СЫРНАЙ САЗЫ
Таяуда Алматыдағы «Елтаным» баспасынан «Қазақстанда баян аспабының таралуы және орындаушылық тарихы» атты ғылыми- зерттеу кітап жарыққа шықты.
Кітапты дайындаған авторлар: Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының доценті, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» (2015) Смақова Зәуре Нығметқызы, Нұрмұхан Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының директоры, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Дүйсенғалиев Ғаділ Зайденұлы, «Дина Нұрпейісова атындағы Халықтық музыка академиясы» Атырау музыка колледжінің оқытушысы, баян пән бірлестігінің төрағасы, Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері Камалиденов Ерболат Әнесұлы, Өнертану ғылымының кандидаты, профессор, ХАА академигі, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің «Орындаушылық өнер» кафедрасының меңгерушісі, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» (2016), Мерғалиев Данияр Мерғалиұлы.
XIX ғасырдың аяғында Жаяу Мұса, Майра, Шашубай, Естай, Тайжан, Нартай сынды өнер саңлақтарын шабыттандырған гармон аспабының уақыт өте келе баян аспабына айналып, сырнай деп аталуы туралы сыр шертілетін кітап жайлы музыка мамандары төмендегіше пікір білдіреді:
Оңдасын Абдуллаев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, доцент:
– Бұрын-соңды мұндай кітап Қазақстанда шыққан жоқ. Мен алыс-жақын шетелдерде шығып жатқан өнертанушылардың ғылыми еңбектерімен бұрыннан таныспын. Ал енді мына кітапта тіпті белгілі баян орындаушылары туралы ғана емес, аталмыш гармоникалық аспаптарды дүниеге әкелген шеберлер жайлы да қызықты мәліметтер берілген екен. Менің ойымша жоғары музыкалық оқу орындарында оқып жатқан ізденуші шәкірттерге бұл кітап таптырмайтын құрал болғандықтан, бұл еңбекті оқулық деп қабылдауға да болады.
Анатолий Гайсин, ҚР Еңбек сіңірген артисі, профессор:
– Баян, аккордеон аспаптары әлемдік аспапқа айналып, қазақ елінде де кең қолданысқа ие болып, үнінің жағымдылығы мен саздылығына байланысты «сырнай» деп аталуының өзі бір заңдылық деуге болады. Ендеше мен осындай үлкен құнды еңбекті жарыққа шығарған авторлар қауымын шын жүректен құттықтаймын!
Шырын САРЫМБЕТОВА.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.