Фольклортанудың білгірі
Қазақ халқы шекара аттаған халық. Ол өзінің неше мың жылға созылған тарих көшінде халық ауыз әдебиетінің небір ғажап түрлерін жаратты, тек жаратып қана қалмастан, оларды көзінің қарашығындай қорғап, ұрпақтан ұрпаққа жалғастырды. Шамадан тыс осындай бай қазынаның арасынан біз адам баласының есте жоқ ескі замандардағы сәбилік шағында жаратқан, ғасырлар қойнауына қалып қоймай бізге үздігіп жеткен таңғажайып мифтерді; бір кездері өмірде болып өткен, алайда тарихтың алға қарай жылжуына байланысты бетін құм басып көшкіндегенімен шындық сырын ішіне бүккен аңыз-әпсаналарды; өзінің мың құбылып, жүз түрленіп отыратын қызықты сюжетімен тыңдарманды немесе оқырманды сиқырша баурап алып, қисапсыз эстетикалық ләззатқа бөлейтін қилы-қилы ертегілерді; ұрпақты жаужүрек ерлікке, адал махаббатқа тәрбиелейтін батырлық жырлар мен ғашықтық жырларын; жақұттай жарқырап, көкейге нұр боп құйылатын, бізді ұлы адамгершілік мұратқа бастайтын мақал-мәтелдерді, қанатты сөздерді, т.б. көреміз. Мәңгі сарқылып таусылмас дәл осындай байлық жер бетінде жасап жатқан өзге халықтардың өркениеттер тарихынан тым сирек кездеседі, тіпті кездеспейді десек те асырып айтқандық болмайды. Себебі, Сейіт Асқарұлы Қасқабасовтың бастауындағы Қазақстан ғалымдарының инемен құдық қазғандай қажырлы еңбегінің арқасында жарық көріп отырған, қазақ ауыз-әдебиетінің інжу-маржандары жинастырылған, «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасымен жарық көрген 100 томдық «Бабалар сөзі» және Қытайдағы әдебиет мамандарының құрастыруымен Шыңжаң Халық баспасы тарапынан шығарылған 25 томнан тұратын «Қазақ ауыз әдебиетінің қамбасы» атты көлемді еңбек осы айтқандарымыздың тамаша дәлелі болмақ.
Ендеше, осыншама байлық ғылыми тұрғыдан игерілді ме, зерттелді ме дейтін сұраудың туындайтындығы табиғи. Әрине, бұл сұрауға асықпай отырып егжей-тегжейлі жауап беруге болар еді, алайда бұл біздің шағын сөз басымыздың міндеті емес. Дейтұрғанмен, қазақ ауыз әдебиеті туралы ғылыми ізденістердің сонау ХІХ ғасырдың орта тұсынан, қазақтың талантты жас ғалымы Шоқан Уәлиханов пен ағартушы ұстаз Ыбырай Алтынсарин қатарлылардан басталатындығын, сол ғылым көш бұйдасын үзбестен ХХ ғасырдың басындағы Ахмет Байтұрсынұлына, Халел Досмұхаметовке, Мұхтар Әуезовке, Әлкей Марғұланға, Мәлік Ғабдуллинге, Рахманқұл Бердібаевқа, т.б фольклорист ғалымдарға жетіп өркендеп, ұланғайыр ғылыми табыстарға қол жеткізгендігін ескермей тұра алмаймыз. Жоғарыдағы аттары аталған және аталмаған ғалымдар қазақ ауыз әдебиеті мұраларын жанрлық жағынан да, мазмұны тарапынан да асқан ұқыптылықпен арнаулы зерттеп жүйеледі, сүйтіп, осы бір қасиетті ғылымның кідіріссіз дамуына мықты негіз қалады.
Осындай киелі көштің ендігі алтын бұйдасын Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, көрнекті ғалым, Л.Н. Гумилов атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Сейіт Асқарұлы Қасқабасов қолына алды және оның баянды алға ілгерілеуіне түн ұйқысын төрт бөліп, аянбай еңбек етті. Оның осындай қажырлы да нәзік зерттеуінің арқасында қазақ фольклорының жалпы адамзаттық сипаты мен белгілері айқындала түсті. Бүгінгі таңда қазақ әдебиеті мен фольклоры бүкіл дүниежүзілік әдебиеттің құрамдас бөлігі ретінде танылуда.
Қалың оқырман қауымға түсінікті болу үшін, ғалымның бұл салада еткен еңбектері мен жетістіктерін төмендегідей жіктеп көрсетуді жөн көрдік.
Біріншіден, ғалым қазақ фольклорының құрамында ертегіден тыс, жеке бір топ құрайтын жанрлар бар екенін асқан зеректікпен аңғара білді. Халықтың ауызша шығарған мұндай шығармаларына «аңыздық проза» деген атау берді. Оны және іштей жіліктеп көрсетті, сүйтіп қазақ фольклорында миф, хикая, әпсана, хикаят, аңыз деген түрлер бар екенін анықтап берді. онымен ғана тынбай, олардың ортақ ерекшеліктері мен тек өздеріне ғана тән қасиеттерін нұсқап көрсетті.
Екіншіден, алуан түрлі сенімді материалдар негізінде қазақта миф пен мифология бар екендігін тұңғыш рет анықтап шықты. Миф – есте жоқ ескі замандағы фольклорға жататын, сол шақтағы мифтік сананың көрінісі екендігін дәлелдеді, қазақ мифтерінің өзіндік ерекшеліктерін ғылыми тұрғыдан тұжырымдады. Бұрынғы кездерде қазақ фольклорын зерттеп жүрген мамандар қазақта миф жоқ деп келген болса, С.Қасқабасов темірдей фактілер арқылы біздің де мифологиямыз бар екендігін дәлелдеді.
Үшіншіден, қазақтың өткен-кеткен ғалымдары қазақ ертегілерін қиял-ғажайып ертегілер, жануарлар туралы ертегілер және тұрмыс-салт ертегілері деп үш үлкен топқа жіктеген. С.Қасқабасов оған ғибраттық ертегілер және сықақ ертегілер деген екі үлкен топты қосып, қазақ ертегілерін жанрлық жақтан байытты. Ғалым бес түрден тұратын ертегілер тобын «ертегілік проза» деп атап, қара сөзбен ауызша айтылатын фольклорлық шығармаларға «Халық прозасы» деген атау берді, оларды жүйелеп, аңыздық проза мен ертегілік прозаның ортақ қасиеттері мен әрқайсының өзіне тән ерекшеліктерін анықтап берді.
Төртіншіден, бірінші болып қазақ ертегілерінің терең астарында жатқан өмір шындығына қадағалай көз жүгіртіп, олардың өзара қатынасын зерттеді. Ғалымның көзқарасы бойынша ертегілерде есте жоқ ескі замандардағы рулық қоғамның алуан түрлі салттары мен әдет-ғұрыптарының, діни наным-сенімдері мен ұғым-түсініктерінің сарқыншақтары жатады, олар бірте-бірте дамып көркемдік формаға ауысқаннан кейінгі жерде танымастай болып өзгерген, мұны автор нақты мысалдармен қызықты етіп дәлелдеп берді.
Бесіншіден, қазақ фольклортануында тұңғыш рет фольклордың тарихын үш үлкен дәуірге бөліп, «ежелгі замандағы рухани мәдениет», «орта ғасырлардағы фольклор», «жаңа дәуірдегі фольклор» деп жіктей көрсетті. әрі әр дәуірде фольклордың қай жанры пайда болды, қай жанры өшіп жоғалды, жаңадан пайда болған жанрлар қалайша дамыды, өркендеді, ал, ұмытылған жанрлардың қоғамдық себебі неде деген мәселелерді зерттеуге мұрындық болды. Қазақстан ғалымдарының сөзіне бақсақ, бұл С.Қасқабасов ашқан ұлы «жаңалық», «жалпы, бұл – қазақ фольклортану ғылымының ең биік жетістігі» (Мақпал Оразбек). Жаңалық дегеннен еске оралады, С.Қасқабасов қазақ фольклорын зерттеу үстінде халық прозасынан тыс «магиялық фольклор» деген тарауша қосып, онда алғыс, қарғыс, бата, анттарды жеке жанр ретінде қарастырды, олардың ерекшеліктерін анықтап, жанрлық сипатын ашып көрсетті.
Алтыншыдан, қазақ фольклортану саласында бірінші болып фольклор теориясының негізін қалады. Яғни, фольклор қисапсыз мазмұнды, көп қырлы рухани құндылыққа жататындығын, оның ежелгі мәдениетке жататын тарихи мұра, сөз өнері екендігін көрсетіп берді.
Жетіншіден, фольклор поэтикасын талдап, ондағы тұтастану заңдылығын дәлелдеді. Бұрынғы зерттеушілер мұны үш түрлі деп келген болса, С.Қасқабасов сюжеттік, ғұмырнамалық, шежірелік, тарихи және географиялық деп оның түп-тура бес түрін белгіледі.
Сегізіншіден, қазақ эпосында ежелден бар батырлық, ғашықтық, тарихи көне эпос түрлеріне тағы да екі түр қосты. Олардың бірі – балладалық жыр болса, енді бірі – дастан. Дастанды өз ішінен бөліп көрсетті, олардың ерекшеліктерін дәлелдеді. Ғалымның айтуынша, дастан әдебиеттік емес, фольклорлық жанр.
Айта берсе ғұлама ғалымның қазақ фольклортану ғылымына қосқан жаңалығы мұнымен де шектелмейді, ол және де фольклор мен әдебиеттің, фольклор мен музыканың, фольклор мен театрдың, фольклор мен кино өнерінің, фольклор мен бейнелеу өнерінің өзара рухани қатынасы жәйлі зерттеулер жүргізді, сүйтіп фольклордың қазіргі рухани мәдениетіміздің қайнар көзі, сарқылмас бұлағы екендігін дәлелдеді. Ғалымның бұлардан басқа әдебиеттану, өнертану, қостілді аударма саласындағы еңбектері өз алдына бір төбе.
Атам қазақ «кестенің бізі, жақсының сөзі ортақ» дейді. Егер осы сөзді ақиқат деп қабылдасақ, С.Қасқабасовтың жоғарыдағы біз атап көрсеткен ғылыми еңбектері иісі қазақ атаулыға, тек қазақ қана емес-ау, түркі тілдес халықтарға, ортақ ғылыми жетістіктер десек, асыра айтқандық болмас еді.
Таяу жылдардан бері, Қытай мен Қазақстанның достық қарым-қатынасы барған сайын даму үстінде, әсіресе, Төраға Си Цзиньпинның ортаға қойған ұлы Жібек жолы экономикалық белдеуі құрылысының күн сайын өркен жаюына байланысты, екі елдің тек экономикалық жақта ғана емес, ғылым-техника, оқу-ағарту, гуманитарлық ғылым, жалпы мәдениет жағындағы қатынасы да күшейе түсті. Осындай тамаша жағдайға сәйкес Қазақстандағы жоғары оқу орындары мен университетіміздің арасындағы рухани байлықты ортақ пайдалану, әр кәсіптің мамандары бірлікте зерттеу жүргізу, өзара мамандар мен шәкірттер алмастыру, т.б. алуан түрлі қарым-қатынас та қоюлай түсті. Осындай игілікті жұмыстардың алғашқы жемісі ретінде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Ғылым академиясының академигі, фольклортанушы ғалым, білімі шалқар тәжірибелі ұстаз Сейіт Қасқабасовтың «Жаназық» атты еңбегін сіздерге ұсынып отырмыз. Қазақ фольклористикасының өте мәнді әрі өзекті мәселелері жайлы сыр толғайтын бұл монографиялық еңбек біздің бұдан былайғы жерде қазақ халық ауыз әдебиетін, тіпті оның жалпы өнерін зерттеуімізге өз көмегін тигізетініне сеніміміз кәміл.
Мұхтар Әбілқақұлы,
Пекин Орталық ұлттар университеті,Қазақ тіл-әдебиеті факультетінің профессоры.
ҚХР.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.