Лордтар палатасында
13.10.2017
1244
0

Ұлыбританияның астанасы Лондон қаласында 1-7 қазан аралығында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және Лондондағы «Айтматов академиясының» ұйымдастыруымен Қазақстан өнерінің III фестивалі өтті.

2011 жылы Лондон қаласында профес­сор, философия ғылымының докторы Ра­хи­ма Абдувалиева негізін қалаған «Айт­ма­тов академиясы» – әйгілі жазушының шығар­ма­ларын әлем тілдеріне аударумен және ұлы жазушы қалдырған мол мұраны дәріптеу­ме­н ай­налысады. Биылғы фестиваль белгілі қазақ жазушысы, драматург, ҚР Мемлекеттік сый­лығының иегері Дулат Иса­бековтің 75 жасқа толған мерейтойына орай ұйымдасты­ры­лып отыр. Фестивальға М.Әуезов атын­дағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры «Жаужүрек» драмасы­мен, Кәріс музы­калық комедия театры «Акт­риса» спек­таклімен қатысты. Ал «Аққу-Жібек» пье­сасын тұңғыш рет жергілікті труппа – «London Pajarito Theatre» театрының әртістері ағыл­шын тілінде сахналады. Жазушының шы­ғармасы Британ елінде осымен екінші рет саxналанып отыр. Шара барысында қалам­гер­дің ағылшын ті­лінде жарық көрген «Аққу-Жібек» пьеса­лары жинағы мен әңгі­мелер жинағының тұсауы кесілді. Фестиваль аясында қазақ жазушысы Дулат Исабеков Англия парламентінің жоғарғы Лордтар палатасында ағылшындық мемле­кет қай­раткерлері мен зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, сөз сөйледі. Қа­зақ жазушысының осы мінберден сөз сөйлеуі қазақ әдебиеті үшін мерейлі оқиға.
Фестивальға Ұлыбританияның саяси, іскер және академиялық ортаның арнайы өкілдері, Қазақстан-Британия қоғамының мүшелері, дипломатиялық қызмет бас­шы­лары, қазақ диаспорасының және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, Ұлыбри­та­нияда уақытша тұрып жатқан қазақстан­дық­тар келді.
Қазақстан Республикасының Ұлы­бри­та­ния­дағы елшісі Ерлан Ыдырысов осы фестиваль аясында журналистерге берген сұхбатында «Негізі елші мен емес, нағыз елші – өнер адамдары, музыкант, актер, спортшылар. Өйткені, мәдениетіміз арқылы, спорттық жетістіктеріміз арқылы бізді ел та­ниды, өнер арқылы елдің руxани жандү­ние­сін жеткізетін, жүрегін жет­кізетін де осы әдебиет, театр тұлғалары», – деді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір