Билер соты – намыс гвардиясы
Марат Азбанбаев,
Қарағанды облыстық сотының судьясы
Замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрдің бірі – қазақ билерінің сот жүйесіндегі құқық қорғау және заң қолдану процесі.
Әлқисса, бағзы Рим құқығында сотқа берілген талап арыздың алғы бас сөзінің формуласы былай келіпті: «Aio» – мен сөйлеймін.
Жазушы С.Мұқановтың айтуы бойынша: «Өз мағынасында алғанда, «айтыс» екі кісінің сөйлеуі. Айтыс – ертеден келе жатқан, ел намысын шыңдайтын өнер». Ал қазақтың «Қыз Жібек» эпосы айтыстың мән-мағынасын одан әрі ашып берген: «Төлеген үш қайтара шақырса да, Қыз Жібек сөйлесуге намыстанды». Өз елінде жүрген Жібек жалғыз атты жолаушымен сөйлесуді намыс көрген сыңайлы. «Намыс» сөзінің түбі «нам» – шыққан тегі. Тегін тану, таныту дәстүрі ықылым заманғы әдет-ғұрып. Оның бір дәлелі – Орхон-Енисей жазбасындағы Күлтегінге арналған кіші жазуда бар: «Кісі оғлынта үзе ечүм – апам Бумын қаған, Істемі қаған олурмыш». Тастағы жазу ол да айтыс, ата-тегін таныту.
Жалпы, адамзаттың бар ойы жалғыз сауалдың төңірегіне шоғырланған: Кімбіз? Қайда барамыз? Егер де айтысты тек жеке әдеби жанр ретінде қарастырғанның өзінде, «жанр» сөзінің түбі латын, мағынасы «тек» екендігін, жаңағы «Aio» формуласы сөздікте «Ait» тұлғасында да берілгендігін, екеуінің де мән-мағынасы бір, тең: «дәлелдеу, бекіту, айту» деп көрсетілгенін алға тартсақ та болар.
Біздің ойымызша билер айтысындағы «Ай» – заң. Өмір заңына сай «билер айтысы» билер сотынан жаралған. Сот төрелігі – өндіріс. Айтыс – процесс. Билердің сыналар тезі – Арыс. Қазақта «Арыс» – ұлы жиын, ас, кеңес, сот. Құқықтық процесс. Абай да айтқан: «Бас қосылса арысқа, кім шабады намысқа» деп. Арысқа түсу – намыс ісі. Шал ақын «Арыста намыс сөйлейді» деп дәл анықтама берген. Яғни Арыс билері – намыс гвардиясы. Заңды қолдана білу– құдай берген қасиет. Тақпақ, мақал, мәтел, шешендік – сайып келгенде, процестегі құрал, амал. Билер сотының өнімі – шешім. Шебер шешім. Қиыннан қиыстырып кемел келісімге келтіру. Бар дауды бітіммен бітіру. Билер айтысының басты ұстанымы – заңдылық. Қазақ әдебитіндегі «билер айтысы» билер сотының көркем шындығы. Би – шындық пен көркем сөздің бірлігі. Оны біз ғалым М.Әуезов билер айтысының бір мысалы ретінде алған Бұқар жыраудың «Керей, қайда барасың?» өлеңінен табамыз.
«Сырдың бойын сағалап» бара жатқан Керей көшін тоқтатқан күш – Абылай ханның жарлығы да, бидің тегеурін де емес, ол қадым заманнан келе жақтан заң нормасы. Білімді, білгір Бұқар би бірден «бітімге келудің негізі заңға бағыну» дейді. «Абылай алдында бітіссең, Құдандалы таныспын. Абылай алдында бітпесең, Атасын білмес алыспын».
Бұқар би есте жоқ ескі ертеден келе жатқан адамзаттың екі заңын алға тартқан: «құданда» және « жеті ата». Енді осы заң нормалары сөйлесін.
Ғылым заңына сай адам баласына өсу, өну үшін жаратылып, кемел келісіммен тіршілік етуді жазған.
Туыстық пен сыбайластық мәселесін зерттеген белгілі ғалым Морган «ру» – экзогамды; «тайпа» – эндогамды деген. Екі терминді де шотландық заңгер Мак Леннан биология терминологиясынан алып, адамзаттың алғашқы қауымдық құрылысын түсіндіру үшін шартты түрде енгізіпті. Оған қарағанда Бұқар би қолданған «жеті ата» және «құданда» ұғымы әлеуметтік, құқықтық тұрғыдан алғанда толыққанды, терең тарихы бар ғылыми терминдер екенін көреміз.
Жеті ата заңына сай адам баласы бір рудың ішінде қыз алысып, қыз беріспеген. Және де оған қоса бір руға жататын еркек пен әйел затына некеден тыс жыныстық қатынаста болуына тыйым салған. «Құданда» тайпалық, ұлыстық заң, яғни түрлі рулар өзара құданда болып, ұл-қыздарын үйлі-баранды қылу.
Екі заң да қажеттіліктен жасалған. Адам баласы әуел бастан өзін қоршаған ортаның заңына бейімделуге тырысып бақты. Түр ретінде сақталу мақсатындағы бүкіл тұрмыс-тіршілігін, қарым-қатынасын реттеуге ұмтылудан тыйым, әдет, заң, құқық жүйесі пайда болып, адам ақылы жаңағы екі заң жолымен жұптық отбасынан ұлттық Отан ұғымына жетті, жетілді.
