СҰЛУТӨР ХИКАЯЛАРЫ
02.02.2018
1891
1

(Жазушы Марал Ысқақбай әңгімелері туралы)

Асқар АЛТАЙ


Жазушы әңгімелеріне қатысты «Сұлутөр хикаялары» деп ат қойып отырмын. Әлбетте, неге Сұлутөр? Неге басқаша емес? – деген сұрақ туатыны белгілі. Оның да өзгеше себебі бар.
Марал Ысқақбайдың әңгіме-хи­кая­лары жазушы үшін де, оқырман үшін де, тіпті оқырманға бейтаныс бол­са да аса қымбат, сыры да, жыры да мол – Сұлутөр өңірінде өтеді. Сұ­лу­төрдің атына сай сұлу табиғаты мен тылсым сырға толы адамдарының ғажайып тағдырлары салған жерден баурап әкетеді. Бір хикаядан соң бір хи­каяға құныға бас қоясың. Барған сайын өзің де Сұлутөрдің адамдарымен бірге өсіп, біте қайнасқан жандай, әлдеқалай бір бөлшегіне айналып жүре бересің… Бұл не? Әлбетте, бұл жазу­шының шеберлігіне кепіл – шынайы суреткерлігі. Суреткер ғана оқыр­манын өз тылсым творчествосына осылай тарта алады.
Осы орайда, ойға Мұқағалидың «Хан­тәңірі», «Оралханның «Мұзтауы», Шерханның «Мыңбұлағы», Қа­ли­хан­ның «Қатынқарағайы» секілді ата­мекен атауымен қатар аталатын аза­маттық һәм шығармашылық ерек­­шеліктері қылаң ұрады. Міне, Ма­ралдың Сұлутөрі де сондай шығар­машылық ассоциация береді.
Марал ағамыз Сұлутөрдің эсте­ти­ка­лық сұлулығын әспеттей отырып, оның қойнауындағы қормал оқиға­лары мен құдіретті адамдарын нағыз эстет суреткерге тән шеберлікпен ірік­теп алып, ірі-ірі мінездерімен, та­би­ғи болмыстарымен ашады. Өзінің шы­ғармашылыққа шындап ден қой­ған сәттен туған «Көкжал», «Қызыл елік» әңгімелерінен бастап, күні кеше ғана жазылған, стиль-мәнері жа­пон­ның атақты Юкио Мисима секілді жазушысының хикаяларымен астарлас «Көңілдегі көне сурет» хикаясына дейінгі аралықта дүниеге келген әң­гі­мелері жазушының көркемдік әле­мі­нің бай да байтақ екеніне куә бола алады.
Өз басым, жазушы әңгімелерін бас алмай оқып шыққанымда бір түй­ге­нім – Марал-суреткердің оқи­ға­лар­ды Сұлутөр төңірегіне топтастыру арқылы түрлі адамдардың қарама-қай­шы образдарын бір өңірден-ақ сом­дап шыққаны және адам болмыс-бітіміндегі қатпар-қатпар қайшылық­тар бір жерден-ақ табылатынына бас идіретіні тәнті қылады. Бұ жағынан сырбаз қаламгер творчествосы әлемге әйгілі Колумбия жазушысы Габриэль Гарсиа Маркестің шығармашылығына ұқсап кететіні қызық. Маркестің тұң­ғыш шыққан шығармаларынан бас­тап «Жүз жылдық жалғыздық», «Патриарх күзі» сияқты романдарына шейін үзілмей отыратын бір желі бар еді. Ол жазушының қиялынан қанат қаққан «Макондо» атты жұмбақ өңір. Бірақ Маркес байырғы үндістердің жеріне зұлымдық жасап, басқын­шы­лықпен келген испандық конкис­тодорлардың ұрпағы болғандықтан болар, өзін келімсек тұқымнан са­нағандықтан шығар, туған жерін атамай, өзі қиялдан шығарып алған «Макондо» деген тек-тағайы жоқ жер атауын атап әуре болады.
Бәлкім, бұл үндістердің аңыз­да­рын шығармаларына емін-еркін пай­даланып, сол арқылы атын әлемге жайып отырған жазушының өз ары ал­дындағы ақталуы болар немесе «Макондо» деп тек-тағай жоқ абст­ракт атауды оқырман санасына перде тұтып, үндістердің жойылып кеткен ұлы мәдениетінен сусындап отыр­ғанын жасырғысы келген пендеші­лік­тен, ішкі бір бақай есептен шығар… Олай болуы да ғажап емес.
Әлемдік әдебиетте 60-70 жылдары жойдасыз мақтау естіп, орынсыз да­литып дақпырттатылған Латын Аме­рикасы әдебиетінің қан-сөлді құ­нары ұлы үндіс мәдениетінде жатыр. Ал біздің ұлттық әдебиеттің үзік-үзік үзілмелі ұлы нәрі кешегі да­лалық көшпенді мәдениеттің бұзыл­ған болмысынан, жоғалған жұрнағы­нан тамыр тартып жатқаны тағы шын­дық. Қалай десек те, даңқынан гөрі дақпырты басым, шеберлігінен гөрі «шедевр» деп насихатталуы күшті Маркес творчествосының тірек-тиегі – «Макондо».
Ал қазақ қаламгері әсте олай жаза алмаса керек. Ол қаны-жаны бір туған елімен, кіндігі кесілген атамекен жері­мен жазушы. Қазақ қаламгер­ле­рінің қалам қасиеті де, бақ бұйыртқан та­лайы да осында жатқаны шындық. Ал Марал ағамыздың да ұлы баба­ла­ры­ның мекені, туған жері – Сұлутөр. Сондықтан да суреткер Сұлутөр десе, аузының суы құриды. Оқырманның да сілекейін шұбыртады.
Суреткердің кейіпкері тіпті түсін­де де Сұлутөрді көреді. «Таулы жерде үне­мі Сұлутөрдің Шұбарбайтал ма­ңын­дағы биік сілемі кіреді… Айлы кеш еді. Шапақ жаңа-жаңа семіп, түстік қапталдағы дөңгелене биіктей бастаған ай нұры сілбіреген ақ жа­уынша шағын бақтың ішіне дірілдей құйылып тұрғаны көз алдымда. Біз паналаған кәрі алма ағаштың қалың жапырағы арасынан саңылау тауып үңілген әппақ нұр Әйгүлдің жүзіне бір сиқырлы бозғылт бояу бүркіп, мені бұрын-соңды көрмеген ғажап сұлу­лыққа малындырып тұрған», – дейді Мұрат дейтін кейіпкері. Әлбетте, бұл пейзаж жазушының көркем ке­ңістікті тамаша сезінген және оны айнытпай сөзбен сурет етіп сызған қолтаңбасы. Мұндай эстетикалық сұ­лулық суреті жазушыда жиі ұшырасады.
Марал Ысқақбай әсте сұлу да саз­ды, нақты да дәл қолтаңбасынан ай­ны­мауға тырысады. Нені жазса да жан-жағын қаузап, терең барлап жазады. Сөзді олпы-солпы қолдана салу немесе келсін-келмесін ділмарсу де­ген­­нен жырақ. Жылтырақ қызыл сөз­ге қатал қарайтыны сондай, сөз ара­сына сына қағылмастай айрықша с­тилімен танылып тұрады. Сондықтан болар, неғұрлым түсінікті тілмен, байыр­қалы баяндаумен жазады. Оқып отырып жиырма, жиырма бес бет­тік көлемді әңгіме-хикаяның қа­лай соңынан түріп шыға келгеніңді сез­бей қаласың. Оған дәлел: «О дүние­нің ашық қалған қақпасы», «Қиянда­ғы қыстау», «Дұшпан тұсар», «Әзірейіл көрші» әңгімелері.
Жазушының табиғатқа етене жа­қын екендігі «Көкжал», «Қызыл елік», «Дұшпан тұсар», «Әзірейіл көр­ші» әңгімелерінен айқын шалынады. «Көкжал» атты әңгімесінде иесінен адасып қалған иттің түздегі тағы тір­ші­лігі, бөрі түстес түсі үшін ақыры ақы­мақ аңшысымақтың қолынан мерт болғаны суреттеледі. Сұлутөр өңіріндегі жайлау мен қыстаудың ара­сында қаңғып жүріп, дала серілері көк бөрілермен де кеуде тіресіп қалып, нағыз ит сырттанына тән тағдыр кеш­кені сұңғыла жазушыға тән шеберлік­пен суреттеледі. Бұл әңгімені оқып отырып, оқырман ойына Джек Лон­донның ит туралы әйгілі әңгімелері оралатыны сөзсіз. Жер жадысын та­ныған ит инстинктін бейнелеуі мен жазушыға тән табиғат болмысын қа­пысыз аңғарымпаздығы айқын кө­рініс береді. Түздің аң-құсының жұм­бақ мінез-құлқын ашқан «Қызыл елік» әңгімесі де табиғат пен адам гар­монияда өмір сүрсе ғана жарасымды деген ойға меңзейді.
Жазушы «Арпабектің сары атаны» әңгімесі арқылы әйгілі Би-ағаң – Бейімбетті еске салады. Атасының жылына ас бермек болған Жықаң шал ағайын-туғанын кейде арбап, кейде алдап, кейде бидайша қуырып қам жасайды. Әркім әліне қарай асқа кө­мек береді. Ақиқатында Жықаң бер­гіз­діртеді… Міне, осы бір «атың шық­па­са жер өрте» дейтіндей, Жықаң ата­сы емес өз атын шығармақ болған, «жыртыл, қазақ, жыртыл» дейтін аста Жықаңның да, өлген атасының да атақ-даңқы емес, күйеу баласы Ар­па­бектің астың бәйгесіне тіккен сары атанының аты дүркіреп, аңызға айналады.
Сол той үстінде-ақ бас бәйге ал­ған адам семіз сары атанды саудаға са­лып, сатып жібереді. Сол сол-ақ екен сары атанның жұлдызы жанып қоя береді. Ол мақтансүйер қазақтың той-томалағында көңге тігіле-тігіле, ақыры ыңыршағы шығып, тырақы­ла­нып бітеді. Бір жолы иесі Арпабек тағы бір той-томалақта сары атанның үстінен түсіп, 100 сомға (Совет ақ­шасымен – А.А.) сатып алады. Ерік­сіз езу жиясың! Күле тұра қиналасың… Құр мақтан мен мадақтан ыңыршағы шыққанша саудаға түскен сары атан­ның көтерем кебіне терең ой көзімен үңілесің. Үңілесің де сары атан сияқты мақтан мен дарақылықтан сағым қуып, сандалып жүрген қайран қазақ ба­ла­сын – қазақтың қасіретті бейне­сін танисың. Бұл бүгінгі қазақ қоға­мы­на да тән құбылыс. Еріксіз жазу­шы­ның ащы сарказмына риза бо­­ла­сың. Ал енді осындай ащы сарказм, жеңіл юмор жазушының жалпы шығармашылығына тән мәнер.
«Күмбез» әңгімесі де – «сары атан» хикаясына желілес дүние. Мұн­да Ахатай шал екі ұлынан қыз­ғанып, «жетесіздер» өліп қалса басын үйлеп, дұрыстап зират та соқпас деп, көзі тірісінде мола тұрғызады. Оны да баяғыда өліп қалған әйелінің басын қарайтам деген сылтаумен, үлкен күмбез көтереді. Бірақ опа бермес қу дүние – күмбезі өзіне бұйырмайды. Арақкеш кіші ұлы шараптан уланып өліп, мұның алдын тайқы тағдырдың өзі орап кетеді. Қарабайлық кейіпкер тәңірінің алдында тәубесіне келіп, шешесінің қасына ұлын жерлейді. Ал енді осындай алдын-ала мола көтеру қазір де байшікештер арасында кез­десіп қалып жүр. Бұл да бір пенденің азу көрсетпек боп асқандығы, қазақ десе өзіңе тиетін парықсыздығы.
Жазушының стиліне тән ерекше бір жай – кейіпкерлерінің оғаш мінез, оғаш қылық, оғаш іс-әрекет жасайтыны. Ахатай шал секілді «Қияндағы қыстауда» Мақпоз деген кейіпкері пеш салам деп, жапан түзде жүздеген жыл тұрған Арқарбай әулиенің бейі­тін бұзады. Мұндай сұмдыққа жаның түршігеді. Жаңа қосылған жары күйеуінің кесапат ісінен шошынып, қол-аяғы тартылып, талма ауруға шал­дығады. Екеуінің дәмі айырылады. Мұндай бейбастақтық пен тоғы­шар зұлымдық күні бүгін де қай­та­ланып келе жатқаны тағы шындық қой. Жазушы сондықтан да озбырлық пен оспадарлық қай кезде де, қандай қоғамда да қайталана беретінін, онымен күрес мәңгілік болатынын айт­пай-ақ тұспалдап береді. Бәлкім, жазу­шы міндеті де осы болса керек.
Жазушы қолтаңбасына қатысты тағы бір қыртысты қыры – шығарма кейіпкерлерінің тағдыр-талайына байланысты тылсым, жұмбақ, тіпті таң­ғажайып жайлардың ұшырасып отыруы. Мұның өзі мифтік, кос­мо­логиялық, фантастикалық сарын үс­тейді. Реалистік шығарма мазмұны оқыс бұрылыс жасап, тылсым тұң­ғиық­қа тарта жөнеледі.
«Дұшпан тұсар» әңгімесінде Бай­сүгір күйші қарақшы барымта­шы­лардың жолын тосып, қамыстың қия­ғынан жасалған сыбызғымен сай-сүйекті сырқыратқан күй ойнайды. Қалың қау қамыстың арасында, елсіз құз-шатқалдың ішінде шерлі саз қа­нішер қарақшылардың қатал жүрегін жібітіп, қамыс толы ордалы жылан­дардың нәзік сезім-сауанын шабақтай оятып, күйшінің маңында мың бұрал­тып билетіп қояды.
Сол сияқты «О дүниенің ашық қал­ған қақпасы» әңгімесінде құты­рын­ған бурадан қашам деп, көр ішіне құлап түсіп, амалсыз Мүңкір-Нәңкір де емес, адам да емес, албасты текті әу­месер жан иесімен жолығысқан Қыр­мыздай сұлудың ғұмыр бойы кемтар болып қалатыны үрейлі һәм жұм­бақ та аянышты.
Жазушы көптеген әңгімесін «мен» деп бірінші жақтан жазып отыр­са да, қапысыз баяндайды. Еш­теңені елеусіз қалдырмайды. Байыпты баяндау оқиға желісін үзбей, сын­дарлы сөз саптаспен қамшы сал­дыр­май, өзегін өрімдей жымдастырып, кібіртіксіз жылжып отырады.
Ол, әрине, «Әзірейіл көрші», «Көңіл­дегі көне сурет» хикаялары мен «Ортақ кабинеттегі оқиға» атты қа­ла новелласына тән мәнерде жазыл­ған шығармадан анық байқалады. Бір кабинетте аз ғана уақыт отырған қа­лалық екі азаматтың бір-бірінен ығыр болған мінез-құлқын, айлалы іс-қи­мылын ашатын, ең бастысы – қа­ла­лықтар психологиясына тән жан-дүние сұмдығын жеткізетін бұл әңгіме мінсіз дүние. Оқып отырып опық жегендей күй кешесің. Пәтерін алып қалу үшін хәл үстінде жатқан адамды өлімге қиып жіберуге әзір отырған нағыз әзәзіл көршісінің ісінен жиір­кенген кейіпкерінің жан-дүние та­за­лығына, адамға тән арлылығына ден қоясың. Өз ой-жүйеңе де бір сәт бойлай енесің. Болмысыңның мысқалдай бұзылмауын тілейсің. Жазушыға деген риясыз бір сезім бойыңды билейді. Билей отырып «Әзірейіл көрші» әң­гімесін еске аласың.
Бір кабинетте үстелдес көрші боп отырған пенденің сұмдық пасық, си­қырлы пендешілі әлгі бір әзірейілдей көрінетін табиғаттың таза жаратылысы – жыланнан әлдеқайда қорқы­ныш­ты адам екенін еріксіз еске түсі­ре­сің. Пенде атаулының қорқаудай оз­быр қылығы табиғи жылан сорлыдан жүз есе қауіпті екені рас. Жыланмен көрші болған бойдақ жас жігіт тіл­сіз мақұлықты алғашында «әзі­рейіл­дей» жаналғыш көрсе де, келе-келе екеуі де бой үйретісіп, тіпті бауыр басысып кетеді. Жазушы жыланның ғажап сезімтал сұңғылалығын ашып береді. Бұл өзі кез келген оқырманға жұмбақ жай.
Ал енді осындай бір тылсым құ­бы­лыс – түс. Иә-иә, кәдімгі түс көру… «Көңілдегі көне сурет» әңгімесінде жазушы кейіпкерінің жанын жылдар бойы жегідей жеп келе жатқан да сол бір түс. Содан да автор: «Түсіңдегі ша­расыздықтан қиын не бар?», – деген авторлық ремарканы кейіпкер аузына салады. Кейіпкері бозбала шағында қапияда бір айырылып, туыттан қай­тыс болып кетіп екі айырылған, өзі­нің де, өзгенің де қолын жеткізбей кет­кен ғашығы туралы ғұмыр бойы өкі­ніш түсін көріп өтеді. Өң мен түс­тің арасында өтіп жатқан шарасыз ғұ­мырын жазғырып, әдіре қалған ар­манына налумен өтеді.
Жалпы, Марал Ысқақбай шын­дық­тың өзін көркем қиялмен байы­тылған тұрғыдан суреттейді. Сон­дық­тан ол тартына жазады, талғаммен жазады. Өзіне де, өзгеге де қатал сын көзімен қарап, зор жауапкершілікпен қалам қашырады. Осынысымен де ол қа­зақ әдебиетіне қымбат, көркемдік дү­ниесі – оқырман ой арқауына қор­мал қазына.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 28.04.2020 | 13:46

дұшпан тұсар, қызыл елік әңгімелерінің толық нұсқасы керек еді

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір