Күй-Шәміл Ұлытауда

Қазір заман технократиялық, технологиялық тұрғыда қарыштап алға дамыды десек те, халықтың бағзыдан келе жатқан өнер түрлеріне деген ыстық ықыласы, құрметі мен ниеті, шүкір, өзгере қойған жоқ. Өзгермеуі де керек. Себебі халықты халық етіп тұрған оның тілі, өнері, мәдениеті. Бұлардың қадірі кетсе, елдіктен алыстай бастадық деген сөз.
Бірақ дегенмен, технократиялық заманның күй өнеріне тигізіп отырған әсерін жан-жақты бағамдай келгенде «қазір күйді бұрынғыдай тыңдайтын тыңдарман жоқ» деген пікірлерді де естіп қаламыз. Оның себебі де қызылды-жасылды дүниелердің адам санасын ғарыштық жылдамдықпен жаулап алып жатқанында болар, сірә. Қалай болғанда да, бұл жайында ойланатын, толғанатын мәселелер аз емес.
Күйшілер де, домбырашылар да, орындаушылар да бүгінгі жаңа заман лебімен бетпе-бет келуде. Әрине, олар бұрынғы сал-серілердің заманынан хабардар, ол кездегі өнер адамдарына деген құрметтің қаншалықты биік дәрежеде болғанын іштей біледі, парықтайды. Дүйім жұрт олардың салған әніне, тартқан күйлеріне құлақ түріп, «пай-пай шіркін, міне, өнер» дегізетіндей таланттарымен тамсандырып, атақ-даңқтары да қалың елі қазағына бірден тарап, абырой-беделге ие болып жататын. Бүгінгі өнердің салмағы да, мәні де көп өзгере қойған жоқ десек те, екі кеңістіктегі жағдайлардың басқаша сипат, өзгеше бояу, реңк алғанын бағамдауға тура келеді. Бірақ өзегі мығым, темірқазығы берік өнердің бәсі ешуақытта төмендемеуі тиіс. Оған жалпы, негіз де жоқ. Еліміз барда, тәуелсіздігіміз өз тұғырында тұрған шақта өнердің мәртебесін одан әрмен биіктетіп, туын көтере беру – бүгінгі өнерпаздардың міндеті һәм парызы. Бұдан өзге жол жоқ.
Әрине, Астана, Алматы, Шымкент секілді миллиондық қалалардағы ахуалды өңірлердегі өнер көкжиегімен де салыстыруға келе бермейді. Әр өңірде өнердің дамуы да, оның ішкі мәселелері де әр алуан. Олардың барлығына бір дүрбінің көзімен де қарауға келмейді. Миллиондық қалалардағы тіршілік қарбаласқа толы. Уақыт тез өтеді, өнерге байланысты құндылықтар да, көзқарастар да жылдам өзгеріп, дамып отырады. Мұндай жерлердегі өнердің дамуы да цифрлық технологиялармен астасып, қабысып кетеді. Мысалы, домбыраның шанағын тесіп, оған сым жалғап, дыбыс ұлғайтқышқа қосып қою да сол технократиялық сананың тікелей әсері ме дейміз. Әйтпесе, ғасырлар бойы қаз-қалпында келген асыл домбырамыз осынау ғасыр белесінде сондай жағдайға душар болып отырғанын немен түсіндіруге болады? Әрине, технократттық идеяларды ойлап таба беретін біреу осындай шешім қабылдап, оны іске асырып жіберді. Одан домбыра ұтты ма? Меніңше, ұтылды. Өйткені домбыраның табиғатында оны электр сымына жалғау дейтін ұғым мүлде жоқ еді ғой. Бұл қадамды ақтап алатындар да бар, әрине. Бірақ осы тақырыпқа біз әлі де оралуымыз қажет. Бұл – асыл домбырамыздың болмысын мемлекеттік тұрғыда қорғауды қажет ететін заңдарға да негіз болуы тиіс мәселе.
Мәселені домбыра және технократиялық сана төңірегінен бастап отырғанымыздың мәнісі де жоқ емес. Өйткені домбыраның табиғи қалпы, ішкі қуаты, психологтар тілімен айтқанда жұртшылыққа берер энергиясы құдыретті шанағынан таралып, мың сан тыңдарманды ұйытып алып кетеді. Ал мұны көздің қарашығындай сақтау, дәріптеу, сөзі жеткенше айту, сол жолда табан аудармай, тынымсыз әрекет жасау – домбыраға күллі өмірін арнаған, адалдығынан танбаған жандардың ғана қолынан келіп жүр. Олар бәлкім, аз бәлкім, көп. Бірақ көзге көрініп жүргендерінің арасында белгілі күйші Шәміл Әбілтайды айтар едік.
Шәміл Әбілтай – өнердің ыстық-суығын, өмірдің күнгейлі-көлеңкелі жақтарын көп көрсе де, өзінің адами-азаматтық дәрежесінде қала білген, кісілігін жоғалтпаған ардақты тұлға. Тұла бойы тұнған ізгілік, ізеттілік. Бүгінде қолтаңба бергенде «Күй-Шәміл» деп жазады. Күйді өз атынан бірінші қояды. Бүкіл болмысы, жан дүниесі күй деп толқиды. Күйсіз әңгіме айтпайды. Күйсіз, сірә, ол кісіге ас та батпайды.
Сол Шәкең жуырда ұлт ұясы, алтын бесік – қасиетті Ұлытау жеріне сапарлап барып қайтты. Қазіргі кездегі әңгімесінің өзегі де Ұлытау болып жүр. Қасиетті қара домбырасын арқалап, көне замандардың рухы сақталған мекенге құдіретті күйшінің атбасын бұруы да жайдан-жай емес. Кемеліне жетіп, күйлері кемерінен асып тұрған дара болмысты күйшінің елге айтары аз емес. Жүректен шыққан, саусағына қонған төл туындылары да біршама. Осылардың барлығын халықпен бөлісу, ғибратты жүздесулерді өткеру күйшінің ішкі жан қалауы болыпты. Бұл жан қалауын қолдаған өрелі азамат, қайраткер тұлға, Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов екенін Шәкеңнің көңілі ризашылыққа тола отырып айтқан әңгімесінен білдік. Күйшінің Ұлытау облысындағы бес күндік сапары мағынаға бай. Аяғын жерге тигізбеген қауымға дән риза. Шынболат Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайындағы елмен болған жарқын жүздесулер, күй өнерін құдірет деп танитын өнерпаздарға берген шеберлік сыныбы, жеке тартқан күйлері мен шырқаған әндері тыңдаған жұртшылықтың ғана емес, Шәкеңнің өзінің де көңіл дидарын жарқыратып, ой айдынын жаңа көкжиектерге бастай берген. Бәлкім, осы сапарынан кейін де ғажап күйлер өмірге келуі де мүмкін. Өнердің құдіретінде шек бар ма. Келіп жатса, әрине, қазақтың күй өнері байи түседі. Ал бұл жолы Шәкең ағыл-тегіл әңгіменің тиегін ағыта отырып, көптеген туындыларын тарту еткен. Солардың қатарында «Ұлытау-Жошыхан» күйін, көрнекті ақын Кәкімбек Салықовтың өлеңіне шығарған «Жер ұраны – Ұлытау» әнін ерекше айтуға болады.
Күй-Шәмілдің Ұлытау жеріне баруын тарихи сапар деп бағалауға болады. Өйткені атақ-даңқы шартарапқа жайылған күйшінің бабалар тұяғының ізі қалған киелі мекенге қадам басуы, сол өңірдегі жақсы-жайсаңдармен жолығып, әңгіме-дүкен құруы, өнерпаз жастарға ақыл-кеңесін айтуы, өнердің классикалық үлгісінің қандай боларын байқатуы, бүгінгі арғы-бергі заманмен байланыстырып салиқалы ой өрбітуі, өнер мен мәдениеттің түйінді, түйткілді мәселелеріне байланысты көзқарасын жеткізуі де, біле-білген жанға аз олжа емес. Айтушы да, тыңдаушы бір жасап қалған ғажап сапар. Әйтпесе, Ұлытауға Шәміл Әбілтайлар күнде келіп жатқан жоқ. Осы сапардың маңызын түсініп, қолдау көрсеткен Мереке Әбдешұлының биік азаматтығына осыдан кейін қалай риза болмассың.
Шәкең миллиондық қаладан азды-көпті шаршаған да болуы керек, Ұлытаудағы сапарын «жаным кіре бастады» деп бір суреттеп өтті. Себеп түсінікті. Киелі Ұлытау – жалғыз Шәкеңе ғана емес, күллі қазақ жұртына дем беріп, ұлттығымызды сақтап тұрған қазыналы мекен. Әр қазақ Ұлытауды көруі тиіс, Ұлытаудың тарихын білуі тиіс. Сол рәсімді сексеннің сеңгіріне аяқ басқан Шәкең бастап отыр. Өз ықыласымен, өз ниетімен. Әрине, Күй-Шәміл бұл өңірге бұрындары да атбасын тіреген. Елмен дидарласқан. Бірақ бүгінгі барысының мәні мүлде бөлек. Себебі біз қазір басқаша бір замандарда ғұмыр кешіп жатырмыз. Бұл заманның жанталасы көп. Сондықтан жан тыныштығы да жоқ. Ұлтымызға қатысты көп дүниені бағамдайтын кезеңде отырмыз. Тарихты саралау үшін Ұлытауды айналып өте алмаймыз. Себебі бұл өңір Шыңғыс хан, Жошы хан, Алаша хан, Домбауыл есімдерімен тығыз байланысты. Арғысын айтпағанның өзінде Қаныш Сәтбаевтардың ізі қалған жер.
Шәкең бұл сапарында, сондай-ақ киелі жерлердің барлығына зиярат жасап, «еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын» деп дұға жасап, бабалар рухына бағышталған Құранға қол жайып қайтты.
Сәтбаев музейінде, Қаныш Имантайұлы тұрған үйде болып, ғұлама өмір сүрген кезеңдерге ой көзімен саяхаттап, жақсы әсерге бөленген екен. Ұлытаудың бірегей тұлғасы Мәкен Төрегелдин атындағы мұражайға да аялдап, көптеген деректерге қанық болған екен. Сапарының соңғы күні «Ұлытау үні» фестивалінің ашылуына қатысып, күйші, жырау Кетбұғаның 840 жылдығына арналған күйшілер байқауын ақ тілек, ақ батасымен бастап беріп, Алатау баурайына жол тартады. Сөз реті келіп тұрғанда айта кетейік, Кетбұғаның 840 жылдығына арналған күйшілер байқауын ұйымдастырған халықаралық «Кетбұға» қорының президенті Төлеген Бүкіровтің қайраткерлігі, өнерге деген қамқорлығы, Ұлытау өңірі руханиятының гүлденуіне қосып жүрген сүбелі үлесі ерекше.
Шәкең өз сапарын «Ұлытау облысы халқының ыстық ықыласына, риясыз көңіліне риза болдым» деген аталы сөзімен түйіндеп, бұл өңірге деген ықылас-пейілінің алабөтен екенін байқатты. Күйші риза болса, демек, күйшінің өнерін бағалай білетін ел бар деген сөз. Осы ретте Шәкеңнің замандасы, белгілі журналист, қарымды қаламгер, «Қазақ газеттері» ЖШС-нің Ұлытау өңіріндегі өкілі болып көп жылдар бойы еселі еңбек атқарған Қазақстан Жазушылар одағы Ұлытау облыстық филиалының өкілі Батырбек Мырзабековтің Шәкеңе деген ерекше құрметі мен ізетін айта кету бізге парыз. Шәкең Алматысына оралса да, Батырбек ағамыз телефондап, қал-жағдайын біліп, бәйек болып жатыр. Қос тұлғаның достығы, сыйластығы өз алдына айтылар бөлек әңгіме деп осы жерден тұжырайық. Әрине, біз бұл жазбамызда Күй-Шәміл сапарының барлық тұстарына тоқталуды мақсат етпедік. Мақсатымыз Күй-Шәмілдің киелі Ұлытау жеріне жасаған сапары туралы оқырман қауымға азды-көпті мағлұмат беру болды.
Ортамызда жүрген күйшіні Қазақстанның әр облысы бір шақырып, қолқалап, құрметін көрсетсе қандай ғанибет болар еді. Күйдің құдіретін халық көкейінен шығармаудың бір жолы да осы болмақ. Жә, сөзіміздің соңын ақын Батырбек Мырзабековтің Шәміл Әбілтаевқа ертеде арнаған жыр жолдарымен аяқтауды жөн көрдік.
ЖҮРЕГІНДЕ
ЖАНАРТАУДАЙ ЖАЛЫН БАР
Ұлытау күлімсіреп қыранына,
Құшағын еркін жайды ұланына.
Зеңгір көк күлімсіреп төкті нүрын
Шәмілге – Ұлытаудың ұлдарына.
Теңселіп кәрі терек көл тербеліп,
Табиғат кетті лезде көркемденіп,
Ұлытау үнсіз ғана бас изеп тұр.
«Бір жасап қалдым-ау» деп еркем келіп.
Ұлытау – күйдің аты, кітап аты,
Кейде де биік тұрған мұнарасы.
Ішінде толқынды күй күмбірлесе,
Мап-майда тау гүліндей мұқабасы.
«Толғау күй» – өз сөзіндей Фарабидің,
Күйшілер ордасындай «Орда күйің».
Көтерсе адам жанын «Ормандағы ой»,
Жарысқа шақырады «Жорға биін».
«Жыраулар» шертсе келіп, шежіре сыр,
Тыңдаттың аяулы аға, «Сәбеңнен жыр».
«Өрікгүл» қазақ қызы жаны нәзік
Жігітке жігер берген күйің «Шымыр».
Ұлытау – тау атасы, жер кіндігі,
Ұлытау – ерге қоныс, ел бірлігі,
Ұлытау кешегі өткен Асан қайғы,
Бүгінгі ұрпақтардың еркін жыры.
Таусылмас таудай осы дарыны бар,
Күйінде асау өзен арыны бар.
Ұрпағы Құрманғазы – Шәміл күйші,
Жүрегінде жанар таудай жалын бар.