Осы бір көше, осы үй…
23.02.2018
1975
0

Биылғы наурызда қазақ теледидары – қазіргі «Ұлттық арна» өзінің 60 жылдығын тойламақ. Бұл тек қалам мен микрофонды қатар ұстаған тележурналистердің, режиссерлар мен камера көтерген операторлардың ғана емес, күллі қазақ қаламгерлерінің, көксандығы қашанда қастерлі төрінде тұрған қазақ зиялыларының, олардың сол көксандықтың алдында өскен зыйынды ұл-қыздарының мерейін тасытар нағыз елдидар мерекесі болмақ.
Осы қарсаңда архивімді ақтарып отырып бұдан 20 жыл бұрын жазылған, осы қазақ теледидарының қаз басқан қос жасар кезінен бастап, жігіт шағына жеткенше 18 жыл бойы телеэфирінен түспеген жарық жұлдызы Совет Масғұтов тұралы бір шағын мөлтек сырымды тауып алып, мұнымды қаз-қалпында қазіргі ұмтылыс дәуірінде ұлтымыздың қолындағы ұлағат ұранындай, қирағат құранындай болған «Қазақ әдебиетінің» оқырмандарына ұсынып отырмын.

Осы бір көше, осы үй… Кең де би­ік емен есігі ойбайлап ашылып, жылап жабылатын болыпты. Ішімнен «Шіркінді майлап қойса қайтеді екен…», – деп сыртқа шықтым. Бұ­рылып артымдағы ауыр есікке қайта қарадым. Ол мені ойға жете­леді… Бұдан 32 жыл бұрын марқұм Совет Масғұтов мені маңдайшасында «Алматы телерадио комплексі» деп орыс тілінде жазылған осы есіктен ертіп кіріп еді. Бұл 1966 жылы бола­тын. Содан бір мүшел жас өткенде қарашаның жетінші жұлдызы – Кеңес өкіметінің туған күні деп Одақ көлемінде тойланатын мемлекеттік маңызды мерекеден репортаж жүргізу үшін Совет Масғұтов қолтығындағы балдақпен осы есіктен шыққанда, бұл байғұс «мені соңғы рет серпіп барасың ба?» деп осылайша жылап тұрып жабылды ма екен?.. Сол Совет сол мерекенің телерепортажын жүргізіп болып, осы көшемен осы есікке қайтып келе жатқанда жығыл­ды. Онда Совет Масғұтов республи­ка­лық қазақ теледидарының Бас редакторы болатын. Бұл 1978 жыл еді. Ой, опасыз дүние-ай… Сол Совет сияқты сенің есігіңді мен де бір күн жа­бармын… Сонда о дүниеге не тындырдым деп барармын…
Ол бізге қарашаңырақ ҚазМУ-де үшінші курста оқитын журналистерге сабақ берді. Аудиторияда сөйлеп тұр… Сәкең 1939 жылы келіп 39 жа­сын­да жарық дүниенің есігін жылата жапқан дегдар жан еді. Ол жас өмірін ХХ ғасырдың жаңа өнеріне арнаған 18 жылдың ішінде қазақ теледида­рының маңдайына сыймай кеткен жарық жұлдызы болды. Дидар ғайып деп осындай ғұмырды айтатын бо­лар.
Көз тайғақта, көңіл ойда… Бас­палдақпен қиыстап түсе берісте, бір топ жас иықтарымен мені қаға-маға мәз-мейрам жоғарыға өрлеп бара жатты. «Жақсы ғой заман, қандай көң­ілді»… Қайран Мұқағали, нендей оймен айтты екен мұны…
Оның жұлдызы жаңа өнер – теледидарда жанды. Жанғанда алуан қырынан көз тартып, жарқырап жанды. Диктор Совет, телекоммен­татор Совет, бас редактор Совет, ғалым-ұстаз, публицист Совет, ақпа аудармашы Совет, Совет аға….
Совет саxнада тұр. Үстінде майданда әкелеріміз бен ағаларымыз киген әскери ақ тон. Белінде бес жұлдызы жарқыраған айылбасы бар жалпақ былғары белбеу. Қолында микрофон. Сымбатты денеге әскери киім қандай жарасымды. Алматы ауылшаруашылығы институтының кең көпшілік залы. Жарқыраған прожекторлар, жылжымалы ауыр камералар.
– Қадірлі қауым… Баяғы құлақтан кіріп бойды алған мақпал коңыр үн. Жұрт тынып қалған…
– Осынау мен киіп тұрған, кезінде жауынгерлердің Отанға, елге деген жүрегін жылытқан ақ тоны қазір ұл-қыздарымыздың сәнге киетін, іздесе таптырмайтын киіміне айналды. Қызыл әскердің қан майданда киген осынау ақ тоны…
Советтің қазақ теледидарында 1974 жылы жүргізген, көпшілік ал­дында, саxнада осылай деп басталған «Мың да бір раxмет» атты xабары көп адамның көкейінде қалды. Бұл xабар табысқан тағдырлар, олардың соғыс кезіндегі тартқан тауқыметі туралы болатын. Советтен кейін мен оны «Атамекен» деп жалғастырдым.
Семей тері өңдеу комбинатының орденді жұмыскері Камал Исина сахнада, Советтің қасында отыр. Әскерге кеткен ағасының осы ақ тонмен түскен суретін, көп өтпей сол ағасынан келген «қара қағазын» көрсетіп, бұл қазаны көтере алмай қартайған әке-шешесінің қайтыс болғанын, қаңыраған үйде он үш жасар өзімен жеңгесі Бүбіхан екеуі қалғанын, жұмыс іздеп комбинатқа барғанын, станокқа бойы жетпей түнімен жәшіктің үстінде тұрып қалай жұмыс істегенін, кейде қалғып кетіп қалай құлағанын айтып, ағынан жарылып, бірде жылап, бірде күліп әңгіме шертіп отыр. Көктем шыға жеңгесінен де көз жазып қалыпты. Жас адам тұрсын ба, бірақ бір сөзінде «жеңгем талғақ болғанда ағамнан тұяқ қалатын болды», – деп қатты қуанғанын айтып қалды. Сонда Совет:
– Ендеше, Камал апа, сүйіншімді беріңіз, сол Бүбіхан жеңгеңіз өзінің ішінде кеткен, ағаңыздан қалған, тіптен Исаның әулетінен қалған сол жалғыз тұяғыңыз Төлегенді ертіп, бүгін екеуі сізді іздеп осы хабарға ар­найы келіп отыр, Төкен сахнаға ке­ліңдер, – деп қонақтарын шақыр­ғанда ойда жоқ оқыс шаруаға «Құдай-ау, мынау не дейд?!», – деп Камал апаның орнынан үш ұмтылып барып әзер тұрып: «Қарғам-ау, тұя­ғым-ау, көлдегі құрағым-ау, сені көрсеткен разымын Құдайым-ау» деп қисын­дырып, кәдімгі қазақы ғұ­рыппен көрісіп, дауыс салғанын көргенде кең залдың ішінде отырып көзіне жас алмағандар болмаған шығар.
Міне, бұл теледидар өнерінің құдіреті. Ол кезде Одақтық баспасөз бетінде Мәскеу телесыншыларының арасында «теледидар өнер ме, әлде тек ақпарат құралы ма?» деген пікір сайыс жүріп жатқан. Совет Масғұтов Қазақ топырағында теледидардың нағыз жаңа өнер екенін тұңғыш дәлелдеген бірегей дарынды тұлға.
Кезінде өзі жасаған, жүргізген телехабарлардан сақталып қалғаны бар ма екен деп, Сәкеңнің тірі тұр­патын іздедік, жоқ болып шықты. Манағы сахнаға ақ тон киіп шыққан «Мың да бір рахмет» хабарын Се­мей­ден келіп сахнада дауыс салған Камал апайдың өзі де көрген жоқ, ол кезде Алматыны Семей көре алмайтын. Түнде эфирден өткен сол дүниені ертеңінде сағат тоғызда келіп, ұшақ­пен Семейге жіберейік десек, бір сағаттық үлкен хабардың таспасы сол түнде өшіріліп жіберіліпті. Соны естігенде Советтің қалың шашын қос қолдап жұлып, айқайлап қалай ашуланғаны әлі күнге көз алдымда. Кім кінәлі дейсіз ғой? Талант бар жерде оны көре алмайтын, оның қыр соңынан қалмай, қия басқан ізін аң­дып жүретін қызғаныш дейтін қызыл ит бар. Және ол кезде орыс хабар­ла­рының емес, қазақ тілді хабарлардың жақсы болғанын теледидардағы күллі техниканың кілті өз қолдарында тұрған ағайындар онша жақтыра бермейтін. Әйтеуір Советтің Бай­қоңыр­дың ғарыш алаңынан жүргізген радиорепортажы Қазақ радиосының «Алтын қорында» қалғанына тәуба. Жаз айларында алты жыл бойы үзбей көксандықтан көрсетілген «Алты бақанның» жалғыз ғана хабары қалғанына қалай қайран қалмайсыз. Сол «Алты бақанды» ашарда жанын салып жанашыр болған сол Сәкең еді. Бұл ел аузындағы «Алты бақан алауыз» деген іреме сөзі емес, ол қа­зақ жастарының ежелден келе жатқан ұлттық ойын-сауық сайраны дегенді түсіндіру үшін ҚКП Орталық Ко­митетінің насихат бөліміне дейін барды. Неткен заман десеңізші. Айтпақшы, жыл сайын Қазақстанның әр қаласында өтетін жастар хабар­ла­рының Республикалық «Жолдас» телефестивалін де ұйымдастырған сол Совет Масғұтов болатын.
Жәйлап басып, Желтоқсан көше­сіне шықтым. Осы бір көше, осы үй… Бұл үйдің есігін кімдер ашпаған. Хан да, қараша да, аспаннан түскен бір топ ғарышкерлер де ашқан бұл есікті. Шаталов, Хрунов, Елисеевтер деген­дер естеріңізде ме? Сәкең солармен сұхбат құрған хабарын арнайы Мәскеудің тапсырмасымен жазған. Сәкеңнің орысша сауаты қазақ­ша­сынан кем емес еді. Сондықтан да Одаққа көрсетілетін мемлекеттік маңызды телехабарларды Қазақс­таннан Мәскеуге тек Совет қана жасайтын. Жалпы, Одақтық «Красная звезда» атты әскери басылымның Совет Масғұтовты Орталық теле­дидардың халықаралық саяси шолушысы Фарид Сейфулмуликов­пен қатар қойып, екеуіне фотосурет­терімен қоса арнайы бет беруі Сәкеңе берілген Одақтық биік баға болатын. Сәкеңнің хабарларын Мәскеуде көріп мақтан еткенін еске алып, марқұм Д.А.Қонаев алдына Сәкеңнің жары, баспагер Шолпан Тоқсанбаева үй сұрай барғанда «қарағым, бес күн демейін, бес айдан кейін баспана беремін» дегені ел ағасының талантты танып, бағалай білгені болар. Ди­мекең уәдесінде тұрыпты…
Осы көшемен Сәкең өзінің тұң­ғышы, Қазақ теледидарының ал­ғаш­қы пионер дикторы Салтанатты да қолынан жетектеп ертіп жүретін. Сөйтіп бұлар Д.Қонаевтан баспана алғанда аядай үйдегі сегіз жан – Шолпанның енесі мен атасы, төрт бала мен ерлі-зайыпты екеуі жаңа үйге қалай көшкені Шолпанның әлі күнге есінде. О дүниеге Сәкеңнің өзінен төрт жыл бұрын, 1974 жылы сапар шеккен атасын еске алып Шолпан: «Жарықтық, бұл менің жалғызым, мұны ренжітсең мен саған теріс батамды берем деп екеуімізді қолымыздан ұстатқан өзі еді. 92 жасқа келіп қайтыс болғанда, Құдай-ау, сол қарияға да жылаппыз-ау», – деді бір сөзінде. Бұл сүйген жарының 40-қа жетпей кеткен қазасына, одан Сәкеңнің соңында қалған екі ұлдың едел-жедел жарық дүниеден көз жұмған азасына кейігенде кейін өзін-өзі жұбатып басу айтқан сөзі. Адамның әмірі жүрмейтін тағдыр-ай десеңізші…
Сәкең туралы ой басып аялдамаға қарай аяңдап келем. Қазақ теледи­дарының маңдайына сыймай кеткен Сәкең қазір келіп өзінің әдеттегі әзілі­мен «ауырлап қалыпсың ғой» деп қолтығымнан демейтіндей.
Тәңірдің өзі қазақтың теледидары үшін арнайы жаратқандай сол бол­мысы бекзат тұлғаны қасымызда жүруге қимаған екінші қырсық, амал бар ма, тас маңдай тағдыр оны сүйек обыры деген сырқатқа таңды. Сөйтіп, көгілдір экранда небары 21 жасында жарқ етіп көрінген Советтің жарқын бейнесі 17 жыл бойы жарқыраған жұл­дыз қалпында, зеңгір көкке шарқ ұрып нағыз шарықтаған шағын­да жарығы солмай кенеттен сөнді. Бірақ артында Буниннен бастап орыс классиктерінің алты аудармасы мен өзі жазған бір кітап қалдырып, өлмес өмірге ұлағатты ұстаздығымен ат­танды.
Осы бір көше, осы үй… Шолпан айтады: «Осы үйге ескерткіш тақта қойса қайтер еді», – деп. Мен айтам; «Тақта емес, Қазақ теледидарының алдына Совет Масғұтовтың биік тұ­ғыр үстіндегі бюст бейне мүсін ес­керткішін қоямыз, Сәкең соған на­ғыз лайық тұлға», – деп. Сонда Қы­зыл Кеңестің қасақана жасаған аш­тығын былай қойғанда, 37 мен Отан соғысында опат болған боз­дақтар құнының өтеуіндей өркениет көшіне қосып қазақтың маңдайына Жаратқанның өзі сыйлаған Қазақ теледидарының тарихы Совет сияқты жарық жұлдыздардың жарығымен жаңғырып, өскелең ұрпақтың есінде қалар еді. Ал Алматының бір көшесіне Қазақ теледидарының негізін қалаған толымды тұлғалардың арасында шы­ғармашылық шеберлік тұрғысы­нан бірегейі, ер дауысты тұңғыш дикторы, тұңғыш кәсіби маман тележурналисі, сұңғыла жүргізушісі, тума талант, білікті Бас редакторы, теле­журналис­тикасындағы тұңғыш оқулықтың авторы, әрі әдеби аудар­машы Совет Масғұтовтың атын беру аса қиын мәселе болмаса керек-ті. Мүмкін сонда «Осы бір көше, осы үй­дің…» мөлтек сырын өзгеше мөл­діретер ме едім…
Марқұм Советтің өмірден өтер алдында Шолпанға жазып қалдырған өсиет хаты бар екен. Онда Сәкеңнің: «…егерде өздері бағалап, еңбегімді ескеріп жатпаса ешкімге барып кісілігіңді кішірейтпе» деген сөздері бар. Енді есіме қай қасиетін айтсақ та, халқының хас қаһарманы болған Бауыржан Момышұлының 1947 жылы, үш-ақ мүшел – 37 жасында күнделігіне жазған мына бір жолдары түсіп отыр:
Қадірін білмеппіз ғой тірі кезде,
Деп жылар сорлы қазақ мен өлгенде,
Ұрпақ атар сексен мен жүздігімді
Тарихтың түкпірінен сөз келгенде.
Осы тұспалмен Совет жөніндегі сөзімді тәмам деуге де болар еді, Әйтсе де Сәкеңнің болмысын байып­тау үшін бұл сырды оның Құдайы бір құрдасы, мұңдасы мен сырласы, әрі теледидарда алпысыншы жылдары әріптесі болған қазақтың дарынды ақыны Дүйсенбек Қанатбаевтың Сәкеңе арнаған қос шумағымен аяқтағым келіп отыр:
Жас едің сен ол кезде жалын­даған,
Асуларың көп еді алынбаған.
Сені тартқан өзіне теледидар
Төрт бұрышты дүние – шағын ғалам.

Өзің едің өнерпаз өресі ұлы,
Жігіттердің ішінде төре – шыңы.
Жылыстап жылдар талай өтсе-дағы
Ұмытылмақ емес қой ер есімі!

Р.S.:
Қағидатқа айналған осы ұстанымды біле тұра көзі тірі кезінде қадіріне жетпейтін «сорлы қазақ» өзіміз дүниеден өткен дарынды тұлғаларымызды ардақтап, әруағын сыйлауға келгенде сонша неге сараң болдық екен? Мысалы: Дауысы халқының құлағында қалған халық әртісі Ә.Байжан­баевқа Қазақ радиосында бюст қою мәселесін биліктегілер біріне-бірі сілтеп 13 жыл бойы қаузадық. Ақыры қолымыз жетті, Құдайға тәубе! Биыл ұлт топырағында өнген қазақ тележурналистикасының кәсіби шебер хас маманы, қайталанбас дарынды сирек тұлғасы Совет Масғұтовтың өмірден қайтқанына 40, келесі аттамда туғанына
80 жыл толмақ. Ал Советке бюст-мүсін ескерткіш қойып, атына көше беру мәселесі осыдан 30 жыл бұрын басталып еді. Қазір қазақ электронды ақпараты қарашаңырағының төрінде іскер ініміз Ерлан Қарин отыр. Ойымыз – тойымызда. Осы орайда Совет сынды лайықты тұлғаның атына көше беріп, затына мүсін қою мәселесін енді Ерланның есіне салайын деп отырмын.

Құсыман Игісін,
ҚР мәдениет қайраткері,
Тарбағатай ауданының Құрметті
азаматы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір