немесе Көкше тағдыры көпшілікті неге алаңдатып отыр?
Болат ЖӘМКЕНОВ,
дипломат-қаламгер, «Құрмет»
орденінің, ҚР Президенті
сыйлығының иегері,
ҚР Мәдениет қайраткері
«Ұшы-қиыры жоқ сары дариядай Сарыарқаның
ортасында аралдай көгерген Көкшетау,
Абылайдың Ордасы құрылған, Кенесары, Наурызбайға Отан болған Көкшетау Алаштың ақындығының да ордасындай жер еді…».
Мағжан ЖҰМАБАЕВ.
Иә, жадымызда ежелден: «Бурабай – қазағымның Хан Ордасы, Қазақтың жүрегінде хан Абылай!» болып қалыптасқан бұл киелі мекеннің орны бөлек. Елбасының аталған мақаласына орай жақында ғана баспасөзде осындағы үш бірдей нысан: «Абылай хан алаңы», «Оқжетпес» және «Кенесары үңгірі» жалпыұлттық «Қасиетті Қазақстан» картасына енетіні де – қалың жұртшылықтың Көкше-Бурабайға деген ерекше ықыласының дәлелі. Алайда, біз қолдағы барымызды Ұлттық құндылық ретінде бағалай алып отырмыз ба? Осы тұрғыдан келгенде, әсем көркі біржола жойылып кете ме деп бүгінде жұртшылықты қатты алаңдатып отырған жер бетіндегі табиғаттың сирек мүйісі – Көкше-Бурабайдың қазіргі жай-күйіне назар аудартып, толығырақ таныстыруды жөн көріп отырмын.
Өткен дәуірде Алаш көсемдері «Оян қазақ!» деп ұран тастады. Араға ғасыр салып Президент Нұрсұлтан Әбішұлы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп ел басына түскен қилы кезеңдерде үзіліп қалған алтын арқау, ұлттық асыл құндылықтарымызға қайта оралуға, бүкіл көзқарасымызды өзгертуге үндеп отыр. Әсіресе, қашаннан қазақпен тағдырлас Жер-Ана туралы толғанысы селт еткізбей қоймас! Ұзақ жыл тоталитарлық жүйенің тонауына ұшыраған, бүгінде ерекше қамқорлыққа мұқтаж жалпыұлттық киелі жерлерімізді айырықша қорғау туралы тың бетбұрыс тудырып отыр. Мұны біз таяуда Көкшетаудың біраз жерін (бүгінде Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарына бөлініп кеткен) аралай жүріп те естідік. «Рухани жаңғыру» жобалары Көкшенің қазіргі ахуалын түзете алар ма екен?» – деседі көпшілік. Құдіреттің күшімен құйылғандай, қазақтың өршіл асқақ рухындай болып, Көкке шаншылған Оқжетпес шыңы, үш жағынан қарасаң үш түрлі: ару қыз, сұлу әйел, кейуана кейпіне енген Жұмбақтас, Көкше биігі, Бөлектау, Жекебатыр жоталары, сан түрлі пішіндегі әсем гранит шоқылар, айдынында Ай жүзген Әулиекөл, аққу құшқан Айнакөл! Көкшетау қазақ үшін несімен қастерлі? Бірінші, оның қайталанбас ғажайып көркем табиғаты болса, екінші тарихи ескерткіш, киелі орындарына байланысты. Осынау ұланғайыр атажұртта қазақ баласын бір тудың астына жинап, арыстандай алысып, тоғыз ұрпақ бойы қазақ тағдырын қыл үстінде қалтыратқан жоңғар қалмақтарын біржола жойып, тұңғыш үш жүздің ханы атанған Абылайдың Хан Ордасын тіккен ордалы мекен осы – Бурабай! «Көшкен елдей, Аққан селдей, Әскері Қанжығалы қарт Бөгенбай» (Мағжан) сан мәрте ата жаумен айқасқа аттанған жер осы! Орыс империясының отаршылдығына қарсы Ұлт-азаттық күресін бастаған жаужүрек баһадүр, аты аңызға айналған қазақтың соңғы ханы – Кенесары батырдың «Ақ туын Абылайдың тіккен жері» (Иманжүсіп) де дәл осы – Бурабай! Атағы Алашқа мәлім Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ жырлап тауыса алмай кеткен, ел тарихына уызынан жарып өскен Сәкен, Мағжан, Қасымдар кешегі қылышынан қан тамған кеңестік кезеңнің өзінде Бурабай шежіресіне, ұлы Абылай есіміне соқпай өте алмаған Көкше бұл! Қазақта Көкшедей көп жырланған жер бар ма, сірә?! Біз жоғарыда Бурабай ерекше қорғауға мұқтаж дедік. Және бұл тек Тәуелсіздік арқасында соңғы 10-15 жыл бедерінде ғана айтыла бастаған екен. «Көкшенің көз жасы қашан құрғайды?!» атты журналист А.Алпысбайұлының сын мақаласын оқыған едік («Алаш айнасы», 14.03.2012 ж). Жазушы Т.Қажыбаевтың курорттық аймақтағы келеңсіздіктер туралы, ақын
Қ.Мұқтайтегінің «Көкшенің көркі естеліктерде ғана қалды…», Е.Айтмағанбетовтің «Тарт қолыңды, Бурабайдан!» («ҚӘ») атты ашына жазған мақалалары тақырыптары айтып тұрғандай оқырманды селт еткізбей қоймайды. Орыс тілінде де жариялануда. Қаламгерлер мен табиғат жанашырларының мұндай жанайқайына не себеп? Кәне, осы тұрғыдан сәл тереңірек зерттеп көрелік. Бұл өңірді атам қазақ о бастан айрықша қастерлеген. 1903 жылы осы маңға арнайы ат басын бұрған атақты саяхатшы-ғалым В.П.Семенов-Тянь-Шанский жер бетіндегі ерекше мүйіс деп мойындаған. Орыс империясының отарлау саясатымен қазақ даласына ағылған қарашекпенділер Бурабайды бірден өздерінің курорттық жері деп жариялаған. Бурабай содан бергі жүз жыл бойы аяусыз тоналып келеді. Бұған көне құжаттар дәлел. Бурабай аймағы 1920 жылы мемлекет қарауына алынса, 1938 жылы халықаралық байқауда КСРО курорттары арасында екінші орынға ие болып, басқа да денсаулық түзеу орындары, түрлі шаруашылықтар салына бастаған. Тұмса табиғатқа қол салу үдеген. Академик Төрегелді Шарманов баспасөзде: «Мен Президентке адам жасын ұзартатын, денсаулыққа ерекше пайдалы әлемде төрт-ақ жер жәннаты бар, солардың қатарына енді Бурабайды да қосу керек деп айттым», – деді. Оған Жетісудің кей жерлерін қосатынын жазыпты. Аталы сөз. Бурабай курорттық аймағы несімен құнды дегенде, оның табиғи байлығын негізінен, мынадай үшке бөліп қарауға болады.
Бірінші, ауасы мен табиғаты. 35 шақырымға созылған Көкшетау жоталары қоршап, өткір дала желінен қорғап жатқан, ойында орманы сыңсып, қырында биік шыңды қиялаған қарағайы мен ақ қайыңдар желек атқан, айнала көмкерген күміс көлдер… Бурабай аумағына ерекше қоңыржай, қолайлы микроклимат орнатып, басынан бұлт жаумай өтпеген, беткейінен азонды ауа-көк торғын мұнар кетпеген көркем табиғат мүйісі көрген жанның әлі де көз жауын алады! Саядағы сансыз өсімдік жұпары аңқып, қылқан жапырақты ағаштардың эфир майына, оттегіге бай ауасы тынысыңды ашып, бойыңды баурап әкетеді. Жүрек-қан тамырлары, жүйке жүйесі науқастары үшін серуендеу маршруттары белгіленген: «Адам жанын жегідей жейтін уайым, әртүрлі жағымсыз ой тәнді бұзады, ал қуаныш пен жағымды көрініс әсері тәнді дамытады, нығайтады», – деп атақты И.П.Павлов тегін айтпаған. Біз мұнда күрделі медициналық ем алуды көтере алмаса да, тек қана осы ерекше ауасы мен көркем табиғат аясы үшін сонау алыстан келіп, дем алып жүрген науқастарды да көрдік. Әттең, сол дертке дауа саф ауаны қорғау о бастан жанашырлықпен жобаланбаған. Басқасын айтпағанда, Бурабай атмосферасына жылына тек Щучинск, Көкшетау қалаларының өзінен 35-40 мың тоннадан астам лас қалдықтар (күл, күкіртті ангидрид, азот тотығы, көміртегі тотығы, адам ағзасына аса қауіпті қорғасын тозаңы) төгіледі екен. Орталықтандырылған жылыту жүйесін салу бертінде ғана қолға алынған. Осындағы жүзге тарта мекеме, «Бурабай» кенті үйлері мұржаларын, оған бүгінде толассыз ағылған автокөліктің улы көк түтінін қосыңыз. Бұл күнде рабайсыз далиып бара жатқан Щучинск қаласындағы аяқ алып жүргісіз сауда-саттық орындарындағы, ондаған кәсіпорын-шаруашылықтағы қыс бойы түтін атқан қаптаған қазандықтарды былай қойғанда, лас қалдықтар 500-700 км. жерлердегі қалалардың биік тұрбалары арқылы да ауа ағымымен жетеді екен… Қайран Көкшенің барған сайын тынысы тарылып, жанары жасаурай қарайды. Екінші, фаунасы мен флорасына төнген қатер. Көкше-Бурабай аумағында бұрын омыртқалы жануарлардың 305 түрі, соның ішінде сүтқоректілер 54 болса, оның 4 түрі, құстар 213 болса, оның 17 түрі жойылуға жақын. Ұя салатын орнитофаунаның құрамынан 13 түрі жойылған. Аққу ұя салмайтын болған. Қара ләйлек, шақырғыш аққу, ақ құр, сұр тырна, дуадақ безіп кеткен. Қоңыр аю, марал мен елік, осы өлкені көп зерттеп жазған м.ғ.д. Н.Д.Беклемишевтің дерегінше, бертінге дейін болған құну мен сілеусін, бұлан, Балқаш жолбарысы біржола қош айтысқан. Соңғы аю 1995 жылы атылған… Бұл өңірдің флоралық ерекшелігі таңғаларлық деңгейде: ол 757 түрлі өсімдіктен тұрады! Бурабай табиғат мұражайына қойылған олардың 40-тан астам түрі адам ағзасына, соның ішінде жүрек-қан тамырлары, бүйрек, өт, бауыр, тыныс жолдары, өкпе, буын, аяқ-бел және т.б. ауру түрлері үшін таптырмас емдік өсімдіктер. 15 түрі Қызыл кітапқа енгізілген. Қазіргі кезде Бурабай курорттық аймағында адам аяғы таптамаған бос жерлер қалмауға айналған. Эколог-ғалымдардың айтуынша, осы қарқынмен қорғаусыз қала берсе, енді бір 15-20 жылда Бурабай аймағының қазіргі қалған фаунасы мен флорасының жартысынан астамы жойылып кетпек. Көпшілікті шошындыратыны да осы! Айта кетейік, әдетте, өрке-
ниетке ұмтылған елдер өздерінің табиғат және тарихи ескерткіштері сияқты ұлттық құндылықтарын
мемлекет қорғауындағы Ұлттық табиғи парктер мен табиғат қорықтары арқылы сақтап қалғаны мәлім. Олар және Халықаралық конвенциялар арқылы да қорғалады. Азуын айға білеген АҚШ бүгінде БҰҰ стандарттарына сай 269, Австрия 239, ТМД елдері 150, Канада 70, Жапония 77 қорғалатын курорттық аймақтарымен мақтана алады! Автокөлік жолына секіріп шыққан хайуанатты көрсе небір есерсоқ көлік жүргізушінің өзі қазақтың атасына жол берген баяғының келініндей иіліп тоқтап, өткізіп жібереді! Заң қатал! Ұлттық сана жетілген. Ал, біздің республикамызда небәрі 12 Мемлекеттік Ұлттық табиғи парк құрылған болса, соның ең маңдайалдысы «Бурабайдың» көрген күні әлгі… Өкінішті-ақ! Оның үстіне, кейбір сұғанақ қолдардан әбден запы болған мұндағы тұрғындарды өткен жылы Үкімет Қазақстанның мемлекеттік Ұлттық табиғи парктері 5 және 49 жылға жалға берілетінін мәлімдеп, сол тізімге Бурабайдың да ілігуі қатты алаңдатып отырғанын жеткізе кетудің артықтығы болмас. Бұл жөнінде сәл кейінірек тоқталамыз. Үшінші, гранитті тау жыныстары мен минералды сулары – Бурабайдың басты байлығы. Геологиялық және тектоникалық құрылысы миллиондаған жылдар бұрынғы көне дәуірлерден бастау алған, жел мен су, физикалық, химиялық және өзіндік микроклимат әсерлерінен пайда болған гранит массивтері, яғни, қазақы ұғыммен айтсақ, «қыздың жиған жүгіндей» әсем жартас-шоқылар сан алуан ертегілік пішінде қиялыңды тербейді. Жалпы, бір кезде осы аймақта 90-нан астам минерал түрлері табылған болса, соның 40-тан астамы көздің жауын алатын әшекей бұйымдар жасайтын түрлерінің дені, сондай-ақ сирек (тек Алтай мен Оралда) кездесетін яшма, хрусталь, алтын, платина, турмалин, хризопраз сияқты қымбат бағалы түрлері түгелдей дерлік тоналып біткен. Америка ғалымдарының пікірінше, 100 тонна гранитте әрқайсысы 8-10 тонна аралығындағы мөлшерде алюминий, темір, магний, әрқайсысы 30-70 фунт аралығындағы мөлшерде ванадий, никель, хром, 180 фунт марганец, сондай-ақ кальций, калий, натрий қышқыл қоспалары, фосфор, титан қоспалары, таскөмірді алмастыра алатын 2 фунт торий мен 14 унция уран (болашақтың отыны) кездеседі екен. Ал біз әңгімелеп отырған курортты аймақ граниттерінде мұның бәрі де бар. Олардың адам ағзасына қажетті мөлшері Бурабай минералды суларында жеткілікті. Ал, адам денсаулығы үшін ең бағалысы осы – Бурабай аймағының минералды сулары мен балшығы. Жоғарыда аталған элементтерге бай тау жыныстарының терең қойнауларын жарып шыққан Бурабай – Щучинск курорттық (БЩК) аймағының көлдері мен су көздері қоймаларында Денсаулық сақтау министрлігінің Өлкелік патология ҒЗИ деректері бойынша: минералды-радонды, минералды-бромды, өзіндік компонентсіз минералды-хлоридті-натрилі, хлоридті-сульфатты емдік суларының аса мол қоры жинақталған. Бұлардың жүрек-қан тамырлары жүйесінің, жүйке жүйесінің, тірек-қозғалыс аппаратының және басқа да онға тарта ауруларға ерекше шипалық қасиеті ертеден дәлелденген. Алайда, ең өкініштісі – осы емдік сулар мен балшық табиғи қоймалары аяқасты рәсуа болып, ластанып, келмеске кетіп бара жатқаны, айдын көлдерге аққу ұя салмауға айналғаны! Бұл – өзге себептермен қоса, ең алдымен, курорттық аймақтағылардың ұзақ жылдар бойы осындағы көл суларын астатөк пайдаланып келгенінің зардабы. Бірақ, көл суларының көбі айтарлықтай бүлініп те үлгерген. Ертеде ертегідей айтылатын «сексен көлден» селдіреп жеткен оншақты көлдің өзі эколог-ғалым Айтқажы Қазыбеков келтірген зерттеу-деректері бойынша, бұдан 100 жыл бұрын М.П.Семенов Т.-Ш.: «..осындағы көлдердің ең көркемі», – деп сүйсінген Әулиекөлдің (Бурабай немесе Қарағайлы көлі деп те аталады) кәусар суы ластанған, шығыс және батыс түбін 4 м. дейін лай, қайраң, балдыр, жағалауын өсімдік басқан, ал «осындағы көлдердің ең ірісі…» деп сипаттаған Айнакөл (Үлкен Шабақты) суы біртіндеп құрғап, шағын аралдар пайда бола бастаған. Минералды су мен емдік балшықтың ірі қоймасы – Майбалық 1923 жылмен салыстырғанда 3,6 м., ал Шабақтыкөл (Кіші Шабақты) мен Қотыркөл тек соңғы 30-35 жылда ғана осыған жуық мөлшерде төмендеген. Ірілігі жөнінен үшінші Шортанды көлінің (Щучье) деңгейі тек 1960-2001жж. аралығындағы абсолюттік белгісі 5,7 м. төмендеген, алғашқы арнасынан 500-600 м. кейін шегінген… «Көл құрдымға кету алдында», – дейді мамандар. Ең ірі қауіп – топырақ қабаттарының бүлінуі. Жазушы Төлеген Қажыбаевтың деректері бойынша, ұзақ жылдар бойы Щучинск қаласы және Бурабай кентінде техникалық пайдаланылған қалдық суларды, әжетханалардан шығатын нәжіс суларды ағызып төгетін санитариялық режимге сай жөні түзу канализация жүйесі болмаған. Лас қалдықтар топырақ қабаттарына таралған. Мәселен, Бурабай кенті, орманды қырқып салынған «Щучье» құс фабрикасы, көкөніс егетін «Оқжетпес», «Қотыркөл» кеңшарлары маңындағы топырақ қабатында азотты, нитратты қоспалар шектік рұқсат ету мөлшерінен 4-6 есе артық. Судағы бактериялық микроб 7-10 есеге артқан. Шаруашылықтар, түрлі мекемелер лас қалдық суларын көп жылдар бойы көлдерге, су арналарына тонналап төгуінің орны толмас зардабы. Санитариялық нормалардың ешбір сақталмауы салдарынан табиғаттың үлкен сыйы – Майбалық, Текекөл минералды сулары жарамсыз болып қалған. Майбалық көлінің тек йодты-бромды балшығы ғана кәдеге жарауда. Көл көп жыл иесіз қалған. Жергілікті кім көрінген, тіпті сонау Ресейден де келіп тиеп әкете береді екен. Мұндай иесіздік қаупі енді жоғары сапалы емдік балшықтың тағы бір ірі коллекторы Балпашсорға да төне бастаған!.. Өткен жылы Президент баспасөзге берген сұхбатында: «Курорттық аймақты Сергеев су қоймасы арқылы Көкшетау су пайдалану жүйесіне қосып, көлдердің су деңгейін қалпына келтіру, жылыту жүйесін салу, ауаны қорғау қолға алынуда», – деді. Бірақ бұл тек бастамасы ғана. Себебі, БЩК аймағындағы бірден-бір ылғал көзі боп саналатын қарды ұстайтын миллиондаған ағаш оталып кетті. Көлдердің табиғи тепе-теңдігін сақтап тұрған Күркіреуік, Сарыбұлақ, Иманай сияқты көптеген бұлақ, су көздері тазартусыз, әлдеқашан бітеліп, суалып қалған. Демек, жерасты минералды сулары мен көлдерді аман сақтап қалу – аймақтың күн тәртібінде барынша өткір тұр. Шын мәнінде, Бурабай – шағын ғана Көкшетаудың баурай-шатқалы, климаттық курорт аймағы. Егер ол жоғарыда біз айтқан үш байлығы: ағаш-өсімдігінен, минералды көлдерінен, Көкшетауды көкше атандырып тұрған азонды саф ауасынан айырылса не қадір-қасиеті қалады? Сұмпиған кішігірім қалаға айналып шыға келмей ме? Бұған жол беруге бола ма? Бурабайға төнген басты қауіп көзі – мұнда соңғы 10-15 жыл ішінде халықтың шамадан тыс шоғырлануы. Бурабай-Щучинск курорттық аймағы жалпы аумағы 83,5 мың гектар жерді ғана алып жатыр (тауларын, көлдерін, бір қала, екі аудан орталығын, әлденеше елді мекендерді қоса алғанда, ал, орманы 47,0 мың га). Автокөлікпен тіке жүріп өтсең екі сағаттай ғана жер, яғни Көкшетау тауының баурайы. Ал осында сан мыңдаған адамдық 70-тен аса ірі санаторийлер мен емдеу-сауықтыру кешендері, оннан астам қалашық немесе кенттер орналасқан дегенге сенесіз бе?! Бурабай ауданы әкімінің кеңесшісі А.Есімованың дерегінше, жалпы, туристік қызмет көрсету инфрақұрылымында 112 нысан бар, оның 45-і ресми шипажай-курорттық мекеме. Ондаған әкімшілік, ғылыми-зерттеу мекемелері мен оқу орындары, ал, 2006 жылдың өзінде мұнда 300 дүкен, 70 мейрамхана, 541 тұрмыстық қызмет көрсету нысандары, әлденеше туристік фирмалар тіркелген. Қазір одан әлденеше еселеп көбейгені анық. Щучинск қаласы тұрғындары саны 2015 жылға қарай 100 мыңға жетпек. «Бурабай» курорттық аймағын дамытудың Бас жоспарында Щучье (Шортанды) көлінің жағасында «БФ Глобал» түрік компаниясы орманды отап салып жатқан туристік ойын-сауық кешені, ондағы 3700 нөмірлік 9 қонақүй, жалпы ауданы 21 мың ш.м. ойын-сауық және сауда орталығы, сондай-ақ осы кешендегі бірнеше казино, 700-ден астам жекеменшік коттедждер мен 1620 пәтерлік 4-5 қабатты тұрғын үйлер, гольф-клубтар, ат-спорт орталығы, шыңға өрмелеу учаскелері – осының өзі таяу арада тағы бір ірі қалашық болып қосылады деген сөз. Қазірдің өзінде жылына сырттан келіп дем алушылардың (көбіне Ресейден), туристік сапармен келетіндердің өзі 500 мың мен 1 миллион аралығында. Облыстық Туризм және спорт комитетінің дерегінше, жазда Бурабайға тәулігіне 10 мың адам туристік сапармен келуге тиіс. Сонда, ой жіберіп көріңіз, курорттық аймақтың әр шаршы км-ге қанша адамнан келмек?! Ал, Бурабай курортық аймағының мұншама адамның шоғырлануына, қабылдауға табиғи әлеуеті жете ме? Мұншама адам тастайтын қаншама шірік қоқыстар, ластайтын улы нәжістер, табиғатты бүлдіруі ше? Бурабай экологиялық апат алдында тұрған жоқ па? Бұған ешбір маман тұщымды жауап бере алмайды. Себебі, 1959-шы жылдан бергі аралықта БЩК аймағы бойынша жоғары білікті гидрогеологтар, климатологтар, экологтар, флора мен фауна мамандары, т.б. ғылыми тұрғыдан кешенді зерттей келе, аймақтағы ауыз су, емдік су мен балшық қорлары қанша және оларды пайдалану нормалары қандай болу керектігін, табиғат тепе-теңдігін қалпына келтіру, қорғау шаралары нақты талдап көрсетілген біртұтас бірде-бір Жобалық-сметалық құжаттама жасалмағанын айтқан еді. 1959 жылдан бері! (1991 жылғы шағын техникалық-экономикалық жоспарлау негіздемесін қоспағанда).
Елбасы өз мақаласында былай деген еді: «Халқымыз ғасырлар бойы туған жердің табиғатын көздің қарашығындай сақтап, теңдесі жоқ экологиялық өмір салтын ұстанып келді». Соған бір мысал! Ұлы Абылай Қытайдан, Ресейден келген елшілердің өзін дұшпан аяғы баспасын деп, осы Бурабайға кіргізбейді екен. Сырттағы көлдердің бірінің жағасына үй тіктіріп, сол жақтан шығарып салатын болған. Аңын-құсын аттырмаған, жақын көлдерге жылқы жаптырмаған. Бұл – қазақ ақсүйектерінде кейінге дейін жалғасқан жол. Анау Арқаның алпауыт шонжары Шорманның Мұстафасы ақын Жаяу Мұсаның атын ат жетпегендіктен тартып алған жоқ, мал кіргізбей, көкмайсасын мал тұяғына бастырмай отырған ауыл арасына дөрекілік көрсетіп атпен кіргені үшін тартып алғаны аян. Яғни, табиғат анамен үйлесімді тіл табысу, қиятын әр талына қиянат қылмай, әрбір аң-құсына обал-сауаппен қарау – бұрыннан қанымызда бар қасиет емес пе еді? Тәуелсіздігіміз жаңа тәй-тәй басып, экономикамыз ес жия алмай жатқан өліара тұста Бурабай кенті осы аймақты талан-таражға салудың, жер телімдерін оңды-солды жекеменшікке үлестірудің орталығы болған ба деп қаласыз. Жергілікті тұрғын Салтанат Мұқанова мен Орман селекциялық орталығының маманы Федор Тетериндер: «Өңірдің көркі «биші қайыңдар» алаңы да жекеменшіктің қолына өтіп кетіп, кәсіпкер аяусыз отап үйлер сала бастаған соң көпшілік болып қарсы шықтық», – деп еске алса, Бурабай аудандық жер қатынастары бөлімнің бастығы Марат Наурызбеков: «Курортты аймақтың жер дауы бір бұл емес. Тіпті, мұнда 2006 жылдары тау да сатыла береді екен. Бір жерге таудың иесі тақтайшаға телефон нөмірін жазып, «сатылады» деп қойғанын да көзбен көрдік», – дейді (Nur.kz, 2012). Араны ашылғандар таудың гранит тасына да ауыз салып, тонналап таси бастаған. Абырой болғанда, сол кездері облыс тізгінін ұстаған Еркін Әуелбеков пен Мақтай Cағдиев өздері келіп, қатаң тыйым салған екен. Мұндай фактілер жетерлік.
Біз жоғарыда Көкше-Бурабай қазақ киелі санайтын тарихи мекен ретінде де қастерлі дедік. Әулиекөл мен Оқжетпес шыңы ортасына орналасқан, үш жүздің ханы Абылай ұлт ұйытқысы билері мен әруақты батырларын жинап, жиын өткізетін «Абылай алаңына» 1991 жылы хан Абылайдың туғанына 280 жыл толуына орай стелла орнатылса, 2004 жылдың 9 шілдесінде ел Президенті Н.Назарбаевтың қатысуымен 34 метрлік монумент-ескерткіш қойылған (Мұнда Ұлы ханның ескерткіші, тіпті, әлі күнге бюсті де жоқ). Алаң төріндегі дөңестегі көне жәдігер-граниттен жасалған «Хан тағын» келушілер үнсіз айналып тәу етуші еді…
Ұлы хан алтын-байлық жинамаған,
Тағы – тас, қорғаны – тау,
сұлу орман.
Айнала – аққу құшқан айнакөлдер
Әр тасы тәбәрік қой, бізге қалған!. – дегің-ақ келеді. Бірақ, қазір бұл Алаң да, «Хан тағы» мен осындағы шағын мұражай да күтімсіз қалған. Жаз болса қаптаған меркантильдік бақалсауда орындары басып кетеді екен. Қазақ үшін тағы бір өте-мөте киелі жер – Оқжетпестің ұшарбасына ақша табу үшін әлдекімдер сым-арқан тартып, бала-шаға құжынап жүргенін көргенде, ал, қайталанбас табиғат құбылысы «Жұмбақтасқа» Ресейден келген бір топ жас ішімдіктерін ортаға қойып қойып, аузына келгендерін айтып, ашық-шашық «билеп» жүргенін көргенде жағамызды ұстадық. «Мына жартасты қопарып тастау үшін бір шөкім тротил де жетеді-ау!» деген ой денемізді түршіктірді. «Әй, дейтін әже, қой, дейтін қожа» таппайсың. Осыларды көргенде, қайран Бурабай бүгінде иесіз қалғандай сезінесің. «Кенесары үңгірі» Әулиекөлден 500 метр биікте орналасқан. Кіреберіс тақтада: «Сол түні сонау үңгір тау ішінде, Қабағын қарс жауып, Кене ойланды. Қиналған қазағына жол таппаққа, Жүрегі тілім-тілім тіле ойланды!..» – дегенді өз жүрегі де тілім-тілім Мағжан ақын ғана айта алар-ау дедік. Ал, айнала жартасқа түскен «Саша, Маша, Ахмет…» сияқты шайтаніз шимайлар, қаптаған бөтелке мен лас нәжіс, қоқыстар – бүгінгі ұрпақтан қалған белгі. БЩК аймағындағы 100-ден аса меншік иелері аумақты бөліп-бөліп алып, қоршап тастаған. Орманды отап тастаған жекеменшік вилла, коттедждер ұры иттің тұмсығындай сұғынып әр тұстан жиі жылт-жылт көрініп қалады. Тіпті, Сәкен ағамыз «Қарағай биік шыңды қиялаған, Еш адам оны барып қия алмаған!» – дейтін тау-тас биігіне де шеңгел сала бастаған…
Әдетте, шетелдік туристерді табиғатты тамашалау ғана емес, жергілікті ұлттың тарихы, экзотикалық ерекшеліктері, өзіндік салт-дәстүрі ерекше қызықтыратынын шетке шығып жүрген кез келген адам жақсы біледі. Айта кетейік, көкшетаулық қаламгерлердің бастамашылығымен құрылған «Мирас» өлке зерттеушілер клубы жас ұрпақты Отанын, Жерін сүюге жетелейтін өте игілікті іс тындырған. Көне құжаттарды ақтара жүріп, «Жер-Су аты – бабалардың хаты» болып қалған осы өңірдің 25-тен астам бұрынғы қазақша өз атауларын тапқанымен, өкініштісі, кертартпалар айналымға енгізбей, «Спящий рыцарь», «Сфинкс», «Синюха», «Боровое», «Карасье» (Қарасу), «Корова» (Өгізтас), «Казачий остров» сияқты отаршылдық қамытындай ондаған жат атаулардан әлі құтыла алмай тұр. Республикалық дәрежедегі 13 табиғат ескерткіштері түгелдей дерлік орысша қалпында. Ал, ежелгі қазақы топонимикалық атаулардың әрқайсысы тұнып тұрған тарих, шежіре! Туристерге керегі де осы емес пе? Бірақ оны шетелдік меймандарға дұрыс әңгімелеп бере алатын төл тарихымызға, шет тіліне жетік арнаулы гид дайындау ойға келмеген, жоқ десе де болады. «Ахуалын көрдіңіздер. Сонда соңғы 10-15 жылдан бері жыл сайын бюджеттен Бурабай курорттық аймағын дамытуға бөлінетін миллиардтаған қаржы сол «Туризмді дамытамыз» деген желеумен ұрандатып жүрген алпауыттардың өз қалтасына кетпесе, қайда кетіп жатыр?» – деп күйінеді былайғы жұрт. Ал, әлемдегі өркениетті елдер өздерінің жалпыұлттық қастерлі жерлерін, оның өсімдігі мен хайуанаттар әлемін, минералды кен көздерін болашақ ұрпағы үшін қалай сақтап отырған өнегесі туралы жоғарыда атап өттік. Академик Т.Шарманов айтқандай, табиғат көркі осы өңірден кем болмаған сонау Алматы төңірегі ойға орала береді. Ел астанасы алғаш Қызылордадан Алматыға көшкен тұста Ораз Жандосов, Жұбаныш Бәрібаев, Сәкен Сейфуллин сияқты ел билігін ұстаған есті азаматтар: «Жаңа астанамыз Алматы қаласын Ілеге жақын, Қапшағайдан бергі кең жазыққа салайық, сонда Алатаудың бергі әсем баурайын аң-құсымен, миуалы ағаш-жемісімен тұтастай Ұлттық парк етіп, қол тигізбей, қаймағын бұзбай жер жәннаты қалпында сақтап қаламыз», – деген екен. «Асқақтаған Алатау» баурайындағы тамылжыған сол табиғи саябақтардың бүгінде жұрнағы ғана қалған. Жалға берілген Бутаков, Алма-арасан шатқалдары, Үлкен Алматы көлі маңы сияқты тұстар қоқыс үйінділері, шіріген қалдықтарға толып, қоршаған ортаға зиян келіп, туристер түгілі тұрғындардың өзі айналып өтетін болғанын, бұл Қазақстан қол қойған Халықаралық табиғат қорғау конвенциялары талаптарына қайшы екенін «Зеленое спасение» экоқауымдастығы әлеуметтік желілерде ашына жазуда. Араны ашылған нысапсыздар, тіпті тау жоталарына ауыз сала бастаған соң, Елбасы араша түсіп, қатаң ескерту жасағаннан кейін ғана әзер тоқтағанын білеміз. Қайталанбас табиғат ескерткіштері мен тарихи ескерткіштер шоғырланған Бурабайдай қастерлі жерімізді әркімнің жаппай жекеменшік саяжайына айналдырмай, әлгіндей экологиялық апатқа ұшыратпай ертеңгі ұрпаққа қалай жеткіземіз? Елбасы мақаласында айтылғандай, Ұлытау – ата тарихымыз бастау алған рухани-тарихи орталық, Түрікстан – рухани-имандылық орталық болса, ал Бурабай – үшжүздің тұңғыш ханы Абылайдың Хан Ордасын құрған киелі жер. Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин сияқты Алаштың ақиық шайырларының ізін басқан көкшетаулық қаламгерлер еліміз Тәуелсіздік алысымен-ақ баспасөз беттерінде Бурабайдың мұңын мұңдап дабыл қақса, арқалы ақын Серік Тұрғынбековтың «Тимеңдар, «биші қайыңға!» деген жоқтау-өлеңі Бурабайда ағаш-ағашты аралап, әрі араша сұрап жүргендей. Олай болса, жер бетіндегі сирек кездесетін табиғат мүйісі, «Қазақстан Швейцариясы» атанған, «Абылайдың Ордасы құрылған…, қазақ ақындығының да ордасындай болған» (Мағжан) ұлт мақтанышы Бурабайды мемлекеттік деңгейде қорғауды қоғам болып қолға алар уақыт жетті деп есептейміз. Ертең кеш болмақ. Оны жоғарыда баяндадық. Ендігі сөз өзіңізде, ағайын!