Даналықтың тері сіңген тері тон…
Абзал БӨКЕН
ЖҮГЕН
Жамбасқа шідерісін баса құлар
Жан болдым жылқыңызға аса құмар.
Басында өрме жүген.
Түйін сайын
төгілген тоғыз таспа шашағы бар.
Қарттардың қайыс тіліп, малдас құрған
Қимылын көрген едім алғаш қырдан;
Соғылған ақ болаттан ауыздықты
Ақ қайыс тізгінімен жалғастырған.
Шашағы өз алдына төгілгені,
Сағадан басқа жерде жоқ ілгегі.
Кетпеске сусып сол бір сағалдырық,
Таққаны торы түсті тобылғы еді.
Ат емес, атом мінген келдім елге,
Не қалды елжірейтін енді менде?!
Уыстап ақ құйрықты асаған соң,
Саусақты сүртуші едік сол жүгенге.
Басынан керегенің орын алған
Тағы да көрер ме едім соны жалған.
Шал да жоқ күзек пенен қыстауыңды
«Қайт-қайттап» шыға келер қорып алдан.
Маңайдан – жеткізбейтін түбі елсіздік
Салтты іздеп, сананы іздеп түгел сүздік.
Ат та жоқ, жүген де жоқ…
Алдымда тұр
әкелген асау ғасыр жүгенсіздік.
«ТЕРІ»
Соғымыңның терісіндей қыстағы
Бұл даланың көбейіп тұр дұшпаны.
Күтім еді мойыны мен сауыры,
Бүтін еді бауыры мен пұшпағы.
Тоқтық келіп, көзді буса көбең хал,
Талапайға салмақсың ба төбеңді әр.
Қазағыңнан қалған бір сөз:
«Теріні
жайып қойсаң ит қамайды, – деген бар.
Жайып қойдық.
Жайына қап құтты еңбек
Жауһарымды жайпап кетті жұт теңдеп.
Жерім – тері.
Енді соны «қамайтын»
иттің саны иесі жоқ иттен көп.
Қайда әлгі жаушы жетсе,
Жақтасы
секілденіп қолындағы шақшасы:
«Қатынымды ал,
Жатынымды ал,
Атымды ал…
Жерімді алма», – дейтін Ғұнның патшасы?
Бабамыздың терден кеппей тақымы
баққан жерін базарламақ ата ұлы.
Жерді қайтсін,
Қымбат оған алтыны,
Елді қайтсін,
Қымбат оған қатыны.
Қыран емес,
Секілденген күшіген
Қорқам мынау заманыңның түсінен;
Ақ найзаның ұшыменен келген жер
кете ме, – деп ақ қаламның ұшымен.
ЖЫНДЫ
Шүйкесі жоқ, шырқ айналған ұршық құр
секілденіп демігеді күнсіп қыр.
Былайғы жұрт ұлылықтан жұрдай боп,
Жындыхана ішінде ол сыңсып тұр.
Болатындай бұрынғының атағы ем,
Бірі Гитлер, бірі оның Напалеон.
Мәз боп қалды
байлаудағы байғұсқа
Сенің сойың Бонапарт, – деп атап ем.
Өз қиялы өздеріне өте ұнап,
Жырақпенен тілдеседі жеті қат.
Бірі оның біліп айтар Платон,
Бірі оның тіліп айтар Сократ.
Желік емген, жетпей қалса жел емген,
Жетіп жатыр жер бетінде өлермен.
Жындыларды мінеймін-ау,
Мұндайды
саулардың да арасынан көрем мен.
Көнді екен деп көнтерілі сөз епке,
Қанағатты теуіп болмас өзекке.
Ұлылықпен тымауратқан тым ерте
Тық-тық етіп жөтеледі бозөкпе.
Енді бірі – борпастақ ой, босаң түп,
Кеткен дейді көк аспанға қос артып.
Басы азат демесеңіз,
Бұлардың
Байлаудағы «Бонапарттан» несі артық?!
Ал, дарындар өзін-өзі өте өңдеп
өзеуреуді – деп санаған бөтенге оқ.
Мен ұлымын, – десе біреу селк етем,
Жынханада жүргем жоқ па екем, – деп.
ҚАН
Баяғыда, баяғыда…
Масқара,
Алматыда «Жалын» деген баспада;
Жұмекеннің қолжазбасын көрдім мен
Басу үшін дайындаған тасқа ана.
«Қыран қия» қағазбенен бір бума,
Қия шыңнан сәл қалыпты ырғуға.
Күзеп,
Түзеп,
Жамап,
Жалмап бір жебір,
Талаңдар, – деп тапсырыпты кіл қуға.
Мысық бопты жолбарыстай мықты жыр,
Мықты жырды мытушыңыз тіпті зіл.
