Толқыны көкке ұмтылды көліміздің…
19.08.2015
928
0

Жанат Жаубасов

Ұрпағы Райымбек, Қарасайдың,
Даласы бұл мекеннің тамаша айдын.
Арманы орындалды бабалардың,
Сезіліп Елордадан жаңаша айбын.

Желбіреп көк байрағы еліміздің,
Толқыны көкке ұмтылды көліміздің.
Тыныштық тербетеді бесіктерді,
Жемісі шекер татып жеріміздің.

Алтынды айырған ғой, жезден қазақ,
Боларын жақсы күннің сезген қазақ.
Басынан өтпегені қалмаса да,
Шыдаған, қиындыққа төзген қазақ.

Ұлықтап Нұрсұлтандай ұлын бүгін,
«Нұрлы жол» ашты тағы шымылдығын.
Көрсеткен көрегендік патшамызды,
Жолымен хан көтердік бұрынғының.

Жетейік өзіңізбен табысқа кіл,
Намысын қазағыңның барысқа бұр.
Жасай бер, бағындырып жеңістерді,
Әлемнің додасында жарысқан ұл!

Байлықтың  анасы – жер, атасы – еңбек

Шын жеміс шаруаныкі еңбек еткен,
Шаршамай, жан аямай терін төккен.
Аздырмай адамзатты төкті бәрін,
Апыр-ау мейірімді еді жерім неткен.

Әркімнің туған жері Мысыр, Шаһар,
Сол жерден ақын, ғалым шықты қатар.
Қыстан соң жаз келерін ұмытпайық,
Ертіп ап молшылығын таңың да атар.

Байлықтың анасы – жер, атасы – еңбек,
Бірігіп еңбек еткен түбі жеңбек.
Ауылға бет бұрылды сол қуаныш,
Жастарға айтар едім, сонда кел деп.

Кездестім ауылдағы досыма бір,
Жүр, – деді ол, тентек қара қасыма кір.
Көрсетті қолы жеткен бар табысын,
Жаңа үйге, менің салған қосыма кір.

Өзгерген, ой айтады ол салмақты,
Бұйра шаш көп бұйықпай мол қармапты.
Егін сап, мал асырап, елді жинап,
Еңбекпен жасап отыр қолдан бақты.

Қашанда ерінбеген дұрыс дедім,
Мол болсын табыстарың, кірістерің.
Жол осы дербес елді нығайтатын,
Жалғасын таба берсін ұлы істерің.

Қуанар игілікке осындаймын,
Құр қалар жақсылыққа қосылмай кім.
Мен де бір Жетісудың фермерімін,
Мырзалық жасағаннан шошынбаймын.

Қолұшын аяғам жоқ ағайыннан,
Өткеннің бәрі жақын маңайымнан.
Жасқа да, кәріге де дем беремін,
Тер көрсем тамшылаған самайынан.

Береке, бірлігіміз артқан сайын,
Періштем жамандықтан қаққан сайын.
Мың да бір шүкір деймін Жаратқанға,
Арайлап атқан әрбір ақ таң сайын.

Не бітер үйде жатып керілгеннен,
Түк шықпас, жалқаулықтан, ерінгеннен.
Кәсібім нәсіп болып жатса болды,
Нәсіпті жинай берем жерім берген.

Құдайым бере берер талпынғанға,
Ынталы құр емеспін қарқыннан да.
Ақылшым әрі есепшім Бибіғайшам,
Әр сөзі оның қымбат алтыннан да.

Көмекші бар ма маған бұдан асқан,
Сөзіне жақсылардың құлақ асқан.
Жаныңды ұғынады жақын жандай,
Жайыңды түсінеді сұрамастан.

Келіп ем Жетісуға арман қуып,
Белімді мен де өзімше алғам буып.
Сол арман биіктеді көкке қарай,
Жүрекке сезім салып, толғандырып.

Өз елім еркелетті, ардақтады,
Сынға да салды талай салмақтады.
Талпынып жүрсе деймін жас ұрпағым,
Нарықтың парқын біліп жан жақтағы.

Елім менің

Ғасырлар күткен атты ғой ғажап таң нұры,
Толастап көздің мөлдіреп аққан жаңбыры.
Құдайым берген ұстайық бақты мәпелеп,
Қадірін білсек болады бәрі, барлығы.

Жоңғармен кеше соғысты бабам жер үшін,
Аямай жанын арттағы бала, ел үшін.
Табанын жерге, арқасын елге тапсырған,
Батырлар тұрды қолында найза, ер мүсін.

Бөгенбай батыр Арқадан шықты жол бастап,
Райымбек батыр Жетісудан келді қол бастап.
Кеңесін құрып Ұлытауда билермен,
Соғысқа дайын сарбаздар тұрды ойқастап.

Саурық батыр Қабанбаймен бірігіп,
Қол жинады киіз үйлер тігіліп.
Кіші жүзден Тайлақ батыр аптығып,
Бес қаруын сайлап келді жүгіріп.

Аңырақай деп атады соғыс даласын,
Ақындар жыр қып мақтана әлі жазарсың.
Кең байтақ жерді ұшымен найза ұстаған,
Бабаларға берер ұрпағы енді бағасын.

Хандар мен билер жиылып Ордабасына,
Отырды елім, үш ағайын қосыла.
Айқасқа шықты қасиетті жері үшін,
Жоңғарды шауып, батырлар жүрді басында.

Ұрпаққа бүгін ерлік жоқ қалған дарымай,
Тарихқа терең үңілдік азбай, арымай.
Жалғаны жоқ қой, жазылған сол бір деректің,
«Шыршықтың» басын кесті ғой сонда Абылай.

Жасқанбай жаудан арпалысты кілең батыр,
Өзіне-өзі дұшпан да соны тілеп жатыр.
Басынан Қаратаудың көш бастаған,
Жүрегі жыр деп соққан бір ел жатыр.

Үш жүздің білек қосып батырлары,
Билері, жау жүректі ақындары.
Тазартып елімізден жауды жеңсе,
Жүректе «Елімайдай» жатыр әні.

Бірігіп Керей-Жәнібек «Отау тікті»,
Қазақтың мықтылығын жоңғар ұқты.
550 – тігілген сол отауым,
Дербес ел боп атанды, алға шықты.

Елімді құрметтеуде алыптар да,
Бөтен ел қызығады халықтар да.
Бірлікті, татулықты ту көтерген,
Қазақтай дүниеде халық бар ма?!

Өзіңменен ашық менің аспаным

Бибіғайша Шонанқызына

Өмір деген өтеді екен қас-қағым,
Көз алдымда сұлу шағың, жас шағың.
Қол ұстасып ғұмыр кештік екеуміз,
Жетейік деп жеткеніне басқаның.

Өзіңменен ашық еді аспаным,
Мастанбадың еш уақта таспадың.
Төрт баланың әкесімін мен бүгін,
Мені солай бағындырып тастадың.

Балаларым қарашығы көзімнің,
Ал сен болсаң тап өзісің төзімнің.
Әлпештедің бәрімізді мәпелеп,
Көрсеттің де мейріміңді өзіңнің.

Дос-жаран да сыйлар сені, бағалап,
Байсалдысың айтар ойды саралап.
Біз өзіңнен нәр аламыз әрдайым,
Жүрегіңнің гүлзар бағын аралап.

ПІКІР ҚОСУ