Әр бұтаның өз гүлі бар…
26.01.2018
3737
9

Гөзел Құлжабаева,
«Гүлстан» республикалық ғылыми-танымдық, көпшілік журналының Бас редакторы, «Өсімдіктер әлемі» оқу-әдістемелік кешенінің авторы


Қазақстан аумағы, әсіресе, суы мен нуы аздау ауыл-аймақтарды абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары бойынша бірнеше елді мекенге ағаш отырғызып, гүл еккен Гөзел Құлжабаева осы саланың қыр-сырын меңгеру үшін жиырма жылдан аса уақыт еңбектенгенін, тәжірибе жинау мақсатында алыс-жақын шетелдерге шығып, олардағы сәндік, декоративті өсімдіктер мен ағаштарды өсіру қалпын бағамдағанын айтады. Гүл өсіру мен егуге қатысты және өсімдіктер әлемін оқушылар мен балаларға таныстыру мақсатында бірнеше оқу-әдістемелік, танымдық және ертегі кітаптар жазған Гөзел Құлжабаева салалық кітап шығарудың қиындығы мен машақатымен жете таныс. Алайда, кітап шығарудың жөні осы екен деп, шындыққа сәйкес келе бермейтін материалдарды жариялау, ол оқырманды шатастыру деген ойын айтады. Әңгімеміздің жалғасын сұхбатымыздан бағамдаған жөн болар.

– Гөзел ханым, қазақтың гүл егу, гүл өсіру, гүл тануына қатысты кітаптардың көбірек шыққаны дұрыс деп ойлайтын боларсыз?
– Әрине! Ешкім гүл тақырыбын же­ке­ше­лендіріп алған жоқ. Гүлді жете таныстыруға қа­тысты танымдық болсын, оқу-әдістемелік бол­сын, әсіресе балалар мен оқушыларға арнал­ған кітаптардың көбірек шыққанын қуана қа­был­даймын. Ондай кітап шықты деген хабарды ес­тісем, сатып алып, оқуға тырысамын. Себебі, гүл­дер тақырыбы – жаныма соншалықты жа­қын. Әсіресе, көгалдандыру, сәндік гүлдер мен ағаштарға қатысты танымдық кітаптар болсын, оқулықтар болсын тасқа басылғаны бізге эко­логиялық, эстетикалық тұрғыдан өте тиімді деп есеп­теймін. Осындай кітап жазғалы жүрмін деп Бо­лат Бопайұлы деген азамат маған келгенінде, қуана құптағандардың бірі де мен едім. Тіпті, оқып, таныссын деп өзімнің авторлығыммен шық­қан бірнеше кітаптарды, оқу-әдістемелік құ­ралдарды және «Гүлстан» журналын қолына ұста­тып жібергенім де бар.
Алайда, кітаптың өзін көріп, соншалықты сауат­сыз мәтіндерді оқып, мұндай кітаптардың бас­па бетінде жарық көргені өрескел қателік де­ген ойға келдім.
– Сонда қалай?
– Қалай деріңіз бар ма? Болат Бопайұлы Жо­тақажының «Қазақтың гүл мәдениеті» деген кітабы Алматы қаласындағы «Литера-М» ЖШС баспаханасында, 264 бет болып, 500 данамен ба­сылыпты. Ең әуелі кітаптың кімге арналғаны, қан­дай бағытта жазылғаны түсініксіз. Ғылыми сал­мағы бар басылым дейін десем, кітаптың рецензенттері кім екені көрсетілмеген. Балаларға арналған, өсімдіктер туралы бірнеше оқу-әдістемелік құралдарын жазған тәжірибем бар ғой. Оқу министрлігінің құзырына қолжазбамыз жет­кен­ше, балабақша, мектептің бастауыш сынып мұ­ғалімдерімен, педагогтарымен кеңе­сесің, көп елек­тен өтеді дегендей сатылар бар. Екіншіден, кі­тап­тың қандай електен өткені, кім­дерге тек­сер­тіп, әлде тексертпегені сол жұм­бақ күйінде қал­ған.
Үшіншіден, әлде қисса-дастан, әлде ғы­лыми-танымдық бағыттағы дүние екенін ажырату қиын.
Автордың өзі кітаптың бар-жоғы 30 данамен шық­қанын айтады, ал шығарылым мәліметінде таралымы 500 дана деп көрсетілген. Бес жүз дана кітап, қолдан қолға өткен күннің өзінде қаншама адамның гүлге қатысты сауатсыз көзқарасын қа­лыптастыратыны автордың ойына кіріп-шық­пайды-ау деп күманданамын.
– Кітаптан нақты қандай қателіктер мен сауат­сыздықтарды байқағаныңызды жекелей түсіндіріп бере алсыз ба?
– Дұрыс айтасың. Бәрін басынан бастайын. Қарапайым оқырман ретінде кітаптың мә­тініне қатысты өз көзқарасымды білдіре аламын деп ойлаймын. Мәселен, кейбір сөйлемдерде 100-ге жуық сөз кездеседі. Сөйлемнің басын оқып отырып, соңына келгенде не айтып еді деп ойланып қаласың.
Бүкіл қатені айтып шығу мүмкін емес. «Ұл ба­лаларын гүлге теңеп Қожа, Марал, Зейін деп ат қойған», – дейді автор. Ондай гүл аттары бар шығар, бірақ қай қазақ ұл баласын гүлге теңеп еді?
Автор, кейбір гүлдерге қатысты өлең шы­ғару­ға талпынған. Әдебиет сыншысы емеспін. Өлең­нің дұрыс-бұрыстығын талдап, таразылап бере алмаймын. Бірақ «Қазақ әдебиеті» газе­ті­нің сауатты оқырмандары, оның ішінде әдебиет сын­шылары мен әдебиеттанушылар да бар ғой, бірлі-жарым өлеңдерді мысалға келтірейін. Мәселен, итқызғалдақ туралы:
Қызғанып ол білдірмей басқаға уын шашатын,
Қасына өскен гүлдермен өштеседі күндесіп.
Итқызғалдақ мынау деп басқа гүлдер қашатын,
Аталыпты бұл күнде ит қызғалдақ осы күнде
Ит сөзі қосылғаннан содан да біл
Қанша әдемі болса да қалмай қойды ит сөзі
Итқызғалдақ атанған мінезі бар ол гүлдің, –
дейді. Итқызғалдақтың не гүл екенін кейінірек таныстырып өтейін. Біздің тауларда шұғынық деген гүл өседі. Сол туралы былай дейді:
Шұғынық – тұрған жерін дұрыс ұқ,
Ақ шұғынық гүлдесе малыңды жайма ол жерге,
Киесі бар, оны да ұқ.
Одан бөлек, гүлдердің көпшілігіне қатысты, ол мейлі қазақ бақшасына кейінгі уақытта келсе де, қазақ бұл гүл туралы мынандай ырым ұстан­ған, анандай ырым жасаған деген сияқты пайымдарын береді.
«Бәйшешектей қызылды-жасылды», – дейді автор. Бәйшешек қызыл болмаса ондай сөз тір­кесі қайдан шығады? Жасыл гүл қолдан сұрыптап алынған бақытгүлінде (хризантемада) ғана бар, басқасында жоқ.
«Жолыңа жуа шықсын», «жолыңа жуа шық­қыр», «жуа мінез адам екен», – дейді. «Жолыңа шөп шық­пағыр!», – дегенді естігем. Ал жоғарыда мы­салға келтірген сөздің бар-жоғын филологтар зерт­теп-зерделесін.
Немесе, Орамагүл туралы. «Орамагүл – далада өседі. Қарт қазақ: «Орамалын оранған әйел сұлу, далада өскен орамагүл одан сұлу», – деп айтады дейді…
– Алдыңғы мысалдарыңызды білмеймін, соңғы сөз әдемі-ақ естіліп тұр ғой.
– Орамагүл деген қандай гүл екенімен та­ныс­ты­райын әуелі. Бұл – орамжапырақ (де­коративті капуста). Ол, ең алдымен, бақшада өсе­ді, Қазақстанның табиғатында өспейді. Оны өзі айтып отырғандай қарт қазақ көрген емес. Себебі, кейінгі жылдары ғана Қазақстанда кө­галдандыру саласында аз-аздап өсіріліп жүр.
Шұғыныққа қатысты өлең жолдарын мысал ет­тім ғой. «Ақ шұғынық гүлдесе…», – дейді. Шыны керек, біздің далада ақ шұғынық өспейді. Оның мәдени түрі – біз қазір «пион» деп атайтын ақ гүл ба­ры рас. Оны сәндік мақсатта аулаларда, бақ­шаларда ғана күтіп-баптаймыз. Біздің тауларда шұғынықтың екі-ақ түрі кездеседі. Екеуінің түс­тері ұқсас. Ешқандай қазақ ана жерде шұғы­нық өсіп тұр екен, малды былай қарай жай деп айт­қа­нын да естімеген екенмін. Мұның да төре­лігін мал жайын білген қазаққа қалдырдым.
Жалпы, қазақ даласында кездеспейтін гүл­дерді қазақ даласына теліп, оған байырдан бері қа­зақ «мынандай ырым-тиым ұстанған» деудің де неге қажет болғанын түсінбедім. Мәселен, шет­пегүл. Ол – суретіне қарасақ біздің елде, тек жы­лыжайларда ғана өсіруге болады, бірақ мен гүл дүкендерінде көрмедім. Біздің елде тек бөлме гү­лі ретінде өсіреміз. Ал сол шетпегүл жайлы ай­тып келіп, автор: «Оны қазақ малшылары…», – деп ырымын айтады. Бәлкім шетпегүл деген гүл бар шығар. Оған қатысты қазақ малшы­ларының ұс­танатын ырымы да бар болу мүм­кіндігін жоқ­қа шығармаймын. Жалпы, гүл­дердің бір-бірінің суретін ию-қию араластырып, оқырманды әб­ден шатастырады. Ол туралы кейінірек тоқта­лайын.
Сізге автордың итқызғалдақ гүлі туралы өлеңін оқып бердім ғой.
Автор: «Мәселен қызғалдақ деген гүл екі ат­пен аталады. Бірі – қызғалдақ, екіншісі – итқыз­ғалдақ деп аталады», – дейді. Біз өз кітабымызда ит­қызғалдақ туралы жазғанбыз. Кітапты жазу ба­рысында педагогтармен ақылдастық дедім ғой. «Бастауыш сынып оқушылары үшін көкнәр деп жазбай-ақ қойсаңыздар», – деген ұсыныс түсті. Со­дан мұның баламасын іздедік. Қытайға барған сапарымда қытай қазақтары бұл гүлді не дейді екен деп сұрастырдым. Ол жақтағы түрік текті өзге ұлттар көкнарды «ләйләқазақ» деп мазақ атпен айтады деген соң намысым келіп жүрген. Тағы бір жерден көкнардың итқызғалдақ деген баламасы бар екен деп естіп, осы баламасын қолдандық. Енді, Болат Бопайұлы қызғал­дақ пен иттқызғалдақты бір гүл дейді. Сізге ай­тайын, екеуі екі басқа өсімдік, біреуі – пияз­шық, екіншісі – мүлдем басқа. «Түрі біп-бірдей, пі­шіні де ұқсас біреуі улы, біреуі усыз, – дейді де: «Қазақ гүл бапкерлері екі гүлді қатар егіп, бақылаған», – дейді. Оны кім бақылады? Нақ­ты аттары жоқ. «Гүл бапкерлері» деп кімдерді айтады, оны да түсінбедім. «Итқызғалдақ өз әпкесі жәй қызғалдақты қызғанады да, оған қар­сы шабуылға өтеді», – дейді автор. Гүлді «әпке, бауыр» деген туыстық атаумен атауға бола ма? Одан әрі: «Итқызғалдақ қызғалдақтың тамырына уын жіберіп, өлтірмекші болады», – деп әңгіменің соңын қорқынышты, қиял-ғажайып ертегіге айналдырады. Мейлі ғой, әркімнің де ай­наланы қоршаған дүниенің барлығына қа­тыс­ты, ол гүл болсын, басқа болсын, қиялын ша­рықтатып ертегі жазуына ешкім шек қоя ал­майды. Алайда, оны шындыққа ұқсатып «гүл бап­керлері бақылаған» деудің не қисыны бар?
­Дәл осы итқызғалдақ жайлы айтып келеді де: «Қазақстанның байырғы тәжірибелі аң­шыларының айтуы бойынша уы өте күшті болып, арыстан, жолбарыс, аю, қарсақ, түлкі, қас­қыр секілді аңдарды да сеспей қатырады», – дей­ді. Қазақ даласын арыстан мекендеген емес. Жолбарыс аулаған аңшылар туралы естігенім бар, арыстан аулаған аңшы жайлы әңгімені құ­лағым шалмапты.
«Қазақта түймегүлді үзіп алып, тұмар ре­тін­де баланың мойынына тағады», – деген си­пат­тағы сөйлемдері де бар.
– Кітапта терминдерге қатысты қателер де бар деп айтып едіңіз?
– Иә, қандай да бір гүл туралы «ұрық» сөзін қол­данады. Ұрық – адам, жан-жануарға қатысты, ал өсімдіктерге қатысты «тұқым» сөзі қолда­ны­лады.
Кітап аннотациясында дала гүлдерінің 255 түрінің қазақша аты аталады және сол гүлдердің өсетін өңірлері, гүлдердің 27 жақтан туысатын тұ­қымдастық ерекшелігі қамтылады деп жазған, бірақ гүлдердің 223 түрі, 14 бөлім бойынша жік­те­ліпті.
Одан бөлек, дәндідақыл гүлдер тұқымдары, құлақ гүлдер тұқымдасы, су гүлдері тұқымдасы, да­ла гүлдер тұқымдасы деп сансыз тұқымдастар ай­тылады. Мұны елеп-екшеу ботаник ғалым­дар­дың құзыретінде деп ойлаймын.
Бәйшешек туралы жазып келіп, гүлінің түсі – сары дейді. Сары, көк, сия көк түстілері ол «кро­кус» деп аталады және Еуропа, Иран, т.б. жерлерде өседі. Біздің жақта өсетін бәйшешек сәл күл­гін реңкі бар, ақ гүл. Бұл кісі, тіпті бізде қан­дай бәйшешектің өсетінін білмейді ме деген әсер­де қаласың. Бізден көшірген бе екен деген кү­дік те бар, өйткені біз бәйшешек туралы жаз­ға­нымызда сары гүл ашады, ол Иранда өседі деп жа­зып, аяқ жағына ал біздің жерде өсетін бәй­ше­шектің түсі ақ болады деп келтіргенбіз.
«Қызғалдақтың пиязшығын күз айларында, гүлі әбден пісіп болғанда жинап алады». Қыз­ғалдақ – көктемде гүлдейді, пиязшығын маусым айында жинап көленкеде, қоңырсалқын жерде сақтап, күз айында егеді. «Көктем айы көрінгенде құнарлы жерге егеді». Оны көктемде екпейді. Егер бақшаға ексе, жалпы, көктемде гүлдейтін, пиязшығы бар гүлдерді күзде егеді. Одан автор мүлдем хабарсыз. «Қызғалдақ өскен бақшаның көрермені көп болады, қызғалдақ өскен бөлмеде, үйде бақыт шамы сөнбейді, жарқырап жанып тұрады», – дейді автор. Бақыт гүлінің суретін қойып, мысал келтіреді. Тағы да қазақ «ол жақ­сы, әдемі болып өссе» деген ырымын келтіреді. Ба­қыт гүлі – хризантема бүкіл дүниежүзіне Жа­пониядан тараған. Жапоннан бізге бірден келме­ген. Басқа елдерді аралап жүріп жеткен гүл. «Егер күзде отырғызған бақыт гүлі өзінен-өзі жұ­таса, гүлі жақсы ашылмаса, бойы солғын тартып тұрса, шаңыраққа зиян әкелмес үшін гүлді дереу үйден аластатады», – дейді. Қазақтың гүлге қатысты ұстанымын емес, фен-шуйдың дәрістерін тыңдап отырғандай әсерде қаласың, өкініштісі. Қызғалдақты үйде бөлме гүлі ретінде ешкім екпейді. «Қызғалдақты қыз-жігіт кеу­десіне қыстырады», – дейді. Оны кеудеге таға алмайсыз, себебі ол тез солып қалады.
Қосалақан гүлін құмды жазықтарда, сортаң жер­лерде, бау-бақшаларда өседі деген екен. Және қазақ емшілері қосалақан гүлін дәрі деп қа­райды деген түсінік береді. Одан бөлек, «қос­ала­қан гүлін кесіп алып, кітап ішіне салып қой­­са, бала өнерлі болады», – дейді. Гүлдің суретіне қараңыз, Антуриум – ол бөлме гүлі. Бізге осы соңғы онжылдықта келе бастаған гүл. Ол туралы қазақ емшілері байырғы заманда қалай біліп, дәрілік өсімдік ретінде пайдаланып жүр?
Нәркес гүл туралы «егер үй адамдары көңіл­сіз, жүдеу, қабақтары қату болса, нәркесгүл де жү­дейді», – дейді. Кез келген гүл күтімі дұрыс бол­маса, қанша күліп жүрсең де, өліп қалады.
Әр гүлге әсем, таза, тамаша сұлу, сымбатты де­ген атау бере берген.
Тағы бір ескертпе, әрбір гүлге қатысты ем­дік-дәрілік қасиеті туралы жазады. Оны кімнен алды, сілтеме жоқ. Екі гүлдің бірінің сипаттама­сында әр түрлі аурулармен қатар, негізінен әйел­дердің ауруына ем екенін жазады. Оны кім зерттеді, қалай зерттеді, тағы да түсініксіз. Сахар сабын жайлы жазғанда: «Әсіресе қайқалаң қа­ғып, шырылдап жылап, шекпе болып ауырған баланы сахар сабынға шомылдырса дереу жазылады» және т.б. әртүрлі шөптің емдік қасиеті жай­лы деректерді жазған. Бірақ оқырманға ұсынып отырған деректі қалай түсінуге болады? Кітаптың жанры түсініксіз екенін айттым ғой. Ортасында қиял-ғажайып ертегіге бергісіз дү­ниесі көп кітаптың қайсысы шын, қайсысы ой­дан шығарылғанын ажырата алмайсың.
Қызғалдақ гүлі деп жазады, фотосуретте – рау­шан гүлі, шұғынық деп жазады, фотосуретте – қалампыр, итқызғалдақ деп жазады (көк­нәр), фотосуретте – қызғалдақ, қашқар гүлі деп жазады, фотосуретте – бақыт гүлі. Шығыс гүлі – күн­бағыс, Нәргүл – беже, түбіртек гүл – боз­кілемнің суретін береді. Автор кітапта Қазақ даласында өспейтін гүлдерді өседі деп қате келтірген. Олар­дың барлығын айтып тауыса алмайсыз. Бір ғана раушан гүлін бес рет әртүрлі гүлдерге қатысты қолданады. Екі рет еңлік гүлдің суретін, тұң­ғиық­тың суретін төрт әр түрлі өсімдікке қатыс­тырып берген. Тағы да осылай жекелей тоқталуға болады.
– Кітапты парақтап отырып, ағаштардың да гүлге айналып кеткенін байқадым. Жалпы, бұл дұрыс па?
– Сізге айтайын, табиғатта гүл ашпайтын өсімдік жоқ. Ол мейлі, ағаш болсын, бұта болсын, шөп болсын – бәрі гүлдейді. Гүлдемейтін – саңы­рауқұлақ пен папоротник. Бірақ гүлдейді екен деп, оның барлығын гүл санатына жатқызу да дұ­рыс емес. Мәселен, Қызылшагүл дейді. Қы­зылша – көкөніс қой. Оны дала гүліне жатқызады. Бұл біздің табиғатта өспеген, жылы жақтан келген. Баклажанды да гүл деп, қазақ емшілері емге пайдаланғанын айтады. Екі көкөніс те Қазақ­станның табиғатында, даласында, тауында өспейді, тек бау-бақшаларда ғана егеміз.
Шиегүл деп берген, ол Шие жеміс ағашы. Түйежаңғақ гүл дейді, ол кәдімгі Жаңғақ ағашы. Жөкегүл деп бергені, ол Жөке ағашы (липа). Аршагүл, Үйеңкігүл, Тораңғыгүл, тіпті Талгүлге дейін бар екен. Бәрін, атынан байқап отырсаңыз, ағаштарға гүл деген сөзді қосқан.
Енді тобылғыға берген сипаттамасын оқыңыз: «Тобылғы – көп жылдық гүлді, өркенді, бұталы, шөп, Шырша тәрізді өсімдік…». Бірақ бұталы болса, ол қалай шөп болмақ? Шырша (қылқанжапырақты) ағашына тобылғы бұтаның қандай қатысы бар?
Кітапта автор «Қазақстандық гүл зерттеуші, гүл бапкері Г.Ә.Құлжабаева өсімдіктер әлемі ең­бегінде Шұғынық гүлі туралы былай баяндайды…» (23-б.), «Күнделікті, молынан суару керек дейді, әйгілі гүл бапкері А.Г.Гүзел ханым», – (34-б.) деп маған сілтеме береді. Менің аты-жөнімді қате жазғаны өз алдында, мұндай қате-қате кітаптың ішінде есімімнің аталғаны түкке қажет емес. Ертең ол кітапты оқыған оқырман оған менің де қатысым бар деп түйгенін қала­маймын.
Ең сорақысы, 2017 жылдың желтоқсан айында баспадан шыққан кітап «Рухани жаңғыру» эмблемасымен тасқа басылыпты. Жалпы, Елбасымыздың бағдарламасын осындай қатеге толы кітапта пайдалану туралы шешімді кім, не мақсатта шығарғанын да түсіне алмадым.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен
Қарагөз Сімәділ.

ПІКІРЛЕР9
Аноним 19.10.2019 | 18:07

Гаухар.

Аноним 03.02.2020 | 21:43

Маған бұл мүлде ұнаған жоқ.Жазса әжептеуір нәрсе жазбай ма?

Аноним 03.02.2020 | 21:43

Самат

Аноним 03.02.2020 | 21:44

Расул

Аноним 03.02.2020 | 21:44

Маржан

Аноним 03.02.2020 | 21:45

Назар

Аноним 03.02.2020 | 21:45

Рабиға

Аноним 05.02.2020 | 23:52

Аssalamýaleıkým

Аноним 05.02.2020 | 23:53

Ассаламуалейкум!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір