Құстардан бәрін аларсың сұрап…
Жәлел ҚУАНДЫҚҰЛЫ
1986 жылы 10 қаңтарда Қарақалпақстанның Беруний ауданы, Алғабас өлкесінде туған. Қарағанды Мемлекеттік университеті филология факультетінің түлегі. Жырлары бірнеше ұжымдық жинақтарда жарияланған.
«Құмдауыт» жыр кітабының авторы.
Баспалдақ
Баспалдақпен үнсіз түсіп келемін,
Төменге.
Ойларымды құшағымнан көремін,
Төгем бе?..
Баспалдақпен көтеріліп келемін,
Жоғары.
Тәп-тәтті ойдың құшағына енемін,
О, бәлі!
Төмен жақта сұрақ барын білемін,
Ең үстем.
Ал, биікте жиі соғар жүрегім,
Неліктен?.
Туған жер
«Бүтін өтті» десе егер сенбе, жалған,
Бүтін қалған жалғыз-ақ мендегі арман.
Бүгін кешіп жүргенім жарымжан күй,
Жүрегімнің жартысы сенде қалған.
Сыртқы көзге түйісіп жатар жаны,
Егіз өзен секілді жат арналы.
Қос жанары бір жылап, бір күлетін,
Түсінгендей боп жүрмін Джаконданы.
Шала-шарпы сезіліп күшім кенет,
Жалбарынам «орға енді түсірме» деп.
Бүтін болған күндерім мазалайды,
Түсімде кеп.
О, Тәңірім!
Қалайша бүтінделем?..
Өмір сүріп келемін шүкірменен.
Санамнан да қорқамын бұл күндері,
Қалмай ма деп сау жері түтілмеген.
Өмір, өмір ең қымбат алтын, олжа,
Оңайлықпен түспейтін нарқы қолға.
Бүтінделем деп жүріп, жарты жүрек,
Тоқтап қалма әйтеуір жарты жолда…
Жапырақтар өлмейді
Тәпсірлеумен ғұмырлы күн, айды бек,
Жапырақтар өлмейді, құлайды тек.
Жайрап жатып тамырын қымтайды да,
Мама ағаштың саулығын сұрайды кеп.
Нәзік жүрек жайнап кіл жақсылықтан,
Сондай тағдыр әуелден һақ бұйыртқан.
Адамзатқа сыбдырмен айтары көп,
Үлкен үміт күтеді жас шыбықтан.
Сақтанғанда «Жел» дейтін дүлей күштен,
Күз келгенде, ызғырық үдей түскен.
Олар сонда тәубе айтып болмысына,
Құламауды алысқа тілейді іштен.
Кәрі қыс кеп, шыңылтыр құрық бекіп,
Шымшылайды денесін ырықты етіп.
Ал көктемде қайтадан бүр жарады,
Қармен бірге тамырға сіңіп кетіп.
Ақ көрпесін тағы да кермек пе ерте?
Аяз қысты мезгілсіз, жендеттерше,
Табиғаттың ең адал перзенттері,
Қош болыңдар!
Көктемде кездескенше…
***
Жауа түсші
Жауа түсші аппақ қар,
Жер бетінде жатып алсын бақ мақпал.
Кіл жақсылық ала келші өзіңмен,
Жамандықты таптап бар.
Жауа түсші аппақ қар.
Жанарымды жаулап алды шаттық мың,
Алақанға қондырмақ боп аптықтым.
Адамдарға көрсет қандай боларын,
Тазалықтың, пәктіктің.
Аулама қон, далама қон, қон қырға,
Мен өскенмін сол далада, сол қырда.
Тоңса тоңсын тәнім мейлі тек қана,
Арманымды, ойларымды тоңдырма.
Жатсаң-дағы табандарға таптала,
Сен мен үшін боп қаласың пәк қана.
Құрметіңе орнатамын түбінде,
Мәңгі-бақи ерімейтін – Аққала…
Тағдырыңды жазғыра алман суық деп,
Қолыма қон, жаныма қон қуып кеп.
Өтінерім кеуделердің көктемде,
Күнәларын жуып кет…
***
Келер деген үміті мақұлданбай,
Таңды мені күтумен атырғандай.
Шыға салып абдырап тұрып қалдым,
Әппақ қарды таптауға дәтім бармай.
Сиқырымен әрлейтін келер күнді,
Жарық қылар тұңғиық, төнер түнді.
Ғайыптан кеп қағазға тамып түскен,
Сиясы әлі кеппеген өлең сынды.
Ағаштар тұр тән енді сіресер деп,
(Байғұстарды жылы үйде түнетер ме ед…).
Көрші қыз да шыға сап әзілдейді,
«Қол ұстасып серуендер күн екен» деп.
Жасырынған астыңа сірә мына,
Айналмайды жер мәңгі тұрағыңа…
Теміржолды тепкілеп бара жатқан,
Пойыз үні келеді құлағыма.
Ару қыздар қар сызып етекпенен,
Асығуда адамдар бекетке ерен.
Аппақ қардай кіршіксіз жүректер-ай,
Барлығын да бір үміт жетектеген.
***
Таусылар кейде тағатым сынды,
Сарғайып әбден солған күз.
Сен жаққа ұшып баратын күллі,
Құстардың бәрі армансыз.
Жазылмай қалған жырымның нәрін,
Таңдардан аппақ байқадым.
Айтылмай қалған сырымның бәрін,
Құстарға ғана айтамын.
Жүрегіңменен түсін жан күйін,
Соларда тылсым дерегім.
Құстар-ау, құстар ұшыңдар биік,
Сендерге ғана сенемін…
Шырқаңдар көкте өлместей бір ән,
Жетердей үні бақиға.
Жанарларымды сөнбестей қылған,
Көркіңе, өмір тати ма?
Жоғалып кетсем аларсың жылап,
Қалықтап кеткен сезімге.
Құстардан бәрін аларсың сұрап,
Тілдерін ұққан кезіңде…
***
Өңменімді бір өксік өрт еткенде,
Көздеріңмен барасың өртеп сен де.
Өзің жайлы бір ауыз өлең жаздым,
Бір шуақ мөлт еткенде.
Бір шуақ мөлт еткенде,
Шара бар ма ноқтасыз тентектерге?
Мендік сезім жайлы ойлап үлгердің бе,
Жүрегің селт еткенде?
Жүрегің селт еткенде,
Сеніп қалма секемшіл ертектерге.
Сезім деген өмірді сезіну ғой,
От кеудеңді әлдене теңселткенде.
От кеудеңді әлдене теңселткенде,
Қылықтарың көзіңді ерке еткенде,
Әуірімен жанымды өртеп-өртеп,
Мендік өлең ғұмырды келте еткенде.
Мендік өлең ғұмырды келте еткенде,
Кешігер ме ек, өмірге келсек те ерте?
Өзің жайлы бір ауыз өлең жаздым,
Мөлт еткенде,
Бір сезім мөлт еткенде…
***
Дес бермей дүрсін дауылға кілең,
Жаңылмай келем сабырдан.
Түсімде ылғи ауылда жүрем,
Ауыл да мені сағынған.
Алғабас бейқам, әр таңың есте,
Көңілдің жайнар бағы тез.
Аңсап жүр бүгін борпаңын кешкен,
Жырқұмар балаң қағілез.
Шежірең сенің, бас алмас аңыз,
Анамның сіңген сүтінен.
Күз келсе болды жас алмасамыз,
Күйбең дейтұғын күпімен.
Мені аңсап жылда бұрқырап тұр ма,
Ақша көлімнің қоғасы?
Үлкен Отаудың сарқырап тұрма,
Өткел бермейтін сағасы?
Кеудемде жүрмін тың әнді үкілеп,
Парызым әлі өтелмей.
Ата-анам жатыр дұғамды тілеп,
Бізден не қайран десердей.
Тағдырдан енді сый күтпе мұңды,
Шер бар ма кеудең жұтпаған.
Соңыра шабар жүйріктер сынды,
Жауырыныңдағы жүкті алам.
Жазғыра көрме сағынбай жүр деп,
Жидең мен тұтың кеш гүлдер.
Алдымда әлі таңым бар күлмек,
Қорқып жүргем жоқ ешкімнен.
Ұсақтық күтпе, жеткемін толып,
Тұла бойымда – тұлпар дем.
Барамын аңсап көктемің болып,
Қабағымдағы бұлттармен…
***
Армансыз жанар көрдім,
Маңына көрік болған.
Ақылсыз надан көрдім,
Сертінде берік қалған.
Рухсыз дене көрдім,
Өмірге өле ғашық.
Желкенсіз кеме көрдім,
Арманға келеді асық.
Сиясыз қалам көрдім,
Жазудан тоқтамайтын.
Тәубешіл заман көрдім,
Жауын да дос санайтын.
Мөп-мөлдір бұлақ көрдім,
Ешкім де таң қалмаған.
Құлпырған жұмақ көрдім,
Қорқақтар армандаған.
Жатырлас – талай көрдім,
Өзгеге күлімдеген.
Ағарған самай көрдім,
Әжімі білінбеген.
Құранды қабір көрдім,
Кірпіші тозып біткен.
Сынбайтын сабыр көрдім,
Уақыттан озып кеткен.
Лаулаған жалын көрдім,
Шоқ қайда? Қайталадым.
Көрместің бәрін көрдім,
Ештеңе байқамадым..
Кешірім, шуағы жоқ,
Кең пейіл Құдай көрдім.
Өлердей қуанып ап,
Неліктен жылай бердім?!
Жарық
Көктен жерге телміреді көп жарық,
Кеудемді бір кернейді арман от қарып.
Тереземнен есеп сұрап тұрады,
Қап-қара түн оқталып.
Көптен бері аспан да үнсіз, мен де үнсіз,
Ол жаңбырсыз түнереді, мен жырсыз.
Жапырағын қар астына жасырып,
Кеудемізге көшіп алған теңбіл күз.
Ұлпа бұлттар жинамаса етегін,
Түндер, түндер – ойларымның мекені.
Қараңғылық мені әлемнен жасырса,
Қауыштырар тек қиялдар жетегі.
Көктен жерге телміреді мол жарық,
Ай-аруым көз тартады топ жарып.
Арасынан өлең жұлып аламын,
Жүректерге олжа ғып.
Адастырмас алтын – сабыр көбеммен,
Сенім – семсер, сүрінсем де бөгелмен.
Көп жарықтың арасында көз тартып,
Ең жарығы болып сәуле төгем мен!
***
Acау ойлар босап кетіп көгеннен,
Мына әлемге сыймай әлі келем мен.
Менің жазу үстелімді жағалап,
Ұлым мені қызғанады өлеңнен.
Мен отырам қабағымды нұр шылап,
Балам болса бір кіреді, бір шығад(ы).
Қаламымды бақылайды таңырқап,
Қойғысы кеп бір сұрақ…
Қылығымен көңілімді қарық қып,
Ойнағысы келе ме әлде, жарықтық?..
Әлденені қайта-қайта былдырлап,
Ұйықтап кетед(і) талықсып.
Ал, сұрағын қоймай жатып түсінгем,
Балалық-ай сондай жұмбақ пішін бе ең?!
Сұрағына жауап жазып отырам,
Күбір-күбір ішімнен.
Қабағыма ұя салған жасымнан,
Адырна бұлт, өлең нөсер асынған.
Парағыма төпеп-тепеп тынады,
Оған дейін басылман.
Қанша жылдам зуласаң да бөкен күн,
Сырға толы суретіңнен от емдім.
«Отаным» — деп ұрандап жүр біреулер,
Ал мен кейде өз ұяма бөтенмін…
Ұйқысынан оянып ап, арайлы,
Шолып шығып, шаттық толы маңайды.
Қабағымнан маңып бара жататын,
Сол бұлттарға ұзақ-ұзақ қарайды…
Қасымның соңғы сөзі
немесе Сырбайға хат
Аман-есен барсың ба, досым Сырбай?
Өзегімді өртейді тосын бір жай.
Менің соңғы сәттерім болар сірә,
Уақыт тығыз, айтар-ем шошындырмай.
Сен білесің менің Әр тағдырымды,
Өткізгем жоқ бекерге бар ғұмырды.
Елім үшін қан кештім, майдан кештім,
Соны ойласам кеудеме ән құйылды.
Демім бітіп барады сенемісің,
Көз жұмамын, өлмеймін, сезеді ішім.
«Мыңмен жалғыз алыстым» шегінгем жоқ,
Дұшпанмен де табыстым өлең үшін.
Қанат берді жақсыға құштар жаным,
Ізгілікке бар жігер күшті арнадым.
Амал қанша, сұм ажал мұрша бермей
Кетіп барады ішімде үш арманым.
Жасын іркіп тұр анау, аспан әрең,
Үлгерем бе, қоштасып Астанамен?
Саған ғана ақтарам, құрып кетсін
Қорқытқысы келгендер баспанамен.
Жырмен жарық қылғанда, маңайды Алла,
Арман болды-ау мен сынды талайларға.
Сенесің бе Сырбай-жан текті өлеңде
Ассам деп ем, данышпан Абайдан да.
Ойламадым ешкімнен төменмін деп,
Мына өмірге көз тіктім өрем гүлдеп.
Француздар Гюгоны күткендейін,
Армандадым құрметке бөленгім кеп.
Кете берді білмедім мазам неден,
Оянып-ап отырмын азан менен?
Онегиннің хатындай Татьянаға,
Қара өлеңмен бір роман жазам деп ем.
Туған жердің кеудемде күйі қалған,
Маңдайымды тау-шыңдар сүйіп алған.
Биік жүрдім өмірде жасығам жоқ,
Тіреу болған осындай биік арман.
Өкпе айтқам жоқ ешкімге, арланбадым.
Өмірдегі өлең ғой тарлан бағым,
Әлі талай биікке апарады,
Орындалмай кеткен сол армандарым…
Құмдауыт
Құмдауыт қыраттарым,
Жаныңнан жырақтадым.
Татымы таңдайымда,
Су ішкен бұлақтарым.
Тербетіп сыйың есті,
Санама құйын көшті.
Шөлдетпес – әуіріңе,
Табаным күйіп өсті.
Сыр шертіп мөлтек, ізгі,
Мейірің ер жеткізді.
Адырлар күйін тартып,
Жүректі селт еткізді.
Көркіңе асық едім,
Көрмесем тасып едім.
Ләйләдай келбетіңе,
Мәжнүндей ғашық едім…
Кеудеме берік өлшем,
Серпілмес сенім ең сен.
Толқушы ең желмен бірге
Теңіздей, мені көрсең.
Басқызбас жардың басын,
Өзіңдей бар мұңдасым.
Жаныңды күзетуде
Сексеуіл тағдырласым.
Жайсаңым қырқасы кең,
Анам һәм сырласым ең.
Ең алғаш сезім жайлы
Бауырыңа жыр жазып ем…
Уысымнан таси кетіп,
Ойың жоқ бас иетін.
Еркіндік – өлең деген,
Құм мінез қасиетім…
Жетелер шыңға бүтін,
Ақ көрпе Құмдауытым.
Дамылсыз сен дегенде,
Жүйткиді Жыр-дәуітім!
Елтіген ғазалға сан,
Сырыңды аз аңдасам.
Кеш, соңғы Мәжнүн жырды
Құмыңа жаза алмасам.