Реформатор режиссер
27.10.2017
1356
0

Константин Щербаков, РФ ең­бек сіңірген өнер қайраткері, белгілі теа­тр сыншысы, Ресей:
– Осы күнге дейінгі жұмыс тә­жірибемде сахнадан «Ревизордың» бірнеше нұсқасын көрдім. Және оның көпшілігі орыстың ескі дәс­түрі­мен қойылып жүрді. Сондықтан да, бұл спектакльге бірден еніп кете алған жоқпын. «Осылай қоюға бола ма екен? Бұл «Ревизор» емес пе?» деп іштей сенімсіздікпен қарадым. Алайда, спектакльді көре келе ол ойым түбегейлі өзгерді. Режиссердің, труппаның шеберлігі жетіп тұрса неге қоймасқа? Біз та­ма­шалаған Астана қаласы Жастар теа­трының «Ревизоры» осыған дейінгі тәжіри­белердің әдемі түйіні бо­лыпты.
Шухратулла Ризаев, театр сын­шы­сы, Өзбекстан Республикасы:
– Жастар театрының ешкімге ұқ­самайтын өзіндік қолтаңбасы ер­ек­ше ұнады. Актерлердің сахна­дағы шаршамай, талмай еңбектенген қажырына тәнті боласың. Көз­де­рінде от бар. «Ревизорды» көріп оты­рып: «Бүгінгі театр осындай бол­уы керек!» деген ойдың құшағында қаласың және сөзсіз қуанасың. Жақсы ойын көрсеткендеріңізге, шыңдалған кәсіби шеберліктеріңіз ­бен әдемі әсер сыйлағандарыңыз үш­ін алғыс айтамын. Қойы­лым­ды жаңаша оқу, жаңаша көру бар. Және барлығы ұтымды жасал­ған. Труппа түгелдей қатыстырылып, ансамбль болып жұмыс істейтін театр өнері шынымен таңдай қақ­тыр­ды. Жас та болса бұл театрдың бола­шағы зор болады деген үлкен сенімім бар.
Абдуғаффор Абдужабборов, теа­тр сыншысы, Тәжікстан Рес­пу­бли­касы:
– Спектакль әрбір деталіне де­й­ін шебер ойластырып, сауатты қойыл­ған. Режиссер қойылымның міндетін жақсы түсінген. Ол бірден байқалады. Қимыл мен әрекет ұтымды ұштастырылған. Музыкасы да шебер үйлескен. Жастардың плас­тикалық мүмкіндігі ризашылық сезімге бөледі. Ұжымды сәтті қойы­лы­мымен құттықтаймын. Жеке ба­сым, сахнадан ешқандай артық тұсы жоқ біртұтас дүние көрдім.


Нұрқанат ЖАҚЫПБАЙ
1947 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданында дүниеге келген.
1970 жылы Құрманғазы атындағы Алматы өнер институтын бітірді.
1969 жылы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық Балалар мен жасөспірімдер театрына қабылданды.
1983 жылы Т.Жүргенов атындағы театр және кино институтының режиссура бөлімін бітірді.
1983 жылы Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық Балалар мен жасөспірімдер театрында режиссер, Бас режиссер қызметін атқарды.
1984 жылы Т.Жүргенов атындағы театр және кино институтында ұстаздық жолын бастады.
2007 жылы Астанадағы Жастар театрының негізін қалады. Қазір осы театрдың Көркемдік жетекшісі және Бас режиссері.
80-ге тарта образды сомдап, 40-тан аса спектакль қойған. Көптеген халықаралық театр фестивальдерінің жүлдегері.
Қазақ­станның Еңбек сіңірген қайраткері, Қырғызстан театр қайраткерлері одағы Театр өнері академиясының академигі.


