КӨКЕМНІҢ «ПӘЛСӘПАСЫ»
27.04.2018
1650
0

Көсемәлі Сәттібайұлы


«Я спешу посмеяться над всем,
иначе мне пришлось бы заплакать».
Пьер О.Бомарше.

– Болмайсың деген соң, бол­майсың! Бір үйге бір «оқымысты» да жетеді.
Ашуы терісіне симай, түкірі­гіне шашала бастаған көкемнің леп белгімен аяқталған сөзі өкпе-бауырымды өңешіммен қоса қолқ еткізіп суырып алып, қара талдың қан-жын жұққан бұтағына кірш еткізіп іле салған­дай шыбын жаным шырқырап, мұрнымның ұшына келді. Ал ағашқа ілінген өкпе-бауырды қай қасапшының да мүсірке­мей­тіні бесенеден белгілі, көкемнің мінезі де бал-шекер емес: айт­тым – бітті, кестім – үзілді! «Бол­майсың деген соң, болмай­сың!» деп, арс-арс еткен сайын аузынан ұшқан түкіріктері (мен айтты дей көрмеңіз) Алтайдың аңғарынан ұшқындаған қар­дай­ын бет-аузымды аямай осқы­лайды.
– Егер сенің орныңда болсам бар ма, онда анау ет пен терінің арасындағы желікті сылып тас­тап, әулетіміздің атын шығара­тын дені дұрыс басқа кәсіппен шұғылданған болар ем, білдің бе! Ау, өзің ойлаш-ш-ш, «есектің ар­­тын жусаң да мал тап» деп, құ­дайдың зарын қылғанына өкі­мет­тің, міне, табаны күректей жиырма бес жыл болды, содан бері мүйізі қарағайдай қай ақын, қай жазушы миллиардер демей-ақ қояйын, миллионер болды, а? Ешқайсысы, білдің бе, еш-қай-сы-сы! Сен де солардың қарасын көбейт­пексің бе барып? Жоқ, қарағым, долылардың тірлігін­дей алақан жайып күнелткен­дердің өмірін айтпағың маған! Қайта «ауыл-аймағыңа, бота-тайлағыңа демеуші бол» деп, саған сәлем мен сауын айтатын болсын салмақтап! Жоқ, сөз пұ­шық, болмайсың! Одан да «фин­полға» ма, басқаға ма, әйтеуір, ішім-жемі бар бір мекемеге қыз­мет­ке тұр да, тұмысыңды түзе, кә­сі­біңді аш, қазіргі кездегі құ­лаққа кіретін әңгіме, міне сол…
Әуелі астаналық бір газетке тілші болсам, содан кейін анау шіренгенде табанының астында­ғы қара жер қақ айырылып кете жаздайтын ұзынтұра ақын атам сияқты жан-жағыма қоқилана қарап шыға келсем деп армандап жүрген маған кіжініп отырған көкемнің көкейі басқа. Басқа болғанда, екінің бірінің қолы жете бермейтін шылқамай өмір. Шылқамай өмір болғанда, жүз қаралы қой-ешкісінің қотырын емдеумен есі шығып жүрген ағайы­н­дарыныкі сияқты итшіле­ген тірлік емес, анау аты-жөндері мен байлықтары «Форбс» жур­на­лына жарияланып жататын жуандардың билігі мен бишігі.
– Ақын деп баяғы Абайды, жазушы деп одан кейінгі Әуез-ов, Мұқан-ов, Мүсіреп-овтарды айт. Не ішем, не кием, қайда тұ­рам демей өтті ғой өмірден, шір­кін!..
Көкемнің бақырам деп барлыққан үнінде шындық жоқ дей алман. Бірақ «Форбстайын» журналдағы байлардың тізіміне ілініп жатқан біздікілердің бәрі әдебиеттің жолына емес, сауда-саттықтың соңына түскендер ғой. Көкем де солардың қиыр-шиыр соқпағына көзінің майын тауысып дегендейін көп қара­ғыштайды. Өзінің аузының суы құрығанымен қоймай мені де тамсандырғысы келеді. «Мына заманда қыруар қазына-байлы­ғың болмаса ешкім де емессің» дейді. Рас болса рас шығар, өйткені біз сияқтыларға астам­сып қарап, сырбазсып сөйлейтін әлгі ұзынтұра атамыз ауқат­ты­лар­мен табақтас болып, сүйек-саяғын мүжігеніне мәз.
