ЖҮСЕКЕҢНІҢ ЖАНЫНДА ЖІП ЕСЕ МЕ…
08.12.2017
1524
0

Сол жолғы бір сөз керемет әсерлендіріп еді. Ғажайып суреткер Жүсіпбек Аймауытовтың етікшілігі жөніндегі сөз. Ғасырға жуық ғұмыр кешкен Халық жазушысы Дихан-баба Әбілев осы ағасының ісмерлігін беріле әңгімелеген. Таяғына қос қолдай сүйене отырып, арасында алыс қиырға көз тігіп қойып, қоңыр дауысы күмбірлей, толғана, тебірене шешілді. Аң-таң болып тыңдадық.

Бірақ, қайтып келе жатып, қарт қаламгер сонша неге тамсан­ды екен, етік тігу о заманда тірші­лік салтына айналғандай дағдылы да нәрсе емес пе; оған өмірдің өзі итермелейтін шығар деп ойлаға­ным есімде.
Бертініректе пайымдасақ, Аймауыт ақсақал ағаш пен темір­ден түйін түйген ұста екен, ұлдары Ахмет, Жақыпбекпен бірге Жү­сіп­­бекті де түрлі қолөнеріне ертеден-ақ баулыпты.
Болашақ жазушы кейін мұн­дай бейімділігінің рахатын көріп бағады. Бозбала шақта Павло­дарда әділетсіз мұғалімдермен арпалысып, патша өкіметі тәрті­біндегі ауылшаруашылығы мек­те­бінен шығып қалған тұсында да, Семей семинария­сында оқып жүрген кезінде де қаңылтыр бе­дерлеуші, балташы, ағаш шебері жұмыстарын кезек атқарып, кәдімгіше қажет айырған.
Сол жылдары Әлкей, Мұхтар, Қаныш сынды алғыр замандас­тарымен етене араласа бастайды. Сөйтіп осынау идеялас жігіттер­мен бірге ақырындап, үлкен ұлт­тық мүдде бағытындағы қым-қуыт күрес істеріне кіріседі. Әри­не, бұл ә дегеннен атойлап айқасқа шығу емес, алғашқы пі­сіп-жетілу, ширығу, есею үстіндегі тартысты сәттермен қатар жа­лын­ды жастық шақтың романти­каға да толы қызықты бір кезеңі-тін.
Жүсіпбектің сол аласапыран заманға негізделген «Қартқожа» романы бас кейіпкері ана тілімен қатар татарша, орысша, латынша, арабшаға жетік білікті аудармашы, қарымды журналист, әрі дарынды суретші ретінде көрінеді. Қара­пайым отбасынан шығып, үзді­к­сіз оқу, талмай іздену нәтижесінде парасат биігіне көтеріліп, өз бол­мысын өзі шыңдаған жаңа дәуір адамы.
Егер жазушының қаһарман бейнесіне қалайда өз жан-жүре­гінің сыры қосылатын заңдылық­ты ескерсек, жиынтық бейне – Қартқожа Тоғанбаев тұлғасы арқылы автор кейпі де айшықтала түсетіндей. Жүсекең осынау тұс­тарда ән падишасы Әміре туралы да әйгілі әңгімесін жазады. Әуеле­тіп ән тербесе, бірде баяу ғана ақ самалдай аңқылдап, енді бірде дауыс екпінін үдете көтеріп, көк-теңбіл аспанды аунатып жерге түсірердей күркірете шырқат­қан өнерпаздың көңіл түкпіріне терең бойлаумен қатар, әуен әлемінің нәзік қалтарыстарын кәнігі ма­манша қаузау недәуір кәсіби дайындықты қажет етсе керек. Мұндағы сәттілік сыры неде де­сек, қаламгердің өзі де тәуір әнші, домбырашы, композитор екен…
Жүсіпбектің музыкаға жуық­тығын, өзге де өнерге өте жақын­дығын ақын Әбділда Тәжібаев та жақсы айтады. Ол жазушыны алғаш он алты-он жеті жасында кездестірген секілді: «1926-28 жылдары Шымкент қаласындағы педагогикалық техникумда оқытушы болып жүргенде мен оны өзім көрдім. (Онда Бауыржан Момышұлы екеуміз Ғани Мұрат­баев атындағы интернатта тәр­биеленуші едік)… Мен оның Қожа Ахмет Иассауи ғимараты жөнінде жазылған ұзақ очеркін, әнші Әміре туралы әңгімелерін әлі ұмытқан жоқпын. Он сауса­ғынан өнері тамған – домбыраның неше түрлі шешендерін жасаған, көк салылап саптамалы етік тігетін, күміспен, жезбен әшекей­леп ер-тұрман жасайтын Жүсіп­бек жастарға бұл өнерлерін де көрсетіп отыратын. Ол жас қауым үшін өте сүйкімді жан болды». (Тәжібаев Ә. «Есімдегілер: Есте­ліктер, эсселер. – Алматы. Жазу­шы. 1993. – 338 б.)
Бұл жолдар да талай жәйтті аңғартып тұр. Күмбірлеген дом­бы­ра, саптама етік, әсем ертоқым жасау үшін қолдың епсект­ігі ғана емес, әбден шың­далған мол тәжірибе қажеттігі түсінікті. Бә­рінен бұрын ғасырлар бойы халқыңның қанына сіңген салт-дәстүріне, ұлттық мұраға деген шексіз құрмет, тіл жетпес сүйіспеншілік керек шығар. Және аса талғампаз, эстет адам осынау өнерді жас ұрпақ бойына дарытуды қастерлі міндет деп санаған. Осы дүниелерге тән айшықты мәнер, ұлттық калорит Жүсіпбек шығармаларынан да айқын аңғарылып тұрады. Бәл­кім, қаламгер туындыла­рының басты құдыреті – осында…
Жүсекең сонау жылдары жас Бауыржанға да айрықша үлгі-өнегесімен ұмытылмастай ықпал еткенін түйсінеміз. Кейін батыр да: «…Қазақтың поэзиясында Мағжаннан соңғы ақын Жүсіпбек Аймауытов. Ол кісінің «тән жүйе­сі, жан жүйесі» деген кітабын оқығандардың бірімін. Жүсіпбек – философ, психолог. Біздің қазақтың тарихындағы ұлы педагог, ақын кісі болған… Оған документальный дәлелім бар. Ол кісі қазақтың бірінші гимнінің авторы» деп жазыпты. (Момыш­ұлы Б. Көз алдымда бәріңсің. – Тараз. 2007. 20-бет).
Жазушының тіршілік машығы туралы қызы Музаның естеліктері бағалы. Оның айтуынша, күндіз қоғам жұмысынан босамайтын әкесі шығармашылықпен тек түнде ғана айналысқан. Арасында домбырасын шерте отырып, ой теңізін кешкен. Одан соң ол жазу үстеліне қажетті кейбір нәр­селерін өзі жасап алатын көрінеді. Мысалы, сызғышқа дейін жонып алыпты. Сол сияқты Жүсекең қолынан шыққан заттардың бірі – әжептәуір салмақты, үлкен сия сорғыш. Бүгінде Павлодар облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде сақталған осы бұйымын жазушы әлдебір ой шешімін іздеген сәтінде бір шетінен басып қалып, әрі-бері тербетіп, толғанатын әдеті бар екен. Бұл дүниелердің бетіндегі қаламгер түсірген өрнек те өзгеше.
Қазір ойласақ, етік тігу ісіне белгілі кезеңнің өзі мәжбүр­легеніндей, Жүсіпбек Аймауытов тұстастарына әдебиеттің бірнеше жанрында еңбектенумен қатар, жалпы рухани бағыттағы барлық саланың жүгін қайыспай көтеруге тура келген екен. Бұлар мұзжар­ғыш кеме секілді, басты бәйгеге тігіп, озбыр билік, зұлым күш­термен тайталаса жүріп, тағдыры күрделі елдің баспасөзінің, ғылым-білімінің, әдебиетінің, мәдениетінің, театрының ірге­тасын қалаған. Айталық, бір ғана Аймауытов тек ақын-жазушы, сыншы, драматург, аудармашы ғана емес, журнал редакторы, педагог-ғалым, актер, режиссер секілді… көптеген міндеттерді қоса атқарыпты.
Қысқасы, қырық бір жылдық аз ғана ғұмырында қыруар іс тындырған.

