Биағаңның ауылы еді…
Ақылбек Шаяхмет,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы
ҚМУ профессоры
Мен қазақ ауылында тудым, орыс арасында өстім. Ана тіліміздің, ата дәстүріміздің тартқан азабы, көрген қорлығы көз алдымда өтті.
Әдетте Қостанай елін орыстанып кеткен деген пікірлер жиі ұшырасады. Күні кешегі переселендердің қазақ даласына қоныстануы, тың игеру тұсында, Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында өзге ұлт өкілдерінің қазақ еліне көшірілуінің зардабын ең алғашқылардың бірі болып Қостанай жұрты көргені рас. Арқаның ақиық ақыны Нұржан Наушабайұлы кезінде:
«Жанына өлшеп балаған,
Бес қыпшаққа қараған
Үй, Тоғызақ, Әйет пен
Орман, ағаш, неше көл
Тобылменен арада
Жұртты жаман болдырды
Ит абалап қабаған.
Қара қазан, сар баланың
Еш адам жоқ бұл жұртта
Қамын ойлап жылаған
Ұйықтама, оян, Алашым!..», –
деп жырлаған болатын.
Ұлы ағартушы Ыбырайды берген, ұлы ғалым Шоқанды берген, ұлт ұстазы Ахметті көзі көрген, Міржақып пен Елдес (Омарұлы) түн түнегін түрген, олардың соңына ерген Бекет пен Спандиярдың бағасын білген, Тәтіқара жырау ту көтерген, Маңдай, Деріпсәлі, Жабағы, Бармақ сынды батырлар ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен туған жеріне қорған болған Қостанай өңірі батырлар мен ақындардың, ғалымдар мен шешендердің, көрнекті мемлекет қайраткерлерінің елі. Түп-тамырымызға үңілу, туған жерді көркейту бағытында атқарылып жатқан шаралар аз емес. Өткен жылы ғана Қостанай қаласында қазақтың қас батыры Қобыландыға еңселі ескерткіш орнатылып, облыс орталығындағы Герцен көшесі Қобыланды батыр даңғылы, бұрынғы Таран көшесі Тәуелсіздік көшесі болып өзгерді.
Биылғы жылы ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин мазары қайтадан қалпына келтірілді, атасы Балқожа би, әкесі Алтынсары жатқан қорымға бабаларының есімі жазылған Белгітас орнатылды. Қолмерген атанған Кейкі батырдың ғазиз басы жер қойнына тапсырылып, оны еске түсіретін көптеген әруақты істер атқарылды. Текті елдің ұрпақтары іле-шала тарихта өзіндік орны бар Шақшақ Жәнібек батырға ескерткіш орнатты. Қыркүйек айында қостанайлықтардың бастамасымен Шығыс Қазақстан облысының Көкпекті ауылында Бармақ батырдың бюсті орнатылып, оның құрметіне ас берілді.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді. Алашорданың 100 жылдығына және көрнекті мемлекет қайраткері Елдес Омарұлының туғанына 125 жыл толуына байланысты Елдес атамыздың шығармалар жинағы Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтың демеушілігімен жарық көрді.
Бұлардың бәрі кейінгі жылдары атқарылған игі шаралар. Алайда, «Біздің заманымыз – өткен заманның баласы, келер заманның атасы» деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, осы екі заманға дәнекер болатын бүгінгі күн біздің алдымызға ауыр да абыройлы міндет қойып отыр.
Өткен заманнан қалған қоқыс көп. Батпандап кірген аурудың мысқалдап шығатыны рас болса, кешегі отаршылдықтан басталып, бүгінгі күнге жалғасқан орыстану саясатын тоқтатып, жөнсіз өзгертілген жер-су аттарын қалпына келтіру де оңай шаруа емес.
Осыдан бес жыл бұрын көтерілген Қостанай қаласында Сарыарқаға мәлім үш би Наурызбай Қазыбайұлы, Тоқсан Жабайұлы, Шеген Мусин есімдерін көшелерге беру туралы ұсыныс аяқсыз қалды. «Билер институтының дамуы» деген мәжілстен кейін Арқаға аты жайылған үш бидің есімін Қостанай қаласының көшелеріне беру туралы ұсыныс бір ауыздан мақұлданған болатын. Сол жолы «көше атауларын өзгертуге мораторий жарияланды» деген сылтау айтылды да, кейін бұл тақырып қозғаусыз қалды. Алаш қайраткерлері Елдес Омарұлы, Біләл Асфандияров, қазақтың көрнекті тұлғалары Мұхамеджан Қаратаев, Ақсұлу Орысбайқызы, Серке Қожамқұлов, Хакімжан Наурызбаев, Өмірзақ Сұлтанғазин туралы да әңгіме көтерілген. Облыстың бұрынғы басшылары Сергей Кулагин, Нұралы Сәдуақасовтың ел басқарған уақытында бұл ұсыныстардың бірде-бірі қабылданған жоқ.
Ескерткіштер – ел тарихы. Қостанайда осы өңірде туып-өскен қазақтың біртуар тұлғаларынан Ахмет Байтұрсынұлы мен Бейімбет Майлинге ғана ескерткіш орнатылған. Ал орталықтағы қала тарихына еш қатысы жоқ қала Наполеон, Чарли Чаплин және Жанна д’Арктің мүсіндеріне ел аң-таң… Ал Шоқан Уәлихановтың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында, Қостанай қаласында оған ескерткіш орнату туралы сол тұстағы облыс әкімі Сергей Кулагиннің арнайы шешімі де аяқсыз қалған.
Қазақ даласында осы күні Затобол, Заречный, Притобольский, Приреченский секілді зорлап жапсырылған жер атаулары жетіп-артылады. Бұл сөздердің мағынасы Тобылдың жағасы, сырты, өзеннің жағасы немесе маңайы деген ұғымды білдіретіні аттарынан-ақ көрініп тұр. Алайда, келімсектердің өктемдігімен осылай деп аталған жерлердің тарихи атаулары ұмыт болып барады.
Қазіргі Қостанай ауданының орталығы болып есептелетін Затоболовка ертеде Құтты алап деп аталған. Бұл туралы Бейімбет Майлин «Жалбыр» повесінде жазған. «Тобыл өзенін төмен қуалай жүріп отырсаң, бір ауылдан кейін екінші ауыл кездесіп, Қостанай қаласына жеткенше екі болыс елдің басынан кіріп, аяғынан шыққандай боласың. Әсіресе, жерін айтсайшы. Ат шаптырым жерді алып жатқан кең алаптар – Тобыл өзені тасыған кезде теңіздей боп кетеді. Май ішінде тасыған су қайтып, июнь ішінде сол алаптар мың түрлі-түсті жоңышқамен безенеді, июль ішінде қыбырлаған адаммен толып, жарқылдаған орақты көресің. «Үй орнындай жерден бір кебен шөп беретін «Тобылдың құтты алабы» атанған жер осы. Алаптың шөбі байдың малына сұлыдан да жұғымды. Кедейдің малына мұның шөбі бұйырған емес: кедейдің байға қарызданбай жүрген күні бар ма, алаптан алған шөбі сол қарызын өтеуге кетеді…» (Б.Майлин. «Ел сыры». Алматы: «Жазушы»,1994 ж.)
«Жалбыр» повесі осындай жолдардан басталады. Одан әрі жазушы Тобылдың екінші жағы – қанаттасып жатқан қалың поселке тұрғындарына «Құтты алаптан» орын тигенін айта келіп «бірақ қазақ құсап шөбіне қызықпай, алқапқа олар огород егеді. «Орыс, шіркін, жердің қадірін біле ме?» – деп миығынан күлетін ақсақалдар да жоқ емес. Күз күні сондай ақсақалдардың: «Знаком, картоп бересің бе?» – деп орыс поселкесін қыдырып жүргенін көресің», – дейді. Боямасыз айтылған шындық осы. Құтты алап кірмеге қоңыс болғалы қазаққа оның қадірі кеткелі қашан?!
Жазушы Жайсаңбек Молдағалиев («Жомарт жүрек». Алматы: «Өнер», 1990 ж.): «Самодуровка Тобылдың шығыс бетіне орналасқан, уездік қаланың қалқаны секілді, ылғи аннан, мұннан қашқан, не адамның, не құдайдың есебінде жоқ жатақтар мекені болатын. Қыр елінен қалаға келушілер ол мекенді айналып өтіп, Тобыл өзенінің паромына басқа жақтан келіп мінетін. Өйткені, мұндағы жатақ бұзақылары көлдеңен көк аттыны өткізбей, не тонап жіберетін, не сабап жіберетін сол мінезіне лайық ресми Затоболовка аты өзгеріп, Самодуровка болып кеткен», – деген дерек келтіреді. Жазушы Ыбырай Алтынсаринға арналған «Алғашқы қоңырау» атты кітабында: «Кедей-кепшіктің, жетім-жесірдің қара сирақ жетімектерін тышқан аңдыған қара жапалақтай қағып алып, Тобылдың суына бір батырып алады да, православиеге кіргізе салады. Тіпті, осы Қыпшақ жұртында, Тобылдың Әбілсай аталатын иіріміне және бір форпостың қалана бастаған кезі еді. Өзеннің күншығыс бетіне көшкен бейбастақ әскерлердің мекенін кірмелер «Самодуровка», қазақтар «Дораққала» деп атай бастаған. Ашытпа араққа тойып алған әскерлер атты қазақ кездессе, анадайдан мылтық атып, тымағын түсіріп, сабап жібереді, әйел жолықса, абыройын төгеді», – деп жазды. Самодуровка дейтіні – самогон айдаған мұжықтар арағын ішіп, есіргеннен шыққан сөз болуы керек. Сондықтан қасиетті жер атауын қайтарып беруді талап ететін мезгіл жеткен тұста жеткен жерімізді салмақтап, асылдарымызды ардақтап жатсақ – бұл елдіктің белгісі.
Бейімбет Майлин «Шұғаның белгісінде»: «Ол кезде заман қандай, жер әдемі, мал көп, орыстың иісі де жоқ» – деп жазыпты. Емеурінмен айтылған сөздің мағынасына кезінде терең үңілмеппіз. Заманның азуы, жердің тозуы, малдың азаюы орыс келген соң басталғанын айтып тұрған жоқ па?!
Би-ағаң туған Таран ауданының атын өзгерту, оған жазушы есімін беру туралы ұсыныстар «Қазақ әдебиеті» газетінде бұдан бірер жыл бұрын жарық көріп, көпшіліктің қолдауына ие болды. Президент
Н.Назарбаевтың атына да хат жазылды. Жазушының алда келе жатқан мерейтойы қарсаңында осы ұсынысты жеріне жеткізу қажет-ақ.
Жазушының 100 жылдық мерейтойы қарсаңында туған ауылы Ақтөбеде елуге жуық тұрғын үй, мешіт салынды. Сол ауылдың енді жұрнағы ғана қалды. Ауылдың қаңырап қалуына себеп – сол кезде жоспарланған көпірдің салынбай қалуы. Өткен жылдардан қалған өкініш, көпірге қаржы жетпей қалған болса, Әйет өзенінің арғы жағасында орналасқан Ақтөбе ауылын қайтадан жаңғыртып та керегі жоқ еді. Оның есесіне Ақтөбе ауылын өзеннің бергі жағына, тас жолдың бойына салу керек еді. Өйткені, арғы жаға мен бергі жағаны бөліп жатқан, жазда тыныш ағатын, көктемде бұлқан-талқан болатын, тасып ағатын өзен жағасында Би-аға жас кезінде жүргенін ешкім де жоққа шығара алмайды. Ал жазушы туды деген мекен арғы жағаға, алақандай жерге ғана байланып қалған жоқ еді ғой. Ал Әйет атауы Аят деп әлі күнге бұрмаланып жазылып жүр. Аят Құранның аяты, ал Әйет – кісі есімі. Сондықтан оның орыс тіліндегі нұсқасында да Айет деп жазылуы керек қой. Бейбіт ақынның «Шұбардан көшуші едік шыға жайлап, Әйетте қонушы едік бие байлап», – деген жолдары бар. Нұрхан Ахметбековтың «Жасауыл қырғыны» дастаны «Сазды Әйет, Сарыарқада Түйемойнақ» деген жолдармен басталады. Жырдағы жер атаулары Әйет пен Түйемойнақ – қазіргі Таран және Денисов аудандары орталықтарының түп атауы.
Көрнекті қаламгер, қазақтың түңғыш журналисі М.Серәлиннің туған жері Қарабалық ауданындағы Өрнек ауылы да азып-тозып барады. Қостанай облысына қарасты Қарабалық ауданы орталығында М.Сер-
әлинге ескерткіш орнатылғаны, Өрнек ауылындағы мектеп оның есімімен аталатыны ғана көңілге медеу. М.Серәлин Троицк қаласындағы медреседе білім алады. Кейін Қостанайдағы екі кластық орыс-қазақ мектебінде оқиды. Әуелі татар көпесі
М.Яушевта сұрыптаушы (сорттаушы) болып жұмыс жасайды. 1911 жылдан бастап Троицкіде «Айқап» журналын шығарады. Орынборда «Ұшқын» газетінде қызмет істейді. Кейін Қостанайға оралып, Шұбар болыстық атқару комитетінің төрағасы болған тұлғаны білмейтін жан кемде-кем шығар. «Топжарған» және «Гүлқашима» сынды поэмалар жазған Серағаң журналист қана емес, ақындығымен де танылған. «Топжарған» поэмасында танабұға Наурызбай би туралы:
«Арқада Көкбурылдай жүйрік бар ма?
Өтіпті би Наурызбай деген нарда.
Көкбурыл ат Наурызбайдан ұрлап алып,
Кенеге тарту қылған үңгіт Қарға», –
деп суреттеген Наурызбай бидің Көкбурыл аты кейін Кенесары ханның інісі Наурызбай батырға бұйырған.
Наурызбай би Орта жүзге есімі мәлім болған, аузы дуалы билердің бірі, бірі ғана емес, бірегейі. Орыс шенеуніктері қалдырған тарихи құжатта отыз бір жасында 27-ші дистанцияның бастығы болып тағайындалған Наурызбайдың қыпшақ ішінде танабұға тайпасының Есенкелді тармағынан тарайтыны айтылып, оның екі ұлы және екі қызы болғаны көрсетілген. Осы құжатта: «Состояние: 500 лощадей, 300 баранов, 40 верблюдов, всего состояние примерно 9000 руб. серебром. Место кочевания: летнее по Аяту, зимнее – по Новой линии, против Михайловского укрепления.
Человек без всякого образования, не знающий ни читать, ни писать, но одаренный глубоким, тонким и гибким умом, необыкновенным поэтическим даром и замечательной остротой: сверх того, он отличается превосходным знанием киргизских обычаев. Как поэт, он до чрезвычайности раздражителен и вспыльчив. Казыбаева, по всей справедливости, нужно считать первым гениальным самобытным киргизским поэтом. Он и Балгоджа Джанбурчин ститаются первейшими биями по всей Восточной части Орды, но по всей справедливости первенство должно остаться за Казыбаевым. Казыбаев считается одним из умных лучших распорядительных дистаночных начальников. Вспыльчивость, умеряемая ныне летами, вовлекло его в разные неприятные случай, подвергшие его суду. По некоторым делам, он уже оправдался от суда, другие еще не кончены» («История Казахстана в русских источниках ХVІ –ХХ веков» (8 том, часть 1-ая. Алматы: «Дайк-Пресс», 2006 г. 149 стр.), – деген деректер келтірілген.
Журналдың тырнақалды санына басқарушы, бастырушы деп қолын қойған М.Серәлиннің: «Журналға «Айқап» деп есім бердік. Бұл сөзге түсінген де болар, түсінбеген де табылар. «Біздің қазақтың «Әй, қап!» демейтұғын қай ici бар?!. «Қап» дегізген қапияда өткен істеріміз көп болған соң журналымыз да өкінішімізге лайық
«Айқап» болды», – деген беташар сөзі «Оян, Қазақ!» деген ұранның бастамасы болғаны даусыз. Осы күндері Ресейдің Орынбор облысында шығатын газет «Айқап» деп аталады.
Жер шегесі – тау, ел шегесі – хан, хан шегесі – пір болса, казақ ғылымының алтын шегесі – Шоқан! Әулиекөлдегі Ханжатқан ұлт батыры Кенесарыдай асылдар жүрген, ұлы ғалым Шоқанның табаны тиген жер болса, қасиетті Күнтимес ұлы ғалымның кіндік қаны тамған, Зейнептей асыл ханым қазақ халқының болашақ ұлы перзентінің денесін шілде суымен жуған жері. Шоқанның атамекені Сырымбетте, топырақ бұйырған мекені Алтынемелде ғалымға көрсетілген құрмет Қостанайдан басталуы керек еді… Қостанайға келген қонақ болса, ең алдымен ұлы ғалым туған Сарыкөл ауданындағы Күнтимеске ат басын тіреп, Шоқан ізімен жүріп, оның өскен жері Құсмұрынға (Әулиекөл ауданындағы) барып, тарихымызды зерделеуі керек емес пе? Күнтиместегі Шыңғыс қыстауы мен мешіт, медресе түгелдей калпына келтіріліп, кұрылысқа қаржы бөлініп, ел мерейін асыратын игілікті шаралар жүйесін тапса, айтылған сөз иесін тапса, нұр үстіне, нұр болар еді.
Ұлылар туған мекендерді көркейту үшін ең алдымен ауылдағы мектепті сақтап, сырттан келетін тұрғындар үшін жағдай туғызу керек. Кезінде Биағаның ауылы Ақтөбеде, Өрнек пен Күнтиместе мүмкіндігіне қарай ұлттық киім тігетін кәсіпорын, шағын шұжық зауытын, үйрек пен қаз, тауық өсіретін фабрика ашып, ауыл тұрғындарын жұмыс орнымен қамтамасыз ету, ауылға келетін жолдарды жөндеу секілді күрделі жоспарды жүзеге асыру туралы ұсыныстар болды. Естір құлақ болса, айтылар сөз айтылды.
Қостанай облысының картасына көз салсаңыз, зорлықпен таңылған атаулар аяқ аттаған сайын жолығады. Облыстағы төрт қаланың екеуінің атауы орысша. Рудныйдың байырғы атауы – Сарыбай. Лисаков қаласының орнында бұрын Наурызбай деген елді мекен болған. Тағы бір аудан орталығы Федоров – Жаркөл екеніне қазақ түгілі басқа ұлт өкілдері де дауласпас деп ойлаймын.
Никитинка, Степановка, Михайловка, Суриковка, Костряковка, Рязановка, Давыденовка, Константиновка, Татьяневка, Янушевка, Докучаевка, Малороссийка, Варваровка, Нечаевка, Крыловка, Свердловка, Ливановка, Успеновка, Диевка, Москалевка, Тимофеевка, Анновка, Буденновка, Маковка, Славянка, Каменка, Лютинка, Белояровка, Харьковка, Тимирязевка, Барвиновка, Новониколаевка, Новопокровка, Новонежинка, Новошумновка, Воскресеновка, Ершовка, Миролюбовка, Святогорка, Милютинка, Валерьяновка, Банновка, Костряковка, Подгородка, Тавриченка. Бір кездері неміс ағайындар мекен қылған, кейін Торғай өңірінен қоңыс аударғандар жайлап отырған Семеновка деген жердің өзін орыстар бұл күндері Воробьевка (Торғай сөзін аударған сиқы) деп атайды екен. Күлесіз бе, жылайсыз ба?! Не деуге болады? Қалмақты қырған Жабағы батырдың Таран ауданындағы ауылы Журавлевка деп аталады. Ауылға батыр есімін беру туралы өтініштер құлаққа кірмеді. Сөйтіп, қыран тұрған ауыл тырна атымен қала берді.
«Ауылына қарап азаматын таны» деп қазағымыз бекер айтпаған шығар. Ауылды көркейту, өткенімізді өшірмей, өшкенімізді жандырып, өлгенімізді тірілту, келешектің қамын ойлау – өсер елдің баласының парызы екенін ұмытпасақ болғаны.
Облыс орталығында тұрғанмен туған мекенге жиі ат басын бұрып тұрамын. Елден тамыр үзген емеспін. Тамырыма оралған сайын әлгіндей тірліктер омыртқамнан өтіп, жұлыныма жетіп, тікендей қадалады да тұрады…
ПІКІРЛЕР1