Ауқат­тылар да ақымақ емес, сү­йек-саяқ үлестіру салтанатын анда-санда болып тұратын сай­лау сияқты бәсекенің тұсында ғана ұйымдастырады.
– Абай мен Әуезовтердің кезі басқа ғой.
– Қазіргі кездің несі жаман екен?
Көкемнің даусы шәңк ете қалды.
– Біздің ақын, жазушылар­дың бәрі тордағы тоты сияқты баяғы кеңес өкіметінің тегін ас-суына жаман үйреніп алған. Мықты болса анау Дорис Лес­синг, Орхан Памук, тағы кім еді… Гарри Поттерді жазған… і-і-ім…
– … Роулинг
– …Иә, сол Роулинг сияқты әлемге әйгілі нәрсе жазбай ма?!. Атақ-даңқтары да шығып жа­тыр, миллиондаған ақшасы да үрім-бұтағына дейін жетіп арты­лады.
Қоянның жымына түскен аңшыдай әлемді шарлаған ой-пікірінің қиыр-шиырынан шыға алмай діңкелеп отырған көкеме осыдан кейін не деп уәж айтуға болады. Дерегі мен дәйегін қат­пар-қатпар миының қай қуысы­нан суырып алатынын қайдам, мына сияқты соттың үкіміндей салмақты сөздерден соң мен пақырға өзім еліктеп-солықтап жүрген ұзынтұра ақын атамды ақтап алу қиынға соғады енді.
Бірақ шыбық боп сынып, уық боп иілуге мойынсұна бер­мейтін «доңыз мінезімнің» (кө­кемнің теңеуі ғой) әп-сәтте атой сап шыға келетіні бар. «Бұл өзі бола алмаған адамның өкпе-ызасы, – дейді әлгі «доңыз» жан дүниемнің қорысқа айнал­ған түкпірінен қорс-қорс етіп, – әйтпесе, өзі де ұлттық универ­си­теттің білдей филология фа­культе­тін бітірген жоқ па? «Жазу­шы болам» деген жансебіл арманның соңында жүріп, кеңес өкіметінің кезінде үйінің қабыр­ғасын дүрия кілеммен емес, том-том кітаптармен толтыр­мады ма? Әйтпесе, жалақы­сының жартысын жеңгем мен іні-қарындастарымның аузынан жырып, соншама кітапты не­мене­ге сатып алады? «Мектептің «отымен кіріп, күлімен шығып» жүріп көркем дүние жазуға қо­лым тимеді» дейді. Желеуінің түрін…».
Көкемнің бозбала кезінде дарыған бір қасиеті бойынан әлі қалмаған: шығармасы елді елең еткізген жазушының кітабын көрсе бітті, жеңгем байғұстың ба­жылдағанына қарамастан са­тып ала береді, сатып ала береді. Жасамыстар қашып құтыла алмайтын «ұмытшақтық» ауруы боз қырау шалған басын айнал­шықтап алғалы бері бұрын сатып алған кітабын тағы сатып алып, санын соғып қалатын кездері де жоқ емес. Жақында, қайдан тапқанын бір құдай білсін, әлгі аты шулы Салман Ахмад Руш­ди­дің томдарын қолтықтап келіпті. Сондықтан әлемдік әдебиеттің алтын сарайындағы өзіне бұйыр­маған босағаны «қызған­ған» көкеме өкпелесем де, кітап­құ­марлығына кінә қоя алман.
­Одан кейін қонақ бөлменің төрінен орын алған Нобель сыйлығының лауреаттары мен жертөлеге «жер аударылған» кеңес өкіметі классиктерінің пайдасын тышқандармен тең бөлісіп жүрген жайым да осы көкемнің арқасы. Түнімен ты­қыр-тықыр етіп жүйкеңді тоз­дыратын тышқандар, әлбетте, кітаптардың мұқабасын кеміріп рахатқа батса, мен мұсылман әлемін у-шу қылған Салман Рушди сынды сайқымазақ не бүлдірді екен деп таң атқанша көз ілмеймін.
