Айтары анық, бояуы қанық
02.03.2018
1878
0

Адам өлген күні өлмейді,
Ұмытылған күні өледі.
Абай.

Мать – это имя Бога на устах и в сердцах маленьких детей.
Уильям Мейкпис Теккерей.

Белгілі қаламгеріміз Дариға Мұштанованың «Аңыз болған абысындар» атты прозалық шы­ғар­­масын бірдеммен оқып шық­тым. Тұлғалы туындының алтын арқауы Құдайдай құдіретті әйел, әйел болғанда да аттары аңызға айналған асыл текті, алтын құрсақ, болмысы бөлек, ақылман, бекзат аналар. Мына жарық дүние дейтін жалғанда әйелден аяулы кім бар?! «Әйел жүрегін аялай көріңдер, сол жүректе мәңгілік сақталған бала­лық бар ғой», – деп Стефан Цвейг тегін айтты дейсің бе?! Немістің әлемге әйгілі жазушысының «Не­тер­пение сердца» романының авторының «Мәңгілік сақталған балалық бар» деген сөзін қуаттай отырып, «Әйел жүрегінде балалық қана емес даналық та бар» деп қайталап, қадап айтамын мен.
Иә, менің анық көзім жеткен көңілім кәміл сенген шығар күн­дей шындық – әйелде баланы дана, дананы бала ететін құдірет бар. Әйелсіз өмір – Айсыз түн. Әлемнің кілті әйелде. Әйелдің ті­лін тапқан, әлемнің де тілін табады. Қысқа қайырсақ, Құдай тектес құдірет – Әйел жайлы шұрайлы шығарма бұл! Талантты адам – бар істе де талантты деген талассыз шындықтың шырайын келтіріп тұр бұл кітап. «Бүгін тағы да сол ирек-ирек, толқын-толқын, жал-жал құм өңірі еніп шықты түсіне. Қапілемде анау-мынау сезімге, жылаңқы ойға бой алдыра бермейтін қайсар келіншек шағыл күнге шағылған осы бір түс енген сайын томсарып, жүрегі сыздап оянады. Сонау алыста қалған Құм Нарынға ма, әлде ол алтын жиек шағыл мен бірге сағымға оранып қалып қойған жастығына ма, әйтеуір бір сағыныш көкірегін қарып, ішін жалап өтеді», деп басталған алғашы сергек, серке сөздерде қысқа да нұсқа табиғат суретімен сабақтаса суреттелген кейіпкердің жандүние әлемін жазбай танисыз. Оған жалғаса жа­зылған: «Ойхой, дүние-ай, ол да бір дәурен еді-ау… деген жалғыз сөйлем алда айтылар сыр мен жыр­­ға еліктіріп, елітіп жетелей жөнеледі оқушыны.
Теңіздің дәмін тамшыдан да тануға болады. Алғашқы сөйлем­дер­мен-ақ алғырлық танытып тұр автор.
Бір сөзбен айтар болсақ бұл шы­ғарма – «Аңыз болған абы­сын­дар» аяулы үш ана – Сақып­жамал, Ділда, Сақып жайлы сыр мен жыр.
Өкінішке қарай, бүгінде қала тұрмақ ауылдың өзінде ұмытыла бастаған «Абысындар институтын» көркем сурет, керемет кермиық көрініспен көз алдыңа алып келуі­мен де бағалы бұл повесть.
Автор өз кейіпкерлерін іс-әре­кет үстінде суреттеп, олардың жандүниесін жарқырата ашады. Үш абысынның бірі – Қайса­ғали­дың жары Сақыпжамал қыстың көзі қырауда көшті тоқтатып, жалғыз өзі жаяу кері жүріп, көш кезінде көліктен түсіп қалған сә­биді қар астынан тауып алып, ажалдан аман алып қалады. Иіріліп тұрған бір қора еркек асау жиренге жақындай алмай тұрғанда Сақыпжамал асауға бас білдіреді. Сол эпизотты иінін қандыра баяндаған автор: «Нарынның Нар­қызы­ның алпысында асау үйреткен осы шалт мінезі тағы бір айта жүретін аңыз болып қалды бұл елге» деп әсерлі тарауды әдемі түйіндейді.
Сақыпжамал мен Ділданың зәңгімен (цинга) ауырып жатқан Сақыпқа ем болар балық іздеп, Астраханға барған азапты сапа­рын­да көрген қиындықтарын, қысылтаяң шақтағы тапқырлық­тарын автор сенімді суреттейді.
Дариға Мұштанова шығар­масының бас кейіпкерлері «Бір-бірінен іргелері де, еншілері де айрылып көрмеген, бір үйдің үш қызындай болып кеткен үш келіншек» тату-тәтті үш абысын Сақыпжамал, Ділда, Сақып. Үлкен абысын келмей кіші абы­сын­дар да, үйдегілердің бірі де дастархан басына келмейтін, үлкендері дастарханнан тұрмай жасы кішілер отырған орнынан қозғалмайтын, иба мен иманды, кісілік пен кішілікті бойға сіңірген қазақы дәстүрді берік сақтаған бір ананың баласындай, бір қолдың саласындай үш абысының бекзат бейнелер мінсіз мүсінделген бұл шығармада.
Бұл үш абысынның өзі тәтті, діні қатты мына өмірде көрмегені жоқ. Сонау бір кер заман, зар замандағы кәмпескені де, 32-жыл­ғы аштықты да, 1951 жылғы жұтты да, сұрпалы соғысты да, Сақып пен Қизаның 5 баласын бірдей жалмаған қызылқырғын қызылшаны да, елді ата қонысы­нан еріксіз көшірген сұмырай, сұмдық полигонды да бастан өткерді аяулы үш абысын. Не ай­та­тыны бар, қиындықты көп, өте көп көрді үш абысын – үш ана.
Қиындық деген – қайрақ. Оған қаңылтырды жанысаң ке­тіледі, болатты қайрасаң жетіледі. Кетілмеді, жетілді қайран, қайсар үш Ана – үш абысын. Соданда олардың өздері – абыз, аттары аңыз болды елде.
Осы үш Ана – үш абысын көр­ген қиындық бүкіл қазақ, бүтін ел көрген қиындық еді. Соданда абысындар тарихы – ел тарихымен, ел өміріндегі елеулі кезең, халық бастан кешкен басты оқиғалармен байланыстыра бедерлі бейнеленіп, сенімді суреттелген.
«Адам баласы үшін жан мен намыстың құны бірдей» депті «Тынық Дон» фильміндегі бас кейіпкерді мінсіз мүсіндеген Эли­на Быстрицкая. Осы сөздер үш Ана – үш абысынның бекзат бол­мысымен әдемі үндесіп, әсем үйлесіп тұр.
Айтыс дүлділі Дариға қисынын тауып, қиюын келтіріп өз кейіп­кер­лерін әлсін-әлсін айтыстырып та алды шығармады.
Осы шырайлы шығарманың түйіні де шымыр. Сөзіміз жалаң болмас үшін оқып көрелік: «Қа­рао­баның биіктеу қыра­тын­дағы үлкен қорымда үш қабір қатар жатыр. Үш бейне, үш ардақ, үш асыл адамның, үш ананың қара­па­йым да қасиетті зираты. Бір-бі­рінен тек қол созым жерде… бір-біріне қолдарын созып, бір-бірінің бастарын сүйеп жатқандай әлі».
Түйіп айтсақ, Дариға Мұш­та­но­ваның «Аңыз болған абы­сын­дар» атты шығармасы – тың тақырыпқа тұңғыш түрен салған, айтары анық, бояуы қанық, шұ­рай­лы шығарма, оқушының ойына ой қосатын тұлғалы туын­ды. Сосын адамдардың бір-біріне деген мейірімін, махаббатын қарасөзбен жырланған поэма.
«Воспевайте только любовь, остальное все преступление», – депті Луи Арогон. Махаббаттың құдірет күшін танытқан, ана алдында ас­қар тау да аласа екен­дігін тағы бір пайымдатқан пара­сатты туынды бұл!

Сәбит ДОСАНОВ,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, М.Шолохов атындағы, Махмұт Қашқари атындағы «Түрік әлеміне сіңірген аса зор еңбегі үшін» Халықаралық сыйлық­тардың иегері, Қазақстан­ның Еңбек сіңірген қайраткері.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір