«ЖІГІТТІҢ ПАДИШАСЫ — ӘМІР ТЕМІР…»
18.05.2018
3939
1

Пролог
Үй іші. Отағасы домбыраға қо­сы­лып «Майдақоңырды» айтып отырады:
Жігіттің падишасы – Әмір Темір,
Бозбала, әнге салсаң қайғың ке­мір.
Кешегі бес болыстың сиязында
Шырқаған Ақан сері Май­да­қоңыр…

– Әке!
– Әу, балам?
– Ұрыспайсыз ба?
– Қарадай неге ұрсады екем, әлде… бірдеңені?..
– Бүгін екі алдым…
– Неге? Неден?
– Неден десеңіз – тарихтан, неге де­сеңіз – ағаймен ерегесіп…
– Ағаймен? Ұстазыңмен?
– Иә, ұстазыммен. Ол кісі «Егер Әмір Темір болмағанда біз үйтпес едік, бүйтпес едік» деп…
– Иә, сонсоң, анықтап айтшы бы­лай?
– Егер Әмір Темір Анкараны шап­па­ғанда кешегі Еуропа бүгін бүй­тіп құ­тырынбас еді… Егер Ол жауыз Тоқ­та­мыстың тоз-тозын шығарма­ған­да орыс бүгін ормандай қауламас еді… Одан да бар күшін мына қара Қытайға қаптатқанда ғой… деп қайта-қайта айта берген соң шыдамай…
– Иә, немене, шыдамай шығып кеттің бе?
– Жоға, айтысып қалдық қой.
– Сен не дедің, айтысқанда, былай?..
– Ақан серіні білесіз бе? – дедім ағайға.
– Ал ағайың не деді?
– Ол кісі ме? Ол кісі тарс кетті. «Ой­бай-ау, Ақан серіні кім білмейді?! Бұл қай сұрағың? Әлде мені сынайын де­дің бе? Ақан қайда, Темір қайда?! Әл­де… әлде әкең бірдеңені бүлдіріп жүр­ген шығар?..» деп ал кеп шүйліксін, ал кеп шүйліксін.
– Ал сен?
– Мен де қасарысып: «Онда Ақан сері Әмір Темірді неге Жігіттің падиша­сы…» деп әнге қосып мадақ­та­ған? – деп едім, түсінігіңнің түрі осы бол­са, әкел бері күнделігіңді, мә саған Мәл­шіқұйрық!» – деп еңгезердей екіні қон­житып қоя салды.
– Е-е… дұрыс болмаған екен…
– Кімдікі, әке, менікі ме?
– Екеуіңдікі де. Ұстазбен ере­гес­пеуің керек еді, балам.
– «Өткенге топырақ шашуға бол­май­ды, өлгенді ғайбаттаған ғазауат­қа ұшырайды» деп өзіңіз айтушы едіңіз ғой, әке?
– Оқу керек, оқып қана қоймай, оқы­ғанды көңілге тоқу керек, балам. Білгенге тарихтан асқан ғұлама, уақыттан асқан ұстаз жоқ. Ақан сері айт­са, бірдеңені білген шығар, ауызға жайдан-жай ала салды деймісің… Кәне, және бір тыңдап көрелікші сол әнді – Ақан әнін?!.
(Домбырасын қайта қолына алып «Майдақоңырға» қосылады…).
– Түркістанға баралықшы, әке. Иассауи бабамыздың басына?..
– Барамыз балам, көктем келсін, жаз шықсын…

* * *
«Біздің тарихымызды жаулап алу­шылар жазды» деп Жавахарлал Неру айтқандай, өз өткенімізге үңілу­ге, түп төркінімізді тануға мұршамыз кел­меген кешегі күні келімсектің атын атап, түсін түстеуден әрі аса ал­мадық. Еділді Атилла деп ұқтық, бер жақтағы Абылайдан гөрі аржақтағы Иван Грозныйды көбірек таныдық.
Ер Едігемізді әлі күнге дейін аңыз­дан аршып ала алмай жүрміз. Ан­тикалық әлемге барып-келіп жүр­генімізбен Шығыс жұртына, Түркі дүниесіне келгенде дүмше молдадай дүмбілез ұғымды ғана малдандық. Түндігімізді жел үрлеп, кіндігімізді жай кесіп жүргенде көп нәрседен құр қал­ғанға ұқсаймыз. «Осы жұрт Ес­кендірді біле ме екен?» деп Абайдың аржақ-бержағына күдік көзбен сұрақ тастай қарауы да тегін емес білем. Сол Ескендірді, айналайын, ауыз әде­биеті әлімсақтан санамызға ен­гізді. Шыңғысханды жүре келе та­ныдық. Әл Әмір Темірді ше? Бірқа­та­ры­мыз білеміз дейміз. Бірақ… шын­­туайтына келгенде, беттен қал­қимыз, құрдымға кететіндей тереңге малтуға құлықты емеспіз. Тіпті, оны /Әмір Темірді/ ауызға алған жағдайда көмескі, көрбілте қайдағы бір дә­лел­сіз, дәйексіз ой-пікірді алға тартатынымыз бар.
Ал сол Әмір Теміріңіздің дүниеге ке­­леніне жеті ғасырдай уақыт өтіпті. Аз ба, көп пе? Біреуге аз, біреуге көп. Бәрі көзқарас пен ой өлшеміне, одан қалса, таным мен білікке байланыс­ты. Әмір Темірді танып-білу арқылы осыдан жеті ғасыр бұрынғы әулет-ұрығымыздың әлеміне қанығарымыз тағы анық.
Сөзден сөз шығады демекші, жуырд­а жол үстінде өлшеулі жасын өлшеусіз ғылымға толайымен арнап жүрген тарихшы ағамызға жолығып қалып інілік базынамды білдіріп: «Әмір Темірді неге жазбай жүрсіздер, өза­ғаңдар оның мерейтойын тағы да атап өтті ғой?» дедім. «Ойбай, оның не­сін жазамыз, бізге он екі рет жорық жа­сады емес пе?» деді ағамыз іле жауап қатып. «Қалайша?» Дағдарып қал­ғанымды аңғарған ағамыз жүре жауап қатып: «Е, ол ұзақ әңгіме ғой…» деді де кете барды. Жол-жө­не­кей әңгімеде қайбір бәтуа болушы еді, «қалайшамен» қалт тұрып қалған мені «өзіңе де сол керек» дегендей жанымдағы досым одан әрмен «жаза­лайды»: «Өзбек бауырларымыз мә­ледес қой, ұлы Жаһангердің тойына әй-шәйсіз-ақ әзірлік көріп жатқан. Ислам Каримовтың өзі Парижде «Әмір Темір – өзбек халқының ұлы пер­зенті» деді емес пе?! Ал біз… әлі қал­ғып-мүлгіп жүрміз. Тарихшы-ға­лы­мымыздың айтқаны анау…».
Сонда ағамыздың «бізге»-сі кім бол­ды екен? Он екі рет жорық жаса­ғанын қайдан біледі? Неге не он бір, не он үш емес? «Бізгенің» аржағында не жатқанын аңғару қиын болмас-ау, бірақ ағамыз осыны жол үстінде ғана емес, қалың қауым шәкірттеріне ай­тып жүрсе ше? О да мүмкін-ау…
Енді бірде мынандай ой-пікірлер қы­лаң беріп қалады: «Әмір Темір бол­мағанда…» Иә, Әмір Темір бол­мағанда, ол Тоқтамысты үш рет түре қуып, жайратпағанда бәленбай жыл орысқа бодан болмайды екенбіз. Иә, Әмір Темір сон-а-ау Анкараға дейін барып Қайсарды /Иылдырым Баязидті/ қан қақсатпағанда Еуропа елі әлі күнге дейін есін жия алмай есең­гіреп жүреді екен. Әмір Темір бол­­мағанда…
Жарайды, осымен доғара тұ­райық. Ілгері итінген тарихтың шы­ғыршығын кейінге кері айналдырамын деп әуреленушілер, өкінішке қа­рай, әлі күнге арамызда аз емес кө­рінеді. Алланың әміріне, уақыттың үзі­ріне жүгінген жүріс-тұрыс адам­ның дегеніне бағына қоюшы ма еді. Оның үстіне осыдан алты-жеті ғасыр бұрын болып өткен оқиғаға бүгінгі күннің өлшем-мөлшерімен баға беруге, айтыңызшы, кімнің хақысы бар? Әмір Темір сол кезгі өзінің іс-әре­кеті арқылы бізге есеп беріп, емти­хан тапсыратындай соншалық біз кім едік? «Егер Әмір Темір болған­да…» деп неге айтпаймыз? Иә, егер Әмір Темір болғанда әлгіндегідей әсі­ре тарихшылар аз-кем абайлап сөй­лер ме еді. Егер Әмір Темір бол­ған­да әлгіндегідей кесімді үкім, ке­сірлі пікір айтуға аруағынан қорқар ма едік?.. Егер Әмір Темір болғанда…
Жә, тым таусылмайыншы. Ұлы тұл­ғалар ұлы рухтың иесі ғой қа­шан­да. Олар біздің шыж-быжымызды да, сіз-бізімізді де керек етпесе керек. Оның үстіне Ескендір Зұлқарнайын да, Шыңғысхан да, біз ауызға алып отырған Әмір Темір де күні кешеге дейін денемізге егіп, санамызға енгіз­гендей тым қанішер, аса жауыз емес екен ғой. Өзгені қайдам, Әмір Темір біз өлшеп-пішіп жүргендей бірер ғана қасиет пен қасірет иесі емес, күрделі тұлға, бірегей бекзат, кең де кереғар дүние. «Ештен кеш жақсы» екенін ескерсек, ескі ұғымның есігін жауып, жаңа көзқарастың көкжиегіне көз тоқтатып, көңіл тояттататын кез ен­ді келген сияқты.

* * *
Әділін айтсақ, Әмір Темір хақындағы тарихи деректер бізден гөрі Батыс елдеріне көбірек тараған. Ондай деректі дүниелер қатарына ал­дымен Низамиддин Шамидің «Зафарнамасын», сондай-ақ, «Темір қағи­даларын» жатқызар едік. Әсіресе, «Темір қағидалары» өзінің шымыр да жұмырлығымен әлем жұртшылығын өзіне тез аударған. Бұл өмірбаяндық аманат кітабы он сегізінші ғасырдан бері қарай /бәлкім, одан да бұрын болар/ әлем тарихшылары мен зерттеушілерінің ықылас-назарын өзіне аударумен келеді. Осы мерзім ішінде оның талай елдер тілдеріне аударылғанын да айта кеткен жөн. Мәселен, ол 1787 жылы француз, 1830 жылы ағылшын, 1845 жылы ұрду, 1894, 1934 жылдары орыс, 1835, 1857 жылдары өзбек тіліне /бірақ то­лық емес/ аударылып, жарық көрді. Өздеріңізге себебі белгілі болар, өзбек тіліндегі нұсқасы ұзақ жылдар бойы жасырын, жабық күйінде қалып, тек бергі жылдарда ғана дүние жарығын көрді.
«Темір түзіктері», немесе «қағи­да­ларын» айрықша бөліп алып отыр­ғанымызда мән бар. Біріншіден, бұл – ғұмырнамалық жазба. Екіншіден, бұл – ғибраты мол, өсиеті өзгеше ға­жайып шығарма. Қалай болғанда да, бұл дүниеде – ұлы адамның ұрпаққа қалдырған аманаты. Өз кіндігінен тараған ұрпақ пен әулетке өмір жолынан ғибрат ұсыну, аманат сөз қал­дыру, анығын айтсақ, Әмір Темірден бұрын да болған. Бұл дәстүрдің басы ең әуелі қытайлар мен түрік-монғол хандарынан тараған. Мәселен, Кей-Қауыс патшаның осыдан 900 жыл ша­масы бұрын баласы Илан Шахқа ар­нап жазып қалдырған «Қауыс­намасы», түрік қағандарынан қалған «Бұйрықнама», Шыңғысханнан қал­ған «Бірлік», Қантемір қалдырған «Ху­маюн қағидалары», Рузбехан жаз­ған «Сүлік әл-мүлік» /«Патшалар­дың іс-әрекеттері»/ бұл айтқанымыз­ға жеткілікті дәлел бола алады.
Осылардың ішінде, әсіресе, Батыс жұрты неге «Темір қағидаларына» айрықша әуес болды екен? Мұның мәнісі мынадай. Біріншіден, мұнда Әмір Темірдің жорық жолдарындағы іс-тәжірибесі, соғыс кезіндегі амал-ай­ласы, шешуші кезеңдегі тактикасы мен стратегиясы жан-жақты баян­далған. Екіншіден, «қағиданың» екінші бөлімінде ұлы Жаһангердің ең ал­дымен өзінің немере-шөбе­ре­ле­ріне, одан қала берді, кейінгі ұрпаққа ұсынған ғажайып ғибраты, тамаша тағылымы, таңғажайып тағдыры, өзгеше өміршең өсиеті бар. Қай-қай­сысы да естіген кісіні елеңдетпей, оқы­ған кісіні ойға шомдырмай қой­майды. Осыдан келіп мынадай ой туа­ды: әпербақан, әсірешіл Батыс жұр­тына мұның екеуі де керек. Әсіресе, алдыңғысы. Айналдырған аз жылда үлкенді-кішілі 27 мемлекетті тізе бүктіріп, «жарты әлемді жаула­ған» Жаһангердің майдан даласында­ғы айрықша ақыл-айласы, өзі ғана ойлап тапқан әскери ілім-білімі кімді қызықтырмады дейсіз?! Тарихта «Анкара айқасы» аталған, сонау 1402 жылдың жазындағы Әмір Темірдің Баязид қосынын талқан еткен ұлы жорығынан кейін-ақ Батыс жарты әлемінің назары ұлы Жеңімпазға толайымен ауғаны бесенеден белгілі.
Орайы келгенде айта кетпеске ама­лым жоқ, осы «қағиданы» мен осы­дан он-он бес жыл бұрын аударып /өзбекшеден/ баспаға ұсынға­ным­мен шығара алмаған соң 1991 жы­лы Шымкенттің қалалық баспаха­насынан азғантай ғана данамен бастырған болатынмын.
Батыс-Шығыс баяғыдан назар ау­дарған бұл дүние қазақ топыра­ғын­да осы күнге дейін басыбайлы кітап болып жұртшылық қолына тимегенін ес­керсек, өз тарихымызға, оның ерек­ше беттеріне, бөлекше тұлға­ларына деген ынта-ықыласымыздың қай дәрежеде екенін шамалауға болар.
Соғыс алаңындағы айқастың әр жорық сайын түбегейлі жетілуін көз­деген ұлы Жаһангер оның 24 түрлі тә­сілін тапқан екен! Бақилыққа аттанар алдындағы пенденің аузынан аманатпен бірге өкініш те айтылмай қалмайды екен. Темірдің де көкірегін қарс айырған өкініш бар: «Соғысудың 24 тәсілін тауып едім, амал не, мықты де­ген Қайсардың өзі төртінші соқ­қы­ма қарсы қайрат көрсете алмады…» депті фәни дүние мен бақи дүниенің арасында аласұрып жатып.
Ал «Темір қағидаларының» ғиб­рат­нама бөліміне келсек, мұны оқы­ған кісі ұлы әміршінің тек қана соғыс Жол­барысы, айқас Арыстаны ғана емес, асқан ақылды, парасатты, жан-жақ­ты ілім-білім иесі екенін де қапы­сыз аңғарады. Әсіресе, мемлекет басқарудағы ішкі-сыртқы сұңғыла сая­саты, жүйрік те алғыр, ілгір де біл­гір ақыл-амалы, іс-тәжірибесі бү­гінгі ел басшыларына да, оның қос­шыларына да тамаша үлгі-өнеге! Ке­зекті дүниені қайдам, өзекті дүние өл­мейді екен ғой. Ой-пікірімізді мы­салмен мықтасақ, Әмір Темір өз «қа­ғидасында» былай дейді:
«…Немерелеріме жол-жоралғы бол­сын деп айтарым, мен өз өмірімде он екі нәрсені алдыма нысана етіп алып, сол арқылы биліктің биік мәр­те­бесіне жеттім. Осы он екі нәрсенің көм­егімен әртүрлі мемлекеттерді ба­ғындырып, оларға өз әмірімді жүр­гіздім. Бағыма көрік, тағыма ерік сый­ладым. Сендер де осыған лайық­ты болыңдар, аманатыма иелік етің­дер. Сонымен… он екі нұсқаның бі­рін­­­шісі – Алла Тағаланың қалауы мен Мұхам­бет Мұстафаның шари­ға­тына бас иіп қана қоймай, оған мей­лін­ше өріс бер­дім. Әр жерде және әр уа­қытта ислам дінін қолдап-қуат­тадым.
Екінші – Он екі тармақ пен тай­па­дан тарайтын адамдар арқылы мем­лекеттерді әрі бағындырып, әрі бас­қардым. Ел мен оны басқарудың ұстынын осылармен бекітіп, сарай кеңестерін осылармен баянды еттім.
Үшінші — Билікті мәмілемен, бұй­рықты түсінушілікпен, істі сабыр­лылықпен жүргіздім. Көп нәрсені біліп, сезіп тұрсам да, білмеген, сез­бе­ген болдым. Доспен де, қаспен де тү­сінісуге, тіл табысуға тырыстым.
Төртінші — Мемлекет істерін би­лік жүргізудің қарар-қағидаларын не­гізге ала отырып атқардым. Бұрын­ғы үлгі-үрдіске сүйене отырып, билік жүргізуде өз мәртебем мен орнымды берік ұстандым. Әмірлер, уәзірлер, әскер мен бұқара халық — бұлардың әрқайсысы өз орны мен лауазымына қарай маған қызмет көрсетіп, одан артыққа дауалары бармады.
Бесінші – …Билік тәжін қалай ки­дім – солай ұйқым қашып, тынышым кетті, өз төсегімде рахаттанып ұйық­тау мүмкіндігінен айрылдым. Он екі жасымда әртүрлі аймақ, ел­дер­ді араладым. Азап-ақырет, мехнат-машақат шектім. Қилы-қилы әдіс-амал­дар қолданып жау әскерін
жай­­­раттым. Әмірлерім мен әскер­­ба­сылардан ащылы-тұщылы сөздер есітіп, жамандықтар көрдім. Бірақ естімеген, білмегенге салындым. Өзім бастап қылыш көтеріп, семсер сай­лап, арасат алаңына кірдім. Көп­теген ел-жұртты бағындырдым. Жә­ми жұртқа атағым жайылды.
Алтыншы – …Дұрыс саясат, баян­ды бағдармен сарбаздарымды да, бұ­қара халықты да үміт пен қор­қы­ныш аясында ұстадым. Сарбаздарыма сауғалар үлестірдім. Залымдардан момын мен мүсәпірдің сыбағасын қайырдым. Залымдар жасаған залал мен зиянкестіктерге көз жеткізген соң олардың тағдырын шариғатқа лайық адамдар ортасында шештім…
Жетінші – Тектілер, ғұлама мен да­налар, шайыр-шешен, шежіреші-тарихшыларды айрықша назарлы һәм құзырлы адамдар деп біліп, олар­дан ізет-құрметімді аямадым. Өзі де, сөзі де батыл кісілерді дос санадым. Се­бебі, Алла тағаланың өзі де ондай жан­дарды жақсы көрген. Дәруіштер мен мүскін, ғаріп, пақырларды есір­кеп, еледім, мүмкіндігінше көңілін қал­дырмадым, қамқорлығыма алдым. Ойы бұзық, іші сасық ғайбат­шыл адамдарды сұхбат-кеңесімнің маңына жолатпадым, өздерін малданбадым, сөздеріне алданбадым.
Сегізінші – Бірбеттілік – бірегей мінезім болды. Бірер істі қолға алсам, бітіргенше тыным таппадым. Сөзімді іспен тиянақтадым. Ешкімге қатты­лық, ешбір істе тарлық жасағаным жоқ. Өйткені Алла тағаланың кәріне екі аяқты пенденің қай-қайсысы да ұшы­рауы мүмкін ғой. Адам атадан бастап бүгінге дейінгі өткен-кеткен сұл­тандардың ел билеудегі амалын, тұр­мыс-тіршілігін, тағдыр-талайын кө­некөз даналардан сұрап, біліп отыр­­дым. Әрқайсысының жол-жо­рықтарын, қылмыс-жазаларын, айт­қан сөздерін, мирас-мұраларын жа­дым­да сақтадым, жақсы жақтары мен үлгілі істерінен ғибрат таныдым. Нә­сілді бұзатын, ашаршылық пен оба әкелетін әрқалай пиғыл-әрекет­тер­ге абай болуды өзіме парыз санадым.
Тоғызыншы — қашанда қалың бұ­қараның хал-жағдайынан хабардар болдым. Үлкендерін ағадай, кіші­ле­рін ұлымдай көрдім. Әрбір мем­ле­кеттің жай-күйін, қара халықтың қас-қабағын, мінез-құлқын, тұрмыс-тіршілігін, әрекет-берекетін қалаған уа­қытта біліп тұру үшін дені таза, ние­ті түзу адамдардан өкіл тағайын­дадым. Болған жәйды жалған жазып, өтірік сөйлегендері болса, аяусыз жазаладым. Әкімдер мен жергілікті бас­шылардың қай-қайсысының ха­лыққа тізе батырғанын естісем, сол за­матта айыбына, қылмысына лайық­ты жаза қолдандым.
Оныншы — …Кімде-кім маған қалт­қысыз достық көрсетсе, қадір-құр­метін ұмытпадым, мүмкіндігінше мен де сый-сыяпат, ізет-құрмет көр­сеттім. Кімде-кім маған адал қызмет көр­сетсе, қызмет ақысына қиянат жа­самадым. Кімде-кім маған дұш­пан­дық жасаса, бірақ кейін мұны­сы­на қын­жылып, алдыма келіп кешірім сұрап тізесін бүксе, қысастығын бе­тіне баспай достық көңлімді көр­сет­тім. Қайсыбір қатардағы сарбаз опа­герлікті естен шығарып, қызметтес өз басшысын жамандап менің алдыма келетін болса, ондай адамды өзіме ең қауіпті жау есептедім.
Он бірінші – Билік биігіне, абы­рой-атақ мәртебесіне көтерілген кез­дерімнің қай-қайсысында да
пер­зенттерім мен туған-туыс­қан­дарым­ды, жора-жолдас, көрші-қолаң және басқа да дос көңілді, қош пейілді адам­дарымды ұмытқан емеспін. Қия­нат та қылмадым. Өз перзенттерім мен қандас-қабырғалас адамдарыммен мейірімім үзілген емес. Олардан жөнсіз, лайықсыз іс-әрекетін көрсем, та­банда аяқ-қолын матап, аяусыз жа­за кесуге асықпадым, анық-қа­нығына көз жет­кізіп барып шара көр­дім. Тршіліктің ыстық-суығын ке­шіп, өткеннен сабақ алып, тәжі­рибе арттырдым. Содан болар, доспен де, дұшпанмен де тіл табысып, бірқыдыру ғұмыр кештім.
Он екінші — Достық-қастығына қа­рамай қай кезде де зиялыларды құрметтедім. Себебі, олардың әр­қай­сысы әртүрлі. Бірі пәни жалғанның алдам­шы мал-мүлкіне бола өз жаны мен ожданын сатса, ендігі біреуі жеме-жемге келгенде жалғыз жанын ая­май құрбандыққа шалып жатады. Егер жау жағының бірен-сараны өзі­не тән мәрттік-жомарттықпен шын көңілден қызмет көрсете жүріп, ұрыс кезінде маған қылыш көтерсе де, ондай адамнан біржола күдер үзбей, ал­дыма келсе, адалдығын сезсем, хал-қадрінше құрметтеп, сенім біл­дірдім. Бұдан былайғы жерде риясыз, адал қызмет ететініне күмән кел­тір­медім. Өйт­кені, бәріміз де жұмыр басты пендеміз ғой…
Бұларға қоса тәжірибемнен тағы бір байқағаным – егер мемлекет бел­гілі бір тәртіп, қағидаға бағынып құ­рыл­маса, белгілі бір құрылымға негіздел­месе, онда биліктің салтанаты мен құдіреті, тағдыры мен тәлімі түк­ке тұрғысыз болмақ. Мұндай би­лік­тің тұрқы мен сықпыты жамыл­ғы­сыз, лыпасыз тыр жалаңаш адамға ұқсай­тын болғандықтан, оны көрген жұрт жиіркеніп, бетін басып сырт айналады. Не болмаса, ол қайдағы быр қаңғыр­ған адамдар қалай болса солай кіріп-шығып жүре беретін үсті ашық, есік-терезесі жоқ тоз-тозы шық­қан үйден айнымайды. Сол үшін де мен өз билік, әмірімді ислам дініне сүйене, белгілі қағидаға негіздей құрдым. Мемлекет басқару барысында кездескен қандай да бір мәселені де осыған сәйкестендіре отырып ат­қардым. Менің ұрпақ алдындағы парыз-қарызымның, атақ-даң­қым­ның баянды болғанының түп негізі де осыдан…».
…Әмір Темір діндар да ырымшыл адам болған. Бір таным-нанымға құлай беріліп, ырым-жырымға құлша жегілу – ұлылардың, одан да қала берді ірілердің ісі. Мына бір-екі ауыз сөзден-ақ ұлы Жаһангердің алдына қойған мақсат-мүддесін, әскери саясатын әбден аңғаруға болады: «Алла тағала жердегі өзінің бар жаратқан мүлкін сақтап, қорғауды маған тапсырды. Ал пайғамбар сол мүліктің есігін ашар кілітті маған тарту етті».
Әмір Темір бұл арада Алламен ті­келей ауызба-ауыз әңгімелеспеген болар-ау, дегенмен, наным мен сенімнің де өз құдіреті болатынын ұмытпалық. Ішкі сенім, қуат, күш, құдірет, көбіне сыртқы әсерге, ықпалға иек артады. Осыған қатысы бар бір-екі мысал келтірелік.
Темірдің әкесі Әмір Тарағай бірде түс көреді. Түсінде әдеміше келген араб жігіті бұған жүзі жарқ-жұрқ ой­наған қылыш ұсынады. Ол қылышты алған бойда олай-былай сілтеп қалады. Ғажайып жарқылдан бүкіл әлем жап-жарық болып кетеді. Көр­ген түсін пірі — тақуа Әмір Құлалға жорытқанда, ол кісі былай дейді: «Ғажайып түс көріпсің. Алла тағала саған бір ұл береді екен. Ол ұл әлемді өзіне бағындырып, түнекті жарыққа, кәпірді мұсылманға айналдыратын болады».
Бәлкім аңыз болар, бәлкім аян болар, бірақ мұның күндердің-күнінде ақиқатқа айналғаны рас. Ұлы Жаһангердің әр жорығы жеңіссіз, же­міссіз аяқталған жоқ. Тұран импе­риясының іргетасын бекітті, кере­гесін кеңітті, атақ-даңқын асырды.
Сенім мен нанымға, оның түп қа­зығы – дінге арқа сүйеуінің арқа­сында әлем тарихында аты қалды. Шындығында да, сенім, нанымның адамның қос қанаты, қолына ұстаған қос шырағы сияқты. Бұл жайында Темір: «Мен бір қолыма әділдіктің, екінші қолыма мазасыздықтың маздағын ұстап, осы екеуімен бүкіл өмірімнің жолын жарық етіп отырдым» деп ағынан жарыла ақтарылады.
Әуелгідегі ауыр да тар жолды тағ­дырын еске ала отырып әміршінің тағы да былай дегені бар: «21-ге толған шағымда сапарға шығып ел аралауға, жұрт тануға бел будым. Осы мақсатпен ақ батасын алуға алдымен Зайниддин Әбубәкір Тайбади шейхқа келдім. Ол кісі менің алған мақсатыма ақ жол тілей тұрып беліме кемер бел­дік байлады, қолыма сақина салды. Сонан соң барып былай деді: «Саған Алланың нұры жауып тұр, балам. Менің пайымдауымша, мына жердің үстінде сенің қолтығыңнан демейтін, әмісе қорғап, қолдап жүретін бір кісі бар. Ол – пайғамбардың адамдар арасына арнайы жіберген елшісі. Сен оны әзірге көре алмайсың, бірақ кейін оның өзі саған мейір-шапағат көзімен қарайтын болады».
Осыны айтып ол мені қасына алып, екеуміз Құдайға құлшылық еттік. Содан соң ол мені Саид Атаға тапсырды. Екеуміз ұзамай намазға ұйыдық. Ол не істесе, мен де соны құлшына, беріле қайталап отырдым. Намазға берілгенім соншалық, өзімді рахат пен ләззат құшағында сезіндім.
Үзіліс кезінде ол маған былай деп тіл қатты: «Сен құдайы қонақсың. Сондықтан да Алла тағала бұл жолы не тілесең, соны орындауға әзір». Мен күбірлей тіл қатып, Алланың ма­­­ған сенім артуын өтіндім. Сонда Ата: «Сенім пайғамбардың ықтия­рын­да. Сенім деген де қамалы бар, қор­ғаны бар қала. Біреулер оның сыр­тында тұрып «Құдірет жоқ, Алладан басқа» дейді. Енді біреулер оның ішінде тұрып: «Алладан басқа құдірет жоқ» дейді. Ол қаланың аты – «Баб-ул-абваб». Онда тұрып жатқан бақыт­ты жандар шын ниетпен: «Алладан басқа құдай жоқ, Мұхамбет Алланың пайғамбары» дейді. Осыны айтып Саид Ата сәждеге қайта бас қояды. Мен де оны қайталадым. Сәждеден бас ала бергендегі байқағаным – Саид Ата сол сәждеге басын қойған күйі мәңгілікке мызғып кеткен екен. Намазды апыл-ғұпыл аяқтай салып бұл жәйді Зайниддин Әбубәкір Тайбади шейхқа айтуға асықтым. Шайқы маған: «Билік бір ғана құтбқа тиесілі. Құтбалар құтбасының бұйрығымен Сұлтанға қол ұшын беретін Құдайдың өкілі де сол болмақ. Сол құтбаның өлімінен кейін бүкіл билік Сұлтан жаққа өтеді. Қайсардың /Иылдырым Баязид / билігін Құдайдың бір сүйген құлы /Саид Ата/ қолдап-қуаттап жүруші еді. Енді ол жоқ. Бүкіл билік саған ауысады, балам».
Әйгілі «Анкара айқасы» Әмір Темір өмірінің аяғына келе осының айқын айғағына айналады. Қаһарлы қайсар да қан майданда қарсы қайрат көрсете алмай қара жамылды, ішқұ­салық уынан қаза тапты. Айтпақшы, қашан да әділ, турашыл, бірбеткей Темір тұтқындалған Қайсарды алдына алдырғанда былай деген: «Баязид! Бақытсыздығың үшін алдымен өзіңді айыпта: бұл – өзің еккен дарақтың тікені. Мен сені әуелі бірнеше мәрте мәмілеге шақырдым. Көнбедің. Орындалуы оңай ғана шарт қойдым. Оны да кері қайырдың. Намысымды, арымды аяғыңа таптап айбарақ хат жолдадың. Шыдамның да шегі бар. Менің саған залал келтірмегенім былай тұрсын, жауларыңмен ұрыста жәрдем беруге де ниет қылдым. Ожарлығың өз түбіңе жетті. Өкінішті! Егер жеңіс сен жағында болғанда, ма­ған және менің сарбаздарыма не іс­тей­тініңді бір құдайым білсін. Әйтсе де, өкінбе, бекін. Көңіл күдігі­нен айық. Өміріңді сақтап қалумен бірге Анкараңды өз билігіңе берейін. Ал мен өз жеңісім үшін алдымен Аллаға рахмет айтамын…».
Мұнымен бірге Әмір Темір «жауды аяған жаралы» боларын да еш­қашан есінен шығармағын. Хорезм мен Исфаһандағы қанды оқиға осы­ның дәлелі. Сатқындық пен сенім, надандық пен наным хақында Әмір заманынан бері келе жатқан мынадай аңыз бар екенін еске сала кетелік: бір көкқұтан ұшып келіп өз ұясына жай­ғасып алған қарғаны көреді. Екі-үш күн өтсе де ол бұған пәлендей мән бе­ре қоймайды. Ал төртінші күні төрт жүз көкқұтан ұшып келеді де ұясын қарғаға берген әлгі көкқұтанды түте-түтесін шығарып шоқып өлтіреді.
Құс екеш құстың да аты мен заты ала-құла, бірақ ұяның бәрі киелі. Жар­ты-ақ ауыз аңыздың астарында атан түйе тарта алмас ғажап ғибрат жа­тыр! Ол қай заманның да қаперіне ор­тақ. Ұядан ұрпақ өседі. Бұл — әлім­сақтан келе жатқан дүниәуи дәстүр. Ұясын берген құс та, үйін берген ұлда ұят та, ар да, намыс та, ождан да олқы соғып тұрады. Ал олқылық түбі бір опын­дырады. Опасыздық та осы тұс­тан бой көрсетеді. Қай ұрпақтың да алдымен осыдан сақтанғаны абзал…
Әмір Темірді аса ырымшыл дедік. Әсіресе, түске қатты сенген. Жұмыр бас­ты пенде емес пе, оған да қайғы мен қуаныш, жақсылық пен жа­ман­дық, үміт пен күдік қатар келіп отыр­ған. Мәселен сүйікті ұлы, тұла бойы – тұңғышы Мұхамбет Жаһангердің қазасын сонау ит арқасы – қиянда, Самарқаннан қашықта жүріп түс көру арқылы сезіп-білді дегенге кім сенер?! Шатыр ішінде, жарым түннің жайсыз бір сәтінде өз түсінен шошып оян­ған ол жедел жүріп отырып Са­марқанға жеткенде алдынан қара жа­мылған халықты, аңыраған ағайын­ды көріп көкірегі одан сайын қарс айрылады. Қатты қайғырған ол ешкімге көрінбей бірнеше күн оңаша жатып қалады. Тағы да түс көреді. Түсінде ақ желеңді, ақ сақалды, ақ сәл­делі, ақ асалы кісі ғайыптан келіп оны оятады:
«Ей, Әмірші! Тұр орныңнан, тұр!
Қайғыру да, қамығу да саған жат.
Алла ісіне амал жоқ.
Сен қалғысаң – халқың ұйықтап қалады,
Сен қайғырсаң – дүние қараң қалады.
Жалғызың емес Жаһангер,
Самсап тұр ғой сансыз ұлың, немерең!
Қабыл болып барша мақсат, тілегі,
Сен қайғырсаң, жауын сақ-сақ күледі.
Қашыр бойдан қайғыны!
Пендесіне таусылмайтын қайырымы,
Алланың көп ай-күні…
Қайда Әмірдің қайраты?
Қайда Әмірдің айбаты?!
Тұр орныңнан, тұрып кет!
Әлі мынау әпербақан әлемде
Сен тазартар былық көп…
Тұр орныңнан, тұрып кет!»
Қарғып тұрып қайратына қайта мінген Әмірші атқа қонып Жетедегі көтерілісті басып-жаншуға жедел ат­танды…
«Тақта отырғаннан атқа отыр­ғанды әлде қайда жақсы көремін» дей­ді екен Темір. Шындығында да, үш жылға, бес жылға, жеті жылға со­зылған соғыс пен жорық-жосындар «отыр­ған омалатынын», «жүргенге жөр­гем ілінетінін» біржола айғақтап бергендей.
Әмір Темір қай жорық сапарына да алдын ала қамданусыз аттанбаған. Әуелі ол елге тыңшы, жансыз жіберіп хал-ахуалынан хабар алған. Сонсоң елші жіберіп тағы да байқаған. Бұған қоса Піріне Құран аштырып бұл жорықтың болжалын білген. Діни на­ным-сенімнің беріктігінің бір бел­гісін мынадан көруге болады: «Рум­ға – Иылдырдым Баязидке қарсы жорық ашу алдында бұл соғыстың мән-жайы қалай болмақ деген ниетпен Қожа Ахмет Иассауи шайқының моласына түнеуге аттандым. Шайқы түнде түсіме аян беріп, «Бұл жорық ке­зінде қиын-қыстау сәт басыңа түсе қал­ған жағдайда мына төрт жол өлең­ді қайталап отырсаң, мақсатың ойдағыдай орындалады» деді. Ол төрт жол өлең мынау:
«Ей, қараңғы түннің шамын
жарық еткен,
Ғаламды гүлстан-бақ, анық еткен.
Басыма түскен істі жеңілдеткен,
Ей, бейшараның мүшкіл халын
көңілді еткен…»
Бұл төрттағанды мен жақсылап жат­­тап алдым. Қайсармен болған ұрыс­­та мен оны жетпіс рет қайта­ла­дым. Нәтижесі сол, ғажап жеңіске жет­тім».
Әскери айла-тәсілі әбден жетіл­ген Әмірші психологиялық ықпал жа­сауға да өте-мөте ықыласты бол­ған. Кез келген елдің шетіне жетіп, ше­карасынан өтер алдында сол елдің патшасына мынадай екі-ақ ауыз сөз жазып хабар жібереді екен: «Әмір Те­мір келді».
Кештегі Ақсарайы мен Самар­қан­­дағы Көксарайынның әлем-жә­лемдігін айтпағанда, Темір тағының арқа тұсында аузынан айбар, көзінен зәр шашқан жолбарыс терісі тұтасы­мен ілулі тұрады екен. Есіктен құл­дық ұра қол қусырып ене берген кім-кім де қаһарлы да сұстан әмір­шінің алдына келгенше әрі жолбарыс айбатынан, әрі Темір тегеурінінен қаймығып, қалтырап, «әу» дегенше әл-ділінен айрылып тынады екен.
Әмір Темірдің қайрат-күші мен ай­бат-мысы осындай болғанда жан дүниесі қандай екен деген сауал са­наға салмақ салғандай болса, оны да айта кетелік. Әйгілі тарихшы-ғалым Хафиз Абрудың айтуынша ол сонау орта жасының өзінде-ақ түркі, араб, парсы тілдерін еркін меңгергенге ұқсайды, меңгеріп қана қоймай, өзі ұйымдастыруға мұрындық болған қайсыбір ғұлама-ғалымдардың жаһан ілімі жайындағы пікірталастарында оқыған-тоқығанынан да хабар беріп отырған. Бағдат пен Шираздың, Дели мен Алеппонның, Хорезм мен Ис­фаһанның небір дүлдүл шайырлары, жұлдызшы-жылнамашылары, ой­шыл-пәлсапашылары қалаған уа­қытта Темір Сарайынан табылып, Сайыпқыранның да, Самарқанның да сән-салтанатын айдай әлемге айшықты еткен. Солардың бірі «Те­мір­нама» дастанын жазған атақты ақын Ахмет Кермани мен Әмір Темір арасындағы сыйластық жарасымы жайында мынадай дерек бар. Сарай моншасында оңаша отырғанда Темір:
– Ахмет, айтшы, егер мені базар­ға апарып сатар болса, сен қаншаға алар едің? – депті тосыннан.
– Бір басың әрі кеткенде 25 сар­баз­дан аспас еді, – депті ақын да өз кезегінде мүдірместен.
– Ал кемер белдігімді қаншаға ба­ғалар едің?
– Менің де ойлап тұрғаным – сен емес, сол кемер белдігің болып тұр ғой…
Темірдің сәулет өнеріне айрықша көңіл бөлгендігін бүгінге жеткен таңғажайып ескерткіштеріне қарап әлем халқы танып отыр. Самарқан­да­ғы көне де жаңа ғажайып ғима­рат­тар, Түркістандағы Қожа Ахмет Иас­­­сауи маңғаз мешіті, басқа да кезінде көр­кімен көзді аулаған, бүгінде уақыт жау­лаған, жер астына түскен небір құт­ханалар – Әмір Темір заманының қолтаңбасы бола алуымен айрықша айшықты, құнды. Самарқанның айнала-төңірегіндегі Шынар бағы, Ділхошы /Жан рахаты/, Бейіш бағы, Жаңа бақ, Шымал бағы сияқты өніс­ті, жемісті, саялы, аялы жұмақжайлар жөнінде бүгінде тек бірен-саран аңыз қалған…
Әмір Темір 25 жасында Кеш
/Шах­рисабс/ шаһарын биледі. Кейін Мәуераннахр аймағына әмірін жүргі­зіп, өзге елдерді өзіне қарата бастаған шағында туған қаласы – Кешті ба­рын­­ша гүлдендіруге әрекет жасаған. Тіп­ті, болашақ империяның астанасы етпек те ойында болған. Ақ­са­рай­дың салынуы соның айғағы. Әйтсе де, бұл аймақ үшін Самарқанның жөні бөлек еді. Кезінде Ескендір Зұл­қар­найынның көз құртын жеген, кейін Мәуераннахр астанасы – Афрасиаб атанған бұл жер, шынында да, бүкіл Темір империясының бас шаһа­ры болуға әбден лайық еді. Са­марқанда 1403-1404 жылдар ара­лығында болған Испания елшісі Дон Рюи Гонзалес де Клавихо сол кездің өзінде бұл шаһарда 150 мыңнан аса ха­лық болғанын, оның қайталанбас сыр-сымбатын, сәулет-сәнін аузы­ның суы құрып тамсана суреттейді.
Жаһангердің өмірі мен жорық жол­дарын бір-бірінен бөліп қарас­тыру­ға болмайды. Бұл жайында «Те­мір қағидаларын» айтпағанның өзін­де бірнеше тарихи кітаптар дү­ниеге келген. Тарихшылар Низамуддин Шамийдің «Зафарнама», Хафизи Абрудың «Зубдат ат-тауарық», Шарафуддин Әли Иаздийдің «Зафарнама», Фасих Ахдам Хамафийдің «Му­ж­мали Фасихи», Әбдіразақ Самарқандидің «Мат­ла ас-са»дайи», Ибн Арабшах­тың «Ажаиб ал-мақдур» сияқты тарихи шығармаларды өмірге келтіре оты­рып, сол кездің өзінде-ақ Темір­тануға айтарлықтай үлестерін қосты. Әрқайсысының өз жазылу себебі бар. Қай-қайсысы да бірін-бірі толық­тырумен аса құнды. Темірдің тегі мен әу­леті хақындағы мәліметті Хафизи Абру «Зубдат ат-тауарықта» толық­тыра, құптай түсетіндей әсер қал­дыра­ды. Онда былай делінеді: «Сұл­тандар сұлтаны Әмір Темір көреген ибн әмір Тарағай-ноян ибн әмір Бур­кул ибн әмір Иланыз-ноян ибн әмір Ийжыл-ноян ибн әмір Қара­шор-ноян ибн әмір Сұғу-сишан /Ше­шен/ ибн әмір Эрдамшы-ноян ибн әмір Қашулай — ноян ибн Тұма­най­хан ибн Байсұғырхан ибн Қайду­хан ибн Дұтуманнихан ибн Бұ­қахан ибн Бөданшархан /Бұжын­жархан/ ибн Аланқуа /Күн нұры/.
Хафизи Абрудың жазуынша, ше­жіренің Әмір Сайыпқыран тармағы Шыңғысхан әулеттерінен Тұманай­хан /Тұманахан/ перзенттерінен бас­тап бөлінеді. Ондай жағдайда Қа­был­хан Шыңғысханның үшінші атасы, ал оның бауыры /егіздің сыңа­ры/ Қажылай-ноян Әмір Темір­дің сегізінші атасы болып шығады. Шыңғысхан өзінің екінші ұлы Ша­ғатайды Түркістан мен Мауераннахр мемлекетіне билеуші ғып тағайын­дағанда, Темірдің бесінші атасы Қарашор-ноян оның әскербасшысы болған және «әмірлер әмірі» деген атаққа ие болған.
Қарашор ноянның алтыншы ұлы Ий­жыл-ноян болғанда, одан тараған пер­зенттердің бірі Ийланғыз /Илан­ғыз/ еді. Одан да бірнеше ұл-қыз өсіп-өрген. Солардың бірі – Темірдің ба­басы – Буркул-ноян. Ал оның екі ұлы болған. Біріншісі – Балта /қол­жазбада анық емес/, шамамен, екін­шісі – Тарағай-ноян. Тарағай-ноян­ның төрт ұлы, екі қызы болған. Ұл­дары – Әмір Темір, Суюргатмиш, Әлем­шайх, Жегі-ноян; қыздары – Құтлұғ Түркан-аға, Шербиік-аға.
Самарқандағы атақты Гөри-Әмір /Әмір қабыры/мазарындағы нефрит­ке ойып жазылған жазуда да Әмір Те­мір әулетінің шежіресі былайша көр­сетілген: «Әмір Темір көреген ибн әмір Тарағай ибн әмір Буркул ибн Илан­ғыз ибн Ийжыл ибн әмір Қара­шор-ноян ибн әмір Сұғу-шешен ибн әмір Эрдамшы-барлас ибн әмір Қа­жы ибн әмір Тұманай».
Бұдан әрі қарай шежіре Шың­ғысханмен жалғасады: «Шыңғысхан ибн әмір Ясугай-баһадүр ибн әмір Бұр­тан-баһадүр ибн әмір Қабылхан ибн әмір Тұманай ибн әмір Байсұнғұр ибн әмір Қайду ибн әмір Тутуманманин /Дутумманин/ ибн әмір Бұға ибн әмір Бұзұнжар; «Дутумманинхан», бұл асылзаданың атасының кім екені беймәлім, ал анасы — Аланқуа бол­ған; аңыздың айтуынша, нұрдан жа­ралып, Алланың құлы Әли ибн Әбутәліп әулетінен тараған».
Иә, қаншама ұлы, атақты, даңқты бол­ғанымен Әмір Темір де дүниеден озды. Оны кезінде өзі де әдемі мойын­­дап кетіпті: «Шын патшаның құ­зырына Уақыт қана бағынбас. Өйт­кені ол — Адамның ұлы, Құдайдың құлы. Жаратушы ием маған да сондай тағдыр сыйлаған. Қарамағымдағы халық қармағымдағы балық емес. Қарызым да, парызым да, әмірім де, өмірім де сол пенделердің пешенесіне жа­зылған. Қиямет қайым күні солар­дың тым болмаса біреуінің етегіме жармасып қайыр тілеп, қарғыс айтып қалмай қойғанын қаламас едім…».

Исраил Сапарбай.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 30.03.2020 | 09:31

Әлхамдулиля Аллаһ Тағала қалауы болсын ИншаАлла қосылдық

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір