балалары деп бәтуаластық. Бұл екеуінің ауыл-елден күдер үзбеген, сағынышты жырларынан әлі қатаймаған қаламдарының, мүлт кететін тұстарын көріп-біле тұра, өлең өлкесіне қош келдіңіздер дегіміз келді. Олардың шырайлы шумақтарына өздеріңіз куә болыңыздар, алдияр!

Жүрсін ЕРМАН.


 

 

 

 

Нұрдос
КӘРІМОВ.

ҚАМШЫ

Қазағымның дәстүрлі-салтын ұғып,
Жаныма үндес қойғанмын қамшыны іліп.
Қамшыдай бұрау салған бұл өмірде,
Қара сөзді келемін қамшы қылып.

Иманға қамшы басқан тағдыр желі,
Адамды пенделікке жәбірледі.
Хауа-Ана арқасына тиген қамшы,
Бар анағаға тимесе қадірлі еді.

Бақсылардың қолында жүрген қамшы,
Жақсылардың жонына тиген қамшы.
Қамшыгердің айналған қаруына,
Шешім болып тасталған биден қамшы.

Көрген сайын қамшыны төрімдегі,
Ойым менің осылай бөлінеді.
Жылқы мінез қазаққа қамшы атауы,
Ажырамас бөлшектей көрінеді.

Өмірдің өрімі мол тұстары – бұл.
Қамшыдан кете алмадым тысқары бір.
Жаратушым маңдайға жазып қойған,
Қайтейін, қамшы сапты қысқа ғұмыр.

Көп болды қаламым да іркілгелі,
«Өлең жазбай кеттің», – дейді жұртым мені.
Өлеңнің өлкесінде қамшым қалған,
Бір айналып соғармын бір күндері.

ҚОҢЫР

«Қоянжонға қоңыр ымырт түскенде
қоңырайып отырамын үстелге»…
ЖҰМАКЕН.

Қоңыр атқа тақым қағып жүргенде,
Қоңыр мұң да жоқ еді ғой бір менде.
Қоңыр желге маңдай тосқан қоңыр ұл,
Қоңыр тірлік кешетінін білген бе?!

Қоңыр тақта сахнаға саналып,
Коңыр үнді ұстаз айтқан даналық.
Қоңыр портфель қонымсыздау болатын,
Қоңыр үйге қайтпағанда баға алып.

Қоңыр өткел куәгер ғой біз өткен,
Қоңыр күзде қоштасқанбыз ізетпен.
Қоңыр шашты сол сұлуды көрем деп,
Қоңыр шарбақ босағасын күзеткем.

Коңыр киік күндер шіркін, ағылып,
Коңыр түсті орамалын жамылып.
Қоңыр төбе асқаныма алаңдар,
Қоңыр шешем жүр ме екен, сағынып?!

Қоңыр елім, күн туса да үр жаңа-ай,
Қарап қоям сол бір қоңыр мұржаңа-ай.
Қоңыр тауға шыққым келіп тұрады,
Қойтас құмар қоңыр дара құлжадай.

Қоңыр қобыз тасытады қанымды,
Қоңыр анау домбырада сарынды.
Қоңыр әуен жеткен кезде үздігіп,
Қоңыр күй кеп тербетеді жанымды.

Бұл қоңырға теліп қойған мені кім,
Қоңыр дәптер, қоңыр қалам серігім.
Отырғанда қоңыр өлең жазып мен,
Қоңыр бұлтпен теңеседі көңілім.

Қоңыр жұртым, сенде бір күн қаларсың,
Қоңыр сағат тықылдаған хабаршым.
Қоңыр қаздай кеудемнен жан ұшқанда,
Қоңыр дала, қойыныңа аларсың.
Көкше көл
Көкмұнары жалғасып қабат көкпен.
Көкше теңіз жанымды қанатты еткен,
Қалыңдығы жолыққан жігіттей боп,
Қалың мұңым көргенде тарап кеткен.
Сендегі сабыр күймен астасамын,
Әйтпесе кешер ме едім басқаша мұң.
Саумалдай самалың кеп аймаласа,
Жүректің әміріне жақтасамын.
Толқының айтатындай досқа сарын,
Былқылдап қадамымды бос басамын.
Сұлбаңды тамашалап,
Қайтарымда
Сұлуды қимағандай қоштасамын.
Жармасқан күміс суы жар басына,
Көкше көл көк тәңірдің таңбасы ма.
Апай төс арқаның жанарындай,
Көз тіккен мына өмірдің арнасына.
Кезінде жанарларын жас шылаған,
Өзіңе жұбанады жақсы-жаман.
Ақын мен ғашықтардың жасы шығар,
Сенің мөлдір суыңды ащылаған.
Арманды көкірекке түйіп алып,
Жалғанның күтем ылғи сыйын анық.
Менің ойым жатқанда қиыр барып,
Сенің бетің жатады шиырланып.
Көңілімнің көбесі сөгіледі,
Қыс тағдыры тағы да өріледі.
Көкше көлім мұз болып қатқан күні,
Менің шерім қатардай көрінеді.

АУЫЛ

Құлыныңның кермесі еді,
Ұлығымның зердесі еді.
Өмірімнің бастауы болған,
Ауылым менің төр бесік еді.

Ғашық ем биік шоқыларына,
Сағынбай сені отырамын ба?
Тәңірден кейін, адамның бәрі,
Тәу етер сенің топырағыңа.

Мөлдір күндерім бұлақта қалды,
Құлын күндерім құрақта қалды.
Тағдырдың бұлда жазуы шығар,
Түлегің сенен жырақтағаны.

Бұл тағдыр кімді таяқтамады?
Сағынып жүрмін саяқтағалы.
Өмірім сенде басталған ауыл,
Білемін сенде аяқталады.


 

 

 

 

Қайрат ИМАНБЕКОВ.

 

АҚТАҢГЕР немесе АЗАТТЫҚ ЖЫРЫ

Ыршып түсті ащы тер бас, құлақтан,
Арқырап кеп су ішті Ақсуаттан.
Қазақ пенен жылқының жаны егіздей,
Тұяғы тиіп кетсе тасты уатқан.

Кененің астындағы Ақтаңкері,
(Бабамның жайлы болсын жатқан жері).
Тұяғы тұлпарлардың тозар болса,
Қияны Қазақия сақтар ма еді?!

Шабан болса құлашын кең жаяр ма?!
Шабысқа шыдамайды желмаяң да.
Иесіз қалса тұлпар азап сонда,
Бабамыз атсыз қалса сор ғой ол да.

Ежелден қазақ-жылқы атым менің,
Қырандай қомданып кеп, отырды ерім.
Ұлы күрес жолында Азаттықтың,
Ақтаңгер бар сенің де тақым терің.

Ұлтым «Ұлыс» болған жоқ жасын төкпей,
Құлын «Тұлпар» болған жоқ ғасырды өтпей.
Ел үшін басын берген хас бабамның,
Ерлігіне отырмын басым жетпей.

Көк туды көксеп жүрміз, көк аспанды,
Тарих бәрін саралап, жол ашқан-ды.
Құланың басын ұстап Ақан қалды,
Кененің басын іздеп Алаш қалды.

АУЫЛДАҒЫ ҮЙ

Қалада оқитынмын ол бір жылы,
Ауылға сағыныштың күші көп-тін.
Жүректің сәл кір шалып мөлдірлігін,
Ішіне кеткендей ем түсіп оттың.

Құлындай қатарынан артық туған,
Туған жерге тартатын қос бүйрегі.
Демалыс болса ауылға тартып тұрам,
Анама жалғыз қалған ескі үйдегі.

Бара салып астауға топырақ сап,
Құлаған бұрыштарға беттейтінбіз.
Анама кеп қосылып екі жақтап,
Ескі үйдің қабырғасын әктейтінбіз.

Әкемнің салып кеткен шаңырағын,
Құлатпай, бізді өсіріп, асыраған.
Ешқашан жуытпадың жаныма мұң
Әке орнына әке боп, асыл анам.

Қамқоршым боп жүрші деп жанымда ылғи,
Көшіріп алдым былтыр елден жырақ.
Құлайын деп тұр дейді ауылдағы үй,
Ылғи сәлем айтады ел мен жұрат.

Бір бір үй боп кетсек те өз алдына,
Ең керемет күндерді өткердім мен.
Бала күнім келеді көз алды ма,
Ескі үйдің қабырғасын әктеп жүрген.

Қамқоршым боп жүрші ана жанымда ылғи,
Жанымның сенсің жалғыз мұнарасы.
Құлайын деп тұр дейді ауылдағы үй,
Құламашы.
Анашым жыламашы.

ДОСҚА НАЗ

Тел өскендер,
Алдымызда қаншама белес, белдер.
Жүрегімнің төрінде тұр бүгінде,
Аталарым жиылып кеңескен жер.

Қызбаларым,
Тұлпарлары секілді түз даланың.
Сыздағанын ұмытып жанымыздың,
Ақ сүтін ақтау керек бізге ананың.

Бірге ұшқандар,
Ауылды аңсап өзімдей мұң құшқандар.
Алысып жүрмісіңдер ауыздықпен?
Алты жастан тұлпарға тырмысқандар.

Далада өсіп,
Енді жүрміз ентігіп, нала кешіп.
Неге менің төсектен тұра сала,
Қос өкпем қалады өшіп.

Құлыным-ай,
деп анам айта берді бүгін ұдай.
Өңім бе әлде, тағдыр ма, өмір ме бұл?
Дүние-базарының былығын-ай!

ҚАСҚА ҚҰЛЫН

Қасиетті қасқа құлын,
Айналғаның ақиқат тасқа бүгін.
Жаны сұлу жануар желден жүйрік,
Жүрегіңді жансыз қып тастады кім?

Қадіріңді білмей жүр жұртым әлі,
Соны ойласам жүрекке мұң тұнады.
Тас көшеге тастаған тәнін тас қып,
Маған қатты ұқсайды жылқы малы.

Сәйгүлікке теңеуші ек біз құлынды,
Құлын жаным, қайтейін, жүз жығылды.
Сен өңірге ескерткіш болып тұрсың,
Мен өмірге ұстатқам тізгінімді.

Жұлқынарға асаудай күшім құрып,
Мына тағдыр көрмеді ісімді құп.
Адамдар-ай жатпастан түсіндіріп,
Қасиетті қатырған мүсін қылып.

Бабасының ебі жоқ ісіне кей,
Қалалық қандастарға ішім өгей.
Басқан ізім бағытсыз болып барад,
Қасқа құлын кермеде кісінемей.

Зор сенімін әрдайым артар маған,
Көз ұшында қалдың ау, дархан далам.
Қасқа құлын, өмірге өкпе айтайық,
Қос тағдырды тар жерге арқандаған!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір