Айбат көкемнің ауызашары
12.09.2024
807
6

Айбат көкем қалада өскен. Орысша оқыған. Бала күнінен бойына қала тәрбиесі батпандап сіңіп қалған кісі. Олар алғаш біздің ауылға – ата-әжесінің қара шаңырағына көшіп келген жылы өзі де, келіншегі де қазақшаға өте-мөте шорқақ еді.
Бірде азанғы шайын апыл-ғұпыл ішіп, жұмысқа баруға жиналып жатқан Айбат көкеме Нәсір атам тесіле қарап отырып:
– Әй, балам, сен осы, ауызашар дегеннің не екенін білесің бе? – депті.
– Ну да, – дейді қарияның түпкі ойын онша түсіне қоймаған Айбат көкем басын шұлғып. – Бабушка екеуіңіз түнде тұрып шай ішесіздер, талқан жейсіздер.
– О-о, құдауанда!..
Оның жауабына көңілі толмаған Нәсір атам бұдан арғы әңгімеге зауқы соқпайтынын сездіріп, құс жастыққа жантайып жата кетеді.
Осы сәт­те, шалының көке­йіндегісін айт­қызбай-ақ түсінетін Аққағаз әжей әңгімеге араласады.
– Әй, атасы, сен сөйтіп, «құдауанда» деп, қисайып жата бересің бе?.. Одан да мына Айбатжанға ойыңдағыны ашып айтып, тәптіштеп түсіндірмейсің бе! Кішкентайынан қалада өскен бала, бұ жақтың жөн-жосығын қайдан білсін.
– Өй-и, ендеше, өзің үйрет!
Таң ата қисайса, күн батқанша түзеле қоймайтын Нәсір атам қолын бір сілтеп, көзін тарс жұмып, мен енді ештеңе естімеймін де, білмеймін де дегендей кейіп танытады.
Қырсық шалын оқты көзімен бір атып, ернін сылп еткізген Аққағаз әжей Айбат көкеме бұдан былайғы істің мән-жайын өзі түсіндіреді.
– Айбатжан, айно-о-олайын, ауыз­ашар деген – атаң екеуміздің түн ортасында тұрып шай ішіп, ағаш тостаққа талқан шылап жеуіміз ғана емес. Ол – сонау ата-бабадан бермен қарай келе жатқан салт. Мына шал сол әңгімені жап-жақсы бастап келе жат­ты да, көтерем түйе секілді көзін жұмып жата кет­ті ғой. Ал, енді, шынтуайтына келсек, атаң екеуміз түнде ақылдасып, осы ауылдағы ауыз бекіткен кісілерді шақырып, ауыз­ашар беріп жіберсек пе деп ек.
– А-а, вот оно, что! – Айбат көкем ата-әжесінің бүгінгі жұмбағын енді түсінгендей, аспанға қарап мұрнын бір шүйіріп алды да, басын изеп-изеп қойды. – Давай, өткіземіз!
– О-о, айналайын, «дабай» деген баласынан сол! Сенің өстіп айтатыныңды атаң екеуміз түнде-ақ біліп, біраз күліп алғанбыз. Әй, шал, естідің бе?! Айбатжан «дабай» деп тұр!
Нәсір атам кемпірінің саңқ ете қалған даусынан селк етіп, көзін ашып алды.

* * *

Айбат көкем – жас та болса, ауылдағы ең беделді бас мамандардың бірі. Оған бірден-бір себеп, әрине, орысшаға жүйріктігі. О заманда, бәлкім, білетін шығарсыздар, бәлкім, білмейтін де боларсыздар, ауылдан ұзап, жоғарыға қарай ағылатын хат-құжат­тардың бәрі де орыс тілінде жазылушы еді ғой.
Сондықтан да, Айбат көкемнің ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс болатын. Кеңшар директорынан бастап, қатардағы қойшы, тракторшыларға де­йін төбесіне көтере сыйлап, сонадайдан жүгіріп кеп сәлем беріп, кейбіреулері тіпті басын иіп, қолын сүйіп жататын.
Айбат көкем айт­ты ма, біт­ті. Бухгалтерияда істейтін екі келіншек қолдарына екі-екіден сөмке ұстап, сол күні-ақ түскі пойызбен қалаға кет­ті. Ауызашарға соятын қой да тез табылды. Алдыңғы жылы баласы оқуға түсерде, кеңшардан алған жолдамасын тап-тұйнақтай етіп рет­теп берген Айбат көкеме қалай алғыс айтарын білмей жүрген бесінші бөлімшенің бір қойшысы кетпен құйрық қисары қойының біреуін атына өңгеріп әкеп, өзі қораға кіргізіп, өз қолымен байлап беріп кет­ті. Оны айтасыз, Нәсір атамның: «Мынау, шырағым, қойдың ақысы», – деп ұсынған ақшасын да алмай: «Тап осындай оқымысты бала өсіргендеріңіз үшін сіздерге мың да бір алғыс!» – деп, басын қайта-қайта июмен болды.

* * *

Шілденің күні тандырдай қызарып, ұясына қонуға бет алған шақта, қонақтардың алды келе бастады.
Ол кез­де біздің ауылдағы ең қолжетімді әрі арзан көлік есек еді. Сондықтан да әр үйдің қорасының маңында қойдың, сиырдың науасынан қалған кәшекті күрт-күрт шайнап бір-екі ұзын құлақ хайуан жүретін. Әсіресе шал-кемпірлері бар үйлерде, ол міндет­ті түрде болуға тиіс еді.
Міне, сол есектеріне мініп, бірінен соң бірі келіп, бас жібін Айбат көкемнің үйінің шарбағына іліп, ішке еніп жатқан қонақтардың қарасы көп-ақ. Әрі-беріден соң әлгі шақырған үйдің шарбағынан орын таба алмай қалғандар көрші үйлердің шарбағына апарып байлап жат­ты.
Бұның өзі, сырт­тай қарағанда, бүгін мұнда ауызашар емес, есек мінген бүтіндей бір дивизияның салтанат­ты жиыны өте­йін деп жатқандай әсер қалдырғаны рас.
Әне-міне дегенше үйге кіріп, жайғасып отырып, алдарындағы дастарқанға қойылған өрік, мейіз, құрма, жаңғақ секілді тәт­ті-дәмділерге қарап сілекейі шұбыра бастаған жұрт ауыз ашатын уақыт­ты әрең болдырып, «әуп бісмілла» деп, қол соза бастаған.
Біраздан соң кәдімгі әжік-күжік әңгіменің тиегі ағытылды. Биылғы малдың қоңы, Сарыағаштағы Шора базардың бағасы, ке­йінгі кез­де ұры-қарының көбейіп кеткені сөз болып, шалдар жағы басын шайқап, елдің пейілі жылдан-жылға тарылып бара жатқанына қынжылып, ендігі тіршіліктің бет­алысынан мүлде түңіле жаздағандай күйге жеткен шақта, төрде отырған жас имам орнынан қозғалақтап, бір-екі жөткірініп алып, жиналған жұрт қарсы болмаса, барлығы бір кісідей сапқа тұрып, тарауих намазын оқып алғандары дұрыс болатынын айт­ты. Оған көпшілік:
– Оу, намазға кім қарсы болушы ед?!
– Астапыралла… Ананы-мынаны айтып, біз де отырып қаппыз ғой.
– Ауызға ерік берсек, осы енді, айдалаға лағып кетеміз, – десіп, бір-біріне қарап, кім бата жасайды дегендей тосылып қалды.
Төрде отырған шымшықтай ғана сары шал, Нәсір атамның құрдасы Қаби қария жас имамның көзі өзіне қадалып отырғанын аңдап, екі қолын көкке қарап жайды да:
– Е-е, Құдайым, үзбей бер,
Үзбей берсең, күздей бер.
Күздей берсең, қыстай бер,
Қыстай берсең, жаздай бер, – деп тақпақтап барып тоқтады.
Батадан соң шалдар сыртқа шығып, есік алдында өздерін күтіп тізіліп тұрған құмандардың бір-біреуін қолдарына ұстап, қараңғылау жерге барып дәрет алуға қамдана бастады. Әр үйден әкелінген әр түрлі құмандардың көзге көрнектілеу біреуін таңдап алып жатқан Шалдамбай қария қызмет жасап жүрген балаларға қарап:
– Жылы су құйып па едіңдер-ей?! – деп дауыс көтеріп қойды.
– Иә, ата!
Асхана жақта қамыр жайып жатқан аузы жеңіл Қалампыр жеңгей қасындағы келіншектерге қарап:
– Япыр-ау, шілденің күні онсыз да қайнап тұр емес пе? – деп мырс ете қалып еді, қасындағы келіншектер төмен қарап, аузын басып жымиып қалды. Оны естіген әлгі бала:
– Бәрібір атама жылы су керек, – деп қызарақтады.
Бірақ оған тоқтай қоятын Қалампыр жеңгей ме.
– Байқа, атаңның екі жұмыртқасы пісіп қалып жүрмесін, – деп асхана жақтағыларды ду күлдірді.
Ал қараңғыда кімнің не айтып жатқанымен ісі жоқ шалдар дәрет алып болған соң, үлкен үйге кіріп, сап түзеп тарауих намазын оқуға кірісті.
Бәрінің алдына шығып, жас имам:
– Аллаһу акбар, Аллаһу акбар, – деп азан шақыра бастаған кез­де, кенет… ой, сұмдық-ай, ашық тұрған терезеден имамның даусын естіген есектердің бірі аңқылдап ақырып қоя бермесі бар ма. Ол аз дегендей, іле-шала және біреуі қосылып, одан ары қарай бәрі қоштап, күтпеген жерден есектер ансамблінің хоры басталып кеткендей, бұрын-соңды болмаған бір оқыс оқиға орын алды.
Тап мұндай масқараны күтпеген шалдар сасқалақтап, бір-біріне қарап, не күлерін, не жыларын білмей, тосылып қалды. Имамның даусы шорт үзілді.
Осы кез­де «енді не істейміз»? дегендей, есіктен басын қылтитқан Айбат көкеме қарап:
– Өшіріңдер анау мақұлықтардың даусын! – деп зекірді Нәсір атам.
– Ну, да… но, как?.. – деп, сасқалақтады Айбат көкем.
– Жем сарайдағы атқа беретін арпа-бидайдан көсіп-көсіп алып, алдарына апарып төгіңдер!
Атамның бұйрығын естіген бойда Айбат көкем далаға атып шықты. Есік алдында есектерге қарап аң-таң болып тұрған балаларға:
– Әй, сарайды ашыңдар, – деп айқай салды. – Арпа-бидай беріңдер есектерге!
Сол-ақ екен, қорадағы жем сақтайтын сарайдың есігі сарт етіп ашылып, іштегі арпа-бидай шелек-шелек боп есектерге қарай ағыла бастады. Аяқ астынан мұндай аста-төк тоқшылыққа кенелеміз деп ойламаған ұзын құлақ хайуандар аспанға қарап тағы бір ақырып алды да, алдарына кеп төгіліп жатқан арпа-бидайға бас салды.
Осы сәт­те, олардың үні сап басыла қалғанына таңғалған бір шал:
– Ойпыр-ай, адам баласынан айла артылмайды-ау, ә! – деп басын шайқады.
– Е-е, құдауанда, алған-бергенге алданбайтын тірі жан бар ма, – деді Қаби қария сақалын сипап.

* * *

Әлгіндегідей әдет­тен тыс жайт­тан соң тарауих намазын оқыған кісілердің ойы да тарам-тарам болды-ау дейім, әлдебіреулер жаңылып қап, қайта бастап, кеш отырып, ерте тұрып жатқандай көрінді.
Есесіне намаздан ке­йін еріктен тыс қозғалып кеткен есектер туралы әңгіме аққан судай жөңкіле жөнелді.
– О, тоба, осы хайуандарда ес-ақыл деген болсайшы, – деді Құрақ шал ыстық шайдан бір ұрт­тап алып. – Әнеу­гүні Бойтекеңді көк есегі аяқ астынан жазым ете жаздапты.
– Не дейт?!
– Шет жағасын біз де естідік, бір Құдай сақтаған екен. Байқамаса, қиын ғой…
– Уай, не боп қапты?
– Е-е, әлгі Бойтанды білесіз ғой.
– Ой, білмегенде!.. Өзі тұрмақ, көк есегін де жақсы танимыз. Су жорға ғой!
– Ендеше сол су жорға есегімен Бойтекең поштаға қарай асығып бара жатпай ма.
– Шамасы, пенсия берілетін күн ғой?!
– Иә-ә… Анау орталық көшеге жақында ғана әспәлт төселгенін жақсы білесіздер.
– Ал-л…
– Сол әспәлт­тің үстімен тұяғы сыртылдап желіп бара жатқан көк есек ойламаған жерден алдыңғы екі аяғын бүгіп, жата кетпей ме.
– Оп-па!..
– Сода-а-ан… қаннен қаперсіз отырған Бойтекең қаңбақтай домалап, төмендегі мектептің алдына жеткенде бір-ақ тоқтапты. О тоба… Тоқтапты деймін-ау, ес-түсін білмей сұлап жатыпты.
– Астапыралла, «есектен құлаған ат­тан құлағаннан да жаман болады» деуші еді.
– Айтпа, бет-аузы дәп-дәлә боп, оңбай қапты. Тағы да әлгі, мектептің сыртын ақтап, сылап жатқан қатындар көріп қап, көптеп-көмектесіп, бәлніске жеткізген ғой.
– Әй, мен оны Сарыағашқа әкет­ті деп естіп ем!
– Иә, жаңағыдай жағдайдан соң, үлкен қызы келіп, қалаға апарып емдетеміз деген…
– Ке­йінгі уақта осы есек біткен құтыра бастады ма дейім. Басқасы басқа, жаңағы тарауих намазын оқитын кез­де ақырғандарын айтам-ау.
– Дұрыс, есек тұрмақ, ел де бүлініп бара жатыр.
– Е-е, Қабеке, бәрінің де есебі бар да…
– О қандай есеп?
– Мәселенки, жаңағы көк есектің өзін алайық, ол жайдан-жай жата кеткен жоқ қой.
– Иә, сонымен, не айтпақсың?
– Көк есектің алдында ғана әлгі жолмен бір мәші ешек жүріп өткен және жай ғана өтпеген, әспәлт­тің үстіне көлкілдетіп сарып кеткен…
– Өй, нәлеті…
– Көк есекті білеміз ғой, ұрғашы есек дәрет сындырған жерді бір иіскемей өтпейді. Көлкіп жатқанын көрген соң жата қалып, мейірі қанғанша нете­йін деген де…
– Ә-ә, иә!..
– Оны Бойтекеңнің өзі де жақсы біледі. Бірақ пенсиясын алуға асығып, тезірек жетсем деп келе жатқан жоқ па! Әйтпесе әспәлтқа сіңбей, жайылып кеткен нәжісті айналып өтер еді-ау.
– Өй, Бойтекеңнің өзінен де бар екен! Қу дүние… қашан қолға тигенше дегбірің қалмайды, ал қолға тиген соң, қайда кеткенін білмейсің…
Әңгіменің осы бір тұсына келгенде ауылдағы шалдардың санатына биыл ғана қосылған қасқа бас, іркілдеген семіз денелі Әбдәкім манадан бері үнсіз отырған имамға қарап:
– Жалпы, осы ұзын құлақ хайуандар көздеріне шайтан көрінгенде ақырады деген рас па? – деп қалды.
Тосыннан қойылған бұл сұрақ бірі күліп, бірі есінеп, бірі тісін шұқып бүгінгі тоқшылыққа риза болып отырған жұрт­ты бір сілкінтіп өт­ті. Жамбастап жатқандар аяғын жиып, жеміс жеп отырғандар аузын тыйып, бәрі жас имамға қарап, бұрын-соңды естімеген жаңалық күткендей аңтарыла қалды.
Жас имам болса, «әй, осы сұрақты бекер қойдыңыз-ау» дегендей ақырын ғана басын шайқап, бір-екі жөткірініп алды да, неге екені белгісіз, терезе жаққа қарады. Көпшілік те енді «жаңағы есектердің көзіне көрінген қара шайтан бізді аңдып, сырт­тан сығалап тұрған жоқ па» дегендей үрейленіп, жүзін солай қарай бұрды. Кейбіреулерінің тіпті төбе құйқасы шымырлап, жон арқасынан құмырсқа жорғалап өткендей болды.
Жас имам терезеден көзін тайдырып, үй ішіндегілерді жағалай түгел шолып:
– Е-е… Алла тағаланың кереметі көп қой, – деп, өз ойын өзі мақұлдағандай басын шұлғып қоя салды. Одан артық ештеңе айтпады.
Қап, біз күткен әңгімені іркіп қалды-ау дегендей көпшілік іштей өкініп, терең тыныс алды.
Тап осы сәт­те, есік жақта отырған Айбат көкем күтпеген жерден ши шығарып:
– Ничего подобного, – деді тап-таза орыс тілінде. – Аш болса, не только ослы, но и народ тоже начинает бунтовать!
Шалақазақ Айбат көкемнің бұл сөзі үйдегі шалдарды шайтаннан бетер шошыт­ты. «Ол тек есектердің ғана көзіне көрініп жүр ме десек, өз ішімізге де еніп кеткен бе?» дегендей бәрі оған тіксіне қарады.
– Әй, мына бала не дейт? – деді құлағының мүкісі бар Құрақ шал қасындағыларға бұрылып, бір шөкім сақалын селтең еткізіп.
Оң жағындағы біреу оның құлағына аузын тақап:
– Қарны ашса, есек түгілі ел де шулайды деп отыр! – деді дауыстап.
– Е-е, жөн екен!..
Бірақ Құрақ шалдың бұл сөзін ешкім қоштай қоймады. Кім білсін, сол кез­дегі ел саясатынан қорықты ма, әлде мұндай әңгімеге есектердің қылығын араластырмай-ақ қою керек еді деді ме, әйтеуір, көпшілік үн қатпады. Соған ыза болғандай Айбат көкем:
– Вы же видели… Как мы их накормили, они тут же успокоились, – деп кеңірдегін созып, екпіндеп келе жатыр еді, Нәсір атам оны ала көзімен атып:
– Тәйт! – деп тыйып тастады.
Сонымен, сөз тамам болды. Аздан соң шалдар бата жасап, «әуп» деп орындарынан тұра бастады.
Шілде айының жұп-жұмсақ самалы майлы асқа тойып шыққан жұрт­тың бетінен өбіп, тәп-тәт­ті ұйқыға шақырғандай мейірленіп тұр екен. Шалдар рақат­танып бір-бір есінеп алып, есектеріне қарай бет­теді…
Түн тыныштығына ұйып, тым-тырыс жатқан ауылдың орталық көшесіне таяуда ғана төселген әспәлт жолға тиген тұяқ дыбыстары тықылдап көпке де­йін естіліп тұрды. Бүгін арпа-бидайға мелдектеп тойған есектердің аяқ алысы күндегіге қарағанда, ерекше қуат­ты сияқты көрінді.

 

Нұрғали ОРАЗ

ПІКІРЛЕР6
Аноним 14.09.2024 | 10:33

Сәбетски стиль оқиға жоқ сып-сида сақал-мұртсыз, шашы-қасы жоқ әңгіме деп атағанмен ол деңгейге жетпей қалған, мақала деп сәл стилін өзгертіп берсе болар еді.

Аноним 16.09.2024 | 14:51

Әдемі әңгіме.
Осындай жеңіл юмор түрік жазушыларында жиі кездеседі.
Осындай әңгімелердің бір тобын түрік тілінде шығарған жөн.

Аноним 16.09.2024 | 14:52

Тартымды, жып-жылы әңгіме екен. Н.Ораз — есім-сйыо қалыптасқан қаламгер ғой. Жазары көп болсын.

Аноним 18.09.2024 | 14:49

Кеш жарық, біздің достар! Мен бүгін Сарыағаштан өтіп кеткен жастық дәуренге біршама уақыт саяхат жасап келдім. Әр жылдарда, егер жаңылыспасам, осымен төртінші рет болуым. Қайран, оңтүстіктің көңілі жаздай ыстық, қарапайым бауырмал жандары-ай! Сол бәз-баяғы қалпы. Тіпті ат-көлігіміз аялдаған Шымкенттің «Бекжан» базары шайханасындағы ала тақиялы әкалардың өзі «көке» деп қазақша тіл қатып, ілтипат білдіргенде ерекше бір риза сезімге бөленеді екенсің. Құдды бір Нұрғалидың осы қыркүйек айының 6-шы жұлдызында «Қазақ Әдебиеті» газетінде жарияланған «Айбат көкемнің ауызашары» әңгімесіндегі ауыл мінезді ізетшіл кейіпкерлердей. Классикалық әңгіме!

Аноним 23.09.2024 | 22:39

«Айбат көкемнің ауызашары» керемет. Бала кезге бір саяхат жасап қайттым. Шал мен Кемпірдің жалғыз баласы едім. Ауылдың. 40-тан астам қариясы ауызашарға есек мініп келуші еді. Оларды күтіп алып, есектерін шарбаққа байлау, кетерінде әрқайсысын аттандырып шығарып салу, қолдарына су құю, дәрет суын әзірлеу т. б. шаруаларды атқарушы едік. Әсіресе, бастың құлағын, қариялардың ұсынған сарқытын күтіп отырушы едік…

Аноним 03.10.2024 | 22:24

Сізге жараспайтындай әңгіме сияқты
Анайылау сөйлемдерді жақсы көре ме бүгінгі оқырман…білмейм, мен ұялып кеттім…🤔

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір