Семейліктер Мұхтар Омарханұлы Әуезовпен мақтанса, жамбылдықтардың Мұрат Мұхтарұлы Әуезовпен мақтануына толық құқы бар. Мұхтар Әуезов Абай елінің топырағында дүние есігін ашса, Мұрат Әуезов Жамбыл жерінде өмірге келген. Әркімнің туған жері – оның Отаны. Біз ұлы Мұхтар Әуезовтің туғанына 120 жыл толғанын күзден бері тойлап жатқанымызда оның перзенті Мұрат Мұхтарұлы Әуезов жаңа 2018 жылдың басында 75 жасқа толды.
Өткен ғасырдың 60-жылдары Алматыдағы С.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) филология факультетінде оқыған жандардың зор бақыты, баға жетпес байлығы – ұлы Мұхтардың өзін көріп, дәрістерін тыңдағандығы.
Мұхтар Омарханұлы жоғарғы курстағыларға дәріс оқитын. Ал журналистика бөлімінің төменгі курсында оқып жүрген екі-үш студент өзіміздің лекцияларымыздан ебін тауып сытылып шығып кетіп, Мұхаң дәріс оқитын дәрісхананың артқы жағына барып түрегеліп тұрып тыңдайтынбыз. Өйткені, бос орын болмайтын. Мұхаң әлем әдебиетінен дәріс оқитын.
Алыстағы ауылдардан Алматыға оқу іздеп, білім қуып келген біз сияқты қарадомалақтар шетелдік даңқты классиктер Шекспир мен Хемингуэйдің, Бальзак пен Бомаршенің, Дюма мен Гюгоның, Лондон мен Мопассанның, Твен мен Теккерейдің, Майн Рид пен ò Генридің, Сервантес пен Сименонның, Конан Дойл мен Агата Кристидің және әлем әдебиетінің басқа да классик жазушыларының есімдерін Мұхаңның аузынан алғаш рет естігенбіз сонда. (Кейін олардың біразының шығармаларының орыс тіліне және қазақ тіліне аударылғандарын оқып, университетте алған білімімізді байыта түстік). Сондағы Мұхаңның қоңыр даусы әлі күнге құлағымнан кетпейді және де ол кісінің лекцияны қағазға қарамай оқып, әлем әдебиеті жайында небір қызықты әңгімелерді майын тамызып келістіре айтатынына таң-тамаша қалып ұйып тыңдайтынбыз. Енді мұның бәрін неліктен тәптіштеп айтып отырғанымның себебі бар.
***
Университеттегі оқуымызды тәмамдаған соң біразымыз сол кездегі астанамыз әсем қала Алматыда қалып қойғанбыз. Бір жолы қала көшелерінде ерсілі-қарсылы жүйткіп жүретін троллейбустардың бірінде келе жатып артқы жақтағы орындықтан бір таныс дауысты құлағым шалып қалды. Бұл кім екен деп жайлап бұрылып қарап едім – ту сыртымдағы орындықтардың бірінде жас Мұхтар отыр. Қасындағы жолдасына «Жо-жо, ол былай болды» деген сөздерін анық естідім. Тура ұлы Мұхаңның даусы. Ұлы Мұхаң тамағын сәл кенеп осылай сөйлеуші еді.Тесіліп қарай бергенім ыңғайсыз болар деп тіктеліп отырдым. Жанымдағылардан сыбырлап сұрастырып көріп едім, оны білетіндердің бірінің айтуы бойынша әлгі жігіт Мұрат Мұхтарұлы болып шықты. Мұратты алғаш осылай көрдім.
Кейін таныстық. Алдымен Ораз Қиқымұлы Жандосовтың зайыбы Фатима анамыздың жылын бергенде. Есіктің алдында Ораз Жандосовтың кіші ұлы Әли, Болат Жансүгіров және Мұрат үшеуі тұр екен. Амандасқан соң бұрыннан таныстығымыз бар Әли: «Ғазизбек, сен қой соя аласың ба?», – деп сұрады. Мен: «Ауылда өстік қой, қолдан келеді», – дедім. Ол: «Ендеше үйге кір, қой балконда тұр», – деп қуанып кетті. Сөйтсем, Алматының іргесіндегі «Жандосов» совхозында тұратын туыстары бір қойды тірідей әкелген екен.
Қойды ас үй мен балконның арасындағы ашық жерде союға тура келді. Сол кезде Әлидің зайыбы Клавдия Пищулина кіріп келмесі бар ма. Қойды бауыздап, қанын сорғытып жатқанымызды көрді де «Мама!» деп тұра қашты. Біраздан соң етін мүшелеп жатқанымызда ақырын есікті ашып кірді де: «Теперь я не боюсь, это уже мясо», – дегені бар. Менің «кеңесшім» Болат болды, ал Әли мен Мұрат сырттай бақылап тұрды.
Мұратпен бұдан кейін Президент Аппаратынан Ұлттық банкке ауысып, Төраға қызметі басқармасында Аударма бөлімінің бастығы болып жүрген кезде, 1997 жылы ұлы Мұхаңның 100 жылдығын ұйымдастырудың сәті түскенде екінші рет кездестік. Өйткені, банк былайша айтқанда әдебиетке ешқандай қатысы жоқ мекеме ғой, сондықтан Төраға бұған келісе қояр ма екен деген дүдәмал да болғаны рас. Дегенмен, тәуекелге бел буып Ұлттық банктің сол кездегі төрағасы Ораз Әлиұлы Жандосовқа (Ораз Қиқымұлы Жандосовтың немересі) кіріп, іс-шараның маңыздылығын түсіндіріп едім, ол кісі қарсы болмай, келісімін берді де, едәуір қаражат бөлдірді.
Ұлттық банкте ол кезде 700-дей адам жұмыс істейтін. Жиынға олардың жартысы келді. Біз бұл кездесуге ұлы Мұхаңның шәкірті, сүйікті ұстазымыз, академик Зейнолла Қабдоловты, жазушы Герольд Бельгерді және Мұрат Әуезовті шақырдық. Өзім Мұхаңның өмір жолы мен шығармалары жайында баяндама жасадым. Банктің мұражайында қызмет істейтін жазушы Дүкенбай Досжанов қосымша деректер айтты. Негізінен орыс тілді қаржыгерлер жұмыс істейтін мекемеде мұндай шара алғаш рет өткізіліп отырғандықтан құрметті қонақтардан орыс тілінде сөйлеуін өтіндік. Зейнолла Қабдолов ағамыз: «У вас оказывается смешанный и смешной язык», – деп жұртты бір күлдіріп алды.
Біз қолда бар мүмкіндіктің бәрін пайдаланып, Мұхаңның шығармалары бойынша, ондағы кейіпкерлердің есімдері хақында сұрақ-жауап кешін өткізіп, жеңімпаздарға Мұхаңның шығармаларын, оның ішінде жаңа ғана баспадан шыққан «Мухтар Ауэзов в воспоминаниях современников» жинағының бірнеше данасын сыйға тарттық. Банк қызметкерлерінің күшімен Абай әндерінен және халық әндерінен шағын концерт қойдық. Іс-шараның соңында келген қонақтардың иығына «Түскиіз» фабрикасынан арнайы алынған шапандар жаптық. Мұратқа жұмыс кабинетінде киетін шапан ұнады.
***
Мұрат Мұхтарұлы Әуезовтің қазір филология ғылымының кандидаты, белгілі қоғам қайраткері, дипломат, мәдениеттанушы, қытайтанушы, сыншы екенін көпшілікке таныстырып жатудың қажеті шамалы болар. Оның сонау алпысыншы жылдары Совет Одағының астанасы Мәскеуде оқып жүргенде «Жас тұлпар» ұйымын ұйымдастырушылардың бірі болғаны жұртшылыққа жақсы таныс. Ол жайында баспасөзде көп жазылған.
Жақында Ұлттық кітапханада Мұхтар Әуезовтің 120 жылдығына орай Мұраттың «Времен связующая нить» және «Ділім» деген кітаптарының тұсаукесері өтті. Бұл кітаптарда оның бүгінгі күннің көкейкесті мәселелері жайлы ой-толғамдары, пікірлері, сұхбаттары топтастырылған. Осы кітаптардың мазмұны мен маңыздылығы жайында дөңгелек үстелге келген мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, есімі әлемге танылып отырған белгілі қаламгер Дулат Исабеков, танымал жазушы Смағұл Елубай, ұлы Мұхаңның қарындасы Гүлнар Омарханова, Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың туысы Дияр Қонаев, Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері Светлана Ананьева және басқа кісілер ойларын ортаға салды.
Ұлы Мұхаңның перзенті, тұлпардың тұяғы, сұңқардың қияғы Мұрат Мұхтарұлын 75 жасқа толуымен құттықтай отырып, зор денсаулық, толағай табыс, баянды бақыт, ұзақ ғұмыр тілеймін.
Ғазизбек ТӘШІМБАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Қазақстанның құрметті журналисі.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.