– Онда, – деймін мен «бір үйге бір «оқымысты» жетеді» деген байламына байланып қалған көкемнің жоғарақпанда бата берер түрі жоқ екенін бай­қа­ған соң, – анау «Қант зауыт­тағы» Малтүгелге барып қосы­лайын. Өзіңіз білесіз, қазір ол не кием, не ішем демейді. Тақы­мында «Хаммер», басында мил­лион­дардың коттеджі. Әке-шешесі мен ағасы боса болмаса үріп ішіп, шайқап төгіп отыр…
Міне, дәл осы кезде көкемнің қарсы алдынан кенеттен ал­тын­күрек есіп, анау Алтайдың, сонау мұз­дақты шыңындай айқай-ұй­қайға селт етпейтін сазарған беті Самарқанның көк тасындай жібіп сала береді. Назары нәу­різектің сандуғашына еліткендей нәумезденді. Бүгінгінің кейбір жазғыштары ана ауылдан ақын, мына ауылдан әкім, тағы бір ауылдардан батырлар мен байлар көп шығыпты десіп, әр төбенің қадірін әр қырынан танытып, тірәктірдей тырылдате-е-еп жа­зып жатыр емес пе, сол сияқты капитализм деген дәуге тас кене­дей жабыса жүретін рэкетизмнің бір топ «қарлығаштары» да топ-топ болып «Қант зауыт» деп аталатын әлгі кішкентай ауыл­дың қисық көшелеріне келіп ұя салған. Бай-бағыландарды қашанғы қорқытып-үркітіп, тонай берсін, бүгінде жастайы­нан «түйе балуан» атанған жаны­сірі жігіттерге әкім болып та­ғайын­далам десе де, депутат болып сайланам десе де, пәлі, көзі түскен көрікті ғимараттан бастап шаш етектен пайда бе­ре­тін қара жерге дейін жеке­шелен­діріп, сатып аламын десе де жол ашық. «Заманың түлкі болса, тазы болып шал» дегендейін, әлгілер тағдырлары талайға түскенде тілмен түйреп, оймен сүйреп алып шығатын мен сияқ­ты ділмарлармен де келісім-шарт­қа отыруға даяр дегенді де құлағым шалған. Бірақ алпысқа келгенше мектеп пен әкімдіктің (бұрынғы партия комитетін де ұмытпау керек-дүр) арасындағы таптаурын болған табан жолдан қия басып көрмеген көкем менің сандуғаштай сайраған тілім мен саңқылдаған үнімді ондай орта­ның төрі тұрмақ, босағасынан да естігісі келмейді.
– Былай ғой енді…
Әлденеден жасқанғандай көкем «енді» деген сөзден кейін аз-маз үзіліс жасап, күрсініп алады.
– Жалпы мықты жазушылар бізде де жоқ емес, бар… Мысалы, бір Дулаттың өзі ше?!
– Бабатайұлын меңзедіңіз бе, әлде Исабековті айттыңыз ба?
– Арғыда атамның құны бар дейсің бе, бергідегі «Ақырамаш­тан наурызға шейінді» жазған ше?
– «Шейін» емес, «дейін» шығар.
– Ой, сен де ойымды бөле бердің ғой. Айтпағым, «ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс» болып тұрған ағылшын тілділер­дің заманында біздің дүлдүлдері­міздің жазған-сызғандары ауыл­дың «алты ауызынан» аспайды екен. Салман Рушди деген зар­жақ мұсылмандарды мұқатып, христиандарды кекеткен мазақ романдарын ағылшынша жаза­ды екен мәселен, ал «Букер» сый­­лы­ғын беретіндер оған айы­зы қанып, мәз. Ал қайран да қайран жаны қазақ деп шырыл­дай­тын қазақтың тілін түсін­бейді. «Ноу» дейді, білдің бе, «ноу»?!.
Байқаймын, әлемді аузына қаратқан Америка бишікеште­рінің алдында құрдай жорғалаған барша мемлекет пен барша пре­зидент сияқты, соңғы кездері сәнге айналған ағылшын тілінің алымдылығы мен шалымды­лығына көкем де бас иіп, мысы басылып қалған. Әлде Малтү­гелдің «тобы» туралы айтқаным тәубесіне түсірді ме екен? Қыс­қасы, жаңа ғана Хан Кенедей қаһарлы көрінген көкем күш-қуатын әлдекім әп-сәтте сарқып құйып алып кеткендей басы салбырап, төмен қарап қалыпты. Әлгіндегі адуын мінез, дегеніне бағындырмай қоймайтын дерек пен дәйек самаурынның қақпа­ғындағы оймақтай ғана тесіктен шыққан бу сияқты лезде көзден ғайып болған.
Еңсесі түскен адамды айтқа­ныңа көндіріп, айдағаныңа жүр­гізу оңайлау. Бұл тұрғыда қолын­да билігі барлардан көп нәрсе үйренуге болады. Сондықтан бұл мұңайысқа аса бір қайғырмасам керек. Табан астында табылған ұрыс тәсілім тәп-тәуір жүзеге асты.
– Жарайды, жазушы бола алсаң – бол. Бірақ қашан айтты демегін, газет-жорналдың тиын-тебенімен «жарыдым» деп жама­ғатқа жар салған қазақты, міне, жасым пайғамбар жасына кеп қалды, көрсем көзім шықсын. Сондықтан бағанағы ақылымды да есіңнен шығарма. Билікте де, байлықта да алдарына жан сал­майтын анау жөйттің бадырақ көз, бұйра бас балаларынан үйренсеңші.
Көкем қанша жерден білгіш болса да дәл осы тұста ептеп қа­телесті. Өйткені, өзі мақтап отыр­ған жөйттің балалары Букер мен Нобель сыйлығын алуда да алдарына жан салмайтынын ұмытпаса керек еді. Әлде әдейі айтпай отыр ма? Айтпақшы, Салман Рушди қу да солардан болып жүрмесін? Әйтпесе, «Түн жарымында туған балалар» деген қалыңдығы бір қарыс романында Салем деген жүгермегінің ата-тегін Синай деп қоя ма? Сосын намаз оқиын деген ниетпен, жайнамазға маңдайын тигізе беріп жердің бұдырына мұрнын соғып алған арғы атасын келеке-мазақ қылатындай не көрінді сонша?
– Айтпақшы, ұмытып барады екем, оппозицияданбыз дейтін газеттерге жолай көрме, айна­лайын. Сосын кім еді анау… і-і-ім… ұзынтұра атаң бар ғой… өмір жасы ұзақ болсын, аты тарс есім­нен шығып отырғанын қа­раш-ш, сол құсап зарлап жазу да сәннен қалып барады…
Сөйтіп көкемді «бопсалай» отырып алған батамен Алласы бір, айласы бөлек тұрғындардан тұратын алып шаһардағы «менен асқан мықты жоқ» деп мақтана­тын газеттің табалдырығынан аттадым.
***
«Резюме» деген бір жапырақ қағаз бұл елде де сәнге айналған. Бірақ менің «жақсы жақтарым» туралы жазылған қағазға бас редактор мырза әліпбиді жаңа тани бастаған бірінші сыныптың оқушысындай тым ұзақ үңілді.
– Бес тіл білем депсің… тым көп емес пе?
Іші күйіп кетті-ау деймін, қуанудың орнына бас редактор­дың ерні көгеріңкіреп шыға келді.
– Шетелге іссапарға жібер­сеңіз­­дер керек бола ма деп көр­сет­кенім ғой.
«Шетел? Онда не бар?» де­гендей бас редактор бетіме ба­жырая қарады. Пысықай басым түсіне қойдым. Түсіне қойған соң сырықтай серейіп тұра бер­мей, бірдеңе деу керек.
– Шетелдерде төңкеріс, су­нами, зілзала… деген бәлелер көбейіп кетті ғой, соған жұмсай қалсаңыздар дегенім ғой.
– Тәйт, айтқан жерден аулақ, «тіл-аузым тасқа» де.
Бас редакторым жүдә ырым­шыл екен, шошып кетті.
– Тіл-аузым тасқа…
– Сонда қай тілдерді білем дейсің?
Бас редактор резюмеге қайта үңіліп, ежіктей бастады.
– Ор-ыс-ша, мұныңды біз де шала-шарпы білеміз. Ар-аб-ша… бұл неге керек?
Бас редактордың көзінде Дубайға барып, дүние-мүлік әке­ліп жүрген саудагерлердің тілмашы емессің бе дегендей кү­дік пайда болды.
– Бісміл-л-ләһи-р-рахмәни-р-рахім! Насыролла имамымыз «Уә, мұқтарам жамағат, әгәрәки намазымыз қабыл болсын деп шын ықыластарыңызбен ниет қылсаңыздар, онда қасиетті Құрани-кәрим түскен тілді таза меңгерулеріңіз ләзім-дүр» деген соң үйреніп ем.
«Насыролла дегенің «хезбол­ла» ма, «талибан» ба, қай На­сы­рол­ла өзі?» дегендей, бас редак­тор бет-жүзіме енді барлай қа­ра­ды. Қасы мен кірпігі жалын шалғандай мүлде жоқ деуге бо­латын жылан көз прожек­тордың сәулесіндей жарқ етіп әуелі басыма қадалды-дағы, сосын шашымнан төмен қарай сырғи бастады. Шыңғыс хандікінен үлкендеу, Әмір Темірдікінен кішілеу көзден кедергісіз өтті де түріктердікіне келіңкірейтін қоңқақтау мұрнымның астын­дағы тікірейген мұртқа, одан кейін жайын ауыздың астындағы имиген иекке жабысқан бес-алты түп қылтанаққа келіп тоқ­тады. Жанарында «мына бәле хизбут-т-тахрир-бақабис-сала­фит-лаңкес емес пе?» деген қор­қыныш пен үрей бар.
– Біздің мекемеде азан ша­қы­рып, намаз оқуға болмайды. Сосын… жұма күні де жұмыс.
– Білем.
– Ана дін, мына секта деп бө­лінетіндерге есігіміз тарс жабық…
– Білем.
– Оппозицяның да сойылын соқпаймыз.
– Оны да білем.
– Тә-ә-ә-к, жарайды, ары қа­рай кеттік. Қазақша, өзбекше, қырғызша… бұларды неменеге жазғансың?
– Олар да тіл ғой…
– Тә-ә-ә-к, жарайды, Бірік­кен Ұлттар Ұйымы бұларыңды тіл екен деп халықаралық мәр­те­бе бермесе де мойындалық. Мынауың не? Ағ-ғыл-шын… Шы­нымен білесің бе?
– Әрине.
– Міне, адам болатын бала, резюмеңді осыдан бастамайсың ба?!. Әкім кеше ғана «Жақында Нью-Йоркке, одан ары Тель-Авивке барамын, ағылшын тілін білетін журналисің бар ма?» деп сұрап еді, жақсы болды ғой тегі… Тә-ә-әк, жарайды, мінез-құл­қың туралы айтпапсың ғой.
– Ел-жұртпен, оның ішінде, әсіресе, бастықтармен жақсы тіл табыса білем.
«Бастықтармен тіл табыса білем» дегенім «сіз сияқты әкім­қа­ралардың алдынан жүгіріп шы­ғып сәлемдесем» деп естіл­гендей жанына майдай жағып кетті-ау деймін, бас редактор «әй, бүгінгінің жастары-ай, бүй­те берсеңдер көп ұзамай біздің алдымызды орап кетерсіңдер әлі» дегендей, қошуақ кейіппен жымиып қойды.
– Айтпақшы, мұны қай бө­лім­­ге жіберсек екен?
Орынбасары ойланып қалды.
– Әдебиетке бейімім бар дейді.
– Бұларға салсаң бәрі кіләс­сик болғысы келеді. Сонда эко­но­миканың мәселесін кім жаза­ды? Қаржы дағдарысы сендердің роман, повестеріңді неғылсын? Әкім нені жаз дейді, соны жаза­сың, білдің бе?
– Экономфакты да бітіргем.
Тақылдаған бәледен ертерек құтылайын деді ме:
– Жүдә дұрыс болған, ендеше «ұрыста тұрыс жоқ», қазір бар-дағыны сол экономфагіңнің пай­дасын ел-жұртқа да көрсет, – деп, қас пен кірпіктен тұлдыр жанарымен табанымызды жал­ты­ратуы­мызды меңзеді.
Табалдырығы мен төрінің ара­сы атшаптырым бөлмеден шы­ға «үһ» дедім. Демегенде ше? Дағдарыс деген жеті басты жал­ма­уыз жер жаһандағы зауыт, фаб­рика дегендерді әбжыландай жұтып, жүндей түтіп, бітедей жал­мап, шығыс пен батыстағы, батыс пен шығыстағы президент, премьер-министр біткен алақан жайған халқына жүрек жалғай­тын ас-ауқат пен жұмыс тауып бере алмай қиналып жатқан кезде мен жұмысқа қабыл­дан­дым. Бұйыртса ертеңнен бастап аты-жөнім жазылған жаңа­лық­тар мен мақалалар осы шаһар­дағы «біріншімін» деген қазан бас, жалпақ бас, сопақ бастардың алдындағы үтелде жататын бо­ла­ды. Айхой, шіркін, өмір-ай, де­сеңші!..