Жету мен жетілу адам баласына оңайға түспегеніне тарих куә. Екі заңды бұзған адамға ең қатал жаза – өлім жазасын тағайындағанын билер айтысынан көруге болады. Елге мәлім «Еңлік-Кебек», «Қалқаман-Мамыр» хиқаяларындағы көркем шындыққа сай билер «құданда» және «жеті ата» заң нормаларын бұзған жастарды өлім жазасына бұйырған. Өйткені, ұлттан бөлек өмір сүруді аңсау ақыры адасу мен азуға апарар күйікті жол. Және де Әнет би, Кеңгірбай би, Еспенбет би, Көкетай биді «қатыгез жандар» деп айыптау да дұрыс емес. Ғалым Б.Кенжебаев қазақ еліне жататын талай тайпа, небір рулардың кезінде барлық көрші елдермен «кіндігі ажырамас одақ» құданда болғанын баяғыда-ақ жазған. «Кіндік» дегеніміз адамзатты байланыстыратын адамгершілік принципінің символы, туыстық пен татулықтың бейнесі, жарғысы. Бұл – бар жұртқа бірдей қатысы бар ортақ заң, келісім-шарт конвенция ежелден болған деген сөз. Олай болса, қазақ билерінің халықаралық ата заңнан аттап кетуге хақысы жоқ. Себебі, адамзат қоғамы адам болып қалу жолында бір байлау жасап, келіскен. «Адам» деп аталған соң, бар жұрт бір заң – адамгершілік жолымен жүруге міндетті.
Келісім негізінде жасалатын «Міндетті неке» болғаны жайлы сөзінде ғалым H.Ph. Jund адамзаттың әуелгі Отаны Оңтүстік Африкадағы банту халқының тарихынан «лоболо» дәстүрін талдаудан туған ғажап бір ойымен бөліскен. Оны ғалым Д.Ольдерогге өз еңбегінде Бұқар бидің «құданда» заң нормасына сәйкес қарастырғаны қызықты.
Бантуда «лоболо» (қалыңмал) төлеу әдеті әйел затын сатып алу емес, тек әйел затына тән жаңа өмірді дүниеге келтіру қабілет-қасиетін бір рудан екінші руға сату. Қалыңмалға адам басы сатылмаған, қыздың рулық атауы (shivongo) сақталып қалған, тек оның құрсағына (mbeleko) біткен «жаңа өмір келтіру» қасиеті сатып алу объектісіне айналып, басқа рудың жеке меншігіне ауысқан. Бұл «міндетті некенің» ерекшелігі, егер де қалыңдық бала таппаса, күйеу балаға балдызын тоқалдыққа қалыңмалсыз берген. Өйткені, келісім дүниеге ұрпақ келтіру ниетімен жасалды.
Банту тілінде «nda» – құрсақ. Ол халықта бір ана тектен тараған жұрт – «enda» аталған, яғни «құрсақтан егіз». М.Мағауин келтірген ескі ұғым: «Жатыры бір, жейдесі ортақ». Емшектес, ет бауыр туыс. «Адал сүт емген».
Бұқар би қолданған «құданда» терминінің бірінші бөлігі «құд» – негіз, тамыр. Орыс ғалымы Н.Зибер түркілердің шығыс қанаты отбасын, руды «кот, кут» деп, ағайындарды «құдаман» деп атағаны туралы ғылыми дерек берген. Бұған қоса,
Г.Дерфер ғұндар баласын «Kutu» деп атағанын айтады. Ғалым
Л.Потапов хақастар бұрындары тауға табынып «құт», яғни ұрпақ – жан беруін тілегенін атайды.
Әрине, құдайдан тілеп алған ұрпағын ата-ананың қорғау міндеті заң арқылы мықтап бекітілген. Құран-Кәрімнің Әл- Бақара сүресінің 233-аятында: «Аналар балаларын толық екі жыл емізеді. Ананың тиісті қорегі мен киімі баланың әкесіне міндет» делінген. Ананың міндеті – емізу, ата міндеті – бала анасын асырау, бағу.
Бұл ереже заң ретінде бар ұлт пен ұлыста бірдей қолданғаны туралы тарихтан екі ғана мысал келтірсек жетер. Орыс жылнамасына сай кінәз Игорь қыпшақ ханымен «құданда» болғанда, күйеу болған ұлын екі жылға қайын жұртында қалдырады. Ерлі-зайыптылар екі жылдан соң атасына немересін алып оралған. Бөртеге үйленгенде Шыңғысхан да қайын атасының шаңырағында екі жыл өткергені белгілі факт.
Ұлт мүддесін, ұлт құқығын заң арқылы қорғауды қазақ ойы ғалами заң жолымен ұйымдастыра білген. «Жеті жарғыда» құрсақтағы, ана бойына біткен жаңа өмірді адам ретінде танып, жатырда жатқан жанның өмір сүруге құқығын қорғау туралы конституциялық норма көзделген еді.
Мінекей, қазақ заңы мен қазақ билер сотының қазақ әбетиетімен, қазақ рухымен кіндігі ажырамастай бірлікте болған құқықтық көрінісі.