Келіссөздер үстелінде – ұлт келешегі
Бұл сапарды еліміздің көпвекторлы сыртқы саясатының бір көрінісі мен заңды нәтижесі ретінде ғана емес, әлемдегі алдыңғы қатарлы, озық отыз ел қатарына кіру саясатының нәтижесі деп те қарау керек. Себебі, АҚШ – дүниежүзінде қуатты, экономикасы, өндірісі және ғылым мен білімі ең мықты дамыған мемлекет, жер-жаһанның түкпір-түкпірінен небір озық ойлы, білімді адамдарды өзіне магниттей тартып алар орасан күші мығым орталық. Жаһандану үрдісінде де АҚШ-тың реңкі басқа елдерге қарағанда айқынырақ байқалады.
Ресми ақпараттар бойынша, Қазақстан мен АҚШ Президенттерінің кездесуінің нәтижесінде, жаңа ұшақтарды алу мен оларды қолдануға қатысты құжаттардан бастап, ауылшаруашылығы саласына дейін 20 шақты келісім-шартқа қол қойылыпты. Бұл, меніңше, өте маңызды. Себебі, еліміздің серпінді дамуы үшін әуе қатынасы инфрақұрылымын жетілдіре түсуіміз шарт. Бұл салада да АҚШ – алдыңғы қатарлы мемлекет. Ауыл шаруашылығына да қатысты дәл осылай тұжырым жасауға болады. Мұнайды өндіру мен өңдеу саласында АҚШ-қа дүниежүзінде ешкім теңдеспейді. Қысқасы, солтүстіктегі және шығыстағы көршілеріміздің бере алмайтын әлеуетін біз осылайша, жаңа келісімшарттарға қол қою арқылы алудың жолдарын қарастыруымыз керек.
Бұл кездесудің дипломатиялық қырына келер болсақ, Елбасымыздың біздің аймақтан бірінші болып Ақ үйде өте жарқын райда, жылы қабылдануы өзінше маңызға ие. Жалпы, АҚШ басшылығы, саяси бағдарына қарамастан (демократ партиясы ма, әлде республикалық партия ма – мейлі) Қазақстанның тәуелсіздігі мен шекараларының мызғымас біртұтастығына қатты көңіл бөлетінін ашық мәлімдеп келеді. Оның үстіне, АҚШ – Қазақстанның тәуелсіздігін ең алғашқылардың бірі болып танығаны және Шеврон сынды алпауыт компания тәуелсіздік таңында елімізге келіп, стратегиялық маңызы зор мұнай саласына қомақты инвестиция сала бастағаны белгілі.
Еліміздің АҚШ-пен, жалпы алғанда Батыспен жақсы қарым-қатынаста болу саясатын «біреуге қарсы болу үшін дос болып жатыр» деп бағалау үлкен қате. Себебі, Қазақстанның сыртқы саясат стратегиясын ағылшынша айтқанда «win-win game», яғни «қатысы барлардың барлығынан» (біздің солтүстік пен шығыстағы көршілеріміз де) пайда таба алатын саясат деп бағалау керек.
АҚШ-тың технология өндіруші және әр түрлі ғылым саласында ең озық ел екеніне айрықша тоқталу керек. Қазақстанның баянды дамуы халқының тұрмыс деңгейінің одан сайын жақсаруы үшін – Қазақстан экономикасы күрделенуі керек. Яғни шикізат өндіру, алып-сату ғана емес, дайын өнімді өндіруді қолға ала бастағанымыз маңызды. Мүмкін болса, технологияны да, ғылыми басқа ойды да «өндіруіміз» қажет. Қоғамдық жүйені, білім мен ғылымды ғаламдық деңгейге көтеру – мемлекет дамуының ғана емес, халықаралық қауымдастық алдында беделіміздің көтерілуінің де басты шарты. Ал мұндай биіктерге қол жеткізу үшін АҚШ-пен жақсы қарым-қатынаста болу өте маңызды. Саясаткерлер мен іскерлер арасында ғана емес, ғалымдар, жастар, жазушылар, жалпы қарапайым азаматтарымыз арасында байланыс одан сайын нығайғаны абзал.
Ғалым Жүсіпбек,
дербес зерттеуші,
Вашингтондағы «Қайта ойлау»
институтының сарапшысы.