Тауы – ұлы, өзі – ірі еді
..1988 жылдың жайма-шуақ жайнаған жазы. Жадыраған жаз мезгілі болғанымен, біздің көңіліміз алаңкөбең. Өйткені, біз кең байтақ қазақ даласының әр қиырынан асқақ Алатаудың бөктеріндегі ару қала – Алматыға арман қуып келген абитуренттерміз, яғни, біз дегенің «Балмұздақ – 88»! Журналист болуды армандап, қазіргі Әбу Насыр әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетіне құжат тапсырған қыз-жігіттердің арасында Жезқазғанның өрені, Ұлытаудың түлегі Дүйсеков Мақсұт Төлешұлы да бар еді. Маған Мақсұтты алғаш көргенде «Шашы бұйра, көз-жанарының аясы кең мына жігіт Валерий Леонтевке қатты ұқсайды екен» деген ой келді. Иә, сол кездері совет эстрадасының жұлдызы, әнші Валерий Леонтьевтің айдарынан жел есіп, оның танымалдығы дүниежүзінің алтыдан бір бөлігін алып жатқан мемлекеттің аумағында нағыз шарықтау шегіне жеткен еді.
Қайыр-хош, сол жылы біразымыздың жолымыз болып, студент атандық. Әуелі оқуға әскерге барып келгеннен кейін түскен 4-5 жігіт бірге жүретінбіз. Осы ат төбеліндей аз ғана топтың ішінде Мақсұт та бар-ды. Кейін біздің төңірегімізге курстастар түгел топтасып, біз курстың көшбасшыларына айналдық.
Мақсұт атжақтылау келген орта бойлы, қою қара қасты, қой көзді, қыр мұрынды, жұқалтаң ерінді, бір сөзбен айтқанда дене бітімі мен кескін-келбеті келісті көрікті жігіт болатын. Оның шашының бұйралығы шаштараздың еңбегі екендігін бірер айдан кейін бір-ақ білдік. Шынында ол кездері шашын химиялық жолмен бұйралату жастардың арасында керім сән болды. Бұл жағынан әсіресе, қыздар алдына жан салмайтын. Бірақ ішінара кейбір жігіттер де шашына бұйра салғызатын еді. Солардың бірі біздің Мақсұт-Мақай болып шықты. Бізбен бірге бес жыл бойы тағы бір бұйра шаш, яғни, қозы бұйра «қошақанбас» оқыды. Ол бүгіндері байтақ ел білетін танымал журналистке айналған семейлік досымыз Серікқали Мұқашев. Кейін Мақсұт Серік курстасымызға, «Секе, сенің шашыңның бұйралығы табиғи, Тәңірдің сыйы, Құдайдың бергені, ал менің шашымның бұйралығы үкіметтікі», деп әзілдеген көрінеді.
Әлқисса, тамыз айында Қостанай облысына барып, екі мәрте Совет Одағының Батыры, 1941-45 жылдардағы сұрапыл соғыста ерен ерлік көрсеткен әскери ұшқыш, Қостанай облысының тумасыИван Фомич Павлов атындағы шаруашылыққа картоп жинасып келгеннен кейін жастық шақтың мәңгілік жасыл жайлауы КазГУ градтағы журфактың әйгілі №5 жатақханасынан студенттерге бөлме бөлу басталды. Осы шара барысында ғайыптан тайып, Мақсұтқа Африка құрлығының орталығындағы Конго мемлекетінен келген біз сияқты бірінші курстың студенті қазанның түп күйесіндей зәңгі (негр) жігіт Мануэль Себастиян екеуіне екі кісілік бір бөлме тиді. Ғайыптан тайып дейтін себебім, ол кездері қазақстандық студенттердің шетелдік құрбы-құрдастарымен бір бөлмеге қоныстануы мүлдем болмаған жағдай екен. Оның үстіне бөлмеге ордер беріп тұрып, жатақхана коменданты, – Мақсұт, Себастиян екеуіңе бөлінген бөлменің әзірше ашқышы (кілті) біреу. Қасыңдағы студент шетелдің азаматы, бөлменің кілті негізінен сол жігітте болсын, сен керек кезде сұрап алып, амалдай тұр. Он күннің ішінде есіктеріңе жаңа құлып салып беремін, – депті. Мақсұт екі сөзге келмей келіскен көрінеді. Келіскені бар болсын, үнемі ең кемі бес-алтаудан топтасып жүретін зәңгі жігіттер әуелгіде Мақсұттың көзіне бәрі бірі-бірінен айнымайтын бір кісідей болып көрініп, керек кезде кімнен кілт сұрарын білмей дал болыпты. Бірақ екі-үш күнде оның да амалы табылыпты. Бақса, зәңгі жігіттердің ішінде қоңыр шалбар тек Себастиянда ғана бар екен.
