Туризм имиджі – мемлекет имиджі
Туризм индустриясы – қызмет көрсету, материалды емес өнім өндіру саласында көш бастап, экономикалық тұрғыдан ХХІ ғасыр «феномені» атанған сала. Оның бір себебі, демалыс пен саяхаттаудың адам өміріндегі маңыздылығы арта түскенінде болса керек. Сондықтан да, туризм – қоғам өміріндегі ең маңызды салалардың біріне жатады. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, туризм ерекше табыс көзіне айналып отыр. Халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтерудің ең тиімді жолы – туризмді дамыту екені осы күні жасырын емес. Оның үстіне, туризм – халықтың әлеуметтік-экономикалық хал-ахуалын жақсартып қана қоймай, қоршаған ортаны да көркейтудің тиімді бір жолы екені әмбеге аян.
Дүниежүзілік статистикалық мәліметтерге үңілсек, туризм – мұнай мен газ және металлургиядан кейінгі ең үлкен табыс көзіне айналып келе жатқан ірі салалардың қатарында. Сондай-ақ, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын ешқандай шикізат көздерін өндірмей-ақ дамытуға болатын саланың бірегейі. Туризмді дамытудың тиімділігі сол, сапалы қызмет көрсету арқылы жетістіктерге жетуге мүмкіндік мол. Қазақстандағы туристік қызметтерді жоғары деңгейге жеткізу үшін ең алдымен туристік имидж деген ұғымды жетілдіру керек. Туристік имидж дегеніміз – еліміздің ішкі туристік әлеуетін ашып көрсететін фактор.
Бүгінгі таңда отандық туризмді дамыту мәселелері өте өзекті. Оның өзектілігінің негізгі себебі – Қазақстандағы экономикалық, әлеуметтік, имидждік мәселелерді туризм саласы арқылы оңдап алуға болатындығында жатса керек.
Қазақстандағы туризм төңірегінде түрліше көзқарас қалыптасқан. Туризм саласы бойынша дүниежүзі мемлекеттерімен бір қатарда орын алу бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін мемлекет тарапынан ҚР туристік саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілген болатын. Тұжырымдама бағдарламасының мақсаттарына сәйкес, мемлекет іскер серіктестерімен бірлесіп, еліміздің барлық өңірлерінде туристік инфрақұрылымды жетілдіру және құрылысын жүргізу жұмысы бекітілген. Туризмді кластерлік дамыту жүйесі бойынша, Маңғыстау облысында «Кендірлі», Ақмола облысында «Бурабай» және Алматы облысында Қапшағай су қоймасының жағалауындағы «Жаңа Іле» сияқты халықаралық туристік орталықтарын, курорттар мен демалыс аймақтарын құру жөніндегі, т.б. ірі жобаларды айрықша атап өтуге болады. Бұл өңірлік жобалар қатарында Ақкөлдегі «Шаржұм» демалыс аймағы, «Қатон-Қарағай» емдеу-сауықтыру кешені, «Шеберлер ауылы» этнографиялық кешені, сондай-ақ, Алматы облысындағы тарихи «Талхиз» кешені атап өтуге тұрарлық. Сонымен қатар, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәліз бойындағы туристік кластерлер де маңызды жоба. Тұтастай алғанда, тұжырымдама бойынша халықаралық стандарттарға сай келетін 48 нысан құру көзделген.
Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасында туризмді дамытудың бірнеше негізгі бағыттары көрсетілген.
Олар:
Іскерлік және қалалық туризм,
Белсенді және
санаторлық демалыс,
Этно-мәдени туризм,
Экологиялық туризм
деп атап көрсетуге болады.
Туризмнің кластерлік бағыттарымен қоса аймақтарды дамыту сырт мәселесі де сырт қалған жоқ. Атап айтар болсақ, Ұлы Жібек Жолының бойында үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Соның бір дәлелі – Батыс Қытай үлкен тас жолының бойында инфрақұрылым жұмыстары. Қонақ үйлер салу, тамақтану орталықтарын жасау, авто жөндеу және т.б. қажетті жабдықтау жұмыстары жүзеге асырылуда.
Жыл сайын Швейцарияның Давос қаласында өтетін Дүниежүзілік Экономикалық Форум конференциясының сараптама нәтижесінде, 2017 жылғы дүниежүзі мемлекеттерінің туризм индустриясының салыстырмалы даму көрсеткіші бойынша Қазақстан 136 мемлекет арасында 81 орынға тұрақтаған (2015 жылы – 85 орын). ТМД елдері арасында біз Украина, Армения, Тәжікстан, Қырғызстан, Молдавия сынды мемлекеттердің алдыңғы қатарындамыз. Жалпылай алғанда, елімізде туризмді дамыту үшін мәдени, тарихи, географиялық және климаттық жағдайлар өте жақсы. Тәуелсіздік алған соң мәдени және тарихи құндылықтарды жаңартуға бағытталған бұл саланың дамуы үшін алғышарттар жасалған. Алайда, бұл өз кезегінде көлік, инфрақұрылым, сауда орындары, денсаулық сақтау қызметтерін жетілдіруді қажет етеді.
Қазақстан Республикасы туризм саласының әлемдік бәсекелестіктегі артықшылығы:
Географиялық орналасуы (еліміз Еуропа мен Азияны байланыстырушы мемлекет);
Антропагендік өзгеріске тап болмаған, көрікті табиғи нысандар (ЮНЕСКО тарапынан қорғауға алынған нысандар оған мысал);
Қазақстан халқының қонақжайлылығы мен тарихи-мәдени құндылықтары.
ЮНЕСКО-ның жанынан құрылған кеңестің ассамблеясы бекіткен тізімде әлемнің 175 мемлекеті бар. Солардың бірі – тарихи мұраға бай Қазақ елі.
Қазақстанда 9000-нан аса археологиялық және тарихи мұралар сақталған. Елімізде 118 ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, олардың арасында экологиялық туризмді дамытуға мүмкіндік тудыратын 11 мемлекеттік ұлттық табиғи парк жұмыс атқарады.
Жалпы, статистикаға сүйенсек, Қазақстанның сакралды тарихи және мәдени орындарына өз елімізден гөрі, шетелдерден келетін туристердің қызығушылығы басым.
Дүниежүзіндегі туризмнің дамуына көз жүгіртсек, туристер бұрынғыдай қалаларды аралап, әртүрлі архитектуралық ғимараттарды тамашалаудан жалыққан. Сондықтан біздегі табиғи қорықтарды туризмің баға жетпес бренді десек те болады.
Жаһандану заманында жер көру, ел аралау халықтар арасында жылдам таралып келеді. Сондықтан да отандастарымыздың қазіргі кезде түрлі елдерді аралап, тиімді демалыс ұйымдастыруға дағдылана бастауы табиғи жағдай. Демалу мәдениеті ең алдымен әр елдің экономикасы мен әр ұлттың менталитетіне байланысты қалыптасады.
Шетелдіктер көбіне бұрын өздері көрмеген, жаңа ашылған жерлерге саяхаттауды ұнатады. Сол себепті, біз оларды бай табиғатымыз арқылы тамсандыра аламыз. Әрине, ол үшін осы бағытқа көбірек мән беріп, табиғи игіліктерімізді барынша пайдалана білуіміз қажет.
Еліміздің туристік нысандары орналасқан жерлерде инфра-құрылымның дамымауы, яғни алыс орналасқан көрікті жерлерге баратын жолдардың нашарлығы, қызмет көрсету деңгейінің төмендігі, т.с.с. көптеген қиындықтар бар. Туризм саласындағы білікті мамандардың жетіспеушілігі, жарнаманың жоқтығы да бұл сала жұмысына тосқауыл болмақ. Алайда, бұл мәселе біртіндеп өз шешімін тауып келеді. Туризм индустриясының қарқындап өсуі үшін мемлекет тарапынан қолдаудың болуы өте маңызды.
Қазіргі таңда дүниежүзі мемлекеттерінің тәжірибесіне сүйенсек, туризм инфрақұрылымының дамуы да, елдің тартымды туристік имиджінің қалыптасуы және туристік әлеуетті арттырудың жолдары да мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудан кейін ғана жолға қойылады. Мәселен, мемлекет тарапынан ірі инвестициялық жобаларға қомақты қаржылық көмек, салық төлемдерінің жеңілдігі, т.с.с.
Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі неше ғасыр өтсе де, бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы… Ішкі және сыртқы мәдени туризм халқымыздың осы қастерлі мұраларына сүйенуге тиіс…», – дей келе, мәдени-географиялық белдеу қалыптастыруды тапсырған болатын.
Бұл дегеніміз, біріншіден, мәдени туризм, екіншіден, табиғатқа сай ұйымдастырылған экологиялық туризм, үшіншіден, бизнес пен іскерлік қатынастарды дамыту туризмін жан-жақты қолдауды білдірмек.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында туған жердің табиғатын көздің қарашығындай сақтау, оның байлығын үнемді, әрі орынды жұмсайтын теңдесі жоқ экологиялық өмір салтын ұстану керегін айтып, бұқара халықты табиғатты аялауға шақырған болатын.
Елімізде көз тартар көрікті жерлер аз емес. Соның бірі – Жетісу жауһарларының бірі боп саналатын «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі. Ұлттық паркте қазіргі таңда экологиялық саяхатшылық қарқынды дамыған. Соның ішінде – парк аумағында саяхатшыларға арналған арнайы соқпақтар ашылғаны көз қуантады. Туристерді парктің жол сілтеуші мамандары өздері аралатады, соның арқасында тазалығы қатаң сақталған. Саяхатшылық соқпақтардың бойына саяхатшылардың ыңғайына қарай бақылау алаңдары, шатыр тігетін алаңдар, отыратын орындар, дәретхана, автотұрақ, 50 адамға арналған 6 қонақүй, аңшылық үйлер орнатылған. «Шыған» бекетінде ұлттық салт-дәстүрімізді, ұлттық тағамдарымызды насихаттайтын этноауыл ашылған. Этноауылға келген қонақтарға қымыз, шұбат және т.б. ұлттық тағамдар ұсынумен қатар, «Сақ» моншасы жұмыс істейді. Ұлттық паркте туризмді дамыту мүмкіндіктері өте мол – бұл жерде бас жоспарға сай болашақта қонақ-үй, спорттық саяхатшылық лагерь, сумен емдеу орталығы, ашық аспан астындағы «Бесшатыр» мұражайы, Динозавр паркі, палеонтологиялық мұражай ашу жоспарланған. Бұл жағдайдың бәрімен «Алтын-Емел» ұлттық паркіне сапарлап барған әрбір турист таныс бола алады.
«Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі жануарлар дүниесінің әртүрлілігімен де ерекше. Паркте жануардың 393 түрі мекендейді екен. Жоғалып бара жатқан аңдарды сақтап қалуда да парктің маңызы өте зор. Өткен ғасырдың 80-ші жылдары ұлттық парк құрылмай тұрып, бұл жерге түркімен құландарының популяциясын сақтап қалу үшін 27 бас құлан әкелінген. Қазіргі таңда парк аумағында, осы парк қызметкерлерінің айтуынша, түркімен құланының ең үлкен популяциясы 3000 басқа жуық құлан мекендейді. Еліміздегі ерекше қорғауға алынған жануардың түрі: қарақұйрық 4000 мыңға жуық. 2003 жылы жалпы Орта Азияда құрып кеткен Пржевальский жылқысы паркке Германияның Мюньхен зообағынан жерсіндірілуге әкелінген. 2006 жылы Іле тоғайына бұхар бұғысының 10 басы жерсіндірілуге жіберілген. Олардың саны да әлем бойынша бар болғаны шамамен 200-250 бас қана қалған. Парк аумағында құстардың 260 түрі мекендейді екен. Бұл барлық Қазақстандағы құстардың жартысына жуығы (49,4%).
Ұлттық парктегі өсімдіктердің сан алуандығы – Жоңғар Алатауының және Балқаш–Алакөл өсімдіктер әлемінің түйіскен жерінде орналасқандығынан. Сонымен қатар, парктің ең төменгі нүктесі – 500 м. ал жоғарғысы – теңіз деңгейінен шамамен 2000 метр. Сондықтан парк аумағында биік таулы аумақтан бастап шөлді аумақта өсетін өсімдіктерді кездестіруге болады.
P.S.:
Елбасының Болашаққа бағдар: «Рухани жаңғыру» атты мақаласында еліміздегі ту-ризмді дамыту тұжырымдамасына орай тарихи-мәдени ошақтарды қайта жаңғырту және оларды туризм индустриясына тарту керек екені жайлы нақты айтылады. Қазақстан басқа елдермен салыстырғанда географиялық жағынан да туризмге өте қолайлы жерде орналасқан. Қарлы мұздықтардан бастап, құмды шөлейттер мен таулы шыңдарға дейін бар. Қазақстанның жеке аймақтарында таңқалдыратын түрлі табиғи ландшафттар мен адам қолы тимеген жабайы табиғат, бай тарихи және мәдени мұрасы, белсенді демалудың таусылмайтын мүмкіндіктері бар. Ал мұндай қолайлы жағдай көп мемлекеттерде жоқ. Осының бәрі Қазақстанда ішкі туризмді дамытудың және шетелдік туристерді қабылдаудың үлкен әлеуеті бар екенін көрсетеді.
Элмира ҚУАНДЫҚОВА, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың
1 курс докторанты.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.