Ордамызды ойрандап алмайық…
09.03.2018
1069
0
Мәдениетіміз бен әдебиетімізді 70 жыл бойы бұғауда ұстаған советтік идеология оның өрелі өрісін тұсаулап, тынысын тарылтып келгенін аға ұрпақ пен ортаңғы буын жақсы біледі. Коммунистер айтқанына көндірді, айдауына жүргізді. Интернационализм идеясын күштеп таңды. Халқымыздың салт-дәстүріне жат нәрселерді тықпалап, діні мен ділінен айыруға тырысты. Ұлттық мектептер жабылды. Ана тілінде сөйлегендер ұлтшыл атанды. Орысша сөйлеп, доңыз дөңгелеткендер интернационалист деп дәріптелді. Кейбір оқырман «мұның әдебиетімізге нендей қатысы бар?» деп ойлауы мүмкін. Қатысы болғанда қандай!
1937-38 жылдары отарлаушылар сая­сатқа қатысы жоқ әдебиетші­лері­міз­дің көзін не үшін жойды деп ой­лай­сыздар? Кеңестік заманды жыр­ла­ған «қызыл сұңқар» Сәкен Сей­­фуллинді, кедейлердің өмірін жазған Бейімбет Май­линді, Жетісудың дүлдүл ақыны Ілияс Жансүгіровті не үшін атты? Жа­зықсыз Карелия ормандарында ай­дауда жүрген жерінен пролетариат жазушысы М.Горькийдің зайыбы Е.Пешкова «қазақтың Пушкині» деп айдаудан босап шығуына қолұшын берген ұлы ақынымыз Мағжан Жұма­баев­тың қыр соңына түсіп жүріп неге қатаң жазалады? Мұндай аласапыран неге орын алды? Меніңше, бұған 1936 жы­лы Мәскеуде өткен онкүндік «кі­нәлі».
Өйткені… сол онкүндікте ұлттың күл­лі руханияты, әдебиеті мен мәде­ние­ті бар қырынан жарқырап көрінді. Дәс­түрлі өнерімізге Мәскеу жұртшы­лы­ғы қызу қол соқты. Күләш Байсейі­това мен Шара Жандарбековалар, Қа­либек Қуанышбаев пен Серке Қо­жамқұловтар, Елубай Өмірзақов пен Манарбек Ержановтар, Құрманбек Жан­дарбеков пен Қанабек Байсейі­товтер сахнада жасындай жарқырады. Бұл көрініс Кеңестер одағының сол тұстағы басшыларына ұнай қоймады. Біртүрлі тіксініп қалды олар. Өйткені, басқа бір елді жаулап алар алдында басқыншы: бұл елдің мәдениеті қан­дай екен деп сұрайтын көрінеді. Егер де мәдениеті күшті болса, ол елді жау­­лап алу, жаулап алған күннің өзін­де уысында ұстап тұру қиын болаты­нын біледі. Сондықтан да тез арада ша­ра қолдану керек. Ол қандай ша­ра? Әлбетте, алдымен елдің бас кө­те­рер азаматтарының көзін жою. Совет Одағында «халық жауы» деген тер­мин­ді ойлап тапты, халықтың бетке ұстар ұл-қыздарын осылай қырды.
Тарихшылардың дерегі бойынша сол зұлмат кезінде 100 мың адам ұс­талып, 25 мыңы бірден атылған, қал­ған­дары Сібірдің тоңы жібімейтін суық ормандарына айдалған. Бұ­лардың ішінде саяси қайраткерлермен бірге мәдениет және әдебиет өкілдері де көп болды. Еліміз содан кейін 1986 жыл­дың Желтоқсанына дейін есін жия алған жоқ. Бұл жолы отарлау­шы­лар жастардың басына әңгір-таяқ ор­натты. Көкшетаулық милиция қыз­­меткері Тілеужан Оразбаев бауы­рымыз Желтоқсанның бірінші күні 64 өреннің қаза болғанын көзімен көргенін айтады…***
…Тәуелсіздік осылай келіп еді. Жеткен жетістік те жоқ емес. Бірақ, тө­рімізде тайраңдап, ортамызды ой­ран­дағысы келетіндер әлі де жоқ емес. Бар! Олар Ата Заңымыздың та­­лап­тары мен мемлекеттік тілімізге пыс­қырмайды да. «Қазақша білмесең қызмет істей алмайсың» деудің ор­нына «орысша білмесең орныңды босатасың» дейтін босбелбеулер же­тіп артылады. Кеңестік заманнан бері жалғасып келе жатқан осындай ос­падарлыққа қарсы күресудің орнына ха­лықтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдауға тиісті ақын-жазушылары­мыз бұл күнде басқаның бәрін тын­ды­рып тастағандай өзара айтыс-тар­тысқа түсіп, бірін-бірі күстаналауға кі­рісіп кет­кен жайы бар. Әдебиеті­міздің жоқ-жітігін осылай түгендейміз бе?..
Жақында бір ақын өзінен кем түс­пейтін екінші ақынның жазған өлең­дерінен үзік-үзік мысалдар кел­тіріп сынады-ай келіп! Ал үшінші ақын әлгі бауырымыздың өзі жазған өлеңдерінен мысалдар келтіріп, өзі сынаған ұсақ-түйек кемшін тұстардың әркімнен де кездесетінін дәлелдеп берді. Осыларды оқып отырып біздің ақындарымыз бірін-бірі сынап-міне­генше өзі неге одан да жақсы өлең жазып дәлелдемейді екен деген ой келеді. Мұндай ерсі іс-әрекеттерімен шаңырағымызды шайқалтатынын, іргеміздің көбесін сөге бастайтынын түсінбей ме екен? Алысқа бармай-ақ біздің алдымыздағы ағаларымыз – ақындар Сыр-ағаң мен Хамаң, Тұман­бай мен Қадыр және басқалар бірінен-бірі өткен қаламгерлер бола тұра өмір­де шәй деспей сыйласып өтті емес пе? Осы кісілердің өнегелі өмірі бізге неге үлгі болмайды?

***
Бүгінгі таңда бәтуәлі сөз айтар ба­та­гөй, ақыл айтар ағалар қатары си­реп бара жатқаны арқамды аяздай қа­бады…
Қазақтың қырғи тілді сатирик ақы­н, марқұм Шона Смаханұлының өз аузынан кезінде мынадай бір әң­гімені естігенім бар еді.
Кеңес Одағы атты отаршыл алып им­перияның 30-шы жылдары «халық жау­лары» деген жаламен жазықсыздан жа­зықсыз атылып кеткен халқы­мыз­дың бетке ұстар ұл-қыздары, аяулы арыс­тарымыз шетінен ақтала баста­ған 50-жылдардың аяғына қарай Қа­­­зақстан Жазушылар одағында өткен үлкен жиындардың бірінде жыр алыбы, ұлы ақын Жамбылдың хатшы­сы міндетін атқарған ақындар жоқ жер­ден жік шығарып, бірі «Жам­был­дың ана өлеңін мен жазып едім», екін­шісі «Мына өлеңі менікі» деп «ХХ ғасырдың Гомері» атанған баба­мыздың жырларын «бө­лісуге» кіріссе керек. Бұған төзе ал­ма­ған Қазақстан Компартиясының сол кездегі идео­логия жөніндегі хат­шысы Нұрымбек Жанділдин: «Тоқ­татыңыздар! Дәл қазір Жамбыл бо­ла­мыз десеңіздер ешкім сіздердің қол­­­дарыңызды қағып тұрған жоқ…», – деп тыйып тастаса керек.
Келімсектердің ұрпағы мен тілі орысша шыққан кейбіреулер халқы­мыздың бетке ұстар асылдарын орыс тілінде шығатын басылымдарда әлі де қаралауда. Олар тіпті ұлы Абайға да (Е.Курдаков), ұлы Жамбылға да (Ер­бол Курманбаев) тиісуін әлі де қояр емес… Курдаков Абайды «наша­қор» деп ғайбаттаса, Курманбаев тіпті Жамбыл деген ақын өмірде болмаған дегенге дейін барды (Очерки фальси­фикации казахской истории. Kultura.Az. Ноябрь 10, 2009). Ұялмай-қызар­май осылай деп жазғандар біздің «ал­ты­бақан алауыздығымызды» аяр­лықпен пайдаланып отыр.
Соңғы кезде әде­биет пен өнер саласында тасада тұ­рып тас ататындар пайда бола бас­тады.
Кейбір баспасөз беттерінде, те­леарналарда, тіпті бір әріптесіміздің баспадан шыққан кітабында белгілі ақын, драматург, Мемлекеттік сый­лықтың иегері Нұрлан Оразалинге орынсыз тиісіп, орға жыққысы келе­тін сыңай танылып қалады… Сол ма­­териалдарды қарап отырсаңыз, не­гізінен «жаптым жала, жақтым күйе».
Бір кездері газеттердің бірінде «Жазушылар одағына жаңа басшы керек» деп он шақты жазушының Президенттің атына жолдаған хаты жарияланды. Жазушылар одағының бүгінгі тыныс-тіршілігінен аздап ха­бары бар адам мұның тырнақ астынан кір іздеу екенін айтпай-ақ бірден тү­сінеді. Бұған 550 жазушының
«Қа­зақс­­тан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевқа ашық хаты» дәлел. Бұл хаттың мазмұны әлгі оншақты жазушының пікірі барлық жазушының пікірі емес екенін айғақтайды.
Бір бауырымыз тіпті «Қазақстан Жазушылар одағы… күйреді» деп күңіренеді. Бар кінәні бір адамға, яғни Жазушылар одағының басшысы Нұрлан Оразалинге артқысы келеді. 22 жыл басқарды дейді. «Осынша мерзім басқарғандар бұрын болған жоқ» дейді. Ал ондай кісілер болған.
Совет Одағының Жазушылар одағының хатшысы болып, алып империя ыдырағаннан кейін Ресей Жазушылар одағын Сергей Михалков жиырма жыл басқарды. Әзірбайжан­ның Анар ақыны әлі басқарып отыр. Беделің болып, жазушыларың қайта-қайта сайлап жатса неге басқармас қа? Сондықтан, Одақты шашау шы­ғармай ұстаған соң Нұрекең бе­делі мен біліктілігінің арқасында сайлан­ды. Рас, өзі айтпақшы, бір де бірінің алдына барып дауыс сұраған жоқ, менің әріптестерім төрт Құрыл­тайда да өздері сайлайды. Жазушылар­дың басым көпшілігі әлі қолдап ке­леді. Мен бұл арада көрнекті ақын Сей­фолла Оспанның Жазушылар одағы­ның Пленумындағы пікіріне қосыла­мын. Сондықтан Нұрлан Ора­залиннің сайлауға түскенін қалаймын. Бізде демократия ғой. Бұл мәселені кезекті Құрылтайда жазушылардың дауысы шешсін. Қазақша-орысшасы да тең түскен тұлға. Тәжірибесі мол, білген-түйгені көп. Мұндай ерекшелік екі­нің бірінің маңдайына жазыла бер­мей­тін қасиет. Сондықтан, оның осы қызметте қала бергені жөн болар еді. Бірақ та өзінің өтініші бойынша бұл қызметтен өз еркімен кететінін мә­лім­деді. Дегенмен, тағы да қайталап айтамын, мұны Құрылтай шешсін.
Нұрлан Мырқасымұлы Оразалин Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты қызметін абыроймен атқар­ды. Ол қаламгерлердің әлеу­меттік жағдайын жақсарту, кітаптарын шы­ғару, қаламақы мәселесі және тағы басқа проблемаларды шешу жолында аянбай тер төкті. Сонда сол жаққа да артынан арыз дөңгелеттік…
Айтпағым, Одақты кім басқарса да ұлы Мұхаңдар мен Сәбеңдердің, Ғабит пен Ғабидендердің ізі қалған қарашаңырақты сақтап қалудың қа­мын жасауымыз керек. Ол үшін бірлік керек, бірлік бар жерде тірлік бар.
Кейбір қаламгерлердің «мына мен өзім не бітірдім, не тындырдым, ту­ған әдебиетім мен мәдениетіме қан­дай үлес қостым?» деп бір сәт ойла­нып, ортақ үйіміздің шаруасын қалай жақсартуға болатыны жайында ұтымды ойлар айтып, орынды ұсы­ныс­тар жасаудың орнына біреуді күстаналап, «ішіп қойды, жеп қойды» деп жарғақ құлағы жастыққа тимей айғай-аттанмен жүретіні қайран қал­дырады? Елін, жерін сатып, елдің ризығын ішіп-жеп, қалтасын толты­рып шетел асқандары да жоқ олардың. Ондайларды көрсе де көрмегенсіп, білсе де білмегенсіп жүре береді.
Осы орайда Нұрлан Оразалинмен қасиетті қара шаңырақ – Жазушылар одағында жиырма жылдан аса қызмет еткен, оның он алты жылында Нұр­лан Оразалинмен қанаттасып қызмет атқарған Берік Шаханов: «Азаматтың адалдығын, кісілігін, кеңдігін, іскер­лі­гін танып-білу үшін бұл аз уақыт емес», – дей келе, оның одақтағы атқар­­ған қызметінің толымды жақ­тарына кеңінен тоқталғаны бар. Бұл Нұрлан­ды сырттай ғайбаттағысы келетіндерге берілген нақты жауап.
Нұрлан Оразалиннің өзі бір өле­ңін­де «Періште боп келіп өмірге, пен­де болып өтеміз» деп жазғанындай, мен мұны базбір әріптестеріміздің әлі де пендешіліктен, күншілдіктен арыла алмай келе жатқаны жанға батқан соң жазып отырған жайым бар. Кикілжіңнің керегі не? Одан да ұлтжандылық жайын неге ойламай­мыз? Жеке басымыздың күйін күйт­те­генше әдебиетіміздің болашағын неге ойламасқа?
Кеңес Одағы кезінде орыстың белгілі ақыны Лебедев-Кумачтың бүкіл елге кеңінен тараған «Широка страна моя родная» деген өлеңіне ком­позитор И.Дунаевский ән шы­ғар­ған. Осы ән Кеңес Одағы ыдыра­ған­ға дейін айтылып жүрді… Әнге айналған сол өлең:

«Широка страна моя родная,
Много в ней лесов, полей и рек,
Я такой другой страны не знаю,
Где так вольно дышит человек», – деп басталатын еді. Міне, патриотизм! Ол бұл өлеңді Мәскеудің бірнеше отбасы тұратын коммуналдық пә­те­рінде кептіру үшін жіпке ілінген кір-қоңның исі келіп тұрған аядай тар бөлмеде отырып жазған. Ал, біздің қаламгерлеріміз бас қосатын, жиын-кештерін өткізетін шаңырағы бар, бастарында хан сарайындай үйлері бар, шығармашылық тұлға ретінде есімдері елге мәлім. Сөйтіп жүріп ел­ге абыройсыз болсақ, жас ұрпаққа не бетімізбен үлгі боламыз? Қайбір күнгі Пленумнан шығып бара жатып көзі мөлдіреген жап-жас баланың құлындағы дауысы құлағымда әлі шыңылдап тұр: «Жазушы ағалары­мыз­дың кітабын жата-жастана оқы­ға­нымызбен… мына шиеден болған беттерін көрмей үйде бүк түсіп жату керек екен ғой…»
Құдайға шүкір, бізде Жазушылар Одағы бар. Бұрынғы одақтас респу­бли­­калардың көбі тәуелсіздік алған­нан кейін өзім білермендікке салы­нып, Одақтарын әлсіретіп алды. Мә­се­лен, кезінде Кеңестер Одағы гим­нінің мәтінін жазған, Ресей Жазу­шылар Одағын жиырма жылдай басқарған Сергей Михалковтан кейін олардың одағы бірнеше бөлімшеге бөлініп кетті. Бізбен көршілес Өз­бекстан, Қырғызстан елдеріндегі жағдай да мәз еместігін естіп жатамыз. Түрікменстанда атымен жоқ. Құдай бізді бөлінуден сақтасын. «Бөлінгенді бөрі жесе», бүлінгенді бәрі жейтінін ұмытпайық, ағайын.

***
Төлеген қаскөй қарақшының оғынан қансырап, айдалада жатып, демі үзілер алдында Бекежанға: «Қайран қазағым-ау, дүниеден алар бар еншің осы ма еді?!», – демейтін бе еді? Төлегеннің өлімі туралы ха­бар­ды естігенде Жібектің әкесі Сырлыбай: «Билік сендерде!» дегенде үш жүздің өкілдерінің үкімі бір жерден шыққан ғой:
– Ұлы жүздің жазасы мынау! – деп аса таяғымен жерді нұсқайды ғой, яғни «өлім жазасы».
– Орта жүздің кесімі осы!
– Кіші жүз ағаларына қосы­лады.
Бізге қашан таусылары беймәлім бес күнде дәл осындай бірауыздылық керек…

***
«Қазақтың өлгенінің жаманы жоқ, тірісінің өсектен аманы жоқ», – деген данышпан Абай. Бұған қоса не айтуға болар еді?
Өркениетті ел болып бірігеміз бе, әлде «Қубас болар айғыр құлынын талайдының» кебін киіп, Міржақып оята алмаған, Абай сөзін тыңдата алмаған қазақ болып қала береміз бе?

***
«Мен жетелеп өтемін, өрге қарай қазақты» деген ұстанымынан айны­май өткен Шәкәрім Құдайбердіұлы өзіміздің қанқұйлылардың қолынан қаза тапқанын бұл қазақтың бүгінгі ұрпағы ұмыта бастады.
Күні кеше ғана өмірден мезгілсіз өткен таланттардың бірі Рахымжан Отарбаев: «Жорғаның қадірін желген­де білетін, жақсының қадірін өлгенде білетін не деген қасқа халықпыз?!… Егер де 1937 жыл қайтып келетін бол­са, бұл қазақ тағы да бірін-бірі ұстап береді. Заман мен қоғам өзгергенмен, адам ниеті өзгермей қалды», – деген еді. Құдай бізді содан сақтасын.
Сөзімді ақын Сабыр Адайдың:
Кеңсайға кеткен данасы,
Кеңпейіл қайда баласы?!
Қазақы бейнең қай жақта,
Бұл өзі кімнің қаласы?! –
деген өлең жолдарымен аяқтағым келеді. Бірауыз болып біріксек дала да, қала да өзіміздікі болады. Даламыз кең бол­ғанымен, жолымыз тар екенін ұмыт­пайық, ағайын! Иншалла ниетіміз түзу болғай.

Ғазизбек
ТӘШІМБАЙ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір