Бөтен
Аягүл МАНТАЙ
Оның Мәскеуде бұрын болмағанын білсем де, қайда қонатынын, қаланың қай жерін көргісі келетінін сыпайылық үшін де сұрамадым. Ол Лондоннан шығарда телефон шалып, «Мәскеу» мейрамханасында кешкі жетіде кездесетін болып келіскенбіз. Далада жаңбыр жауып тұр. Сынып қалған қолшатырымды қоқысқа лақтырып тастағам. Жаным құлазып, өзіммен-өзім жалғыз қалғым келді. «Кешіріңіз, сізбен кездесуге бара алмаймын, үйден шыға бергенде баспалдақтан құлап, аяғымды жарақаттап алдым» деп хабарлама жазып жібергім келді. Ұсақ-түйек өтірікке аузымды былғағым келмейтін әдетіммен шынымды айтуға оқталдым. «Сізбен кездескім келмейді, біз тым бөтенбіз» деген «шындығым» тым дөрекі һәм мәдениеттің өлшеміне сыймайтынын білдім де, бұл ойымнан да қайттым. Оның маған үйлену туралы ұсыныс жасайтынын түйсігіммен сезгенде жүйкемнің талшықтары сыр бере бастады. Жасым жақында жиырма жетіге толса да, мен тұрмысқа шығу туралы ешқашан ойлаған емеспін. Еуропалық әйелдердің «әйел еркіндігі» туралы түсінігі маған тым-тым жат еді. Тұрмысқа шықпаған қыздың өз әлемінен бір адамға орын берудегі қорқыныш сезімі де менде болған емес. Алғаш рет жиырма үш жасымда ернімнен сүйген жігітті сол күні «сүйісу деген қандай жиіркенішті еді» деп қуып жібіргенімді есепке алмағанда, менің өмірімде жігіт болған емес. Құрбыларым «екінші рет сүйісіп көруің керек еді, бәлкім, ұнап қалар ма еді» деп қалжыңдап, «бойыңда әйелге тән нәзіктік болғанымен, жігіттерге тым суықсың, бұл түріңмен жалғыз қаласың» деп ұрысқаны жадымда.
Жан дүниемдегі мұңға деген қарсылық ретінде ән айтқан болдым. Жақсы биші болмасам да, үй ішінде дөңгеленіп, шыр көбелек айналдым.
Жеңіл киініп, жаңбыр астында біраз жүрдім. Малмандай су болып, үйге келіп, жуынып, шашымды кептіріп, такси ұстап, мейрамханаға жетем дегенше сағат тілі жетіден қырық минут өткенін көрсетті. Біреуді күткенді де, күттіргенді де ұнатпаймын. Кешіккенім үшін кешірім сұрасам да, бұл туралы айтып, ақталуды қажет деп таппадым.
Әлеуметтік желі мен телефон арқылы жиі сөйлесіп жүрсек те, өмірде алғаш рет бетпе-бет кездесіп отырған жігітпен сөйлесіп отырып, «суретте сұсты көрінгенімен, өмірде жүзі жылы екен. Көзі өткір, тым сақ адамның көзі. Маңдайы кең, қыр мұрынды, ер адамға тән даусы, оң қабағындағы білінер-білінбес тыртығы келісті келбетін одан сайын сүйкімді етіп көрсетеді» деп оны өзімше зерттей бастадым. Оның да мені зерттеп отырғанына еш күмәнім болмады. Біз екеуміз алғаш рет бетпе-бет танысатын барлық қыз-жігіт секілді, анкеталық сұрақтарды қайта қойып, жалықтыратын жауаптармен уақыт өлтірдік.
Әлгінде ғана жігітімен сүйісіп отырған орыс қыз сүйіктісінің бетіне шарап шашып жібергенде, екеуміз де күліп жібердік. Жігіт бетін шала сүртіп, қызды қолынан сүйреп, сыртқа шығып кетті. Орыс қызға көзін қайта-қайта қысып отырған африкалық сырасын түбіне дейін асығыс қопарып, бәріне өзін кінәлі санап, көзі алақ-жұлақ етіп, ол да кетті.
– Бұл оқиға қалай аяқталады деп ойлайсыз? – деп ол миығымен күліп маған сұраулы жүзбен қарады.
Бұл сұраққа жауап бергім келмеді. Бірінші рет кездесіп отырған адам, әрі менің жігітімнің рөлін ойнағысы келетін жігіт (кім біледі, оны сол рөлде өзім де көргім келген шығар) сұрақ қойды ма, жауап беруге тиіс едім.
– Бірін-бірі дуэльге шақырып, сізді секундант ретінде шақырмасы анық, – деп құтылдым.
Ол әдемі жымиды.
«Ортамен қалай қарым-қатынас жасауды білетін, олардың көңіл-күйін табу үшін саналы қадамдарға баратын, тіпті адамдарға ұнамай қалудан қорқатын адам» деп ойладым.
– Елге қашан ораласыз? – деп сұрады ол.
– Елге қашан оралатыным әлі белгісіз. Мен мұнда өзімді әрқашан бөтен сезінем. Себебі, бұл – менің қоғамым емес. Менің қорқатыным: өз елімде жүргенде өзімді бөтен сезінем. Мен сол сезімнен, анығы өзімнен өзім қашып жүрген адаммын, – деп шынымды айттым.
– Жүйе өзгерсе, қоғам да өзгереді. Сіз өзіңізді бөтен сезіну сезімінен арыласыз, – деп сендірді.
Міне, менің алдымда шетелде білім алған, билікке араласқысы келетін жас жігіт отыр. Мен оған қазақтың болашағына, мемлекеттің дамуына қатысты көп сұрақ қойғым келеді. Тек жауап ала алмаймын ба деп қорқамын.
– Сіз билікке не үшін араласқыңыз келеді? – деп сұрадым.
– Мені биліктен көргіңіз келмей ме? – деп өзіме қарсы сұрақ қойды.
– …
– Сізден жақсы әйел шығатынына сенем, – деп көзімен еркелетіп, жымиды.
«Адамдармен қарым-қатынаста «Қытай қорғанын» тұрғызып алып, дуалдың аржағында тұрса да, сақтанып, сыбырлап сөйлейді».
Мен де оған достық пейілмен жымиып қарадым.
– Біз бұл жерге менен қандай әйел шығатынын талқылауға жиналмаған шығармыз, – дедім оның жанарымен еркелеткені ұнаса да, қырсығып.
– Өзіңіздің маған ұнайтыныңызды жақсы білесіз, сіз мен туралы бәрін білесіз. Еркектер өзі туралы бәрін білетін әйелден қорқады, – деп күлімсіреп, суып қалған кофесін ұрттады. – Бірақ мен сізге үйленуден қорықпаймын. Сіз отбасы үшін өзіңізді құрбандыққа шалып жіберетін әйелдердің қатарынансыз.
«Егер бұл адам саясатқа араласса, алысқа барады. Бұл мен туралы оны менің білетінімнен де көп біледі» деп өзіммен іштей сөйлесіп отырып, оның әрекетін бақылауды ұмытпадым. Ол ойға шомған болып, көзінің астынан маған ұрланып қарап қояды.
– Сонда сіз мені күйеуінің карьерасы үшін құрбандыққа бара алатын әйелдің образында көргіңіз келе ме? – дедім.
– Сіз үшін отбасы құндылығы дегеніміз не? – деп өзіме қарсы сұрақ қойды.
– Отбасы құндылықтарының аяққа тапталмауы – әйелдің қаншалықты ары мен ұятының тұтқыны екеніне байланысты, – дедім ойымды жинақтай алмай.
– Сіз өмірде өзіңіз суреттеген әйелдің образындасыз, – деп көзіме тіке қарады.
Жанарынан «мен қалжыңдап отырғаным жоқ, маған сен секілді әйел керек» деген жазуды оқыдым.
Мына жанар – «бәрі менікі» деген тым өзімшіл, өзінікін ғана дұрыс деп білетін, өз мүддесі жолында ешкімді аямайтын, әйелінің потенциалын өзінің карьерасы үшін пайдаланатын адамның көзі еді.
– Бірінші әйеліңіз сіздің мүддеңіздің жолында өзін құрбандыққа шалғысы келмеді ме? – деп сұрақты тіке қойдым.
Ол бетіме таңдана әрі сескене қарады.
– Менің бірінші әйелім болғанын қайдан білесіз? Сізге ол туралы кім айтты? – деп даусы бәсеңси шықты.
– Өмірін жоспар мен кестелерге «сыйғызып», сызып қойған шеңбермен жүретін адамдар, «бәріне уақытында үлгеруім керек» деп жанталасатын адамдар – ерте үйленіп, ерте тұрмыс құрады.
– Сіз ондай типтегі адамдарды жек көресіз бе? – деді ол ерні білінер-білінбес дірілдеп.
– Олар «өмірде бәріне жеттім» деп ойлайды. Шын мәнінде, олар ештеңеге жетпейді. Себебі, олар өздерін Құдайға жеткізетін адами құндылықтарды таптап кетеді. Уақыт өте келе сол сезімдермен бірге өздерінің де көміліп кеткенін байқайды. Тірі: тамақ ішеді, жейді, ойнайды, күледі, материалдық дүниесі жетеді, бірақ рухани мүгедек. Қоғам түгілі, өзіне де жақсылық жасай алмайды.
– Сіз оны жек көресіз бе деймін… – деген даусы тіпті өлімсірей шықты.
Әрине, ол менің өзі туралы пікірімді сұрап отыр еді.
– Жоқ, мен оны жек көруге қақым жоқ. Әр адам, әр ұлт – Құдайдың ерекше құбылысы. Ол да – Құдайдың шедеврі. Түптің түбінде оның ақиқатты, Құдайды іздейтініне сенем.
Ол менің бетіме таңдана қарады.
– Әкем мектепте биология пәнінен сабақ берді. Мінезі қатал адам. Әкемнің білімінің таяздығын білетін оқушылар сыртынан мазақтап, күліп жүретін. Әкем де мұны сезетін. Оқушылар әкемнен қорыққанынан сабағына қатысатын. Бір күні әкемнен ақша сұрайын деп барсам, сабақ үстінде тыңдамаған бір ер баланы құлақ шекесінен ұрып жатыр екен. Ауылдағы адамның бәрі әкемнен пайызбен ақша алатын. Бала кезімде оқушылардың әкеме деген жеккөрініш сезімін сезгенде «әкем мектепте жұмыс істемесе екен» деп армандадым. Бірде сабақтан шықсам, клубтың артында жоғары сыныптың оқушылары темекі шегіп тұр екен. Ішіндегі бұзық бала достарына өзін көрсеткісі келіп, «психтың баласы келе жатыр» деп келеке етті. Әкемнің лақап аты «псих» екенін білгенде оны бұрынғыдан да жек көрдім және қатты аядым. Бойымда әкемді қорғағым келген сезім оянды. Кімнен, неден? Ол арасын өзім де анық білмеймін… Қазір «Әкем бақуатты кісі еді, оған мектепте мұғалім болу не үшін керек болды?» деп ойлаймын.
Бала кезімде әкемнен қорқып жақсы оқыдым. Әкем күн сайын күнделігімізді тексеретін. Күнделігімдегі бестік бағаларда менің маңдай терім бар ма, жоқ па, білмеймін, мен қандай жолмен болса да, барлық сабақтан бес деген баға алуым керек еді. Бала кезімнен әкеме ұнау үшін мұғалімдердің тілін тауып, бестік алдым. Мұғалімдерге ұнауды, сүйкімді болуды үйрендім. Бұл есейе келе әдет болып кетті. Менде адамдардың бәрі мені жақсы көріп, ұнатауы тиіс деген түсінік қалыптасты. «Өмірде қателеспеймін» деп көп қателестім. Қателіктерімді кешіре алмадым, – деп күрсінді.
Сол сәтте оның шынайы бейнесінен де қорқатынымды түсіндім.
– Аяш, әңгіме айтшы, – деген дауыс алыстан талып естілгендей болды.
Оның өзімен бетпе-бет келіп, үнсіздіктен, тыныштықтан қорқып отырғанын түсіндім.
– Ауылда ертелі-кеш көше кезіп, шыбықты ат етіп «ерттеп мініп» жүретін, есі кіресілі-шығасылы, бақырып ән айтып, біресе күліп, біресе өкіріп жылап, адамның аянышын туғызатын шал болатын.Сол шал балалармен доп қуып, кішкентай қыздармен қуыршақ ойнап, шашымызды қос бұрым етіп өріп беретін. Оны кішкентай балалардың бәрі жақсы көретін. Үлкендер балаларға көктем басталғанда және күз түскенде онымен ойнауға тиым салатын. «Құс келгенде, сосын кеткенде оның ауруы қозатын» дейтін әжем. Біз оның қандай ауру екенін білгеніміз жоқ. Әйтеуір ерлер жағы «жынды Тұрыс» дейтін. Бірақ сол жынды Тұрыстан зардап шеккен адамды естімеп-пін.
Күн батып бара жатқанда ойнап жатқан біздің қасымызға дөңгеленген әйелі Күнімжан келетін.
– Қайтейін енді, сен де бір баласың ғой. Тағдырдың басқа салғанына көнемін. Байымсың, шыдаймын. Жүре ғой енді үйге. Тұрекеш, бол. Палау жасадым. Еті көп. Саған арнап дәу сүйек салдым. Сен палауды жақсы көресің ғой. Үстің де кір болыпты, – деп еркелетіп, зілі жоқ дауыспен ұрсып қоятын.
Күнімжан күйеуі жынды Тұрысты жетелеп үйіне әкететін. Кейде жынды Тұрыс «біраз ойнаймын» деп қиғылық салса, Күнімжан құйрығынан тартып-тартып жіберетін. Күйеуі балаша бақырып жылап, бізге қолын бұлғап, үйіне кететін.
Сол жынды Тұрыстың үш баласы бар еді. Үшеуі де жақсы оқыды. Зерек, алғыр балалар. Ешқайсысы бізге қосылып, ойнаған жоқ. Әкесінен ұялып, намыстанды-ау деймін. Кейде Күнімжан келмесе, үш ұлының бірі: «Әке, үйге жүр. Апам күтіп отыр», – деп келіп тұратын. Ұлы әкесін ертіп әкете алмаса, ашуланып, түтігіп, Күнімжан келетін. Бірақ, «Күнімжан Тұрысқа күн бермейді екен» дегенді естісек, құлағымыз керең болсын. Керісінше, ауылдың бәрі «Жынды күйеуін балаша әлдилеп, күтіп жатыр. Күнімжанға рақмет! Балалары қандай тәрбиелі, көркем мінезді. Күнімжан баяғының бәйбішелеріндей сабырлы, текті ғой. Жұрт сау күйеулерінің басына шәугім қайнатып жүр. Күнімжан балаларын жақсы тәрбиелеп, бір шаңырақты ұстап отыр», – деп мақтайтын. Менің әжем Күнімжанды да, ұлдарын да жақсы көретін. Тұрыс осыдан бес жыл бұрын дүние салды. Ұлдары оқып, жетілді. Ауылдың үлкендері балалары мен немерелеріне Тұрыстың ұлдарын ылғи үлгі етіп отырады, – деп балалық шағымда көз алдымда қалған өмір картинасын көз алдыма елестетіп, әңгімелеп бердім.
Ол менің қасыма үнсіз келіп, шашымнан сипады.
– Аяш, жынданып кетсем, мені тастамай, Күнімжан секілді аялап, күтетініңе сенем. Түрің сұсты болғанымен, жүрегің тым жұмсақ екенін білем, – деп шашымды ерекше мейіріммен сипады. – Аяш, сен жаңбыр жауып тұрған кезде жалаңаяқ жүгіргенді жақсы көресің ғой. Жүрші, ешкімге, ештеңеге қарамастан жаңбыр астында жалаңаяқ жүгірейік, – деп қолымнан ұстап, далаға шығарды.
Біз ешкімге, ештеңеге қараматан жаңбыр астында жүгіре бердік, жүгіре бердік.
ПІКІРЛЕР10