Сенім
Нұрлан ОРАЗАЛИН,
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты,
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы
Қазақта «жеті ата, жетпіс пұстысы» дейтін ескіден келе жатқан сөз бар. Амандық-саулықтан соң, ауылдың батагөй қариялары ұнаған адамының сыртынан тегі кім еді деп жатады. Осы тұрғыдан қарағанда, исі қазақ өз Президентінің ұлы бабасы Қарасай батыр екенін жақсы біледі… Қарасай – ат жалында жүріп Алаштың атажұртын Жоңғар шапқыншылығынан қорғаған Еңсегей бойлы ер Есім заманында аты шыққан қазақтың хас батыры. Ақылы мен ерлігі қатар жүрген осынау тарихи тұлға жайлы ел арасында кең тараған аңыздың алды – ұрпақ қуалайтын қызыл жолбарыс хақындағы әңгіме. Қазақ ұғымындағы қызыл жолбарыс – елдік пен ерліктің, намыс пен жігердің символы. Еуразиялық ұлы кеңістіктің ұзына бойын кезген «жолбарыс тұлғалы», «жолбарыс мінезді» дейтін балама теңеулер өз негізін, шамасы, осындай төркіннен алса керек. Алаш ұғымында сақталып, бүгінгі ұрпаққа жеткен «арыс», «барыс», «жолбарыс» сөздерінің түбі бір екені де шүбәсіз…
Нұрсұлтан Назарбаев – қос ғасыр тоғысында қазақ дейтін халықтың, Қазақстан дейтін мемлекеттің атағы мен абыройын әлемге кең жайған, дәуір жүгін арқалаған сол еуразиялық тұғырлы тұлғалардың жаңа замандағы жаңа тұрпатты жалғасы, әр заман, әр дәуірлерде өткен Алаш ұранды, арқар мүйізді қазақтың басын қосып, тәуелсіз мемлекет болуды көксеген арыстарымыз бен алыптарымыздың аманат-арманын жүзеге асырған ұлт көсемі.