Сәния Қабдиева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр сыншысы:
– Бұл театр – жас болса да жаңа­лы­ғымен, жаңашылдығымен қуан­тып жүрген еліміздің маңдайалды теа­трларының бірі. Репертуары да, спектакльдері де сан алуан, бір-бі­рі­не ұқсамайды. Қойылымдарының көпшілігі актер ойынының мүмкін­дігін барынша көрсетуді мақсат тұ­та­ды. Мен – бұл театрдың апыл-та­пыл басқан қадамынан бүгінгі кө­терілген биігіне дейінгі жолының куәгерімін. Спектакльде ойнаған балалардың барлығы көз алдымда есейді десем де болады. Бүгін театр труппасының кәсіби тұрғыда өске­нін, ойындары­ның шеберлік дең­гей­ге көтерілгенін көріп қуанып отыр­мын. Осыдан біраз жыл бұрын ар­аларында тек Хлестаков – Дәу­реннің ойыны ғана ерекшеленсе, қазір ойнап жүрген барлық кейіпкер өз рөлін тауыпты, жақсы ашылып­ты.
Алексей Бартошевич, театр сын­шысы, шекспиртанушы ғалым, Мәскеу:
– «Асауға тұсауды» автор жастық шағында жазған, сондықтан да пье­са­ның өн бойы жастық жалынға тұнып тұр. Осы ерекшелікті режиссер Нұрқанат Жақыпбай театрдың жас ерекшелігіне, аудиториясына сай өте ұтқыр да дөп таңдаған. Жастар­дың ішкі энергия, жалынды жасам­паз­дығы, сахнадағы көз ілестірмес шапшаң қимылы шын мәнінде сүй­сінтеді. Әсіресе, Петручиоға (Әділ Ахметов) тәнті болдым. Актер тек бой сұңғақтығы, сыртқы келбет көркемдігімен ғана емес, ішкі ак­терлік шеберлігімен де, дауыс мә­нерімен де көңілге берік орнығып, кө­рермен қойылым соңында Пе­т­ручио­сымен қимай қоштасады. Менің де көңілімде сондай бір қимас­тық сезім қалды.
Надежда Стоева, театртанушы, Санкт-Петербург:
– Мені қойылымның карнавал­дық жарқын бояуы, актерлердің басқа әлемді ұмытып, өз рөліне жан-тәнімен берілуі, сахнадағы небір цирктік қимылдармен эстетикалық көркем көрініс түзуі, жарқын му­зыка, көңілді тентектікпен ас­тас­қан комедиялық шуақты атмосфера бірден баурап алып, назарымды басқаға бұрғызбай, бір жарым сағат бойы қойылым өзіне байлап тастады. Спектакльде театрға тән сан қилы өнер түрінің бәрі сәтті қабысып, уақыттың қалай өткенін аңғармай қаласыз. Әртістердің шебер қимы­лын сырттай бақылап отырып, таң­қа­ласың, қуанасың. Тіпті, кейде қор­қыныштан жүрегің жарыла жаздайды. Байғұс Катарина (Айнұр Рахипова), осыншалық қинауға төзгеніңіз үшін сізге ерекше құрмет біл­діремін. Жалпы, труппаға рахмет!
Әшірбек СЫҒАЙ, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, театр сыншысы:
– Ол жақсы актер болды. Кеу­десін жара көрермен көкейіне жол тартқан құлаққа жағымды күмбірле­ген қоңыр үн театр сүйер қауымды елең еткізген-тін. Сұңғақ бойлы, кескін-келбетті, балбырап бабында жүрген бұла бозбала жігіт мәдени ортаның сәнін кіргізгендей. Үріп ауызға салғандай, көздің жауын аларлық талай бір махаббат кейіп­керлерін сәтімен кейіптеп, басты-бас­ты рольдердің бағын ашты. Актердің сахнадағы қимыл-қоз­ғалы­сынан, құлақ құрышыңды қандырар сүйкімді даусынан, серік­тестерімен ара-қатынасынан, жүз-келбетіндегі жарқын ажарынан тіпті, жанарындағы өткір ұшқын­да­рынан үнемі шынайылық­тың жа­ғым­ды лебі есіп тұратындай. Жалпы, актер ретінде Н.Жақыпбайды аса құрмет тұтамын.
Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы-драматург:
– «Шырақ жанған түн» қойылы­мында Нұрқанат ақ қанатты періш­тенің ролін ойнады. Осы роль оған тегін берілмеді деп ойлаймын. Ро­мантик кейіпкері секілді Нұр­қанат­тың табиғатында да періштедей тазалық бар…


Нұрқанат Жақыпбаймен блиц-сұхбат:

– Өнердегі ұстанымыңыз?
– Режиссер қолға алған дүниенің «өмірбаянын» қоюға міндетті емес. Суретте де, скульптурада да, музыкада да бір-ақ сәтін ұстап қалу керек. Спектакльде де дәл солай. Өнер таңғалудан тұрады, өйткені адам көзіне көрінген нәрсеге емес, көңіліне әсер еткен дүниеге таң қалады. Мәселен, сурет галереясына кіріп келгенде, ішіндегі бір туындыға айрықша назарыңыз ауды делік. Суреттің барлығы емес, тек біреуі ғана. Демек, оған суретшінің жан дүниесі, сезімі сіңген. Сол шығармашылықтың қуаты көрушіге міндетті түрде сезіледі. …Үнсіз қалып, жүрек лүп-лүп соқпаса, бұл – өнер емес. Қуанып, таңданбасаң, ол – театр емес. Біз көркемөнерпаздар емес, кәсіби мамандармыз. Кәсібіміз – елді таңғалдыру!
– Арманыңыз қандай?
– Жастар театрының үлкен биіктерге, шырқау деңгейге жеткені. Өйткені, өзім іргетасын қалаған театрдың жеткен жетістігінен асқан зор бақыт жоқ.
– Сіздің ұғымыңыздағы бақыт:
– Тірі жүру, қуану. Одан артық бақыт болмайды. Тірлік – бақыт! Қалғанының бәрі келеді, кетеді…


Дайындаған
Назерке ЖҰМАБАЙ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір