Еуропа қазағы, Ирландия елінің тұрғыны Өзгежан Кесижидің докторлық жұмысы «Қазақ Алашорда қозғалысы» деген тақырыпқа арналғанын, оны Еуропа ғылыми ортасында сәтті қорғап шыққанын газетімізде жазған болатынбыз. Бүгінгі сұхбатта Алаш қозғалысының сол уақыт кеңістігіндегі тарихи орны туралы әңгіме қозғағымыз келді…
Өзгежан Кесижи,
PhD докторы
– Өткен ғасыр басында тәуелсіздікке, автономиялық республикаға ұмтылған ұлт-азаттық қозғалыстардың өзара ұқсастығы әлде ерекшелігі болды ма?
– Ұқсастықтар өте көп дер едім. Мәселен, Ирландиядағы 1916 жылы ұлт-азаттық қозғалыста негізінен шығармашылық зиялы қауым өкілдері: жазушылар, оқытушылар бас құрап, күллі халықты соңынан ертіп, Ұлыбританиядан өз тәуелсіздігін сұраған болатын. Міржақып Дулатұлының «Оян, қазағына» үндес жырлар кезінде бодандықты бастан өткерген елдердің көпшілігінде кездеседі. Немістер де уақытында еліміз қалың ұйқы құшағында, ұлтты ояту керек деп жырлаған. Әрине, олар ұлт-азаттық қозғалыстарды сәл ертерек, бастан өткерген. Словактардың да ұлтты ояту керек деген өлең-жырлары бар. Бүкіл Еуропа елдері ояну дәуірінен өткен. Ояну үшін түрлі әлеуметтік мәселелердің түйінін шешкен. Қазақ халқының ояну дәуірінде қандай әлеуметтік мәселелер айтылуы керек еді – осыны Алаш тұлғалары ұқты, нақты білді және сол бағытта жұмыс істеді.
Батыстан келген республика, демократия туралы идеялар Алаш тұлғалары арасында кең тарады, олар жер-жердегі ұлт-азаттық қозғалыстардың жай-жапсарын зерттеп, білді. Сондықтан да, ұлт-азаттық қозғалыстардың уақыт кеңістігіндегі тағдыры ғана емес, ұмтылған мұраттарында да ұқсастықтар көп деп айтуға толық негіз бар.
Қазақ Алашорда қозғалысының ерекшелігі – сол кезеңдегі қазақ халқының сауаттылық проценті аз болса да, шығармашылық зиялы қауым өкілдері тұтас халықты біріктіре алды. Оқу-жазу, сауаттылық проценті жоғары емес халықты баспасөз, қалам, оқу, ағарту жұмыстарымен біртұтастандыру – Алаштың азаттық қозғалысының негізгі ерекшеліктерінің бірі дер едім.
– Алаш тұлғаларының, Алаш қозғалысының қазақ халқының қоғамдық-саяси өміріне әкелген өзгерісі не еді?
– Алашорданың, негізінен әлеуметтік аспектілерін көп зерттегендіктен, сол тұс туралы айтып өтейін. Алаш азаматтары ағарту ісінде көп мәселелерді көтерді. Әдебиет пен мәдениетті дамытуды қолға алды. Алаш мұратындағы азаматтар роман бәйгесін жариялады. Осылайша, қазақ әдебиетін жаңа бір биікке көтергісі келді. Мұндай кезеңді мемлекеттілікке, ел болуға ұмтылған әрбір ел бастан өткерген. Ғылыми тақырып етіп алып, Алаш қозғалысын зерттеген тұста мынаған көз жеткіздім: Ұлт болудың критериі көп. Соның ішінде, ол елдің әдебиеті, ұлттық оқулықтары мен басқа да мәдени белгілері болуы тиіс. Алашорданың ұлттық жоспарында дәл осы мәселелер маңызды орынған ие болған. Яғни, Алашорда қозғалысы арқылы қазақ халқы мәдени тұрғыда ұлт ретінде танылған.
Алаш азаматтары алғашқы ұлт басылымдарын, руханият орындарын ұйымдастырды, қоғамдық-гуманитарлық, пәндер бойынша оқулықтар мен оқу-әдістемелік еңбектер жазды. Олардың сол еңбектері қазақ ғылымының іргетасын қалады.
Өткен ғасыр басындағы Алаш тұлғалары дем берген әдеби шығармаларға көз жүгіртіңіз. Барлығы өз заманындағы өзекті әлеуметтік мәселелерді көтерген. Әдебиет – өмірдің айнасы десек, сол өмірдің өзін айна арқылы сол шығармалардан байқаймыз. Бұл де тұтас кезеңді қаз-қалпында қалдыруға тырысқан Алаш мұратындағы азаматтардың еңбегі екенін ашық айтқан ләзім.
– Сіздің зерттеу аяңыз тарихи социология екені белгілі. Осы орайда, Алаш қозғалысы сол кездегі қоғам келбетін қаншалықты өзгерте алды деп ойлайсыз?
– Олар қоғам келбетін білім, ағарту арқылы өзгертуге ұмтылды. Егер Алаш тұлғаларының осы қадамына сол кездегі Кеңестер одағының режимі қарсы тұрмағанда, олар халықты ұлттық ағарту жолымен сәтті алып өтер еді деп ойлаймын. Отарлық санадан азаттық алудың бір жолы – білім деп түсінген Алаш зиялылары дәл осы жолда мұраттарына жетті ғой деген пікірдемін.
Бодандық қамытын киген қазақ халқы Алаш тұлғалары арқылы ұлттық арманына ұмтылды. Халықтың мемлекет ретінде, ұлт, азамат ретіндегі құқықтары мен бостандықтары үшін сол кезеңдегі Алаш тұлғалары қиын жолдардан өтті, күрестер жүргізді, осы жолда құрбан болды.
Қазақ халқы белгілі бір тарихи кезеңде үлкен таңдау жасады. Қоғамдық түсінік тұрғысынан Алаш идеясы өзекті болғанымен, ол идеялардың жүзеге асуына тарихи жағдаяттар жол бермеді. Тарихи социология тұрғысынан Батыстың академиялық ғылыми түсінігін негізге ала отырып қарастырсақ, Алаш зиялылары қазақтың ұлттық ұғымы жайлы заңды сөзді алғаш рет айтты деуге болады.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Қ.СІМӘДІЛ.