«ДЕМОН»: Ізгілік пен әділетсіздік күресі
13.04.2018
1834
0

«Мир движется вперед благодаря тем, кто страдает».
Лев Толстой.


Нұрлайым БАТЫР


Шыр етіп дүние табалдырығын аттағаннан бастап қос жанарыңа сыйып тұрған шексіз әлемді біртіндеп тани бастайсың. Жер бетінде қанша адам болса, сонша талғам бар. Демек, талғамына қарай олардың танымы да өзінше. Өйткені әркім көзі жеткен дүниесінің мазмұнын өз биігінде екшейді. Қашанда ақиқаттың түбі бір болғаны­мен оған жетудің жолы жалғыз ба?.. Үлкендер дүниелік нәрселердің шегін қанағатпен өлшепті. Өмірлік азықтан гөрі анағұрлым ауқымдырақ мәнін аңғарған халық түсінігінде білімнің шегі тұңғиық: оны теңізге теңейтіні де содан шығар. Егер Құдай көкірек көзіңе нұр бермесе түнекте жатып ілімді кімнен сұрап, қайдан іздерсің.

***
Баянсыз дүние есігін алғаш ашқаннан соңғы адамзат тіршілігіндегі ендігі міндет – іздену. Ақылды қозғап, әлемді танып білмектік пен жанға маза таптырмайтын ынтызарлық та сен тануға тырысқан жұмбақ дүниенің құпия­сын ұқпаққа жетелейді. «Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықпен орны болмайды», – депті хакім Абай жетінші қара сөзінде. Ен­де­ше қалай, қайтіп және нені іздеу керек? «Білу» мен «білем демектіктің» айырмасы жер мен көктей екенін уақыт-таразы дәлелдеп қойғаны қашан. Адамға жаратылысынан бері тән тағы бір қасиет – мазасыздық көрінеді. Әйтсе де рухани тынысыңды кеңейте түсер ішкі қажет­тілік қайткенде толық өтелерін кім біліпті?..

***
Әдебиеттегі зұлымдық пен ізгілік күресі классикалық туындыларда көбіне-көп мифтік образдармен сипатталады. Бұл құбылыс әсіресе батыс әдебиетінде көрініс тапқан. Зұлымдық пен ізгілік күресі жалпылама айтылғанмен оның негізгі сипаты – әр адамның танымдық тұрғыдағы ішкі арпалысы. Лермонтовтың «Демон» поэмасындағы кейіпкерлер күресінен күлліадамзатқа ортақ мінездер қақтығысын көресің. Бұл күрес екеуара тартыстан гөрі же­ке­леген кейіпкерлердің ішкі айқасына көбірек ұқсайды.
Орыстың классик ақыны бүкіл шығарма­шылық ғұмырында осы туындыға қайта-қайта оралып отырыпты. Он жылдан аса жазылған еңбектің сегіз редакциясы бар екен: жетінші және сегізінші – соңғы нұсқаларының қолтаң­басы сақталмапты. Туындының кейінгі нұс­қала­рының сюжеті Демонның Тамараға ғашық болуымен өрбиді. Бұл поэманың алғашқы мазмұнынан біршама өзгеше. Зерттеушілер бай­рон­дық негізде жазылған алғашқы реда­к­ция­ның көркемдік қуаты әлсіз әрі сенімсіздеу екенін айтады. Ақын кейінгі нұсқаларында романтикалық пейзаждар арқылы шығарманың көркемдік бояуын қанық ете түскен. Алғашында діни қызметкер қызға ғашық болып, қыз да оны ұната бастағанда оның жанындағы Ангелды көрген Демон қызғаныштан сүйгенін құрбан етеді. Содан соң қыздың рухы тозаққа барғанда қайғыдан егіліп отырған Ангелге Демон мыс­қыл күлкімен қарап тұрады. Ал соңғы нұсқа­сында сүйіктісінің рухына таласқан Демон Ангелден жеңілгенімен оның образы әуелгі поэтикалық құдыретін әсте жоғалтпаған.
Демонға тән қасиеттер, әу-бастан, қызға­ныш пен зұлымдық. Әйтсе де Лермонтов оны сипаттағанда:
«…Ничтожной властвуя землей,
Он сеял зло без наслажденья.
Нигде искусству своему
Он не встречал сопротивления –
И зло наскучило ему…», –
дейді.
Жер бетіндегі шексіз әрі баянсыз билігінен жалыға бастаған Демонның Тамараны алғаш көрген сәттегі толғанысын ақын:
«…И Демон видел… На мгновенье
Неизъяснимое волненье…
И вновь постигнул он святыню
Любви, добра и красоты!…», –
деп жеткізеді.
Поэманың күрделі әрі қайшылықты болу себебі Демон образына байланысты. Бүкіл оқиға Демонның төңірегінде өрбиді. Лермонтов Демонды құдыретті зұлым күш етіп бейнелесе де шығармада оның қуғындалған әрі мәңгі жалғыздыққа жегілген мұңлық ретіндегі әсері басым. Ақын күллі жақсылықтардан құр қалған Демонның жаны сұлулықты, тазалықты сезін­генде өзінің бұрынғы тірлігін мансұқтағанын баяндайды. Ешкімнің алдында илікпейтін ол дәл осы кезде тәкаппар болмысынан біржола бас тартуға даяр еді. Екеуара диалогта Тамара Демонға:
«…Клянися мне… от злых стяжаний
Отречься ныне дай обет…», –
дейді. Сонда Демонның:
«…Клянусь блаженством и страданьем,
Клянусь любовию моей:
Я отрекся от старой мести,
Я отрекся от гордых дум;
…Хочу я с небом примириться,
Хочу любить, хочу молиться,
Хочу я веровать добру…», –
дейтін жері бар. Бірақ ол уәдесін Тамара өзін жақсы көргеннен соң ғана орындауы мүмкін.
Поэманың өне-бойы қайшылықтарға толы. Тұла бойын тәкаппарлық пен қызғаныш билеген Демонға Лермонтов адамға тән қасиет бере­ді: ол – қайғы. Ақын кейіпкерлердің еш­қайсы­сының әрекетін «дұрыс» не «бұрыс» деп қорытынды шығармайды.
Шығармадағы Демон – метафизикалық образ. Сондықтан поэмада діни ескі аңыздық ұғыммен қатар оның материялық сипаты да айқын. Лермонтов поэманың кейінгі нұсқала­рын­да Демонға қанат бітіріп, оны самғатады. Дамылсыз дүниені шарлап жүрген Демонның мәңгілік жалғыздығын осылай суреттейді.
Поэмаға Ангелды емес Демонды бас кейіп­кер қылып алған әрі оған көркемдік басымдық берген Лермонтовтың туындының алғашқы жолын: «Печальный Демон…» деп бастауы да шығармаға бойламай жатып оқырман көңіліне сұрақ ұялатады. Өйткені діни түсініктегі демонға мұндай сезім мүлде жат. Ал туындыдағы Демонның сипаты басқашалау.
Шығарма кейіпкерлерінің нақты бір про­то­тип­тері болмағанымен көптеген зерттеушілер бас кейіпкер болмысы ақынның өз мінезіне жақын екендігін алға тартады. Бірде жазушы Вла­ди­мир Одоевский бас кейіпкер кімнен алын­ға­нына қазығушылық танытқанда Лер­мон­тов: «С самого себя, князь, неужели вы не уз­нали?», – депті. Бұл сөзде ирония басым болғанымен ақын өзінің ішкі сұрақтары мен негізгі ойларын дәл осы Демонға қиған. Демон арқылы дүниеге деген көзқарасын анық білдірген. Оның: «Я не для ангелов и рая…», – деген өлең жолы ақын мен бас кейіпкері екеуі­нің арасындағы беймәлім жақындықты меңзейді.
Лермонтов шығармасында дүниенің әу-бастан жаратылғаннан мінсіз еместігін ашық болмаса да астармен жеткізеді. Романтикалық желі арқылы өзінің философиялық танымын­дағы ішкі қарама-қайшылықтарды баяндайды. Туындыда ғашықтық сарын екінші орынға ысырылып, әрі қарай өмірдің реалды астарына сүңгіп кетесің. Поэманың романтизм бағытында жазылу себебі ақынның қалыптасқан қағида­ларды батылырақ сынауына жол ашса керек.
Лермонтовтың «Демонға» баруына ағыл­шын ақыны Байронның әсер еткені байқалады. Әдебиеттанушы ғалым Вадим Вацуро: «Байрон – один из его ориентиров; юноша читает жиз­неописание английского поэта, отмечая этапы его духовного развития и соотнося их со своими собственными, фиксируя совпадения характе­ро­ло­гических черт, привычек, случайных жиз­не­нных эпизодов; он то сознательно, то под­соз­на­тельно даже строит свой жизненный и поэтический путь по байроновскому образцу», – депті. Және жай ғана еліктеушіліктен гөрі Лермонтовтың рухани әлемі Байрон мен оның кейіпкерлері әлімімен үйлесетінін айтады. Байрон библиялық негізде жазған «Каин» шығармасында Люцифер образы арқылы әді­лет­сіз әлем туралы көзқарасын білдірген. Каин:
«…Я жажду душой добра!», – дегенде Люцифердің:
«…А кто его не жаждет?
Кто любит зло? Никто, ничто…», – дейтін тұсы бар. Ол зұлымдықты өзі қалағаннан емес, солай жасауға міндетті болғандықтан ғана істейтінін алға тартады. Әлемнің заңдылығы – әркім өзіне жүктелгенді орындаушы ғана деп түсіндіреді. Люцифер де Гетенің «Фаустындағы» Мефистофель секілді көңілге күмән ұялатушы кейіпкер. Мильтонның «Потерянный рай» шығармасында да бас кейіпкер әлемдік тәртіпті ашық сынайды. Бірақ образ бір болғанымен Лермонтовта кейіптеу мен сюжеттік байланыс­тар мүлде басқа. Ақын әлемдік әділетсіздікті сынай отырып, соңында Тамараның таңдауы арқылы ізгіліктің жеңіп шығатынын меңзейді.
Шығармадағы Тамара образының көркем­дік қуаты бас кейіпкер Демоннан бірде-бір кем емес. Ақын Тамара образын:
«…И были все ее движенья
Так стройны, полны выраженья,
Так полны милой простоты,
Что если б Демон, пролетая,
В то время на нее взглянул,
То, прежних братий вспоминая,
Он отвернулся б – и вздохнул…», –
деп суреттейді.
Лермонтов Демон образымен шексіздікті дәріптесе, оның да баянсыз екенін Тамара арқылы түсіндіреді. Демон образы Құдайдан кейінгі құдырет ретінде суреттелгенімен оның сипаты адамға жақын. Адам үшін ең қасіретті жаза – жалғыздық болса, Демонға да – ол ортақ.
Қайшылықтарға толы туындының көркем­дік қуаты орасан. Ақын Кавказ тауларын ерекше шабытпен суреттеген. «Демонды» жазу барысында Лермонтовқа Кавказ өңірі қатты әсер еткені байқалады. Поэманың алғашқы нұсқасындағы діни қызметкер қыздың орнына ақын кейін осы өңірдегі Гудал патшаның қызы Тамара образын алуы да содан болса керек. Оқиғаның бүкіл желісі Кавказ тауларында өрбиді.
«Демонды» оқыған Белинский: «…мысль этой поэмы глубже и зрелее, чем мысль «Мцыри»», – депті. Шығармаға таң қалғаны сонша поэманың текстін жеке дәптерге жазып, қа­лың­ды­ғына сыйға тартқан екен. Зерттеу­шілер­дің кейбірі поэманы «жұмбақ әрі қарама-қайшылыққа толы» (Д.Е.Максимов) деп бағалапты. Ешкімге бағынбайтын тәкаппар Демон Тамараның аяғына бас ұрады. Соңында оның жанынан қорғаушы Ангелды көрген ол қызғаныштан Тамараны құрбан етеді. Сонда Ангелдың:
«…Ценой жестокой искупила
Она сомнения свои…
Она страдала и любила –
И рай открылся для любви!», – дейтін жері бар. Көңіліндегі күмәнді жеңген Тамараға жұмақ­тың есігі ашылады да, ал тәкаппар Демонның тағдырын ақын:
«…И проклял Демон побежденный
Мечты безумные свои,
И вновь остался он, надменный,
Один, как прежде, во вселенной
Без упованья и любви!…», –
деп аяқтайды.
Шығарма зұлымдық пен ізгілік тартысынан гөрі әділетсіз әлем заңдылықтарын баян еткен ақынның ішкі сұрақтарына құрылған секілді. Кейіпкерлердің тағдыры ақыр аяғында байрон­дық негіздегі саналық төңкеріске меңзейді. Ақын қиялы қалыптасқан шеңберді бұзып шығып, шексіз кеңістікке шығуға талпынады. Лермонтов кейіпкерінің бойында да Мильтон («Потерянный рай») меңзеген бір-біріне қарама-қарсы екі сипат анық байқалады: ер­кіндіксүйгіштік пен ерік күші және тәкап­пар­лық пен қызғаныш. Демонды өз қиялыңда қанша жерден ақтап алуға тырысқаныңмен оның тәкаппар болмысының қызғанышты махаббаттан биік қойған шешуші әрекетіне қарап тосылып қаласың.
Әлемдік әдебиетте қуылған періште образы көптеген классик қаламгерлердің туындысында көрініс тапқан (Дж.Мильтон «Потерянный рай» Сатана, Дж.Байрон «Каин» Люцифер, Гете «Фауст» Мефистофель т.б.,). Әйтсе де Демон образы Лермонтовта сюжет және адам­зат­тың ішкі ізденуін паш ететін негізгі бейнені түсіндіру жағына келгенде библиялық негізде жазылған шығармалардан басқашалау.
Зерттеушілер махаббат үшін жақсылыққа ұмтылып, біржола өзгеруге серт берген Демон рухының соңында жеңілгенін дәріптеу арқылы әділетсіз әлем заңдылығын сынаған Лермонтов жер бетіндегі Құдай орнатқан тәртіпке ішкі қарсылығын білдіргенін айтады. Әйтсе де шығармадағы қарама-қайшылықтарға қайта оралғанда ақын ұстанымының нақты қоры­тын­дысын шығару қиын екені аңғары­лады. Лермонтов дүниені тану барысында туындаған сұрақтарын осы туынды желісімен жеткіз­гендей әсер береді. Он алты жасында «Демон­ды» жазуға кіріскен ақын жауапты әрбір оқырманның өз құзыретіне қалдырған шығар, бәлкім?..

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір