Серікбай қажы ОРАЗ,
Қазақстан Мұсылмандары
діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти
– Бас мүфти лауазымына сайланғаннан кейін алғашқы жұмысыңызды бұрынғы мүфтилер – Рәтбек қажы Нысанбайұлы мен Әбсаттар қажы Дербісәлінің батасын алудан бастадыңыз…
– Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Біз ата-бабаның бата-тілегімен өсіп-өркендеп келе жатқан ұрпақпыз ғой. Жасқа жақсылық тілеу – жасамыстың асыл міндеті. Үмбетей жырау: «Ақсақалға жарасар, тілеуқорлық айласы», – демей ме?! Үлкендердің «Көсегең көгерсін», «Жасың ұзақ болсын», «Қатарыңның алды бол» деген бата-тілегін алған азамат өскенде өзі де батагөй ақсақалға айналады.
Рәтбек қажы мен Әбсаттар қажының тұсында наиб мүфтилік, былайша айтқанда, орынбасар қызметін атқардым. Олардың өмірде көргені көп. Ұстаздарымнан мол тәлім алдым. Бас мүфти жауапкершілігі жүктелгенде ол кісілерден бата-тілек, ақыл-кеңес сұрап, шәкірттік әрі азаматтық борышымды өтеуді өзіме міндет деп білдім. Бұл – қазақтың бағзыдан келе жатқан дінмен үйлескен өнегелі дағдысы, дәстүр сабақтастығы.
– Өзіңізге белгілі, қазір біздің қоғамда діни орта мен зайырлы қауым арасында өзара түсінбеушілік байқалып қалады. Бұған негізгі себеп не деп ойлайсыз?
– Екі жаққа да қатысы бар екі факторды атап өтейін. Біріншісі – діндарлық пен радикализмнің арасын ажырата алмай, қасаң қағидаларға алданған албырт жастардың қатқыл діни көзқарасы. Екіншісі – иманға шөліркеген ұрпақтың рухани ізденісі мен талғамын қанағаттандыруға қауқары келмей жатқан жасамыстардың жағдайы. Екі тарапқа тән осы екі проблема олардың өзара түсінбеушілігін тудыруда.
Әсіре діншілдіктің зардабы өз алдына бір мәселе. Сол секілді мұсылманшылықтан бейхабар болудың да өзіндік келеңсіз тұсы бар. Әке балаға ұстаздық етуі тиіс. Олай емес екен, онда баланың «ұстазы» көбейіп, көрінгенді үлгі тұтатын болады. Әрине, өтпелі кезеңде өмір сүріп отырған ел ағаларының жағдайын түсінеміз. Алайда алдымызда ұрпақ тәрбиесі сынды маңызды мәселе тұрғанда біздің кешегі күйіміз қазіргі жағдайымызды әсте ақтап ала алмайды.
Қазіргі ата-ана дінге ден қойған баласының артынан ілеспей, алдына өтіп жол бастауы қажет-ақ. Сонда біз сөз етіп отырған діни көзқарастар қайшылығы орын алмас еді. Сәждеге бас қойған бала жаман суға әуес әкенің әрекетіне налымас еді…
– Мүфтият зайырлы қауым мен діни ортаға қайтіп «алтын көпір» болмақ?
– Өткен айда Астанада діни сала мен зайырлы қоғамда пікір қалыптастырып жүрген біраз ғалыммен пікір алмастым. Біздің ұсынысымыз бойынша «Зайырлы көзқарас пен діни ұстанымды үйлестіру» қоғамдық кеңесі құрылды. Бұл бастаманы діни орта мен қоғамға белгілі ғалымдар – Досай Кенжетай, Бақытжан Сатершинов, Асқар Сабдин, Құдайберді Бағашар, Мұқан Исахан, Қайрат Құрманбаевтар қолдады. Қазір қоғамдық кеңес өзінің миссиясына кірісіп кетті. Жамағатты ағарту, түсіндіру шаралары қарқын алды.
Осындай ізденіспен тоқтап қалмай, жуырда Алматыда Марат Тоқашбаев, Нұртөре Жүсіп, Жүсіпбек Қорғасбек, Дос Көшім, Айдос Сарым, Расул Жұмалы секілді қоғам қайраткерлерімен, Бас редакторлармен сұхбаттастым. Бұл басқосуда негізгі әңгіме діни ұстанымда шектен шықпау, халықты діни ағарту жайлы өрбіді. Осы пікір алмасу отырысы соңында ҚМДБ жанынан қоғамдық негізде сарапшылар кеңесін құру туралы мәселе көтерілді. Сарапшылар бұл бастаманы бірауыздан қолдап, ортақ мүдде үшін өзара ықпалдаса отырып, қызмет ету туралы уағдаластық жасадық. Бұл игі бастаманың түпкі мәні – діни қауым мен зайырлы ортаның көзқарасын жақындату. Мүфтият осы екі ортаның өзара ортақ көзқарасын қалыптастыруға ықпал ете беретін болады.
– Зайырлы қоғам құрудың алғышарты – құқықтық сауат. Дін мен құқық саласының байланысын қалай сипаттар едіңіз?
– Аллаға шүкір, біз Исламның асыл құндылықтарын бойына сіңірген ұлтпыз. Ұрпағын имандылық пен ізгілікке тәрбиелеген елміз. Тәуелсіздігіміздің арқасында 2 мыңнан астам мешіт салынды. 9 медресе, діни кадр даярлайтын «Нұр Мүбәрак» университеті, 2 қарилар орталығы ашылды. Осының бәрі мемлекеттің асыл дінімізге деген жанашырлығы мен қамқорлығының нәтижесінде жүзеге асып отыр. Көпұлтты, көпконфессиялы елімізде құлшылық жасауға барлық жағдай жасалған. Түрлі ұлт пен дін өкілінің бір шаңырақ астында тату өмір сүруі – Елбасының ел басқарудағы данагөй шешімі және қазақ халқының кең пейілі деп білемін. Бірлігіне сызат түскен елдердің қандай күйде өмір сүріп жатқанын жақсы білеміз. Бүгінгі таңда бізге керек басты құндылықтың бірі – бірлік пен өзара түсіністік.
Біз көп ұлттың басын біріктірген зайырлы мемлекетте өмір сүріп отырғанымызды ұмытпауымыз керек. Әсіредіншілдіктің соңы жарға жығатынын көріп жүрміз.
Әр заманның өтпелі кезеңі мен сындарлы сәті болады. Сындарлы сәт адам баласын одан сайын шынықтыра түседі. Осыны ұмытпау ләзім. Алланың қалауымен мың өліп, мың тірілген халқымыз талай зұлматты заманды бастан кешіп, осы күнге дейін иманын сақтап, дәстүрін жалғап келеді емес пе?
– Дінді өзге ғылымдар секілді дара ғылым немесе күнделікті тұрмыста ұстанатын өмір сүру салты ретінде қарастырсақ, қоғам үшін екеуінің қайсысы етене жақын болар еді деп ойлайсыз?
– Шариғат бізге өткенді, бүгінгі және болашаққа қатысты жайттарды баяндайды. Қасиетті кітабымыз Құран өмірдің барлық саласын қамтыған. Біздің дініміз ешқашан ғасыр соңында қалмаған. Керісінше, Ислам заманды өз соңына жетелейді. Құранға білім көзімен қарасаң – тұнып тұрған ғылым, ал жалпы ой жүгіртсең – адамзат баласының тұтас өмір сүру жүйесі. Сондықтан бұл екі ұғымды бір-бірінен ажырата алмайсың.
Мәселен, халқымыздың күнделікті дағдысына айналған салттардың түпкі мәні асыл дінімізден бастау алады. Шыр етіп дүние есігін ашқан сәбиге азан шақырып ат қою, босанған жас келінге қалжа жегізу, қырқынан шығару, баланы екі жыл емізу, шілдехана-бесік той жасау, тұсаукесер, бәсіре салты, қыз айттыру, сырға салу, құдалық, қалыңмал, жасау, міне, осы салт-дәстүрлеріміз діннің қағидаттары мен талаптарымен үйлесім тапқан. Дін – өмір сүру қағидасы. Құдайға құлшылық ету – құлдың басты міндеті. Шариғат деген – өмір, ал өмір деген – шариғат.
Сіздің сұрағыңызға орай, мына мәселені айта кеткім келеді. Кезінде кейбір діндарлар тек ғұламалар арасында талқылануы тиіс діннің астарлы мағыналары мен тармақты мәселелерді жалпы бұқара халық арасында жариялап жіберді. Жамағаттың діни білім деңгейі көтермеген сенім мәселелеріне қатысты көзқарастар көпшілік арасында түсінбеушілік тудырғаны жасырын емес. Ғылыми тұжырымдар тек ғалымдар арасында айтылуы тиіс еді. Ал халыққа керек діни мағлұмат – Исламның парыздары мен сүннет амалдары. Біз кешегі кері идеологияның құрсауынан әлі күнге дейін шыға алмай келе жатқан елміз. Кеңестік кезеңнің «сарқыншақтарынан» арыла алмай жатқан ағайын бар…
– Исламофобияны сейілтуде бүгінгі имамдардың пәрмені қандай?
– Қазіргі таңда ақпараттық кеңістікте белсенді түрде жүргізіліп жатқан исламофобиялық тенденциялар нәтижесінде қалың бұқара санасында жасанды үрей қалыптасып жатқаны жасырын емес.
Дініміздің қағидаттары мен талаптары адам табиғатымен толық үйлесім тапқан. Алланың әмірлерін кез келген уақыт пен кеңістікте орындау оңтайлы. Қасиетті Құран Кәрімнің «Бақара» сүресінің 286-аятында: «Алла ешкімді шамасы жетпейтін іске мәжбүрлемейді. Кімде-кім жақсылық істесе, сауабын өзі көреді, жамандық қылса, сазайын өзі тартады…» – делінген.
Қай заманның күрделі кезеңінде дін қайраткерлеріне үлкен жауапкершілік жүктелген. Қазіргі имам-молдалар дін мен дәстүр қағидаттарын үйлестіріп, халқымыздың таным-түсінігі мен табиғатына сай уағыз жүргізуде. Бүгінгі күннің жауапты жұмыстарының бірі – Исламды үрейдің емес, үміттің діні екенін жан-жақты жеткізу, насихаттау. Бұл бағытта ҚМДБ жанындағы Ғұламалар кеңесі, республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшелері, пәтуа және шариғат бөлімінің мамандары, жалпы имамдар ұдайы жұмыс жүргізіп келеді. Бұдан бөлек, бұқаралық ақпарат құралдарында сауатты сұқбат беретін имамдар пулы жасақталды.
Мұндай өзекті мәселеде өзіңіз секілді қалам ұстаған қауымның мойнында үлкен жауапкершілік жүгі жатыр. Байқап қарасақ, исламофобияны тудыратын өзіміз. Кейде мәселенің байыбына бармастан таза қылмыстық әрекетке діни реңк беріп жібереміз. Бернард Шоу айтқандай, кейде велосипедтің құлауы мен өркениеттің құлдырауы арасындағы айырмашылықты білмей қаламыз.
Әлеуметтік желіні қарап отырсақ, көкейге «біз осы діни тақырыпта пікір айту әдебінен аттап, көзқарас білдіру мәдениетінен алшақтап бара жатқан жоқпыз ба?» деген сұрақ келеді… Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жақсы сөйле немесе үндеме», – дейді. Халқымызда «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген нақыл бар. Жүсіп Баласағұни бабамыздың айтуы бойынша, қоғамдағы адамдардың қадірлісі – тіліне ұят сіңгендер екен. Біз үлкендердің «ұят болады», «обал болады» «жаман болады» деген сөзін бойға сіңірген халықпыз. Егер біз, әрқайсымыз діни мәселеде пікір айтудан бұрын пайғамбар сөзін басшылыққа алып, үндемеу немесе жақсы сөйлеу қағидасын ұстанатын болсақ, онда исламофобия дейтін үрдіс өзінен-өзі сейілер еді деп ойлаймын.
– Жуырда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Қазіргі заманның үздік 500 зияткер имамы» жобасы қолға алынғанын хабарлады. Имам зияткерлігін қандай критерийлер арқылы бағалайсыздар? Бұл имамдар арасында бақталастық тудырады деп ойламайсыз ба?
– Өздеріңіз жаңалықтан байқаған боларсыздар, жақында Алматы қаласының бас имамы қызметіне Құранды толық жаттаған қари, «Нұр Мүбәрак» университетінің Phd докторанты, мемлекеттік қызметте еңбек еткен, бірнеше шет тілін меңгерген Еркінбек қажы Шоқай деген азаматты тағайындадым. Мұсылман әлеміне әйгілі әл-Әзһар университетінің түлегі, белгілі теолог-ғалым Асқар қажы Мұқановты Астана қаласының бас имамдығына бекіттім. Ал мүфтияттың Орталық аппаратында бірнеше жыл жұмыс істеген, діни оқу-ағарту бөлімін басқарған, Астана қаласында талай жыл имамдық еткен, бүгінде «Нұр Мүбәрак» университетінің Phd докторанты Бақтыбай қажы Бейсенбаевты Оңтүстік Қазақстан облысының бас имамы қызметіне тағайындадым.
Демек, бұл – бас имам қызметінің жауапкершілігі артты деген сөз. Осылайша, қаланың немесе облыстың бас имамы болғысы келген азаматтарға қойылатын талапты күшейтіп қойдық. Ғылыми дәрежесі бар, бірнеше тілді білетін, діни салада тәжірибесі мол азаматтар ғана бас имамдыққа лайықты болмақ. Менің пайымдауымша, маңызды қалалар мен облыстарға бас имам болу орта және жоғары білімі бар дін қызметкерлері үшін бейне бір бағындыруға келмейтін белес болуы тиіс. Өйткені, уақыттың өзі осыны талап етіп отыр. Бұл үрдіс имамдар арасында жақсы мағынадағы бақталастықты арттырады деп есептеймін. Құранда Алла Тағала жақсылықта жарысуды әмір еткен.
Дін қызметкерінің тұлғалық келбеті, табиғаты, білімі, сөз саптауы, тіпті, жүріс-тұрысының өзі «имам» деген абыройлы атқа сай болуы керек. «Қазіргі заманның үздік 500 зияткер имамы» мынадай критерийлер негізінде анықталады:
– имамның сыртқы келбетінің көркем болуы;
– ұстамдылығы, басқару шеберлігі жоғары болуы;
– сөйлеу шеберлігі мен шешендік қасиетке ие болуы;
– ізетті, берік (ақидасы) сенімі, әділдігі, сабыр сақтауы;
– теріс ағым жетегінде кеткендерді кері қайтара алуы;
– абақтыда жазасын өтеушілерді рухани оңалтуға қабілетті болуы;
– қызмет етіп жүрген мешітінде жамағатқа тұрақты дәріс оқуы, шәкірт тәрбиелеуі (Құраннан бір пара сүре жаттаған шәкірттерінің саны 30 адамнан асуы);
– ақпарат құралдары мен баспасөз беттеріне діни-танымдық, ғылыми-ағартушылық тақырыптарда сұхбат пен мақалаларының шығуы;
– шариғи тақырыптарда емін-еркін уағыз-насихат жүргізе алуы тиіс.
– Республика аумағындағы мешіттер жұмысы мен ондағы имамдар уағызының ханафи мәзһабының ұстанымдарына сай болуын қалай қадағалайсыздар?
– Барлық мешітте айтылатын уағыздың тақырыбы мен негізгі мәтіні жылдың басында имамдарға беріледі. Жұма уағызының толық мәтіні әр аптаның басында www.muftyat.kz сайтына жарияланады. Тек Бас мүфтидің бұйрығымен тағайындалған дін қызметкері ғана жұма уағызын жүргізеді. Ресми емес тұлғаның мешітте насихат айтуына жол берілмейді.
Бұдан бөлек, біз жыл сайын «Жұма уағызы» деген атаумен арнайы кітап шығарамыз. Бұл еңбекте белгілі ғалымдар мен білікті имамдардың уағыз-насихат түрінде жазылған мақалалары жинақталады. Имамдар осы кітаптың негізінде жұма уағызын айтады. Қазір бұл жүйеге біздің дін қызметкерлері үйреніп алды. Өйткені, қай күні қандай тақырыпта жұма уағызын жүргізетінін алдын ала біліп, сол кестеге сәйкес жұмыс істейді.
– Ел ішінде ханафи мәзһабынан өзге жолға бет бұрған азаматтардың көбеюіне дін тарихын, нақты айтқанда, ханафи мәзһабының Орталық Азияға әлдеқайда ерте Қарахан билеушілерінің тұсында орныққанын білмеуі әсер етті деп ойлайсыз ба? Жалпы дәстүрлі емес діни ағымның жетегінде кету дін тарихын білмегендіктен деп ойлауға, сіздіңше, негіз бар ма?
– Біздің талдауымыз бойынша, жат ағымда жүргендердің кейбірі дәстүр, тарих, салт, ұлт деген қастерлі ұғымдарды қабылдай бермейді. Ұлтқа жаны ашымаған адамның патриоттық сезімі өшеді екен. Біз бірнеше жылдан бері «Дін және тарих тағылымы», «Дін мен дәстүр сабақтастығы» жобаларын жүзеге асырып келеміз.
Салт-дәстүр, тарих – қуатты күш, кез келген ағымға төтеп беретін құндылық. Салтын сақтай білген қоғамға ешкім іріткі сала алмайды. Бұл тәжірибеде дәлелденген дүние. Мәселен, үлкенге ізет, кішіге құрмет, ата-ананың айтқанын екі етпеу, көрші ақысын беру, ағайынға қарайласу, т.б. әдептілік, кішіпейілділік әдеттер – біздің дәстүрімізде бұрыннан қалыптасқан үрдіс. Ол ешкімге жаңалық емес. Сондықтан біз әдет-ғұрпымыздың, тектілікке негізделген тарихымыздың осындай игілігін көбірек пайдалануымыз керек.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Сізді ресми қабылдауында жер-жердегі имамдардың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін қор ашылғаны жайлы айтты. Осы қордың жұмыс істеу жүйесі туралы кеңірек айтып өтсеңіз.
– Иә, елімізде түрлі әлеуметтік жобаларға арнайы қолдау көрсететін «Уақып» корпоративтік қайырымдылық қоры құрылды. «Уақып» қоры жанындағы Қамқоршылар кеңесіне Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі, Қаржы министрлігі, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, депутаттар, қоғам қайраткерлері, т.б. лауазымды тұлғалар мүше. Кеңес мүшелері қор қаржысына бақылау жүргізеді.
«Уақып» – коммерциялық емес қайырымдылық ұйымы. Сондықтан қор есебінен әлеуметтік әлсіз топтарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсетіледі. Сонымен қатар, кадрлардың кәсіби біліктілігін арттырып, дін қызметкерлерінің әлеуметтік мәселелерін шешумен айналысады. Қорға алғашқы қаражатты Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Қоры аударды. Алла разы болсын айтамыз.
Елбасының игі бастамасымен ашылған қордың есебінен шалғай ауылдағы өзін-өзі қаражатпен қамтамасыз ете алмайтын 250-ден астам мешіт имамдары мен молдаларына қаржылай қолдау көрсетілуде. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан осындай үлкен қамқорлыққа айрықша алғысымызды жеткіземіз. Олардың рухани жетекшісі, яғни Бас мүфти ретінде имамның әлеуметтік мәселесіне қатты алаңдаймын. Аллаға шүкір, бұл мәселе кезең-кезеңімен шешіледі деген үміт бар. Бұл бастаманың өзі қазірге көңілге медеу болып тұр.
– Өзіңізге белгілі, Дін істері және азаматтық қоғам министрі Н.Ермекбаев орамалын шешкісі келмеген оқушыларға арнап бөлек мектеп ашылуы мүмкін екендігін айтты. Бұған Сіздің көзқарасыңыз қандай?
– Бұл мәселеде «Біздің қоғам бұған қаншалықты дайын?», – деген сұрақ туындайды… Менің ойымша, бұл өзінің кезеңі келгенде әбден пісіп-жетілетін, былайша айтқанда, уақыттың өзі шешіп беретін мәселе.
– Сіз үш мүфтидің тұсында жауапты қызметтерді атқардыңыз. Дін саласында тәжірибеңіз мол деп айтуға болады. Мүфтияттың бағыт-бағдарын жақсы білесіз. Сіз басшылық ететін ҚМДБ-ның ендігі мақсаты қандай болмақ? Сізге артылған міндет өзге мүфтилерге жүктеген жауапкершіліктен несімен ерекшеленеді деп ойлайсыз?
– Мен Алланың қалауымен діни қызметке ерте жастан араластым. 24 жасымда Бас мүфти орынбасары болдым. Көзге көрінбейтін, қолға да түспейтін нәзік сала – діни қызметпен айналысу 24 жастағы жігітке үлкен жауапкершілік жүктеді. Құдайға шүкір, бұл міндет мені біраз ширатты.
Рәтбек қажы ақсақалдың кезіндегі уақытты «алғашқы сауат ашу кезеңі» деп атар едім. Өйткені, ол кезде халықтың діни сауатын ашу маңызды істің бірі болды. Ақсақалға Алла разы болсын! Бойында бар күш-қайратын шәкірт тәрбиелеуге арнады. Ол кісінің шәкірті болу – маған да мақтаныш, мәртебе.
Ғылыми саладан діни қызметке ауысқан Әбсаттар қажы Дербісәлі Бас мүфти болған жылдарды «ағарту кезеңі» деп атауға болады. Имамдардың діни біліміне көбірек мән берілді. Бірнеше медресе ашылып, жоғары білімді діни кадрларды даярлайтын «Нұр Мүбәрак» университеті өз жұмысын бастады. Дін қызметкерлері мен халықты ағарту бағытындағы іс-шаралар мен игі жобалар жүзеге асты.
Ержан қажы Малғажыұлы Бас мүфти болған жылдары мүфтият «өрлеу кезеңіне» қадам басты. Білімді, тәжірибелі имамдар қатары көбейіп, жамағаттың сауатты уағыз-насихатқа деген сұранысы артты. Ержан қажы дін мен дәстүр сабақтастығын жаңғыртып, рухани кеңістікті тәлімді дүниелермен толтыруға сүбелі үлес қосты.
Ал бүгінгі жаңа замандағы тенденциялар мен сын-қатерлер қазіргі дін қызметкерлерінің жауапкершілігін одан сайын арттыра түсті. Әлемдік саяси-экономикалық, әлеуметтік ахуал сәт сайын құбылуда. Адамзат баласы алмағайып заманның осынау күрделі кезеңінде бұрын-соңды көз көрмеген экстремизм мен терроризмнің зардабын бастан кешуде. Дін атын жамылған дінбұзарлардың озбырлық әрекеті әлемді үрей құшағында қалдыруда. Кез келген діни радикализмге мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру – әлемдегі барша мұсылман үмбетіне зор жауапкершілік жүктейді. Жат ағымға алданған азаматтарды радикалды райынан қайтару – мүфтияттың негізгі жұмыс бағыттарының бірі болып қала береді. Діни басқарманың қазіргі кезеңін «жаңа замандағы жаңа жауапкершілік кезеңі» деп атаған болар едім.
Қазір алдымызда тұрған ауқымды жұмыстың бірегейі – ҚМДБ қызметін жаңғырту. Мешіттің қаржылық-шаруашылық қызметін жүргізетін мутавалли, яғни іс басқарушы, мухтасиб (қадағалаушы) сынды лауазымды қызметкерлерді тағайындау бастамасын қолға алдық.
Бұл шешім қаржылық ашықтықты қамтамасыз етуге, дін қызметкерлерінің халық алдындағы беделін арттыруға, жалпы діни қызмет саласын жаңа деңгейге көтеруге тікелей ықпал етеді деп есептеймін. Сонымен қатар, мешіттің уағыз-насихат жұмысы мен есеп-қисап, шаруашылық қызметін екіге бөліп, имамдардың толықтай ағарту ісімен, түсіндіру іс-шараларымен, ғылыми жобалармен айналысуына мүмкіндік туғызады деп санаймын.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан
Назым ДҮТБАЕВА.
СЕРІКБАЙ ҚАЖЫ ОРАЗ
1975 жылы 12 сәуірде дүниеге келген.
1990-1992 жылдары Ташкент қаласында қарилар дайындайтын медресені тәмамдаған;
1992-1994 жылдары Мысырдағы әл-Азһар университетінде оқыған;
1995-1996 жылдары Исламабад Әлемдік университетінде білім алды.
2012-2014 жылдары М.Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетінің
«Менеджмент» мамандығы бойынша магистратурасын бітірген;
2014-2016 жылдары «Нұр Мүбәрак» университетінің Исламтану мамандығы бойынша магистрі академиялық дәрежесін алған;
Діни саладағы жұмысы Алматы Орталық мешітінің наиб имамы қызметінен басталған. Ислам институтының ұстазы, ректоры, ҚМДБ-ның Ақмола облысы бойынша өкіл имамы, Алматы қаласы әкімшілігінің діни істер бөлімінің сектор меңгерушісі, ҚР Президенті Іс басқармасында дирекция директоры қызметін атқарды.
2000-2001 жылдары ҚМДБ төраға орынбасары, наиб мүфти;
2003-2005 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданының Бас имамы;
2011-2013 жылдары ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкіл имамы;
2013 жылы ҚМДБ төраға орынбасары, наиб мүфти, «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы қызметін атқарды.
2017 жылы Қазақстан мұсылмандарының кезекті VIII Құрылтайында Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти лауазымына сайланды.
«Ораза – кешірім айы»;
«Тәпсір тұнығы» (30-пара);
«Тәпсір тұнығы» (29-пара);
«Тәпсір тұнығы» (28-пара);
«Әзірет Сұлтан» – Ұлы дала темірқазығы» еңбектерінің авторы.
Кавказ және Орта Азия елдері арасында өткен Кувейт мемлекетінің басшысы Сабах әль-Ахмед әль-Жабер әс-Сабах атындағы Құран жарысының бас жүлдегері;
«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» медалдарының иегері.