Алматы қаласы студенттік кезден ыстық. студенттік кезең аспирантурамен жалғасты. Ғылымға алғашқы қадам да осы жерде жасалды. Әдебиеттану ғылымының нағыз ғылыми мектебі, ғалымдар мен ақын, жазушы-қаламгерлер ортасы сағындырады. Әр барған сайын үлкен естеліктер қалады. Әр кездесу де бір тарихқа айналатындай.
Жиі ат басын бұрмағанмен, іссапарларда жол түсіп тұрады. Бұл сапардың жөні бөлек, бірақ.
Жұмыс уақытында хатшы кыз Алматыдан үлкен кісі телефон соғып, мені сұрағанын жеткізді. Сол жерде тұрғам, телефонды көтерсем, Рита Сұлтанғалиеваның керек екенін айтты.
– Сәлеметсіз бе? Сұрап тұрған адамыңыз мен, Рита Сұлтанғалиевамын.
– Сені бұлай оңай тауып алам деп ойламадым.
– Сұлтанәлі Балғабаев деген драматург, жазушыны білесің бе? Естуің бар ма еді?
– Әрине, білем. Шығармаларыңызбен таныстым, талдап та жүрмін.
– Сол талдауларыңыз арқылы сізді таптым. Драматургиялық шығармаларымды талдаған екенсіз, біраз мақалаларыңыз жарияланған. Қазір интернет деген жақсы ғой. Өзің туралы кімнің не жазып, не айтып жатқанын біліп отырасың. Енді қысқаша айтып өтейін. Шаруам – мынау. 70 жасқа толған мерейтойыма орай халықаралық ғылыми-тәжірибелік үлкен конференция өтеді. Театрда бенефисім болады. Тағы біраз шаралар бар. Соған өзіңді шақырам.Пленарлық мәжілісте бас баяндама жасасаң деген ұсыныс айтам. Бағдарлама мен шақыруыңды өзіңе жеткізем.
Әңгіме осылай аяқталды. Шығармаларымен таныспын, театрда қойылымдарын да көріп жүрмін. Бірақ өзін көріп, сойлескен адамым емес. Келесі хабарласқанымызда баратынымды жеткіздім. Конференция өтетін күн де келді. Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының мәжіліс залында пленарлық мәжіліс өтті. Сұлтанәлі Балғабаевтың «Қыз жиырмаға толғанда», «Ең әдемі келіншек», «Біз де ғашық болғанбыз», «Қазақша күрес», «Ғашықсыз ғасыр», «Тойдан қайтқан қазақтар», «Әйелдер әлемі», «Сағыныш пен елес» атты драмалық туындыларын талдап, драматургтың бүгінгі заман тынысын бейнелеудегі жаңашыл ізденістері, қазақ әйелі образының бейнеленуі және психологизм мәселелері, әзіл-сықақ интермедиялардың көркемдік идеялық ерекшелігі бағытында баяндама жасадық. Түстен кейін драматургтың туындылары бойынша қойылымдарды тамашаладық. Уақыттың тығыздығына қарамастан, кешкілік дастарханға барудың да сәті түсті. Әр өңірден келген қонақтар сөз алып, құттықтауларын білдіріп жатқан кез. Оралдың атынан барғасын, бір ауыз құттықтауымды жеткізіп тұрған сәтте: «Конференцияда баяндама жасаған қызсың ғой, атың кім? Қай жақтан келдің?», – деп бір кісі жөн сұрасып, «Сізді Әбдіжәміл аға шақырады», – деді. Абыз қаламгермен де, шығармаларымен де таныспын, Жазушылар одағында болған кештерде көріп те жүрмін. Бірақ жақын сөйлесіп көрмеппін. Университетте оқытушы екенімді біліп: «Жастар қай шығармаларымды оқып жүр? Жалпы, қазір романдар оқыла ма?», – деп сұрағын төтесінен қойды. Өзім тәуелсіздік кезеңіндегі әдебиеттен сабақ бергесін, бірден «Соңғы парызды» оқитынын, осы сабақ өтетін топтар бұл романды түгел тапсыратынын жеткіздім:
– «Соңғы парыз» – тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ романы, бұл шығармаңыз Кеңес дәуірінде жазыла бастағаны белгілі ғой. Алғашқы нұсқалары кітап болып жарияланып та үлгерген. «Соңғы парыз» роман-дилогиясының басты табысы туралы қазақ және әлем әдеби сыны түйінді ойын айтып та үлгерді. З.Қабдоловтың бағалауында «Соңғы парыз» романыңыз қазіргі қазақ прозасының айтулы үздік жетістігі екенін білеміз.
«Табиғат тақырыбы өзіңізді ертеден толғандырып келе жатқаны айқын. «Қан мен тер» романындағы басты кейіпкердің бірі Тәңірберген мырза: «Адам аспанға тырмысып шықпасын деңіз. Шықты екен, аспанды да ластайтын түрі бар», – дейтіні де бар.
«Заманақыр – азғынды өмір кезеңі» дейтін Абайдан қалған сөз бар. «Табиғатты азғындатқан адам қай оңған тірлік жасайды», – дегізеді ғой роман. «Бірақ қолдан ақырзаман туғызушы шенқұмар, баққұмарлар оңай алдыратын жау емес. Ондайлар өмірде басым түсіп жатады. Әдебиет – гуманизм құралы. Оның өз серті бар. Жамандық жазаланбай қалмауы тиіс». Сіздің шығармаңыз да ежелден келе жатқан бұл дәстүрден ауытқымайды. Арал қасіреті – адамзаттың экология мәселесін елемеуден туған қасіреттің бір көрінісі. Аралдың азып-тозып бара жатқанына адамзат немқұрайлы қарамауы тиіс. «Адамзат, енді сен оян! Соңғы парызың – осы!» деген шығармаңыз туралы барынша осылай түсіндіреміз, – дей бергенімде, қай жақтың қызы екенімді сұрады.
– Оралданмын, – дедім.
«Қызым, мен сөзге сараң адаммын жалпы. Жайықтың қыздарының жаны сұлу ғой. Бақытың баянды болсын. Әбдіжәміл атаң маңдайыңнан бір
сүйеді», – деп қысқа қайырды. Бұл да жай естелік болмасы анық. Алматыға деген сағыныш драматургтың алғысын, қаламгердің батасын алуға ұласқан күн ретінде мәңгі естелік боп қалды.