– Сондықтан кілт сұрайтын болсам, бір топ болып келе жатқан негр жігіттердің әуелі бұтына қарайтын болдым, – деп кеңк-кеңк күлетін…(Мінезі ақжарқын сол Мануэль Себастиянмен бірінші курстың бел ортасы ауа біз де жолдас-жора болып кеттік.)
Қайта оралмас жастық шақтың шырқау шыңы – студенттік дәуренді Төлештің Мақсұтымен бірге өткізген замандастарының бірі ретінде мен бүгіндері өмірден ерте кеткен досымды сарқылмас сағынышпен жиі еске аламын. Мақсұт бауырымыз мінезі ашық, жайдары, қолынан келер көмегін ешкімнен іркіп қалмайтын әрі өнерлі жігіт еді, жарықтық. Қасы-көзі қиылған қыздай көрікті, оған қоса, өлеңді де нақышына келтіріп оқитын әрі сыңғырлаған гитараға қосылып, мөлдір махаббат хақындағы лирикалық әндерді сызылтып салатын менің Мақсұт досым шын мәнінде студенттік ортаның нұры, жігіттің гүлі еді шіркін! «Ел мақтаған жігітті, қыз жақтаған» дегендей, өзі өнерлі, өзі әдемі жігіт Мақсұт сері бойжеткендердің назарына бірден ілігетін-ді. Ол әнді жүректен жүрекке жеткізіп, шынайы шырқайтын. Мәселен, бүгіндері белгілі ақын, танымал журналист Нұрлан Қалқаның туған ауылында өткен үйлену тойында біздің Мақсұт досымыз өзі электр гитарада ойнап, небір әсем әндерді төгілтіп, тойға жиналған дүйім жұртты тәнті қылғаны бар.
Мақсұт марқұмның мені сүйсіндірген тағы бір қыры, ол шаруаға епті еді. Жатақханадағы қиюы кетіп, қисая бастаған шкаф-шифонер, сыр беріп, сықырлай бастаған орындық, аяғы сынған стол Мақайдың қолы тисе болды, қайтадан кәдеге жарап, жайнап шыға келетін. Айтпақшы, Мақай екеуміз екінші, үшінші және төртінші курста бір бөлмеде тұрдық. Ол тамақты жақсы пісіретін, әсіресе, Мақайдың палауы керім дәмді шығатын.
…1990 жылдан бастап, елдің қалыпты өмірінің құты қашып, берекесі кете бастады. Не болса, сол көзден бұлбұл ұшып, қасқалдақтың қанындай қат дүниеге айналды. Көп ұзамай Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялағанымен, қоғамдық формацияға қоса, меншіктік қатынастар күрт өзгеріп, елдегі әлеуметтік-экономикалық дағдарыс тереңдей түсті. Қаржы тапшылығы қатты сезіліп, дала-қала, үлкен-кіші, кәрі-жас тегіс қиналумен болды. Жас мемлекетті жаппай жайлаған күйзеліс Мақсұт досымның да қабырғасына қатты батты. Әкеден ерте қалған Мәкеңнің сол жылдары елдегі анасының, әпке-жезде, аға-жеңгелерінің, әсіресе, соңынан ерген қос қарындасының қамын ойлап, қамығуы жиіледі. Көп ұзамай ол құр уайымнан нақты іске көшті. Мәкең оқудан қол үзбестен әуелі «Өркен», кейін «Алматы ақшамы» газеттеріне қызметке тұрып, анасы мен қарындастарына қаржылай көмектесуге кірісті. Бірде Алматыға, студент ағасына қыдырып келген кенже қарындасы Гүлайымға көздің жауын алардай киім-кешек алып беріп, бауырын қатты қуантқаны бар. «Адам көркі – шүберек» дегендей, алған киімдері тал бойына жараса кеткен қарындасының қуаныштан гүл-гүл жайнағанын көріп, досымның да жүзі бал-бұл жанды…
1991 жылдың жазында, өзіміз үшінші курсты бітірген жылы мен Ермахан Әбдіраманов, Бақытжан Әлімқұлов, Нұрлан Қалқаев және Мақсұт Дүйсеков сынды студенттік дәуреннің қызығы мен шыжығын бірге көріп жүрген достарымды туған жеріме, Орал облысының Ақжайық ауданындағы Шағатай ауылдық кеңесіне қарасты Қызылжар ауылына ертіп бардым. Әуелі пойызбен екі тәулік жарым жүріп Оралға, сосын облыс орталығынан екі сағаттың үстінде автобуспен жүріп, ауылға да жеттік-ау. Ауыл-аймақтың дархан пейілі, қазақы қонақжайлығы бізге дағдарыс атаулыны мүлдем ұмыттырып жіберді. Алдымен біздің үлкен үйде, кейін аға-жеңгем мен әпке-жездемнің һәм дос-жарандардың үйлерінде шақырулы қонақ, күтулі мейман болып, несін айтасыз, менің туған ауыл-аймағымда бір апта армансыз аунап-қунадық. Біздің ауыл айнала орман-тоғаймен көмкерілген, іргесінде бақасы қойдай шулаған, балығы тайдай тулаған Жезбұға атты көл бар, екі-үш шақырымдай жерде бұйралаңдап ерке сылқым Ақ Жайық өзені ағып жатқан табиғаты керемет көрікті жер. Қонақтықтан қол боста өзен-көлге шомылып, су жағалай бүлдірген теріп, балық аулап, табиғат аясында балық сорпасын ішіп, жігіттер бір жасап қалды…
Сол жолы біздің ауылға барған төрт досымның үшеуі бүгіндері бір-бір отбасының отағасы, алды немере сүйіп отыр. Олар әрқайсысының бірнеше кітабы шыққан танымал қаламгерлер. Алайда өмір бойы өзекті өртер өкініш Мақсұт бауырымыз жоқ арамызда…
КазГУ-дің журфагына оқуға түскенше Ұлытау аудандық «Ұлытау өңірі» газеті мен Жезқазған облыстық радиосында қызмет істеп, журналистика туралы таным-түсінігін кеңейткен Төлештің Мақсұты университеттің білім бағдарламасын бес жыл бойы қиналмай меңгерді. Ол өзінің журналистік қарым-қабілетін күндізгі бөлімде оқи жүріп, қызмет істеген «Өркен», «Алматы ақшамы» газеттерінде-ақ көрсетті. Студент кезінде жазған публицистикалық сарындағы мақала-материалдары үшін ел газеті – «Егемен Қазақстанның» тұңғыш студент-стипендиаты атанды. Газет-журналды безендірудің техника-технологиясын шебер меңгерген ол біраз уақыт жасөспірімдердің республикалық «Ақ желкен» журналында жауапты хатшы қызметін абыроймен алып жүрді. Кейін туған өлкесіне оралып, Жезқазған облыстық телевидениесінде редактор қызметін де мінсіз атқарды. Әттең, егер жер басып жүрсе, менің Мақсұт досым күні бүгінге дейін біраз белесті артқа тастап, біраз биікті бағындырған болар еді. Жаратқанның жазғанына, тағдырдың салғанына не шара?.. Ол өзінің туып-өскен өңірінде 1995 жылдың тоғызыншы маусымында суға шомылып жүріп, сүңгіп кеткеннен қайтып шықпаған. Негізі Мақай жақсы жүзуші еді…
…Сені Жер-ана мәңгілікке құшағына алып, жарқын жүзіңді топырақ жасырғалы біраз жыл өтті. Жердің шалғайлығы мен жұмысбастылықты желеу етіп, зиратыңа барып, арнайы зиярат етуді құнттай алмай жүрмін. Сөйте тұра мұны таяу жылдардың еншісіндегі сауапты іс деп санаймын. Иманың жолдас, жатқан жерің жарық болсын, жарқыным!
Жігіттің гүлі едің, сен…
Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,
Батыс Қазақстан облыстық
«Орал өңірі» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Орал қаласы.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.