Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының секретариаты.
ПРОЗАДАҒЫ МАҚАТАЕВ
Рахымжан Отарбаев мінезі – тік, тілі – шұрайлы, әдебиет пен мәдениетке теңдей үлес қосқан ерекше тұлға, қазіргі заманғы шын қаламгерлердің бірі әрі бірегейі еді. Мінезі ұшқарылықтан гөрі, ұстамдылыққа жақын, ақжарқын көңілін жақсы көрген жандарының алдына төсейтін.
Оның пьесалары сахналанып, ел театрларында, алыс-жақын шетелде өтіп жүрген фестивальдерге қатысуда. Ол – драматургиядан терең хабары бар талантты драматург еді. Рахымжан Отарбаевты мен прозадағы Мұқағали Мақатаев деп айтқан болар едім.
Прозасы терең, ешкімге ұқсамайтын өзіндік қолтаңбасы бар ірі жазушы ретінде оның есімі қазақ әдебиеті тарихында алтын әріптермен жазылып қаларына сенімдімін. Ол – Қазақстанда ғана емес, басқа да көптеген мемлекетте танылған санаулы суреткердің бірі еді. Көп жыл бойына Шыңғыс Айтматовтың қасында жүрді. Әсіресе, соңғы жылдарда әдебиет пен мәдениет саласында тынбай еңбектеніп, өзін көрсете білді. Осындай белгілі азаматымыздың аяқ астынан бізді тастап кеткені өкінішті. Ажал айтып келмейді ғой. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын! Алла алдынан жарылқасын!
Асанәлі ӘШІМОВ.
Тарланбоздарды танытты
Бүгінде қазақ театр өнері, драматургия, проза үлкен қасіретке ұшырады. Қазақтың біртуар азаматы, қарымды қаламгер, даңқты драматург Рахаң – Рахымжан Отарбаев дүние салды. Бұл – қазақ драматургиясы үшін орны толмас қайғы. Өйткені, оның пьесалары Қазақстанның елу сегіз және Ресей, Қырғызстан, т.б. елдің театрларында сахналануда. Рахымжан Отарбаевтың басты тақырыбы – Бейбарыс, Махамбет сынды қазақтың ұлы тұлғаларының тағдыры. Қаламгер небір тарланбозды ақтаңдақтардан аршып алып, Совет кезіндегі солақай саясаттың жаласын терістеді.
Рахымжан Отарбаев – шағын әңгімелерінде үлкен ой айта алатын кесек жазушы. Ұлы Құрманғазының, ұлы бабаларының өнердегі жоқтаушысы ретінде көрінген жігіт еді, айналып кетейін. Ол Атырау облыстық қазақ драма театрына академиялық статус алып берді. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!
Есмұхан ОБАЕВ.
Айбоз азамат
Рахымжан Отарбаев қазақ ұлттық әдебиеті мен мәдениетіне үлкен еңбек сіңірген азамат еді. Негізінен ол екі салада жанталасып қызмет етті. Бірінші – шығармашылық салада драматург, проза жазатын қаламгер ретінде ең өзекті тақырыптарды көтерді. Екінші – мәдениет саласында Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхананың директоры болды. Сөйтіп жүріп, қай салада да, өзінің абыройлы қызметімен көзге көрінді.
Әріптес ретінде ең әуелі Рахымжанның соңғы кездегі шығармашылық жұмысын үнемі қадағалап жүрдім. Мұстафа Шоқайдан бастап Темірбек Жүргеновке дейінгі біздің ұлы адамдарымыз туралы батыл жазып, зерттеп, оны шынайы көркемдік дәрежеге көтерді. Проза саласында да бүгінгі заманның ең өзекті мәселелерін көтерген әңгіме, повестер жазды. Театрда директор да, көркемдік жетекші де болу арқылы өзінің ұйымдастырушылық қабілет-қарымын көрсетті. Осындай айбоз азаматтың алпыс жастан енді ғана асқан шағында дүниеден кетуі – ауыр қайғы. Шүкіршілік ететініміз, туған халқы Рахымжанның еңбегін, артында қалған мұрасын болашақта лайықты бағалап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізеді деп сенемін! Алла алдынан жарылқасын! Жаны жәннатта болсын!
Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ.
ҚҰЙҚАЛЫ СӨЗДІҢ
ҚЫДЫРЫ ДАРЫҒАН
Суық хабар төбемізден жай түсіргендей болды. Рахымжанды мәңгілік өлмейтіндей көруші едік. Алшаң басып жүрді, ханның ұлына бергісіз сырбаздығымен талайды таң қалдырды. Қайғыдан қалың қазақ теңселіп кеткендей көрінді.
Қазақ әдебиеті орны толмайтын қазаға ұшырады. Қабырғалы қаламгер, құйқалы сөздің Қыдыры дарыған Рахымжан Отарбаевтан айырылып қалғанымыз жанымызға батып отыр. Әр сөзі мірдің оғындай, қара басын қорғалап қашпайтын батырлардың сойынан еді. Абыз Әбуден бата алып, әдебиет табалдырығынан аттағаны да күні кешегідей есімде. Ол әдебиетке қалыптасқан жазушы болып келді. Қара сөзден құйын тұрғызды, жазушылығымен қоса, көрнекті публицист, журналист, әр сөзі нысанаға дөп қадалатын шешен.
Қазақтың ұлттық драматургиясына өз қолтаңбасын алып келген сирек бітімді, қайталанбас жүйріктеріміздің бірі еді.
Шашын салалы саусақтарымен ұйпалап жіберіп, көсіліп бергенде арғы-бергі қазақ тарихына жетіктігімен, көл-көсір білімімен таң қалдыратын. Бас білмейтін асаудай жұлқынып, ортасынан оқ бойы озық тұрды. Халқының мұңын өз мұңынан, жеке басының мүддесінен жоғары қойды. Қазақ үшін жүрегі ауыратын, жаны сыздайтын. Бәлкім, сол бір мұң өзегін күйдіріп, өз отына өзі өртеніп кетті ме екен?!
Рахымжан ғұмырын қазақ әдебиетіне арнады. Әдебиеттің алтын қорын өзінің баға жетпес туындыларымен толықтырды. Енді оның «Екінші ғұмыры» басталды. Созсақ, қолымыз жетпейтін қыран биігіне көтеріліп кетті. Сол биігінен мәңгілік түспегей! Халық жүрегінен ойып тұрып орын алды. Шығармашылық адамы үшін ең баянды ғұмыр – халық көңілінде қалу.
Бақұл бол, Атыраудың арда ұлы! Шалкиіздердің көзі, Махамбеттердің тұяғы!
Нұрлан ОРАЗАЛИН.
РАХЫМЖАН, ҚОШ…
Жердің Үстінен –
Үрке-Безініп,
Қыран-Құштанып –
Тылсым-Әлемге:
Таным-Тұлғаңды –
Жете-Сезініп,
Айналып –
Түпсіз-Тереңге…
Аспанның Астын –
Күрке-Тарсынып,
Кең Дүниеге –
Кептеліп…
Сыймадың!
Нәкәс-Қоғамыңа –
Лағынет-Қарсылық:
Өмір-Жасыңды –
Түгеспей-Тыйғаның!
Алаң –
Ең:
Жеріңе –
Сатылған!
Алаң –
Ең:
Еліңе –
Аһ ұрған…
…Тіліне –
Алаң,
Діліне –
Алаң…
Алаң –
Ер:
Рахымжан,
Қош…
Қош –
Бол,
Бақұл-Ман…
ИРАН-ҒАЙЫП.
17.02.2018.
КӨРКЕМ СӨЗДІҢ КӨРНЕКТІ ТҰЛҒАСЫ ЕДІ
Қазақ әдебиетінің бір шынары шарт сынды. Ойы мен бойы оқшау төбе көрсетіп, сөзінің сойы, тіркесінің тілімі, сөйлемінің ілігі оқыған жанның ой зердесін оятып, қарапайым қазақ сөзінің құпиясы мен жұмбағы жүрек жаймасында жарқырап сала беретін қаламгер Рахымжан да жарығы жанып тұрып, жалт етіп өте шықты мынау пәни жалғаннан.
Ұлт сөзінің киесі мен иесі қонған жанның мінезі болатынын білген біледі, білмеген: «Бұл қалай?» – деп жүреді. Көркем сөзде көш бастағандардың сапына кіріп, публицистикада пәрменділік танытқан, драматургияда өмір құбылысы мен өнер құйылысының тінін тауып, тігісін жатқызып, сахнаның сәні мен мәнін ашуда қаламы қуат пен шуақ танытқан Рахымжанды енді жоқ деп айту қандай ауыр.
Қара орман қазағына қадірлі сөз қалдырған жанның орны ойсырап қалғаны ақиқат. Тарихат пен мағрипат ақиқаттың алдында бас киімін алады. Ақиқаттың ақидасын ұстанған бір пенде алыс сапарға аттанды, алдынан жарылқасын. Бауырларым Сәулеге, Елмерейге, әулетіне қайғыра отырып көңіл айтып, Рахымжанның алды пейіш, арты кеніш болсын, рухы жәннат бақтың төріне қонақтасын деймін.
Бақұл бол, бауырым!
Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ.
Қазақ әдебиетінің қара емені құлады
Қарағым Рахымжан, сен Нарыннан ұшқан хас қыран, Жұмекеннің артынан 30 жылдан кейін ұшқан жас қыран едің.
Топырағың торқа, жаның жаннатта болсын.
Нәсіп апаң.
Шындық үшін шырылдап өтті-ау
Көптің айтқанына көне бермейтін жөні бөлек бауырыммен былтыр ғана үйде отырып сыр бөлісіп ек. Әңгіме барысында баяғы бабаларымыздың «Таспен ұрғанды аспен ұр» деген пайымын тілге тиек еткенімде, Рахымжан жалт қарады да: «Ол мәтелдің мәні жоқ қазір. Мына заманда таспен ұрғанды, баспен ұру керек!», – деді.
Рахымжан ешкімге ұқсамайтын, ұқсағысы да келмейтін. Ұлылық ұялаған Ұяты бетінен төгіліп тұрған қаламгер «Беу, дүние!» деп бебеу қақты. Кесек мінезді ақиқаттан жаралған азамат болатын. Шындық үшін шырылдап өтті-ау. «Шындықтың түбіне жете алмайсың, шындық сенің түбіңе жетеді» дегендерге де ден қойған жоқ. Жарып жүрді. Жаңғырып жүрді. Ақиқатты ғана айтатын ана дүниеге асығып кетті ме, қайдам?.. Арты қайырлы болсын!
Көпен ӘМІРБЕК.
ҚҰРДАС ЕДІК…
Құрдас едік. Қуанғанда қатты шаттанып, күлгенде опырылып күлетін, тіпті, бір қабырға опырылып кеткендей болатын. Енді, бүгін қабырғамыз қайысып қалды. Алғашқы әңгімесі «Жұлдызға» шыққанда қатты қуанып, өзінің прозада бәрін басып озатынын оңашада «оңдырмай» айтқаны есімде. Сол күн де қазір сағынышқа айналды.
Өндіріп жазды. Сәтті шығарманың бәрі – қуаныш. Көптен кездеспедік, тек «Жас Алаштағы» «Көрген – баққанын» оқып жүрдім. Құрдасым қатты есейіп кетіпті. Өзі айтқандай, үлкендермен текетіресіп, құрдастарының алдына шығыпты. Осының өзі – қуаныш.
Жүрек шіркін қуанышқа да, қайғыға да ортақ. Бәрін көріп тұрып, бір сәтте теріс айналып кетеді. Сөйтіп, екінші өмірді бастайды. Кезек Рахымжанға да келіп қалыпты. Күш түсіп кетті ме екен деп ойлаймын. Күндіз-түні бір тынбай жұмыс істеді. Пайғамбар жасына мойын бұрғанда мәңгілікке қарай бет алды.
Құрдастар кетіп барады…
Қуандық ТҮМЕНБАЙ.
ЕЛ БЕСІГІНДЕ ЕРКЕЛЕП ӨТТІ
Мен елуге толып, «Ұлым саған айтам…» атты бенефис-кешімді өткізгенде арнайы келіп, аяғына дейін отырып, жайған дастарқаныма қатысып, өзінің жүрекжарды лебізін айтқан еді. Дәл осылай, күтпеген жерден дүниеден өтіп кетеді деп ешкім де ойлаған жоқ. «Пендеге өлім мирас» дейді. Ұлтын жан-тәнімен сүйетін, іске алымды, сөзге шалымды, көпшілік мойындаған кісі еді. Адал еңбегімен, қайырлы мехнаты арқасында артында тозбайтын мұрасы, өшпейтін өнегесі, жақсы есімі, қанағатшыл қарапайым келбеті халқымен бірге жасайды ғой деп ойлаймын.
«Өмірді қалай сыйласаң, өлімді солай жат көрме» дейді Мұқағали. Бір көш келеді, бір көш кетеді. Жазмыш солай. Бірақ, әлі де қимайды екенсің! Адамның тағдыры шыны шөлмектей ғана. Қара сөздің қасиеті қонған, жұрты мойындаған, аңқылдаған азамат еді.
Алла алдынан жарылқасын! Ел бесігінде еркелеп өмірден өтті ғой. Қимастарының қабырғасын сөгіп кетті. Алайда, өлшеулі өмірдің заңына ешкім араша бола алмайды. Топырағы торқа болсын! Ендігі тұрағы – пейіш болғай!
Бекжан ТҰРЫС.
ІРІЛЕРДІҢ ІЗІ ЕДІ…
Тараққа көнбейтін өзінің мінезі секілді асау толқындай қалың бұйра шашын күректей қайратты қолдарымен шалқасынан қайырып қойып, алпысқа толғанда ұшқан ұясы Орал пединститутына сәлем бере келіп еді. Аға ұрпақпен, әсіресе тоқсанның төріндегі ұстазы әрі кураторы Меруерт Жолдықайыровамен: «Апа.. а..а..аа-ау..», – деп гүрілдеген даусын созып, еркелей көрісіп еді. Жазушының жұлдызы ерте сөнетінін сезгендей, байырғы оқу орнының, қазіргі
М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Асхат Иманғалиев білім ордасына оқтын-оқтын шақырып, студенттермен жиі жүздестіретін.
Проза жазатын қыз-жігіттерге жылы жүзбен қарап, кездескенде жауырыныңнан қағып, көкеңдей көтермелеп қоятын мәрт қаламгер 2016 жылы «Рахымжан Отарбаевтың мәдениет қоры» атынан әңгіме жанрына бәйге тігіп, 197 автордың арасынан 13 қаламгерге ең кемі 100 мың теңгеден арнайы сыйлық тағайындады. Қаламақы төленбейтін, жазғаның мен шығарған кітабың ескеріп-еленбейтін дағдарыс тұсында Рахымжан ағаның шапағатына біразымыз бөленіп, қалтамыздан бұрын көңіліміз бір байып қалып еді.
Аждаһадай ажалдың аузынан қайтіп жұлып аларсың, Толағайдай батыл ерді!
«Қош бол, арқыраған ағатай! Алдыңнан Алла жарылқап, пейіште нұрың шалқысын» деген сөзді сүйікті жазушыма амалсыздан сыбырлай айтамын…
Мира ШҮЙІНШӘЛИЕВА.
Қайран, дүние!
Өмір бізді сындыруда,
Сынауда,
Шама да жоқ
Шыңғыруға,
Жылауға,
Боз қыраулы белден асқан
Құландар,
Белгісіздік
Құрдымына құлауда!
Қайран досым,
Қара нардай Рахымжан,
Айнымайтын
Аңыздағы батырдан,
Қасиетті
Қазақ сөзін танытып,
Жарты әлемге
Жол тартып ең жасыңнан,
Қиындықтан
Қаймықпадың, қайтпадың,
Өтті соғып,
Не бір құйын басыңнан,
Қалды артыңда,
Алатау мен Алтайың,
Атырауың,
Ақ толқыны аһ ұрған,
Енді өзіңе,
Нұр иман боп құйылсын,
Жан шуағың,
Туған елге шашылған!
Баянғали ӘЛІМЖАНОВ.
Көке
«Иманғали кездесіп, хал сұрады. «Жақсы, – дедім…
– Бір бұтым – Жайықта, бір бұтым – қайықта…».
Рахымжан Отарбаев.
Көкесі!
Жаны – зарлы, жайы – мұңды,
Кешпедік артық туған «айыбыңды»…
Тасты жарған талантты тас-талқан қып,
Жайығың қайда әкетті қайығыңды?..
Махамбет жетті ме, әлде желкенменен?..
Алдында Баймағанбет елпеңдеген…
«Ақырып теңдік сұрау…» – бәрі бекер,
Қыршын-ғұмыр өтеді «ертең»-менен…
Қазақтың қабыланы ең – сөзің дара,
Жазылды ма, айтпағың-ғазалнама?..
Өртеңді өртейтұғын – өзің емес,
Ертеңге жететұғын – сөзің ғана…
Ағалық ақпейілмен демедіңіз,
«Шерханамды келіп көр…», – деп едіңіз…
Шығармалық сыр-сандық – тым құпия,
Тұңғиықтан табылды керегіңіз…
Жек көрдің дарынсыздың далиғанын,
Тектілік жолға құрбан – нар иманың…
Қайығыңды жеткеріп, жалғадың ба,
Кемесіне Әбіш пен Фаризаның?!.
…Пәнидің алды – шаттық, арты – жетім…
Жаратқанның кетпейді шарты шетін!
Жолықтыр Жұмақтың бір сатысында,
Жалғанның көре алмаған жарты бетін…
…Жайықта алты алашың налада тұр…
Қайыққа неге асықтың аға-батыр?..
Ақ кемең ақ желкенін желбіретіп,
Алыста ағараңдап бара жатыр…
Мыңжан БАЙЖАНИН.
***
(Рахымжан Отарбаевқа,
бала күнгі досынан)
Жасың кіші, жолың үлкен аға-дос!
Шымылдығын түрмей жатып Айсыз түн,
Шыға келдім мен болдым да қайғы-ұсқын.
«Рахымжаннан айырылыппыз», – деген сөз,
Қаралы таң, қара суық, жайсыз тым.
Қайран досым, бала күннің куәсі,
Ерен еді-ау, талантың да, қуатың.
Алатауым бір-ақ күнде шөктің де,
Жапан түзде қалғандаймын жуасып.
Сені азынап жоқтайтұғын дала бар,
Ездер мыжып, жоқтар рас, даналар.
Жан рухыңды қарсы алары кәміл ғой,
Бейбарыстан бастап барлық бабалар.
Ажал жетті, алынбаған өштейін,
Бұрылмайды сол қаралы көш кейін.
Кім бармайды, біз де бір күн барамыз,
Бала күннен асыл досым, хош – дейін!
Таңатар ДӘРЕЛҰЛЫ.
ЖАСТАРДЫҢ ЖАНАШЫРЫ ЕДІ
Көркем сөзбен сурет салып, дүние жүзінің оқырмандарына есімі мәшһүр болған әлемдік деңгейдегі дарынды қаламгер, қазақ әдебиетінің көрнекті жазушы-драматургі Рахымжан Отарбаев ағамыздың қазасы бәріміздің қабырғамызды қайыстырып, қапыда қан жұтқызып кетті. Төбемізден жай түскендей болып, қанша жерден «Бұл – мүмкін емес!» деп көңіліміз елегізіп, сенгіміз келмесе де, талайларды талантымен табындырған тұлғаның қоштасу рәсімінде болып, өз қолымызбен топырақ салғаннан кейін амалсыз сенгендейміз…
Қазақ әдебиетіне қайталанбас құбылыс болып келген, қайсар мінезді қаламгер қалам ұстағанның бәрін бауырына басатын. «Бәріне болсын» дейтін дархан көңілді, кең пейілді көркем сөздің көрнекті зергері, әсіресе, жастарға ерекше қамқор болатын. Мен де арда азамат, ақиқаттың алдаспаны атанған Рахымжан ағамыздың қамқорлығын, шапағатын көрген жандардың бірімін.
Студент кезімде Елордадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті «Журналистика және саясаттану» факультеті студенттерінің әлеуметтік жағдайына көп көңіл бөлінетін. Сол кездегі факультет деканы Намазалы Омашев ағамыз, деканның ғылыми істер жөніндегі орынбасары Мәншүк Мұқашева апайымыз факультетте оқитын әрбір студенттің жағдайын жатқа біліп, көмектесіп отыратын. Әсіресе, Мәншүк Тынышқалиқызы белді азаматтарды тартып, сол кісілердің аттарындағы оқу гранттары мен шәкіртақыларды ұйымдастыруға себепші болатын.
«Жорналшы болсам» деген асқақ арман алыстағы ауылдан Астана төрінен бір-ақ шығарған мен де бас қалада талай қиындықтарға тап болдым. Анамызға салмақ салмайық деп, өзімізше еңбек етеміз. Ол кісіге білдіртпегенмен, пәтерден пәтерге көшеміз. Сондай күндердің бірінде деканның орынбасары Мәншүк Тынышқалиқызы хабарласты. «Рахымжан Отарбаев ағаңды танисың ғой. Бүгін сол кісінің үйінде қонақта болдым. Біздің факультеттегі талантты студенттер туралы, оның ішінде өзің туралы айттым. Сол ағаң екі студентке өзінің атындағы шәкіртақысын тағайындайтын болды. Енді сенде бәрі жақсы болуға тиіс», – дейді Мәншүк апайымыз қуанып. Мен де қатты қуандым. Ақша үшін емес, әрине. Әлем мойындаған қабырғалы қаламгердің Мәншүк апайымыздың айтқанына көңіл бөлгеніне, жастардың жағдайына алаңдағанына. Әйтпесе, Рахымжан аға кім, біз кімбіз?!
Сөйтіп, әуелі Алла, сосын Рахымжан аға мен Мәншүк апайымыздың арқасында шәкіртақы иегері атанып, жағдайымыз түзеліп шыға келдік. Ардақты ағамыздың атындағы шәкіртақыны қазақ тобынан маған, орыс тобынан Юлия есімді студентке факультет деканы Намазалы Омашұлы салтанатты түрде табыс етті. Рахымжан Қасымғалиұлы шәкіртақысын бір жылға емес, бірден 4 жылға тағайындапты. Күндер өте келе естідік, ағамыз шәкіртақысын Мәншүк апайымызға ай сайын өз қолымен әкеліп беріп кетеді екен. Не деген парасаттылық десеңізші? Ол кезде жиырма мың теңге дегеніңіз – студент үшін әжептәуір ақша.
Артынан білдік, Рахымжан ағамыздың қамқорлығын көрген жастар тек біз ғана емес екенбіз. Еліміздің түкпір-түкпірінде жетіп артылады екен. Алматы, Ақтөбе, Ақтау, Орал, Қызылорда, тіпті, сона-а-у Өскеменнен де «Рахымжан ағамыз көмек қолын созып еді», «Отарбаев демеп еді» деген өзім қатарлас жастарды жиі кездестіріп келемін.
Кейіннен, дәм-тұз бұйырып, қызмет бабымен асыл тұлғаны дүниеге әкелген Атырау өңіріне келдік. «Сені Атырау топырағына әкелген Рахымжан ағамыздың сол кездегі шәкіртақысы ғой» деп қалжыңдайтын білетіндер. Мұнайлы өңірге келген соң, Рахымжан ағамды әлденеше рет іздеп бардым. Ол кісінің шәкіртақысын алғанымды айтып, алғысым шексіз екенін айтуға барған сайын, Алла Тағала сәтін салмады. Ағамыз көбіне елде болмай шығады. Атырауда Рахымжан ағамызды мәдени шаралардан жиі көріп тұрдық. Сәлем беріп, жылы амандасқанымызбен, жанындағы қаумалаған жандардан қолы босамайтын. Қысқа ғана әңгіме қайыратынбыз.
Бірақ, досымыз Ермерей бауырымызға ағамыздың қамқорлығын көріп, шәкіртақысын алғанымызды жиі мақтанышпен айтып жүретінбіз. Бірде ағамыз Ермерейден сол әңгімені естіп, өзінің қолтаңбасымен «Біздің ауылдың амазонкалары» және «Шыңғыс ханның көз жасы» атты қос бірдей кітабын беріп жіберіпті. Ағамыздың: «Нұрсұлтанға жарық дүниедегі жақсы тілекпен», «Айналайын, мына жалғанда үлкен сәттілік тілеймін» деген ақжарма тілегін оқып, студенттік кезіміз есімізге түсіп, көңіліміздің бір босап қалғаны да жасырын емес.
Жанындағыларға ғана емес, бәрі – бәріне, бүкіл қазаққа жақсылық пен сәттілік тілеп жүретін ақ жүректі ағамыз ойламаған жерден жарық дүниемен де, мына жалғанмен де қош айтысып, мәңгілік сапарға кете барды. Иә, Сіз енді мәңгіліксіз. Қазақ халқы барда, есіміңіз де, салып кеткен дара жолыңыз да ешқашан өшпек емес.
Аяулы досымыз, ардақты бауырымыз Ермерейге Алла Тағала сабыр мен күш-қуат берсін деп тілейміз.
Бақұл болыңыз, жастардың жанашыры, қамқоршы аға!
Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ.