Құрметті әріптестер!
Біз бүгінгі әңгімемізде қазақ қаламгерлерінің соңғы құрылтайдан бергі кезеңдегі драматургия саласында жеткен жетістіктері мен Драматургия кеңесінің жұмыстары туралы сөз қозғамақпыз.
Әдебиетіміздің ең басты, ең маңызды жанрларының бірі – драматургия. Қазақ халқының ұлт ретінде өсіп-өркендеп, ана тілінің, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының аман сақталып, мәдени-рухани саладан жан-жақты дамуына драматургиямыздың қосқан үлесі ұшан-теңіз. Өткен тарихымызға шолу жасасақ бұған анық көз жеткіземіз. Қазіргі кезеңде осы жағдай одан әрі жалғасып отыр. Яғни, тәуелсіздік алғаннан кейін елімізде қазақ театрлары жаңадан көптеп ашылды. Бұл театрлар Қазақстанның мәдени-рухани дамуына жан-жақты үлес қосуға тиіс. Ал мұның өзі ұлттық драматургиямызға тікелей байланысты. Қазақ драматургиясында көркемдік дәрежесі жоғары, сапалы шығармалар неғұрлым көп болса, театрларымызда көрермен қауымның көңілінен шығатын жақсы қойылымдар да мол болады. Осы тұрғыдан келгенде, өткен құрылтайдан бергі уақытта қазақ драматургтері айтарлықтай табыстарға жетті деуге толық негіз бар.
Бұл ретте қаламгерлеріміздің арасында ерекше көзге түскен — Дулат Исабеков. Атақты қаламгеріміздің «Өкпек жолаушы» атты пьесасы Санкт-Петербургтың «Эксперимент» театрында қойылып, кейін Лондон театрында сахналанды. Сондай-ақ, қаламгердің басқа да шығармалары еліміз бен шетел театрларында көрерменмен жүздесті.
Екі құрылтай арасында Алматыдағы М.Әуезов атындағы
театрда Төлен Әбдіковтің «Ұлы мен ұры», Жабал Ерғалиевтың «Қас қағым», Ғарифолла Есімнің «Таңсұлу» шығармалары сәтті сахналанды.
Драматургиямыздағы соңғы жетістіктердің бірі – Әкім Таразидың «Үкілі жұлдыз» шығармасы. Бұл пьеса Астана қаласындағы
Қ.Қуанышбаев атындағы театрда сахналанып, республикалық фестивальде бас жүлде алды.
Драматургия саласындағы көңіл қуантқан табыстарымыздың бірі – Сәбит Досановтың «Жанұран» пьесасының қырғыз елінде сахналануы.
Сондай-ақ, Серік Асылбекұлының «Күзгі романс» пьесасын Қырғызстанның Ош қаласындағы театр жарыққа шығарды. Ал жақында осы қаламгердің «Қазақша ашылып сайрау» пьесасы «Рух» әдеби байқауының бас жүлдесін жеңіп алды.
Жүмагүл Солтиеваның «Әйел тағдыры» пьесасы республикалық кәріс театарында қойылып, Оңтүстік Корея елінде көрсетілді.
Роза Мұқанованың «Сарра» пьесасы Астанадағы Қ.Қуанышбаев театрында сахналанып, көремен құрметіне бөленді.
Ақын Серік Тұрғынбеков те соңғы жылдары драматургия саласында жемісті еңбек етіп жүр. Бұған қаламгердің «Кейкі батыр», «Нұрқан» атты драмалық шығармалары айқын дәлел.
Белгілі қаламгер Қуаныш Жиенбайдың Қ.Қуанышбаев атындағы театрда «Таңғажайып планета» атты пьесасы сахналанды.
Баянғали Әлімжановтың «Ойран» «Қаптан шыққан қара қыз», «Супер Серкеш» пьесалары бірнеше театрларда сахналанды.
Қазіргі кезде драматургия саласында өндіре жазып жүрген қаламгерлеріміздің бірі – Жолтай Әлмашұлы. Драматургтің «Ай астындағы алтын шаһар» драмасы 2013 жылы Жетісай сазды-драма театрында сахналанып, Шымкентте өткен театр фестивалінде ерекше аталып өтті. «Мұңмен алысқан адам» «Тірі жан» «Сәкеннің соңғы сапары» атты шығармалары бірнеше театрларда сахналанып, көрермен ықыласына бөленді..
Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы музыкалық-драма
театры С.Балғабаевтың «Ең жақсы еркек», Қ.Жүнісовтың «Сәкен сері» шығармаларын; Жастар театры Нұрлан Оразалинның «Аққұс туралы аңыз», Сая Қасымбектің «Наурыз ару», А.Әуесханұлының «Ақыл патшалығы» атты туындыларын жаңадан сахналап, көрермендерге ұсынды.
Шығыс Қазақстан облыстық театрында Ұлықбек Есдәулеттің «Қара пима» атты туындысы жұртшылықпен жүздесті.
Думан Рамазанның «Абылайдың арманы», «Керей-Жәнібек» шығармалары республикамыздың бірнеше театрында сахналанды.
Екі құрылтай арасында екі драматургымыздың шығармалары негізінде театр фестивалі өтті. Оның бірі Рахымжан Отарбаев, екіншісі – Иран-Ғайып. Және бұл қаламгерлердің жаңа пьесалары біраз театрларда сахналанды.
Осы кезеңде Медеу Сәрсеке, Исраил Сапарбай, Құлбек Ергөбек, Ақылбек Шаяхмет, Дәулет Сейсенұлы, Лидия Егембердиева, Ғазиз Ештанаевтың да драмалық шығармалары жарық көрді.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі соңғы жылдары «Тәуелсіздік толғауы» атты конкурс өткізіп келеді. Бұл конкурста Тынымбай Нұрмағамбетов, Тұрлыбек Мәмесейіт бастаған біраз қаламгерлеріміз жеңімпаздар биігінен көрінді.
Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Алаш тарихының ақиқаты» атты жабық бәйге ұйымдастырылды. Бұл бәйгеде Иран-Ғайыптың «Хан тұқымы», Рақымжан Отарбаевтың «Нарком Жүргенов», Сұлтанәлі Балғабаевтың «Мәңгілік махаббат әні», Думан Рамазанның «Аңсар», Жолтай Әлмашұлының «Мырзабайдың жазасы», Нұрғали Ораздың «Дөп-дөңгелек дүние, Кенжебай Ахметтің «Еңсегей бойлы ер Есім», Жәркен Бөдештің «Шерата мен Шынбала», Мағира Қожахметованың «Азат Алаш – Даңқты Алаш» пьесалары жүлдегер болды.
Соңғы уақытта драмтургияда жас толқын да жақсы көрінді. Мысалы, Мәдина Омарованың «Ақтастағы Ахико» пьесасы
М.Әуезов атындағы театрда сахналанып, Жапонияда көрсетілді. Сондай-ақ, осы театрда жас толқын өкілдері Қолғанат Мұраттың «Бақыт кілті», Айдана Аламанның «Жүрегімінің иесі» пьесалары көрерменге ұсынылды. Әннәс Бағдаттың «Бақтан өткенде» пьесасы «Алтын тобылғы» бәйгесінде жеңімпаз болып, «Рух» пьесасы Алматыдағы неміс театрында сахналанды.
Драмалық шығармаларға арналған түрлі байқауларда Мәлік Отарбаев, Әлібек Байбол, Әлішер Айтуар, Ардақ Нұрғазы, Мырзабек Нәсіпханұлы, Гүлжайнар Халдина, Еркінбек Серікбай, Мерей Қосын, Мәдина Төле, Ақмарал Әбдіхалық сынды жастар да бой көрсетті.
Екі құрылтай арасындағы қаламгерлеріміздің драматаургия саласындағы табыстары тек осы айтылған жетістіктермен ғана шектелмейді. Бұл туралы әдеби жыл қортындылары мен басқа да жиын-талқылауларда жан-жақты сөз болып келеді. Осыған орай, бұл жөнінде өз ойларын ортаға салып, шынайы жанашыр ұсыныс-тілектерін білдіріп жүрген театр сыншылары Бақыт Нұрпейіс, Сәния Қабдиева, Аманкелді Мұқан, Меруерт Жақсылықоваларға ризашылығымызды білдіреміз.
Бүгінгі заманда кез келген мәселе, оның ішінде әдебиетімізге қатысты шаруалар да қолданыстағы заңдар мен қаржылық мүмкіндіктерге негізделген айқын жоба-бағдарлама жасап, нақты ұсыныс беру арқылы ғана шешіледі. Ал сайрап айта беретін бос, қызыл сөзден ештеңе өнбейді. Екі құрылтай аралығында Драматургия кеңесі атынан бұл жөнінен біраз шаруа атқардық. Яғни ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Театр өнері жөніндегі көркемдік кеңесі мен «Нұр Отан» партиясының «Мирас» қоғамдық кеңесінің мәжілістіріне мүше ретінде тұрақты қатысып, драматургияның қазіргі жағдайы мен болашағы туралы пікір білдіріп, ұсыныс жасап келеміз. Бұл ұсыныстардың басым көпшілігі ескерілді деп айта аламыз. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінде репертуар жөніндегі басқарманың қайта құрылуы осының нақты бір дәлелі.
Сондай-ақ, республикалық «Тәуелсіздік толғауы» конкурсының драматургия бойынша өткізілуіне де үнемі атсалысып жүрміз.
«Мәдениет туралы» Заңға өзгертулар мен толықтырулар енгізу қолға алынғанда, бұған әдеби шығармаларды сатып алу мен тарату жөнінде арнайы бап қосу қажеттігін дәлелдеп, 2016 жылдың ақпан айында Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, сол кездегі сенатор Нұрлан Оразалинге қағаз жүзінде ұсыныс берген едік. Бұл ұсыныс та жүзеге асып, жаңа шығарманың әр баспа табағына 150 мың теңге қаламақы төлеп сатып алу және мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптардың таралымын 5 мыңға көбейту мәселесі шешілді.
Соңғы уақытта әдебиетті,
оның ішінде драматургияны қолжаулық ету жиі байқалып жүр. Яғни кім көрінгеннің пьеса жазып, сахнаға қойдырып, оңай жолмен пайда табуы «сәнге» айналған. Осыған орай, өткен жылы біраз драматугтер бас қосып, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне арнайы мәселе қойғанбыз. Соған байланысты Агенттікте ауқымды талқылау өтіп, театр мен драматургияға қатысты өзекті мәселелерді реттеп, бір жүйеге түсіру қолға алынды.
Өткен жылы осындай ұсынысты «Қазақстан театрларының репертуарын жақсарту және ұлттық драматургияны қолдау» деген тақырыппен Үкіметке де жолдағанбыз. Соған орай, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінен бұл ұсыныстардың қолдау табатыны жөнінде жауап алған едік. Қазір бұл мәселе де шешілді деуге негіз бар. Яғни министрліктің Театр өнері жөніндегі көркемдік кеңесінің соңғы отырысында драмалық шығармаларға сыйақы төлеудің жолдары талқыланып, бұл мәселе де бір жүйеге түсетін болып белгіленді.
Жақында ғана Алматы қаласы Қоғамдық кеңесі «Әдебиет – қоғамдық сананы жаңғыртудың негізі» атты отырыс өткізді. Біз бұл отырысқа да қатысып, өз пікірлерімізді ортаға салып, ұсыныста-рымызды бердік. Бұл ұсыныста-рымыз да болашақта жүзеге асады деп сенеміз.
Сөзімізді қорыта айтарымыз, ұлттық драматургиямыз болашақта жаңа деңгейге көтеріліп, театр сахналарында жақсы қойылымдар көбейе береді деген үмітіміз мол.