СМАҒҰЛ ЕЛУБАЙ СЫР ӨҢІРІНДЕ
Жуырда көрнекті жазушы, кинодраматург Смағұл Елубай сыр өңіріне барып қайтты. Арал ауданын аралап келген қаламгер Шиелі ауданы әкімдігінде оқырмандармен кездесті. Кездесуді Шиелі ауданының әкімі Қайратбек Сәрсенбаев ашты. Жиын барысында құрметті қонақ Сыр өңірінің жаңарып, көркейе түскендігіне, әр саланың дамуы арқылы елдің әлеуеттік жағдайының жақсарғанына сүйсінісін білдірді. Шиелі ауданының әкімі Қ.Сәрсенбаев жазушыға шығармашылық табыс тілеп, иығына шапан жапты.
Сол күні жазушы-драматург Бекежанов, Ы.Жақаев мұражайларының жұмысымен танысып, ауылдағы Еңбек Ері Шырынкүл Қазанбаеваға сәлем берді. Бір кездері қазақ хандығының орталығы болған Сығанақ қаласының археологиялық жұмыстарына қызығушылығын білдіріп, көне қала орнын аралады. Қаламгер Оқшы Ата кесенесіне де кідіріп, жеті әулие жатқан жерге зиярат етті. Мәртебелі қонақтың сыр өңіріне сапары кезінде облыс әкімінің кеңесшісі А.Сағымбаева мен Шиелі ауданы әкімінің орынбасары А.Есмаханов бірге жүрді.