***
Газетіміз не жазады екен де­ген оймен бөлімдегі газет тігінді­сін ақтара-ақтара толғандыратын да, таңғалдыратын да түк таппа­дым. Хабар-ошардың дені ат мін­гізу, кілем жабу һәм шапан кигізуден тұрады екен. Ара-тұра мәшине мінгендер де көлбең­дейді. Қысқасы, бірінші бет те, екін­ші бет те, үшінші бет те, төр­тінші бет те ат мінген, шапан киген қасқалар мен жайсаңдар шетінен. Қарсы алдыма қас­қа­йып отырған бастығыма қарасам ол да иығына шапан жамылып отыр екен. Столының ортасын­дағы тесіктен аяғына көзім түсіп кетіп еді, астапыралла, балтыры қақсап ауыра ма, әйтеуір аяғын да көнетоз шапанмен орап алып­ты. Бөлім бастығынан тө­мендеу отырған келіншек менің Шыңғыс хандікінен үлкендеу, Әмір Темірдікінен кішілеу көзімнің шапандарға «шатасып» қалған мүшкіл халін байқап мырс етті де, столының тартпа­сынан шыны құты шығарып, салалы саусақтары мен оның әрқайсысындағы жарық қоңыз­дай жалт-жұлт еткен бриллиант жүзіктерін жарнамалай отырып тығынын ашты да ішіндегі сары түсті майдың бір тамшысын мақтаға тамызып, бет-аузын сылап-сипай бастады. Осы кезде бөлмелестері арасында өзіне қатысты қолайсыз көзқарас пайда болғанын сезіп, соны жу­ып-шаймаққа жан-жағына қар­ап, себеп іздей бастаған кезде мұрнына әлгі сары түсті майдың исінен гөрі менің бәтіңкемнен шығып жатқан жағымсыз иіс тап бола кеткен бөлім бастығы:
– Әй, терезені ашып қойшы. Ненің иісі, тұншықтырып жібер­ді ғой жүдә, – деді тыжырынып.
«Әй» дегені, әлбетте, мен ғой, қысылып бәтіңкеме қара­дым. Өйткені осында келерімнің алдында ғана қара басқырға қара май жағып, жылтыратып тұрып шөткілеп алып ем, коо­пера­тив­тер шығарған дүниенің оңғаны бар ма, бөлменің ішін шын мә­нін­де бір жағымсыз иіс жайлап алып, лезде мүңкіп жүре берді. Сөйтіп шығыс пен батыс елдері­нің журналистерінің бәтіңкесі қару-жарақтардың қатарына қосылып, президенттердің ба­сын нысанаға алып жатқанда, менің аяғымдағы бақа бас бәле жұмысыма кіріспей жатып-ақ ұятқа қалдырды.
– Тәк, бала, қазір тартқаннан тар­тып отырып тура «Қант зауыт­қа» барасың. Малтүгел зәулі-і-ім тойхана салыпты. Со­ның ашылу салтанатынан нөмір­ге репортаж беру керек. Әкімнің суретімен жариялаймыз, білдің бе, әкім­нің суретімен! Тәк ышто, мақа­лаңның бір жерінен қате кетіп, қара басып жүрмейік, бала.
Бас редактор «тәк» деп сөй­лей­тін болған соң ба бұл жер­де­гілер­дің бәрі де «тәк, тәк» деп таңдайлары тақылдап тұрады екен. Менің ойым әлі бетіне май жаққыш келіншектің алдында ұятқа қалдырған қара бәтің­кемде. Өйткені, баяғы Буштың басын жанай өткен бәтіңке де, оның иесі де бүгінде елдің аузында жүр. Тіпті, ескерткіш те ор­на­тып­ты. Ал мен болсам қара бә­тің­кеміз екеуміз бар болғаны Мал­түгелден шапан киген мар­қа­сқалардың аты-жөндерін түгендеп, мақала жазбаққа бармақпыз. Бір шапан болса жақ­сы, «Қант зауытты» мақ­тан­шақ туысқандары мекендейтіні рас болса, ол салтанатты рәсім көптеген шен-шекпенділердің иығына жабылатын жүзшақты шапаннан тұруы керек. Мықты болсаң, ал жазып көр енді! Қайран көкем менің, бірдеңені білгеннен кейін шырылдаған екенсің ғой.
Қой, күндердің күнінде мына бөлім бастығы құсап байшы­кештер салдырған тойханалар­дың толғауын тоқсан түрлендіріп сайрайтын тотықұсқа айналмай тұрғанда қарамды батырайын бұл жерден. Сөздің қысқасы, газетте өткен аз-маз өмірімдегі ең жақсы жазған дүнием… «жұ­мыс­тан өз еркіммен шығу» тура­лы өтініш болды. Ал кейде кө­кем­нің «пәлсәпасы» есіме түссе, «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» деген, көкетайымның сө­зін­де де шындық бар-ау» деп, ой­ланып қалам.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір