Бауырластық байланыстарды бекемдеген басқосулар
18.05.2018
991
0

Орта Азия мемлекеттерінің әлеуметтік-мәдени, экономикалық-саяси ынтымақтастығына соңғы уақыттарда айырықша қадамдар жасалып келеді. Әсіресе екі ел Басшылары тұрақты кездесулер жасауы, Орта Азия Президенттерінің Наурызда Астанада басқосуы, Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Самарқантқа сапары үлкен серпін беріп, Қазақстан мен Өзбекстан республика­ларының арабайланысы жаңа деңгейге көтерілгені белгілі. Атам заманнан бір дарияның кәусарын бөліп жұтып, бір дарақтың көлеңкесін ортақ саялаған бауырлас халықтардың достық қатынасы нығая түскеніне тілектес болып, алдымен құптап-қуанып, қарымды қызмет ететіндер ғалымдар мен ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері екені анық.

Осы орайда Қазақстан Респуб­ли­касының Өзбекстандағы елшілі­гі­нің қолдауымен Халықаралық Түр­кі академиясы Ташкент қала­сын­да бірқатар маңызды ғылыми-мә­дени ісшаралар легін өткізді. Атап айтқанда, мамырдың 11-12 күн­дері Ә.Науаи атындағы Ташкент Мем­лекеттік өзбек тілі мен әдебиеті уни­верситеті, Өзбекстан Респуб­ли­ка­сы Өнер музейі, Өзбекстан Жазу­шылар одағымен бірлескен шара­лар бауырлас халықтардың рухани сабақтастығын жаңа мазмұнмен байыта түсті.
Академия Әлішер Науаи атын­дағы Ташкент өзбек тілі және әде­бие­ті мемлекеттік университетімен бір­лесіп «Халықаралық түрко­ло­гиядағы өзбек тілінің рөлі мен ын­ты­мастастықтың келешегі» атты ғы­лыми конференция ұйым­дас­тыр­ды. Жиынды ұйымдастыруға кел­­ген Халықаралық Түркі ака­де­миясы делегациясы сапарын ұлы ақын, ғұлама ойшыл Әлішер Науаи ескерткішіне гүл қою рәсімімен бастады.
Аталмыш конференцияда күллі түркі әлемінің рухани дамуына қа­тыс­ты ауқымды мәселелер жүйелі тал­­қыланды. Ғылыми жиынға Әзір­байжан, Өзбекстан, Қазақстан, Қыр­ғызстан, Түркия, Ресей секілді ел­дерден келген ғалымдар қатысып, ба­ғалы баяндамалар жасады.
Ғылыми конференцияны құт­тық­тап сөз алған Қазақстан Респуб­ли­касының Өзбекстандағы Төтен­ше және Өкілетті Елшісі Ерік Өтем­баев мұндай алқалы жиындар мем­лекеттер арасында барлық сала бойынша табысты ынтымақтас­тық­тың алғышартын жасайтынын ерек­ше атап өтті.
«Бүгін біз Жібек жолының, жаһан­­дану процестерінің қайта өр­леп келе жатқанын айта аламыз. Мен конференцияға қатысушы­лар­дың барлығына үлкен жетістіктер тілей отырып, басқосуларыңыз та­быс­ты болсын деп тілеймін. Біздің кез­десулеріміздің барлығы өзара ын­тымақтастықтың берік іргетасын қа­лайды. Ең бастысы, өздеріңіз біле­тіндей, ҚР Президенті Нұрсұл­тан Назарбаев біздің халықтардың ру­хани байланыстарына бұрыннан те­рең мән беріп, үнемі назар ауда­рып келеді. Сондықтан, менің ойым­ша, осы конференция оның «Ру­хани жаңғыру: болашаққа бағ­дар» атты толағай еңбегінде ай­қын көрсетілген негізгі бағыттары­мен үйле­сетіндіктен, осы концепциямен жақын танысасыздар», – деді Ерік Өтембаев.
Түркі дүниесінің ғалымдары бас қосқан алқалы жиында түгел түркі жұр­тының тұтастығы мен тәуелсіз­ді­гін ұран еткен ұлы ақын Мағжан Жұмабаевтың өзбек тіліне ауда­рыл­ған «Танланган асарлар» атты таң­да­малы шығармалар жинағының та­ныстырылым салтанаты өтті. Бұл жи­наққа ақын М.Жұмабаевтың өлең­дері, поэмалары, сонымен бір­ге зерттеу мақалалары енген.
Жинақты өзбек тіліне Қарақал­пақ­станның халық ақыны, белгілі сөз зергері Мұзаффар Ахмад аудар­са, кітапқа ғылыми түсініктер мен ақын туралы зерттеу мақаланы жаз­ған – филология ғылымы­ның докторы, профессор Насимхан Рахманов.
Кітаптың салтанатты таныс­ты­рылымын ҚР-ның Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ерік Өтембаев пен Әлішер Науаи атын­да­ғы Ташкент өзбек тілі және әде­бие­ті мемлекеттік университетінің рек­торы Шухрат Сирожиддинов өт­кізіп, сиясы кеппеген жаңа кітап­ты оқырманға тарту етті. Халық­ара­лық Түркі академиясы басшысы Мағ­жан Жұмабаев жинағын аудар­ғаны үшін өзбек тарапына зор алғы­сын білдіріп, аудармашы, ақын Мұ­заффар Ахмад пен профессор, мағ­жантанушы Нәсімхан Ра­х­ма­нов­­тарды арнайы медальмен мара­пат­талды.
Конференцияда түркі әлемінің тұ­ғырлы тұлғалары, көркем сөз ше­берлері Әлішер Науаи, Мағжан Жұ­мабаев, Шыңғыс Айтматов та­ғы­лымы әр қырынан сарапқа са­лы­нып, жалпы адамзаттық ақыл-ой қа­зынасына қосылған бірегей қа­зына екендігі дәйектеле түсті.
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, фи­лология ғылымдарының док­торы, профессор Уәлихан Қали­жа­нов «Науаи мен Абай үндестігі: өт­кені мен бүгіні» деген тақырыпта баян­дама жасап, даңғайыр даналар­дың ой ұшқындары жас ұрпаққа мәң­гілік нәр болатынын байып­тады.
Қырғызстандық белгілі түрко­лог, филология ғылымының док­торы, профессор Қадырәлі Қоң­­­қабаев түркология ғылымының ал­дында тұрған міндеттер мен мақ­сат­тар туралы тұжырымды пікір өр­бітсе, Қожа Ахмед Иассауи атын­да­ғыХалықаралық қазақ-түрік уни­вер­ситетінің профессоры, фи­ло­ло­гия ғылымдарының докторы Құл­­бек Ергөбек түркі әлемі мен түр­кі зия­лыларының тағдыры мен та­нымына Ташкент шаһарының ти­гізген шарапатты ықпалын терең са­ралап, өрелі ойларын ортаға сал­ды.
Конференция барысында Ха­лық­аралық Түркі академиясы мен Әлішер Науаи атындағы Ташкент өзбек тілі және әдебиеті Мемлекет­тік университеті арасында ынты­мақ­тық жөнінде Меморандумға қол қою рәсімі жасалды.
Түркі әлемінен келген ғалымдар Жібек жолы бойында терең тамыр­лас­тықты тоғыстырып тұрған Таш­кент шаһарында Мұстафа Шоқай, Ах­мет Байтұрсынов, Мағжан Жұ­ма­баев бастаған даналардың ізі сай­­рап жатқанын, тұтастыққа ұйыт­­қы болған осы қалада Абай мен Мағжанның толық шығармалар жи­нағының жарық көргенін, ал бү­гінгі Ташкент басқосуы да бауыр­лас халықтарымыздың рухани тү­леуіне жарқын жол ашатынын
бі­рауыз­дан атап өтті.
***
Сондай-ақ ғылыми делегация Өзбекстан Мемлекеттік өнер му­зейін­де қазақтың ұлы ойшылы, клас­сик ақын Абай Құнанбаевқа ар­нал­ған рухани кешке қатысты. Өз­бекстан Президенті Шавкат Мир­­зиеев наурыз айында Абай жы­лын жариялануына байланысты бауыр­лас елде игілікті шаралар жүйе­лі ұйымдастырылып жатқа­ны­на айқын куә болды. Тағлымды кеш­те Қазақстан Жазушылар ода­ғы­ның Төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәу­лет, С.Сейфуллин атындағы му­зейдің директоры, ақын Несіпбек Ай­тұлы, «Мағжан» көркем-әдеби жур­налының Бас редакторы Жарас­бай Сүлейменовтер Науаи мен Абай, Чулпан мен Абдурауф Фитрат бастаған ұлы тұлғалардың рухани мирасына терең талдаулар жасап, ғұламалар өнегесі бауырлас елдерді жалғастыратын алтын көпір екенін дәйекті дәлелдеді.
Абайдың әсем әндерін шырқап, қа­зақтың халық күйлерін орын­да­ған өзбекстандық дарынды жас өнер­паздардың концерті рухани кеш­ті дүр сілкінтіп серпілтіп жібер­ді. Атап атқанда, Өзбек мемлекеттік театрының актері Хамза Хасанов, Өзбекстан мемлекеттік Жастар теат­­рының актері Малик Валиход­жаевтар ұлы ақынның қара сөздерін өз тілдерінде мәнерлеп оқыды, ал Өзбекстан ұлттық консерватория­сы­ның бір топ жас өрендері Абай ән­дерін тамылжытып орындады.
Кеш соңында Абай Құнанбаев жай­лы өзбек режиссері Гияс Шер­мухам­медов түсірген деректі фильм көр­сетілді. Тағылымды кешке қа­тысу­шылар бірауыздан көне мұра­ның шырақшысы болып отырған Өнер музейінде өткен Абайға ар­налған кештің бауырлас халық­тар­дың достығына үлесі мол екендігіне ерек­ше мән беріп, әріптестік бай­ланыстардың көкжиегі бұдан әрі кеңи беретініне сенім білдірді.

***
Сонымен бірге Халықаралық Түркі академиясының делегациясы Өзбекстан Ұлттық Ғылым акаде­мия­сының президенті, академик Бех­зод Юлдашевпен, Өзбекстан Жазу­шылар одағының бірінші хат­шысы, жазушы Мирзо Мин­хо­жид­дин бастаған қаламгерлермен де кездесу жасады.
Халықаралық Түркі акаде­мия­сының президенті Дархан Қы­дыр­әлі мен Өзбекстан Ұлттық Ғы­лым академиясының президенті, ака­демик Бехзод Юлдашевтар жылы шы­райда өткен сұхбат барысында түр­кі әлемінің ықпалдастығына ғы­лым мен білім, мәдениет пен өнер­дің іргетас болып тұрғанына тоқ­талып, заманауи жүйелі зерт­теулерді қолдауға ықылас танытып, ал­дағы уақыттарда әріптестік бай­ланыстарды нығайтуға мүдделі еке­ндіктерін білдірді. Халықаралық Түр­кі академиясының басшысы ор­тақ тарихты бірлесіп жазу, архео­ло­гиялық біріккен қазба жұмыс­та­рын жүргізу, киелі жерлерге экс­пе­дициялар жасау, архив деректерін бір­лесе зерттеу ұтымды болатыны ту­ралы пікірін білдірді.
Өзбекстан Жазушылар одағы­ның бірінші хатшысы, ақын Мирзо Минхожиддин делегацияны одақ­тың заманауи жаңа ғимаратында қар­сы алып, шын жүректен ыстық ықы­ласын білдірді. Екі елдің қа­лам­герлері бір мезгіл үзіліп қалған бай­ланыстардың соңғы уақыттарда қай­та жаңғырғанына ризашылық біл­діріп, риясыз пікір алмасты. Кез­десуде сөз алған Қазақстан
Рес­пуб­ликасының Өзбекстандағы Тө­тен­ше және Өкілетті Елшісі Ерік Өтем­баев баурлас екі елдің пре­зи­денттерінің бастамасымен соңғы кез­де қарқын алған ықпалдастық­тың түпкі тамырында құнарлы да бай әдебиетіміз мен мәдениетіміз тұр­ғанын, Өзбекстанда Абай жы­лына орай 200-ден астам шаралар жос­­парланғанын, оның тамыз айын­­да тоқсандық есебі бола­ты­нына тоқталып, қаламгерлердің игі­лікті істерге белсенді араласуына, екі елдің ортасында әдеби байла­ныс­тар,өнер кештері, аударма сала­сы, архив деректерін зерттеуге ар­найы жол картасын жасау маңызды екеніне, зерттеушілер мен қаламгер қауымға елшілік ғимаратында ар­найы зертханалық кабинет ашу да пай­далы іс болатынын айтып, қа­ламгер қауымға шалқар шабыт ті­леді.
Қазақстан Жазушылар одағы­ның төрағасы, ақын Ұлықбек Ес­дәулет елімізде Қазақстан жазушы­ла­рының классикалық шы­ғар­ма­ла­ры соңғы кезде БҰҰ тілдеріне ауда­ры­лып, әлемдік деңгейде насихатта­лып, «Рухани жаңғыру» бағдарлама­сы аясында аудармаға терең мән бе­ріліп жатқанына тоқталды. Ол со­нымен бірге екі елдің ақын-жазу­шылар антологиясын өзбек-қазақ ті­лінде шығаруға жоспар жасал­ға­нын, тараптар арнайы жұмыс тобын құру керек екендігін білдірді.
Кездесуде сөз алған ақын
Н.Ай­т­ұлы Науаидың «Ләйлі-Мәжнүн» поэмасын қазақ тіліне аударып аяқ­тауға жақын қалғанын айтса, ақын Мұзаффар Ахмад Абай жыр­ларын тәржімалап жатқанын құ­лағ­дар етті. Халықаралық Түркі ака­де­миясы басшысы бауырлас ха­лық­тарға нәр беретін мұдай игілікті істерді қол­дауға әрдайым әзір екендігін біл­дірді.
Кездесуді түйіндеген Халық­ара­лық Түркі академиясының бас­шы­сы: «ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев­тың «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сай ұлы тұлғаларымызды бірлесіп на­сихаттау, қасиетті жерлерге тағ­зым ету, латын әліпбиінің тәжіри­бе­сін бөлісу, қолжазба мен архив де­ректерін жүйелі зерттеу жобала­рын жасасақ, екі халықтың да мүд­десіне сай келеді. Академия жазып жат­қан «Ортақ түркі тарихы», «Ор­тақ түркі әдебиеті» оқулығына өз­бек ғалымдарының араласқаны маңыз­ды. Өзбекстан академияға мү­ше болатынына сенім білдіремін» деді.
Ұлы Әлішер Науаиға гүлшоғын қою­дан басталған ақ сапар ҚР ел­ші­лігінің әсем ғимаратының ал­дын­да қасқайып тұрған алтын хакім Абайдың алып ескерткішіне ұрпақ­тар тағзымымен аяқталды. Тағлым мен терең мазмұнға толы алқалы жиын­дар, әріптестік кездесулер, ер­кін сұхбаттар алаш зиялыла­ры­ның ізі айпарадай сайрап жатқан Ташкент қаласында нәтижелі өтуі­не көптен бері қауыша алмай са­ғы­нысып қалған бауырластардың ыс­тық жүрегінің лебі қуат, дана ба­ба­лардың сара жолы шуақ бергені анық. Лайым сол құдіретті сезім өш­пей қайта лаулай берсін.
Ақеділ Тойшанұлы,
филология ғылымының кандидаты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір