Азия, Африка ынтымақтасу комитетінің беделі кезінде өте жоғары болғаны белгілі. Ол СОКП Орталық комитетінен өзге ешкімге бағынбайтын. Төрағалары – Примаков, Засохов секілді өңкей ығай мен сығайлар еді. Бұрын Сирияда 15 жылдай елші, Осетия облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қайта құру заманында СОКП Орталық Комитетінің хатшысы, Саяси бюро мүшесі болған Александр Сергеевич Засохов 1991 жылы Алматыға келді. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен бірге әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде болды. Президиумнан орын алған ол залдың төртінші қатарында отырған Кеңес Қожахметұлын көріп, оң қолын көтеріп, басын шұлғи амандасты. Кеңес оған жұдырығын көрсетеді.
– Ойбай, Кеңес, бұл не сұмдық?! Сен Саяси бюро мүшесіне жұдырығыңды көрсеткенің қалай?! – дейді қасындағылар таңырқап.
– Ол екеуміз дос-жар адамбыз, көңіліміз тату, – дейді Кеңес күліп. Осы шағын эпизодтан-ақ Кеңес Қожахметұлының тапқыр да батыл, саналы азамат екені байқалып тұрған жоқ па? Мұндайда қуыс кеуде жағымпаз жан басын бір емес бірнеше шұлғып, әлекке түсіп азаптанар еді. Онымен де тынбай қасындағыларға қыр көрсетіп, «көрдіңдер ме, мені Саяси бюро мүшесі таниды, сыйлайды» деп қоқилануы да мүмкін. Кеңесте ондай бейшара қылықтың бірі де жоқ. Керісінше Саяси бюро мүшесімен терезесі тең адамдай, кәдімгі достарша сөйлеседі. Оған жұдырығын көрсетуі – жан дүниесінің тазалығын, азаматтық мәртебесінің биіктігін ғана емес, сонымен бірге халқымыздың жан дүниесінің рухани байлығын да, даналық мәртебесінің биіктігін де танытқандай.
Жиналыс аяқталып, залдан шығып, фоэде Нұрсұлтан
Әбішұлы, Александр Сергеевич, ректор, университет партия комитетінің хатшысы төртеуі тұрғанын көріп, Кеңес Нұрсұлтан Әбішұлының, Александр Сергеевичтің қолын алды.
– Жағдайың қалай? – деп сұрайды Александр Сергеевич.
– Жағдайым бірқалыпты. Мендей қарапайым қазақтың үйінде қонақ болыңыз.
– Сен кешір, үйіңе бара алмаймын. Таңертең маған Горбачевтан телефонограмма келді. Мені шұғыл шақырып жатыр. Ертең ертемен Москваға ұшып кетем. Қандай шешілмей жатқан мәселең бар?
– Шешілмей жатқан мәселе жоқ, бәрі қалпында.
Кеңестің осылай дегенін естіген қасындағылар: «Өй, ақымақ, өз университетіңе, не басқа бір жоғары оқу орнына проректор етіп жіберткіз демедің бе?» – дейді өздерінше ренжіп. «Ондай ой менде өмірі болған емес, ондайды ежелден жек көремін», – дейді Кеңес оларға.
Мұндай тазалық әр азаматтың, әсіресе тарихшының ажырамас серігі болуы керек. Бізде, өкінішке қарай, мансап иесіне жағыну үшін өтірік айтатын тарихшылар кездеседі. Олар өзінің ғана емес, халқымыздың да атына кір келтіретін кещелер.
Мансап демекші, кезінде Кеңес Қожахметұлын Алматы облыстық партия комитеті идеология жөніндегі хатшысы қызметіне сан рет шақырып, әлгі ұсынысты қабылдата алмаған сәттер де болған. «Мен ұстазбын, сол жолмен ғана жүрем», – деп Кеңес илікпей, мансаптың жалына жармаса қоймады. Бұдан да оның мінез ерекшелігі танылса керек.
Енді мына бір эпизодқа көңіл аударалық.
«Бір жолы Асекең, Асанбай Асқарұлы біздің әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетімізде өткен партия конференциясына қатысып, баршамызды ойлантып-толғантарлық жақсы баяндама жасады, – дейді Кеңес Қожахметұлы.
«Өзіміздегі, Москвадағы, партияның Орталық Комитетіндегі жағдайларды айтып бір сағаттай сөйледі. Мұның алдында ғана Кереку қаласының маңында Ермак деген қала пайда болған еді. Бұл қалай деп ойланып, қиналып жүргем. Сол жағдай есіме түсті. Асекең Қазақстан деңгейіндегі үлкен басшы, Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қазақстан коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бюро мүшесі. «Неге жаңа қалаға Ермактың атын бересіздер? Ол қазақты қырған, жерімізді жаулап алуға, талқандауға қатысқан, отарлау саясатын жүргізген қара ниет, қандықол адам. Бұны біз қалай түсінеміз?», – деп бір парақ қағазға жазып хат тасып жүрген жігіттен беріп жіберген едім, сол қағаз Асекеңнің қолына тура мінбеде тұрған кезінде тиді.
Алғаш қалай жауап берер екен деген ойда едім, оқып шығып қабағын шытып, қиналып қалғанын көріп, ішімнен: «Ой, мұндай сұрақты көпшілік, әсіресе жастар алдында бекер қойған екем» – деп өкініп қалдым.
Асекеңе менен де басқа адамдардан сұрақ көп түсті. Бәріне жауап бере келіп, бір кезде менің жазғанымды жұртқа дауыстап оқып:
– Бұл мәселені тарихшылардың үлесіне қалдырайық. Тарихшыларымыз бізге түйінді шешімін шығарып берер, – деді.
Асекең деңгейі өте биік адам ғой. Бір жағы философ. Жауабына өте риза болдым. Жалтарып, әрі жұбатып жауап берді. Сұрақты жұртқа естіртіп оқығанының өзінде де мән бар еді».
Бұл айтқандарынан Кеңес Қожахметұлының әр кез сергек, сезімтал, ойшыл екенін, қоғамымыздағы болып жатқан үлкен-кіші құбылыстардың бәріне сын көзбен, ең сүйсінерлігі тарихшы көзімен қарайтынын аңғару қиын емес.
Бұл пікірімізді тиянақтай түсу үшін Кеңестің өз сөзіне тағы құлақ түрелік. «Аспирант кезiмде орталық мұражай құжаттарымен танысқанымда, Мәскеуде қандай елге қандай саясат жүргiзу жолдарын үйрететiн жабық жиналыстар, кеңестер өтiп тұратынын бiлдiм. Сол тұста «неоколониализм» деген саясат шықты. Оған кейбiр орыс ғалымдары қарсы болды.
Ол саясат алғаш батыста өркен жайғанмен бiзге де келдi. Iс жүзiнде бүкiл билiк Мәскеуде едi. Мұның себеп-сырын ол кезде түсiне алмаппын. Бұл саясатты Сталин тобы ұстанатын шығар деп ойлайтынмын. Оның сыры әрiде, Ленинде жатқанын бiлмеппiн. Бiрақ большевиктердiң сөзi мен iсiнiң айырмасы неге аспан мен жердей деп қынжылатынмын.
Ленин еңбектерiнде езiлген халықтарға тәуелсiздiк беру керек деген пiкiр кездеседi. Ендi ұқсам, бұл бiздi жай алдап-сулап, билiкке жетiп алу екен. Бұл саясатты кейiнгi жылдары ғана түсiндiм». Тарихшының бұл ой-тұжырымының дұрыстығын өмір шындығы толығымен дәлелдеп берді.
1987 жылы Алматыда Азия, Африка елдерiмен ынтымақтасу комитетiнiң мәжiлiсi өттi. Негiзгi баяндама тыңдалған соң, мәжiлiс төрағасы: «Кәне, кiм сөйлейдi?», – дедi. Бiр таңқаларлығы ешкім үндемеді, бәрi басын төмен салып, бұғып отыр. Алдында ғана Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң наурыз пленумында Желтоқсан оқиғасына байланысты хатшылар Колбин, Меңдiбаев, Камалиденов қазақ халқын «қара ниет», «ұлтшыл» деп қаралаған болатын. Мүмкiн содан қорқып отырған шығар? «Ағалар, атақты кiсiлер бар ғой. Үш-төрт адамнан кейiн сөйлермiн», – деген Кеңес амалсыз қол көтерді. Мінбеге шығып:
– Ау, бауырларым, бұл қалай? Неге бiз бәрiмiз басымызды төмен салып, бұғып отырмыз? – деп бастады сөзiн. – Қане, өзiмiздi де, басымызды да жоғары көтерейiк. Бiзге бұғып отыру жараспайды. Бiз үлкен халықтың, үлкен республиканың өкiлiмiз. Бiздi кейбiреулер кемсiткiсi де, керек болса халқымызға жала жапқысы да бар. Ол ешкiмнiң қолынан келмейдi.
Алда Қазан төңкерiсiнiң жетпiс жылдығы келе жатыр. Жетпiс жылдың iшiнде бiздiң басымыздан нендей оқиға өтпедi? Ұлы жеңiске де жеттiк. Оған, сөз жоқ, қазақ халқының да қосқан үлесi мол. Өз табысымыз да аз емес. Оны жоққа шығарып, қайталап айтайын, халқымызды кемсiту ешкiмнiң қолынан келмейдi. Мен мұны тарихшы ретiнде айтып тұрмын.
Мен бiлем, бiзде кемшiлiктер де аз емес, қателiктер де болды. Ал айтулы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы да бiзде өттi. Бiздi құрметтеп, қолдау орнына Коммунистiк партиямыздың Орталық Комитетi қара күйе жақты. Тағы да қайталап айтамын, бiздiң ұлттық сенiмiмiзге сызат түсiрiп, бiздi кемсiту ешкiмнiң қолынан келмейдi. Сондықтан, жiгiттер, келiңдер өзiмiздi де, басымызды да жоғары көтерiп, ұлт болып адамдардың көзiне тура қарайық.
Сөз жоқ, бiзде әлi де шындық, әдiлеттiк жетiспейдi. Мiне, арамызда басшы кiсiлер, әсiресе орыс тiлiнде жарық көретiн газеттердiң редакторлары отыр. Менiң түсiнбейтiнiм, бұл кiсiлер халқымыздың көкейтестi мәселелерiн неге ашып жазбайды?
Залдан бiреу:
– Это не правильно! — деп айқайлады. Мұны күтпеген Кеңес:
– Кешiрерсiз, сiз кiм боласыз? — дедi қатуланып.
– «Казахстанская правда» газетi редакторының орынбасарымын, – деді әлгі аты-жөнiн айтпай.
– Мiне, мiне, негiзiнен сiздiң газетiңiз Мәскеу газетiнен еш айырмасы жоқ. Мәскеуде басылған мақалаларды көшiрiп жариялаумен жүрсiздер. Ал Қазақстанның тарихы, мәдениетi туралы жақ ашпайсыздар. Шынына келсек, халық рухын көтеруге тиiстi мәселелер бiзде аз ба?
Ол ләм-мим дей алмады.
– Сiзден бағыттарыңызды өзгертiп, бiздiң өмiрiмiздi барынша шынайы, қамқор көңiлмен жазуды өтiнем, – дей келiп, мәжiлiске қатысқан Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетi қызметкерлерiне қарап:
– Бiздiң жазған мақалаларымыз, кiтаптарымыз еш жерде жарық көрмейдi. Мұндай жағдайда қалай дамимыз? – деп сөзiн аяқтады. Мәжіліс соңында министрлер Иван Михаилович Есенәлиев пен Мырзағалиев, Алматы облыстық атқару комитетi төрағасының орынбасары Өзбекәлі Жәнiбеков: «Кеңес, жарадың», – деп қолын алды.
Тағы бір үлкен мәжілісте ол саяси қателіктері үшін Горбачевты сотқа беру керек деп сөйледі. Тарихшының бұдан да өзге мәселелер бойынша айтқан батыл ой-пікірі көп. Соның бәрін «Тарихшы ерлігі» деп бағалағанымыз жөн. Ең бір сүйсінерлігі, ол өз ой-пікірін ешкімнен жасқанбай, дер кезінде айта білді. Жалпы, Кеңес Қожахметұлының өмір жолы жас тарихшыларымызға үлгі-өнеге.
Мамытбек ҚАЛДЫБАЙ.