Сахнадағы «Сең»
Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық Балалар мен жасөспірімдер театрында Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» роман-дилогиясының желісі бойынша сахналанған «Сең» спектаклінің премьерасы өтті.
Саханалық нұсқасын жасаған және қоюшы-режиссері Сырым Асқаров. «Сең» спектаклі – Арал тағдыры мен адам тағдыры арасындағы арпалыс. Ғасырлар бойы жағасын мекен еткен адамзат баласын асырап келген теңіз тарылғанда жағалаудағы жұрт қандай қарекетке барарын білмей сеңдей соғылысқан еді. Табиғаттың жүдең сұрқы адам тағдырына да әсер етіп, жүрісінен жаңылдырғандай… Бір кездері суы арқырап жатқан дарияның орнында шапалақ шаң мен нәрі қайтқан тұз түйірлерінің ғана қалғаны адамның көңіліне мұң ұялатып, мұздай қариды. Боз үйі жығылып, ботадай боздаған жұрт ауа көшіп, бордай тозуға айналды. Табиғат ана мен тырбаң тірліктің тартысындағы теңсіздік талай боздақтың басына бозамық бұлт үйірді. Ақыл мен ғылым кейде бәріне дауа бола бермейді. Олардың күші жетпеген дүниені тиянақтайтын бір құдірет бар, ол – махаббат. Қойылым соңы Жәдігер мен Бәкизаттың махаббат бағасын ұғынуымен аяқталады. Ентелеген көрермен дәл осы шешімнен жылт еткен үмітті сезінді. Табиғаттың тымырсық сәті бұлардың махаббатымен параллель өріліп, жарқыраған тұста гүл атып, жабырқау кезде солып қалды. Режиссер бұл шешімі арқылы табиғат тағдырына да ақыл мен ғылымнан гөрі сүйіспеншілік пен жауапкершілік әсер етеді деген байламға келгендей… Қойылымды көрген жұрт спектаклден шыққанда Жәдігер мен Бәкизат арасындағы қарым-қатынас жайлы ғана емес, адам мен Арал, адамзат пен табиғат арасындағы үйлесім жайлы терең ой түйері анық. Қойылым соңында Арал тағдырын қаламына арқау еткен жазушы, «Қан мен тер», «Соңғы парыз» романдарының авторы Әбдіжәміл Нұрпейісов дарынды режиссер Сырым Асқаровқа батасын беріп, қойылым жайлы пікір айтты:
«Инсценировка жасауға болатын шығармалар болады, ал кей шығармалар инсценировакаға келе бермейді. «Соңғы парыз» инсценировкаға келмейтін шығарма, мұндай туындыны сахнаға шығарған Сырым балама бір жағынан таңғалып, екінші жағынан риза болып отырмын. «Соңғы парыз» «Қан мен тер» сияқты емес, жасыратын несі бар, Еуропаның үздік әдебиеттеріне еліктеп отырып жазылған шығарма. Екінің бірі қабылдай бермейтін шығармамды жаныңмен түсініп, сахналағаныңа ырзамын. Әдебиетті терең, нәзік түсінеді екенсің. Өзің түсінген дүниені көрерменге түсінікті етіп көрсету оңай емес. Дегенмен нобайын мен нұсқасын келтіріпсің. Сахнада қара жерді көрсету оңай. Сенің сахнаңдағы қырбаң соққан қара дауыл, ықтырып алып кеткен мұздың үстіндегі үш адамның тағдыры, аласапыран түн, өкірген теңіз, арпылдап соққан толқын, төбеден жауған нөсер, жерден бораған дауыл, теңізде ығып бара жатқан сең барлығы жиналып сол уақытты, Аралдың жағасындағы жұрт көрген қиын-қыстау күндерді жеткізді. Мен сендерге сыншы емес, көруші есебінде ғана келіп отырмын. Мен – теңіздің төлімін. Теңіздің жағдайын жерден гөрі жақсырақ білемін. Сең деген – жарылып-жарылып быт-шыты шыққан, теңіз бетінде аққан тоқымдай-тоқымдай мұздар. Кітап бірінші «Сең» деген атаумен шығып еді, оны қазақтардың өздері «Сел» деп оқыды. Сонан кейін мен оны өзгертіп «Парыз» деп жаздым. Адамның мойнында не көп, парыз көп, біз тек сол – мойнымыздағы парызды өтеу үшін осы дүниеде қалбалақтап тірлік етіп жүрміз. Адам баласының мойнындағы парызын, қоштасудың алдындағы бір парызы деп санап «Соңғы парыз» деп атадым.
Өнердің оңайы жоқ, көрермен тұрғысынан айтсам: әсіресе сахна өнері – жоқтан бар жасайтын өрлей беретін ерекше өнер. Өздерің де көріп тұрсыңдар, телегей теңізді сахнаға шығару үшін қаншама күш-қайрат салдыңдар. Сендерге алғысым шексіз! Өнерлерің биіктей берсін!».
Әділет Ықылас,
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың студенті.
ПІКІРЛЕР1