***
Дихан атамыздың Жүсекең етікшілігіне таңдану сырын да кешірек ұғынғандаймыз. Шеберді жұмыс үстінде көрген бұ кісіге ісмердің ерекше әдібі қол жетпей­тін қиялдай болған екен-ау. Иә, етік тігу технологиясы да жатқан бір ғажап үдеріс емес пе. Сөйтсек, ғаламат жазушы нені қолға алса да, әр істің иін қандырып, шырқау шыңына жеткізіп, жұтындыра, жарқырата орындайды екен ғой…
Әдебиет тақырыбы қозғалса, «әлем, әлемдік деңгей» дегенді жиі айтамыз. Қарап отырып, сол атағы жер жарып, халықаралық дәрежеде жоғары бағаланып жүр­ген кейбір шығармалар Жүсекең туындыларының жанында сол­ғындау көрінер ме еді деген де ой келмей қалмайды. Бұл асыра айтқандық емес; жоғарыда атал­ған «Қартқожа» немесе «Ақбі­лек» романдары, «Күнікей­дің жазығы» хикаятының қай-қайсын парақ­тасаңыз да, суреткердің оқушыны ә дегеннен еліктіріп тарта жөне­летін айрық­ша дыбыс, ырғақ үйлесімі арқылы қазақ еліндегі қаны сорғалаған небір дүрбелең, қияпат аласапы­ран жылдар шындығына қалай сүңгіп кетке­ңізді аңдамай отырасыз. Жазушы мейлінше құнарлы тіл, айрықша баяндау, түрлі тағдыр иелері та­биғатына терең бойлау мәнерімен осынау Алаш деп аталатын «ғаламшар­дағы» жалпы адамзат ғұмырына тән мәңгілік бітпес тартыстар сырын қопара ашады. Әйткенмен, бұл кесек полотнолар кең маштабта әлі күнге дейін лайықты бағасын ала алмай жүргені жасырын емес. Заңғар Мұхтар Әуезовтің өзі осы жазу­шыны аса жоғары бағалап, үлкен ұстазым деп санауы бекер дейсіз бе…
Ал біз үшін Жүсекең биігі, тіпті, алыс арман екені түсінікті.

Құлтөлеу МҰҚАШ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір