Мен де іздей бастадым…
Бүгінде ағаларының жасы сексен-тоқсанға тақалып, інілерінің жасы жиырмадан аса бастаған әзіл-сықақшыларымыздың көшбасы болған, бірақ, тағдыр небары елу екі жыл ғана өмір берген Оспанхан Әубәкіровтен қалған «қисық» сөз көп. Кейде әңгімесін жазарда, кейде қалжыңдар алдында өзі қыстыға күліп алатын әдеті бар Осекең бірде орта бойлы деуге болар бір жігітті менің бөлмеме ертіп кіріп («Қазақ әдебиеті» гәзеті редакциясында Әдебиет бөлімінің меңгерушісі кезім), орнымнан тұра қарсы алған маған қолын ұсына бере «ых-ых-ых» деп басталатын қырылдаңқы күлкісінен жаңылмай:
– Секөнт минөтті, минөт сағатты, сағат күнді, күн аптаны, апта айды, ай жылды қуалап, бәрі жиылып жүріп, ақырында бізді қартайтады, ә? – деді.
– Шал болуды ойлайтын жастан аулақта күліп-ойнап жүріп, бұл қай қыжылың? Жоғары шығыңдар, отырыңдар, – дедім.
– Орындықтарыңды ойбайлатпас бұрын бір мәселені шешіп тастайық, – Осекең енді жымыңдап, жанында күлімсіреп тұрған жігітке жылы қарап қойып, сонсоң маған:
– Басқаны құдай біледі, ал мына кірпіштей қасқа мені тезірек, тірідей қартайтқысы келіп жүргендердің бірі сияқты, – деп, жымыңына күлкісін жалғады.
– Дәлелің бар ма? – дедім, қыңыр сөзіне қызыға түсіп.
– Жаңа, жолығар-жолықпаста, маған: «Аға, сәлеметсіз бе?»,– деді.
– Силағаны ғой, жақсы ғой?!
– Тоқтай тұр. Сәлемін алмастан бұрын: «Әй, бала, жасың нешеде?» дедім, ал бұл асықпай, ақырын ғана «кіһің» деп, кеңсірігі барын байқатып: «Осы жылдың соңғы тоқсанында отыз төртпен есеп айырысып, ары қарай аяңдаймын», деді.
« – Олай болса, бері жүр», – деп, міне, саған алып келдім.
– Иә, мен де сені «аға» дейін бе?
– Он екі ай аз мерзім бе, көп мерзім бе? – деді Осекең, жорта салмақтана сөйлеп. Түсіндім.
– Осеке, мәселе оны немен, қалай өлшеуде. Егер ескі ақшамен өлшесек, ол дегенің… орта есеппен… үш жүз алпыс бес күн!
– О, міне! – Осекең көзі қыспия күлімсіреп тұрған жігітті иығынан құшақтап бауырына тарта қырылдаңқы күлкісін ағытып: – Естідің ғой? Енді осында қал да, Ғаббас екеуің үш жүз алпыс бес күнді секөнтке, минөтке, сағатқа, күнге, аптаға, айға, жаңа өзің айтқан тоқсанға айналдырып, обшым таласпай бөліп алыңдар, – деп, сонсоң маған қолын ұсынып: – Мен кеттім, мына баланың аты-жөні – Үмбетбай Уайдин. «Жазушы» баспасынан жақында ғана қайнап шыққан, буы әлі бұрқырап тұрған, «Қара көзілдірік» деп атаған кітабын оқыған шығарсың, мықты! – деп шығып кете барды.
– Үмбеке, дұрыс болды. Кәне, қол қысысып қоялық, – деп екеуіміз қол алыстық. – Енді жайланып отыр. Сен «осы жылдың соңғы тоқсанында отыз төртпен есеп айырыссаң», мен алғашқы тоқсанында есептесем, яғни маған іні болдың, бұдан былай мені де «аға» деп жүр, келістік пе? – дедім.
– Келісуге болады, маған ағаның көп болғаны керек, – деп жайдары жымиды да: – Осекеңнің әзіл-сықағымен көптен таныс болсам да, өзін жолықтырғаным жаңа ғана. Қалайда сәті келмеді. Мені «бала, бала» дей бергеніне қарағанда, жасы бізден біраз үлкен шығар, а? – деді.
– Бір айда бір жаялық тоздырдық-ау деп ойласақ, Осекеңнің бізден артық тоздырғаны он екі-ақ жаялық.
– Солай ма? «Курстас» екенбіз ғой?!.
Оспанханның «кірпіштей қасқасы» Үмбекеңмен бұдан қырық тоғыз жыл бұрын осылай танысқан, табысқан едік. Иә, табыстық. Өмірдің өр-ылдиында бірге жүрдік. Тағдыр кейіткенде де, жұбатқанда да жұбымыз жазылған жоқ. Үмбекеңнің Мәкеңі (Мәриям) мен Зәкем (Зада) екі шаңырақтың жылуын қоса молайтты.
Прозамызға да, поэзиямызға да көп-көп үлес қосқан, лирик те, сатирик те болған, татымды-тартымды өлең-әңгіме, пьеса, «Пәлен-пәштуан» атты сықақ хикаят, адамгершілік адал, әділ ойы тұнған мақала да жазған Үмбекеңнің өмірбаяны, шығармалары көзіқарақты қазаққа әбден мәлім дей аламын. Мектепте, университетте білікті ұстаз болған үлгі-өнегесі өз алдына.
Құдайы құрдасым, жолдас-досым болған Үмбекеңнен осыдан қырық күн бұрын айырылып, бір қанатым қайырылып қала бергеннен кейін оны: «Құрметті Ғаббе, Зада! Жасаған ие жақсылығынан жаңылмағай, күлкіден айырмағай!»; «Қадірлі Ғаббе! Құдай қуат берсін, күлкіміз таусылмасын!»; «Ғаббе! Қаламымыз қолдан түспей, шимайымыз таусылмай жүре берейік. Әуелі Құдай, сосын Задаң жар болсын, әумин!»; «Қадірлі Ғаббе+Зада! Қасиетті Наурыз жыл сайын есіктеріңді қақсын, есімдеріңді тапсын. Жақсылықтар аман болсын, жамандықтар тәмам болсын, тыныш заман болсын! Әумин!», – дегендей қалтқысыз достық сезімімен әдіптелген қолтаңбалары бар кітаптарынан іздей бастадым (Үмбекең сөйлескенінде де, жзғанында да «Ғаббе» дейтін).
Күлкісін көркем еткен сөздерінің, сөйлемдерінің тұстарында қарындашымның жұқа ізі жатқан жинақтарын қайтадан шолып отырып еріксіз таңдандым: «Ойпырым-ау, Үмбекеңнің шығармаларына жазылған пікірлерде автордың философтық қыры айтылмапты-ау?!.». Ол қырынан бір ғана мысал:
«Таныс үйге соға кеттім бірде мен,
Домбыра көрдім, аунап жатқан іргеде.
Түрегелтіп, шаңын сүртіп бес елі,
Күрсіндім де, шығып кеттім үндемей».
(«Домбыра қайда, домбыра?!» өлеңінен).
Үмбекеңнің сол күрсінісі кешегі де, бүгінгі де талайымыздың күрсінісіміз емес пе?.. «Нағыз қазақ – домбыраның» (ақын Шәміл Мұхамеджанов) қасиетін жете білмей, төрімізге ілмей, тіпті қармақбаудан ішек тағып шыңылдатып, ғасырлар бойғы қоңыр үнін құмықтырып та жүргеніміз бекер ме?!
Инабат иірімдері хақында жазған мақалаларында әлемге танымал философтардың адами, қоғами өмір-тірлікке қатысты пікірлерінен үзінді аз емес. Себебі Үмбекең олардың еңбектерін ой көзімен оқыған, жүрегіне тоқыған. «Болмасаң да, ұқсап баққа» ден қойып, оқырман қауымға өзіндік пайымын ұсынып отырған. Үмбекеңнің шығармашылық шеберлігін қызыға зерттейтін әдебиетші-ғалым оқырмандары, шәкірттері болады, «бір сыры мен сегіз қырын» солар түгендеп айтады.
Менің бұл мақалам – Үмбетбайдың шығармаларына шолу-талдау емес. Ондай мақсатпен бұрында бірнеше мақала жазғанмын.
Бұл мақалам – Үмбекеңді жоқтау-іздеуім…
Іздеу…
«Ақтөбелік атақты күйші Бақыт Басығараев қайтыс болғанда бір топ ел адамдары баспасөз бетінде көңіл айтыпты. Журналист Иманбай Жұбаев пен Күлмереке Насырова сол көңіл айтушылардың ішінен менің аты-жөнімді көре алмай, қатты алаңдапты деп естідім. Іздеу!
Журналистика факультеті оқытушы-профессорларының тақтасынан менің суретім түсіп қалыпты. Соны байқаған доцент Сағатбек Медеубекұлы: «Тақтада Үмбетбай ағаның суреті жоқІ» деп, деканатқа жүгіріп барып, сұрау салыпты деп естідім. Бұл да іздеу ғой!
Оқытушылық-контрактылық мерзімім тақалған тұста профессор (декан) Намазалы Омашев: «Аға, ортамызда жүре беріңіз. Сіз бізге керексіз», – деді. «Керексіз» деген сөз қандай жылы естіледі?!
Кафедра меңгерушісі Бауыржан Жақып бір сөзінде: «Аға, сіздің аудиторияға кіріп бара жатқаныңыз, аудиториядан шығып келе жатқаныңыз көңілімізге медет», – деген мағынада жылы сөз айтты. Керек болғаным ғой. Керек болған қандай жақсы!
Шамалы уақыт бір жағдайлармен кафедрадан қол үзіп қалып едім, оқытушы Нәрбін Кенжеғұлова: «Аға, сізді сағындық!», – деді. Адамдардың адамдарды іздегені, сағынғаны қандай ғанибет! Сол үзіліс тұсында оқытушы Дәмегүл Баялиева: «Аға, сізді шәкірттеріңіз іздеп жатыр», – деді. Бұл да – жылы сөз» (Үмбекеңнің «Сырымды айтайыншы» кітабынан).
Шағын денесі шалқар ізгілік-инабаттан, аппақ сыр-сезімнен, қарапайым да кішіпейілділік пайым-парасаттан жаралған Үмбетбай Уәйдаұлын алыс-жақында іздеп жүрген үлкен-кіші аз емесі анық.
Өмір өткелдерімде аса қарапайым екі Азаматты кездестірдім. Бірі – қаламдас ағамыз Әнуар Әлімжанов десем, екіншісі – қаламдас сырласым Үмбекең. Әнуар бұрынғы Талдықорған облысының Сарқанд ауданындағы Қарлығаш ауылынан Мәскеудің төріне дейін шықса да, небір биік тақта отырса да, ортамызда әрқашан өзіміздей көптің бірі сияқты емін-еркін шүйіркелесіп, әзілдесіп жүретін. Замандастарымыздың бірсыпырасын меңдеп алған «Мен!» деген сырқатқа ұшырамады. Ақтөбе облысының Ырғыз ауданындағы Темірбастау ауылынан түлеп ұшқан Үмбекең де тал бесігіндегі пәктігін сақтаған қалпында жер бесігіне жантайды.
Аралас-құралас болған, аумалы-төкпелі, қат-қабат оң-теріс құбылысты жағдаяттарда бірге жүрген жылдарымызда оның бірде-біреуге дауыс көтергенін, бірде-біреудің «сыртынан тон пішкенін» көрген емеспін. Жиын-жиналыстарда бұрқ-сарқ сөйлеп, әлдекімдерді нахақ іліп кеткен қаламдас інілерін соңында оңашалап алып, жұмсақ, жылы сөйлеп-ақ «жынын басқанына» куәмін. Ағалығы адал еді.
Үмбекең отбасында да, әрқилы ортада да кейіске кедей, сабырға бай, шарапатқа дайын, кесапатқа жоқ болды. Азды-көпті бірге жүріп-тұрған жұртты, өзі жазып кеткендей, есен-сауында-ақ сағынтқаны, іздеткені, соған көңілі жыл – он екі ай көктем болғаны, шүкіршілік еткені маған да мәлім.
Ол соңғы бір жыл төрт ай бойы аурумен жағаласып, алысып бақты. Кімді болсын шаршатып-шалдықтыратын ауыр, шарасыз күндерінде кездескен, телефонмен хабарласқан сәттерімізде әзіл-қалжың айтып, алдарқатып жүрдім. Үмбекең тағдырдың салмақ салғанына шағынбады. Әңгімеміздің соңында: «Ғаббе! Біздің жасқа келген де, келмеген де, өмірдің сый-сияпатын көрген де, көрмеген де бар ғой. Соны анда-санда ой безбеніме салып, шүкіршілік етемін. Құдай бізге бала, немере, шөбере берді – ризамыз, шүкірі», – дейтін. «Шүкір» деген шырайлы сөзді жиі айтып жүрді…
Қаламдас құрдас-жолдастар бас қоса қалып, әзіл-сықақ, мысқыл-оспақ сөз базарын қыздырып, бір-бірімізді қағытатын әдетімізбен бірде нысанамыз Үмбекең болды. Кезегім келгенде: – Маң-маң, маң басқан, екі аяғын тең басқан, бәтіңкесінің басын қыста – қар, жазда – шаң басқан Үмбекең, – дегеніме өзгелерден бұрын өзі мәз болған-ды. Ал кейін, жасым алпысқа толғанда:
«Ұзындардың ұзыны,
аңқаулардың қысқасы,
Қалдарбектен кейінгі
Одақтағы бір басшы.
Отырғаны – бір адам,
түрекелсе – екі адам,
Кім білмейді Ғаббасты –
күлдіргі сөз ұстасын», –
деп «есеп айырысты» («Ғаббас Қабышев: 30+30=60» деген өлеңінен).
«Әй, баласына» әрқашан ерекше еміреніп жүретін «ағасы» Оспанхан «Үмбетбайдың портреті былайша» деп тебіренген өлеңінде:
«…Айтып-айтай не керек,
Үмбетбай деген бұл кісі –
Қазақ деген халықтың
Құдай берген ырысы», –
деп ағынан жарылса, ақын інісі Жарасқан Әбдірәшев «Әзілің жарасса» деп аталған жинағында:
«…Болмаса да сынға олақ,
Тұрмайды «менмұндалап».
Анда-санда қояды
Сәбиге ұқсап «іңгәләп», – деген-ді.
Осы екі әзілде-ақ Үмбекеңнің өшпес бейнесі тұр емес пе?!
Екінші өміріңнің ұзақ жолына аттанған Үмбетбай-ау, Үмбекем! Жылы жүзіңді көре алмай, жұмсақ үніңді ести алмай, дел-сал болып жүрмін мен…
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ.
ПІКІРЛЕР1