Шаң бермес Шәміл
Күйші, сазгер Шәміл Әбілтайға
_____________________________________________________________________
Армысың, Дендер – Шәмілді туған топырақ,
Тарихыңды танып, көзімнен жасым жосылад.
Еңсе көтерген елдік деп айтсақ жарасар,
Басыңа сенің келмеген оңай осы бақ.
Құлақты тоссам сыбызғы сырсың, ен шерің,
Батыр боп кетпес топырағыңды басса, кем сенің.
Ұлы даламсың ұранды ұлдар өсірген,
Қойының толы асыл қазына – кендерің.
Сөйлеймін аңдап Малайсары бабам жатыр деп,
Аулақта өскен аяғын тартар тасыр кеп.
Олай болмаса, ойранды әлі салардай,
Ер болып туған Махамбет тарпаң батыр кеп.
Дендерім ұлы – рух, еріксіз мойын бұрғаным,
Мөңкеұлы Мұраттан – даналық дария, жыр қалың.
Қан жұтқан Қарой тасып бір кеткен шағымда,
«Қапы қалмаңдады» екілене айтып тұрғаным.
Құдіреттер ылғи Дендерде туған асылдар,
Табылжан сынды түседі ойға жасындар.
Шәміл Әбілтай – күңіренген күйдің жұлдызы,
Шірене көтеріп, ұзақ толғап туған ғасырлар.
Шәміл ағам тартса, еріп те кетем, егіліп,
Жол берші оған, шеніңді қайтем, бек ұлық!
Тарпаңда тарпаң, тарпаң да күйдің тарланы,
Дүлділдер соңы, беріңдер жолды шегініп.
Арзанды қайттің, арман ғой Шәміл, беу, шіркін!
Ұзайды тұлпар, жабылар қанша кеуде ұрсын.
Күрсінтіп күйі, әлемді әні әрлейді,
Қайда да ағам, аман да есен, сау жүрсін!
Көтеріліп көңіл, тіктелші биік еңселер,
Шәмілің шалқар, азамат арда ел сенер.
Оңынан туған он күйін оның тыңдасаң,
Сілкініп таулар, қарағай басы теңселер.
Көрші оның, жұртым, жайнаған күндей реңін,
Ағыл да тегіл табарсың жанның бір емін.
Елдігі асқан, ерлігі мақтан – Дендерім,
Күй болмыс Шәміл самғайтын сұңқар жүрегің.
Асылыңды алшы, өтеді тірлік қас-қағым,
Қаңсығын – таңсық көреміз кейде басқаның.
Мұқағали, Меңдекеш, Кәкімбектерді тамсантқан,
Бұл Шәміл бүгін бұлтсыз ашық аспаның
Дендерім сенсің батаңмен аппақ жеткізген,
Оғыланың дара, өнердей жолға бет түзген.
«Қазақстан – Нұрсұлтан» күмбірлеп күйі кеткенде,
Елбасының өзін ырзалықпен елең еткізген.
Босатып тізгін, бәйгеде талай сыналды,
Жүрекке ілді домбыра – асыл тұмарды.
Дендерім сенің дегенің бола бергей де,
Шаң бермей Шәмілің қазақтың шаңын шығарды.
Таңатар Дәрелұлы.