Қазір жоқтаушысы жоқ нендей жүйрік дүниеде болмаған сықылды, әйтпесе ХХ ғасырдың екінші жартысын жарқыратып өткен ғажайып күйші Төлеген Момбеков еді.
Амал қанша, күйші қайтыс болғалы оны жай домбырашы қатарына түсірдік. Оның шығармашылығын зерттеген еңбек жоқ, жетпіске жуық күйінен «Салтанат» пен «Анамасы» ғана оқта-текте ойналады, ұлы күйшілердің ішінде аты аталмайды, мемлекеттік дәрежеде іс-шаралар (биыл күйшінің туғанына 100 жыл толады) өтпейді. Обал-ақ…
Шығармашылық адамның тегі мен тағдырында болса, күйшінің тегі сұрапыл: (…Есен би, Есен биден Қожамжар шешен, Қожамжардан үш дүлдүл: Назарына ата жолы бұйырып – би, Қайдауы – суырып салма ақын, Бапышы – танымал күйші. Міне, осы Назар биден Момбек, Момбектен Созақ өңіріне аты мәшһүр Жәнібек ақын мен Төлеген күйші. Не деген өнер қонған әулет!), тағдыры «Мың бір түндей» шытырман:
«…Назар бидің көші, толғақ қысқан Момбектің жары Әсер; күйші атасы Бапыштың қыстауына жетіп, түйелер шөгеріле бергенде естілген нәрестенің іңгәлаған даусы, Бапыш атасының «Күйші бол!» деп аузына түкіруі; баланы Баршабегіме серік болсын деп сұрап алып, Төлегеннің сәбилік, балалық шағы атасының қолында – Үшкөкшенің құмы мен Қаратау арасында өтуі; отыратын кезінде домбыра құлағын тістетіп қойып атасы күй тартса, Төлегеннің жылағанын сап қоятыны; атасы көптеген халық күйлерін, өзінің «Қарқарау», «Ыңғайтөк», «Қаражорға» күйлерін үйретуі; Төлегеннің қолын жылан шағып алуы, Созақ көтерілісіне қатысқан әкесі Момбектің атылуы, бас иесіз қалған бұларды Созақтағы ағасы Жәнібектің қолына көшіріп апаруы; бұл кез қайтыс болған Бапыш атасының қолдан шапқан домбырасын кішкентай Төлегеннің тастамайтыны; бірде, мектеп терезесінен домбыра үнін, бейтаныс күйді естіп, тез үйге оралып салып алуы; ағасы Сүгірді үйіне шақырып таныстырғанда, Төлеген Бапыш атасының күйлерін, сонан кейін әнеукүнгі терезеден естіген күйін («Телқоңыр») Сүгірдің өзіне тартып беруі; көңілі толқыған Сүгір «Шалқыма», «Жолаушының жолды қоңыры», «Тоғыз тарау» күйлерін үйретіп, ақыл-кеңесін айтып, батасын беруі; ұзамай «әкелерінің көтеріліске қатысқаны үшін» бұлар да ұсталатын болып, Төлеген ағасы Жәнібек екеуі бір атқа мінгесіп, түнделетіп тау асып күнгейге қашуы; қаршадай Төлегеннің азырақ бой тасалап Хантағы кенінде жұмыс істеп, артынша жасырын Түркістанда Ресей кеніне (Солтүстік Кавказ) жазылған топқа қосылуы; одан әрмен соғыстан бір-ақ шығуы…
Майдангер Төлеген күйшінің соғыста көрген қияпаты ұзақ сөз. Кейін алдыңғы шепте шекесінен ауыр жараланып, 1943 жылы елге қайтады. Азапты өмірден, ұлдарын он жылдан аса көрмей құсадан ауру меңдеген анасы, Төлегеннің қолында қайтыс болады. Міне, «Анашым» атты тұңғыш күйі сол орны толмас қасіреттен туады».
(Бұл дерек, 2001 жылы, «Шертпе күйдің шебері» атты, академиктер Рахманқұл Бердібаев, Керімбек Сыздықов басшылығымен, ауылдас тілші Рахманберді Жаппарқұлұлы, күйшінің көзі тірісінде, өз аузынан жазып алынған сұхбат пен естеліктер, мақалалар, өлеңдер жинағынан қысқартылып алынды. Тегі жайындағы сөзге, қазақтың әрбір ру-елін ерекшелейтін мінез-құлқы болса, Төлеген күйші қарт Қаратаудың күнгей-теріскейін, төрт қақпа Түркістан, Сыр бойын жайлайтын қоңырат елінде бағзыдан «Өнер басқаға түстеніп, саңғылға қонып өткен» деген сөз барын, даңқты Саңғыл би ұрпағының табиғатынан момын, өнерге бейім ел екенін ескертсек артық болмас).
Сонымен Төлегеннің ұшқын тисе жанбаққа даяр жүрегіне домбыраның сиқыр үнін құйған атасы Бапыш күйші болды, есейе келе Ықылас, Тәттімбет, Сүгір мұрасымен танысуы кеуде сарайын кеңейтті. Әр заман қандайбір жүйрік тақырда пайда болмаған, бұрынғы жүйріктерден нәр алып, буыны қатая өнер әлемінде самғай, сезімтал жүрегін сөйлеткен. Төлеген күйшінің осылайша балғын шағында «тамырына егілген» домбыра үні, былайғы татқан шер, көрген мехнат арман мен сағынышқа суғарылып, бейбітке іліге бұрқ етті. («Қоштасу», «Мешін», «Сарыарқа сапары», «Толқын», «Қосбасар»,«Ел жаңа», «Өрлеу», «Қат-қабат», «Бозінгеннің бүлкілі», «Мыңжылқы», «Қаратау шертпесі», «Қанағат», «Салтанат», т.б).
Өкінішке қарай өмірі, шығармашылығы білікті орта үшін тасада сырғыған Арқа, Шу қазағы, ұстазы ұлы Сүгір күйлерінен сайын Бетпақдаланың маңғаз, ойнақы, назды романтикасы шалқыса, Қаратаудың төл перзенті Төлеген күйшінің әуезі басқа, тартысы өзгеше. Салған беттен беймағлұм ғаламшар, ендіктерге әкетіп, сол маңайды үңгіп, ботасын іздеген аруанадай күңіреніп, бебеулеп, діңкелетіп тұрып алады. Таныс үн әр күйде-ақ «қара шалдырып», әр саға басқаша сөйлеп абдыратады. Белгілі домбырашы, күй зерттеушілері У.Бекенов, Б.Ысқақовтың пікірінше Төлеген күйлері бір тұлғаның кеудесінен жарып шыққаны ішкі ағыс, иірімдерінен оқылады.
Сүгірді көрген, Төлеген күйшіні ұзақ тыңдап, сырласқан саңлақ жазушы Тәкен Әлімқұловтың «Күйші» шығармасы, күйшіге сөз жауҺарынан құйылған ескерткіш! Екі мұңды жүректің шыңырауларының түсіністігіне, қыл пернеден сөйлеген дыбыстардың аңсарын қиядан шалып, сөз пернемен тап басып, тамсанта әңгімелеуіне қайран қалып, «айта түссе екен» деп, ғұмыр мәні, тіршілік тіні көмбесіне таяп қалғанға ұқсап отырасың.Ұлы жанының терең қатпарына, ұлы ғана бойлай алмақ. Пендешіл сөз айтпаған, адамдардың ішінде жұпыны ғұмыр кеше жүріп, жаны уыстан шыққан шардай көк жүзінде қалқып, өнер құдіретімен ғана өмір сүріп өткен екі дүлдүлдің бір-бірін танып білуінен туған «Күйші» – тілмен шертілген шертпе күй!
(Әлігі «Қосбасар», «Қаратау шертпесі», «Бозінгеннің бүлкілі» жайлы дауға рушылдықтан гөрі мемлекетшілдік белең ала бастаған шақ адамгершіл кәсіби мамандар санасында ғылыми көзқарас қалыптасқаны байқалады. Өйткені бұл күйлердің ізі Сүгірден ғана емес, ол сусындаған Арқаның күйшілері Ықылас, Тәттімбеттен тамыр тартады; бәлкім одан әріден. Өмір – Алла тағаланың құзырындағы тылсым дүние. О баста пайда болған титтей тәтті әуезге жылдар жылжи, сақараның нота білмегенімен аса сезімтал күйшісінің басқа тұлғаның талғам-талайы қосылып, дүниетанымы арқылы айшықталып, қанатын қомдап, кімнің де болса тереңін бөтен қырынан қозғайтын шығармаға айналуы бек нанымды құбылыс. Ондай «табан қыздыруға керек» өзгенің сөзін пайдалану біздің жыраулар толғауында да кездесетіні мәлім. Сол себепті манағы күйлерді Сүгір күйші өзінше, Төлеген күйші өзінше сомдайды. Домбырашы күйді қалай үйретсе солай тартады; ал күйшінің жаны өзгеше. Сол сәттегі көңіл күйіне, толғамына баланысты, иә әуез мезгеуіне орай басқаша өрнектеп кетеді. Айтылған күйлердің бүгінгі таңдағы тартылуы – қолына домбыра ұстаса «қиялданып кететін» Төлеген күйшінің жан әлемі байытқан шығармалар. Және кім «бұл Сүгірдің күйі», кім «Төлегеннің күйі» деп таласса, дауласып жеңе алмайды.
Осыған ұқсас пікірді күйшінің замандастары, білімдар даңғылдарымыз көрнекті жазушы Тәкен Әлімқұлов, Сүгірмен рулас әйгілі сыншы Төлеген Тоқбергенов, композиторлар Кенжебек Күмісбеков, Еркеғали Рахмадиев, жазушы, сыншы Асқар Сүлейменов, академиктер Рахманқұл Бердібаев, Керімбек Сыздықов т.б. егжей-тегжейлі зерттеп, баспасөзде талай мақала жазып, «Төлеген күйшінің «Қосбасары» Тәттімбет, Ықылас, Сүгір күйлерінен өзгеше екенін, шырын иірімдер, «сауып-сауып тартатын» бунақтар тек Төкеңнің өз күйлеріне ғана тән екенін айтып кеткен).
…Төлеген жоғарыда аты аталған жинақта ұстазы Сүгірмен соңғы кездесуін еске алады. Жиырма шақты жылға созылған үзілістен кейін, елуінші жылдардың іші Сүгірдің үйін Шу жақтан көшіріп әкелген кез Тоқабай деген кісінің үйіне жолығып, өзінің күйлерін, ұстазының күйлерін тартып бергенде, қартайыңқырап қалған Сүгір қатты риза болып, қоштасарда Төлегеннің қолын жібермей отырып: «Шырағым, қолың епті, күйге деген көңілің жүйрік екен. Баяғыда кішкентай бала едің. Енді, міне, азамат болыпсың. Менің де соңғы уақытта мазам болмай жүр, кездесеміз бе, кездеспейміз бе, саған аманат…», – дейді. Төлеген күйші өмірбойына «Сүкең» деп қадір тұтқан ұстазының аманатын орындады: «Шалқыма», «Телқоңыр», «Тоғызтарау», «Жолаушының жолды қоңыры» тәрізді күйлерін де таңқаларлық бояумен, нақышпен – Төлегенше толғауымен, Төлеген тартысымен үлкен сахнадан бізге жеткізді. Сол үшін Төлеген күйшіге қазақ елі, қазақ мәдениеті тәнті. Ол – Сүгірді Сүгір еткен, бүгінгі ұлы Сүгір тұрған биік.
Шырғалаң тағдырлы, өте-мөте қарапайым, ақын, жыршы (касетадан Төкеңнің айтуында «Үміттің зары» жыры табылып отыр), сыр тартқанға әңгімешіл, домбыраның әруақтарын сөйлетіп, өзегінде бар мың дыбысын тірілткен, шертпе күйдің тартысына тартыс, шертісіне шертіс қосқан дәулескер Төлеген күйші, өнердің Эвересттей шыңына шығып қайтқан некен-саяқ жүйріктердің бірі болды; өнерінің киелілігін ұғып, бата алып, бөтен шаруаға айналмай, қолынан домбырасы түспей өткен оқымай-тоқыған баяғының Сал-сері, жыршы-күйшілерінің – Ұлы даланың Ұлы өнерпаздарының соңы болды. Оған талай-талай кеш күйлерін тартқызып, құлақ құрышын қандырған жампоздарымыз Нұрғиса Тілендиев, Мырзатай Жолдасбеков жоғары бағасын беріп, адами келбетіне басын иді.
Күйшіні алғаш 1955-1956 жылдары, бала кезімде Сарыағаш ауданына қарасты Жылға деген елді мекенде қайын жұрты арғындардың тойына барғанда көргенім, екі күн, екі түн күй тартқызғаны, қолы босаса іргедегі домбырасын ұстай бергенім, үлкендердің ұрысқаны есімде. Ал жетпіс алтыншы жылдың жазы, Қозмолдақ-Сызғанда, оңашада, қарақоңыр үйінде ұзақты күн елбірей тыңдап, соның әсерімен ертеңіне айтулы «Қалмақ асу» арқылы Қаратаудың шырқау жонына жаяулап шығып, Арқадан үзіліп жеткен самалға кеуде тосып, шыңырау, буалдыр кеңістіктен кешегі Төлеген күйлері құлағымда жаңғырып, талайдан шешімі ұстатпаған әңгіме «Мыңжылқының үстіндегі түнді» жазып едім. Ауылдан әріде, түзде, құдық басында малымен отырған күйшінің туған ағасы, өлеңдері аудандық газетте жиі басылатын ақын Жәнібек Момбеков ақсақалды (19ОО ж.т.) іздеп барып, оның інісі жайлы шерткен сыры әлі жадымда. «Төлеген соғыстан келіп, үш-төрт күй шығарған соң ғой деймін, шырт ұйқыда жатқанымда оятады. «Тыныштық па?», – дегенде күмілжігесін, түрегеп отырдым. «Тәте, жаңа бір дыбыстан шошып оянсам, қабырғаға ілулі домбырам қарадай ойнап тұр. Нанымды домбырадан жеймін-ау», – дейді. Аш-жалаңаш уақ. Мен ары-бері ойланып: «Мейлің шырағым, атаңның әруағы қоймайтын шығар», – деп батамды бердім…Сүгір: «Жолаушының жолды қоңырын» қырдың астынан өтіп бара жатқан көштегі қыздарға арнап шығардым», – деген. «Ыңғай төкпе» – Бапыштыкі. Атамыз жиырма сегізінші жылы қайтыс болған. Әкеміз Момбек те домбыра тартқан» (Марқұм Жәнібек қарияның бұл сөзі Аллаға аян).
…Мақаламызды жазушы Тәкен аға Әлімқұловтың сөзімен аяқтайық: «…Революциядан кейінгі дәуірді алсақ, маған Сүгірдің, Динаның, Төлеген Момбековтың күйлері ұнайды. …Төлеген Момбековтың барлық күйлері Қаратау, ішінара Сарыарқадан туындайды. Қазақтың ертегі аңызындағы Қап тауы, яғни Кавказ сегіз миллиард жыл жасаған. Қаратау одан да ежелгі. Сол ежелгі тауды Төкең тілімен, көзімен жаңғыртады. Құдды жартастан домбыра күмбірлеп тұрғандай. Талай ұрпақ ауысар, талай заман өтпек. Бірақ Қаратау қала бермек. Төкеңнің күйлері сол таудай ұзақ жасамақ» («Тарлан күйші»).