Ұлық өлең түскен қағаз –
Ұқыпсыз
оқушының дәптеріндей қып-қызыл.
Қаны қатып қадымдағы қалпына,
Кеңес құрып, салды және талқыға.
Астын қазып әр сөзінің,
Тірелді
«Шаш» деген бір шағын сөздің нарқына.
Қан қайнады, жан жайрады.
Құп екен
дейтіндерге,– мін еместі мін етем.
Шаш деген ол мынау ғой, – деп,
Шыдамай
бір түп шашын жұлып алды Жұмекен.
Шиебөрідей табыстырған шалғай үн,
Талап жесе, тартынбауға жан дайын.
Қасбетінен қарғып шыққан қызыл қан
Қаққа бөлді қасіретті маңдайын.
Кетті шайыр…
Асуынан арды іздер
«Қыран қия» – қанаттыға жалғыз жол.
Қара өлеңге қанын берді ол.
Қарғам-ай,
Нені беріп ақынсимыз, ал, біздер?
ЖҮЗ СОМ
Жүз сом емес,
Жүз жолдасың болсын, – деп
үгіт айтқан коммунистік сол «сүннет».
Әл жимадық әндемді боп әмиян,
Мал жимадық қорамызға толсын, – деп.
Бүгінгідей баю қайда ұрлап ап,
Сақилықпен күндер өткен сырғанап.
Айлығымыз – азық еді,
Ал, енді
Байлығымыз – киім еді бір қабат.
Бөлінбеген ұсақ пенен іріге
Сол бір заман естен кетпес тіріде.
Анау озды, мынау тозды, – дейтіндей
Бәсекенің болмайтұғын бірі де.
«Сабыр түбі – сары алтынды» санаға ап,
Салқам болды шеттерінен жаны абат.
Бауыр еді бір-біріне бейтаныс,
Қауым еді қаузағаны – қанағат.
Байлық емес,
Бағаланған кісілік,
Қайда қалды сол бір сәби түсінік?
Адал болдық, аңғал болдық.
Білмедік
аңғалды аттан кететінін түсіріп.
Нарық келді…
Мәз қымызға, мәз аққа,
Халқым қалды қаржы деген азапқа.
Жүз дос емес,
Жүз сомның да керегін
жүз жылда ұққан
Не дерсің бұл қазаққа?!
ТАБЫНУ
Табынудың болатынын түр-түрі
Танымаудың өзі кейде күлкілі.
Мен табынсам, тектілерге табынам,
Солар нағыз ұлыс даусы,
Ұлт үні.
Мен табынсам күйін шертпей біржардың,
Бүтін жұртқа басымды иіп, бүр жардым.
Даналықтың тері сіңген тері тон
Мың есе артық ішігінен мырзаңның.
Алқауына алғанымен ақ жалған,
Адам емен бабым келіп, бақ жанған.
Сыйлы еріме сүйенемін сондайда,
Билеріме…
Қара қылды қақ жарған.
Қарашадан биік тұрар күтімі
қараулармен халықтың жоқ бітімі.
Патшаға да табынуға бармын мен
Жұрты бай да,
Болса өзі жұпыны.
Арды ойлаймын,
Нәрді ойлаймын төл емген,
Нарды ойлаймын намыс десе өлермен.
Жақсыларға табынам деп,
Жақсы ісі
тапшыларға табына алмай келем мен.
ТОРҒАЙ МИ
Бала кезім,
Байсал табу сондай күш,
Қыр қыдырып қызықтауды қолдайды іш.
Қалбалақтап ұшты торғай кенеттен,
Қалбалақтап қуып бердім мен байғұс.
Іліп түсем деген үміт ырғып-ақ,
Ілекерге айналғаны бұлдырап.
«Жаралы» құс жалп-жалп етіп баратқан
Бір ұшады,
қара жерге бір құлап.
Ұту болып, тұту болып миымда,
Ұмтылдым-ау кем дегенде жиырма.
Қол созымнан ұзамаған «кемтар» құс
Алып кетті қайдағы бір қиырға.
Егесіне бағынбады еп қалай, –
деген оймен қуып жүрсем тоқтамай;
Ұясынан ұзатып ап…
Ұяттан
жұрдай торғай самғай ұшып кеткені-ай.
Назаланған енді мендей мүскінді
назарға алып, кім ұғады ішкі үнді?!
Ұям менің Жер еді ғой.
Сол Жерді
кеше қорғай алмадым ғой құс құрлы.
Шымбайыма батыра бір шымшыған
Шырғалаңнан жаным, кәне, тыншыған.
Содан бері торғай көрсем,
Басымда
Торғайдай ми бар деуге де қымсынам.