Алтайдан күн көтерілді,
Ақ бесік-нұр мекенімді еске сап.
Аманат қылдым кімге төрімді?
Қайқы бас ер мен бірге тебіңгі,
Есіме түсті-ау, ескі ошақ.
Менің айбалта төзімімді төске сап! –
дейді бір жырында ақын Дәулеткерей Кәпұлы. Біздің бүгінгі кейіпкер – осы Дәулеткерей ақынға өмір сыйлаған жан. Алтайдың арғы бетінен, Баян-Өлгей аймағынан ат арытып келіп, «туған жерге туын тіккен» Егеухан Мұқамәдиқызының 1989 жылы «Ақ көйлек көңіл жай» деп әндете айтысқан сәті көзіқарақты оқырманның есінде болуы керек. Ол уақыттан бері бірнеше жыл аунап түсті. Он баланың анасы, айтыс, жазба ақыны Егеухан Мұқамәдиқызының содан бері атамекен – туған жеріне сіңірген еңбегін санамалай берсек, бір сұхбатпен тоқталмасымыз анық. Себебі, ол ақын ретінде бірнеше өлең жырларын тасқа бастырып, елдің жүрегіне жеткізді. Ата-баба дәстүрінің білгірі есебінде ел жадынан ұмытылып бара жатқан этнографиялық таным-түсінігімізді жаңғыртуда да еңбегі зор. Ең бастысы, ана ретінде, Қазақстанның әр өңірінде, әр саласында із қалдырып үлгерген он ұл-қыз өсірді, бүгінде олардан тараған немере-шөберелеріне жөн көрсеткен, үлкен әулеттің айбатты анасына айналды. Елбасының «Туған жер» бағдарламасындағы «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі», – деген сөз Егеухан Мұқамәдиқызы секілді қаламгер, ақын, аналарға қарата айтылса керек-ті.
Егеухан МҰҚАМӘДИҚЫЗЫ,
ақын, Моңғолия және Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі, «Алтын алқа» иегері
– «Ақ тәңірінің баурайында өстім» дейсіз бір өлеңіңізде. Алтайдың арғы беті – Қобданың қойнында қалған сол бір шақтарға қайыра көз жүгіртсеңіз, мұңсыз, бейқам балалық шақ, болашаққа қол созған бұла дәурен елестей ме? Көз алдыңызға алдымен тізіліп тұра қалар сол замананың адамы, ортасы, салты мен ұстанымы қандай еді?
– Ол дәуірдің өзі де, көзі де керемет еді ғой, шіркін! Біз бала болып ақ тәңірінің бөктерінде құлдырыңдап жүгіріп жүрген шақта таңдайымыздан өткеннің өлеңдері тақ ете қалатын. Өйтпеске болмайтын себебі көп. Кішкентай күнімізден бұрынғының қолы жетпей кеткен арман-зарды, бұрынғының көзі көрген ғажап заманды дәмді әңгіме, терең жыр, қара өлең, айтыс арқылы естіп, құлағымызға сіңісті қылып өстік.
Әңгімені тереңнен тартсам, арғы аталарымыз Шу жағынан Алтайға ауған екен. Сол көш 1935 жылдары Алтай асып, Моңғолияға ат басын бұрыпты. Мен Моңғолияның Баян-Өлгей аймағының Баяннұр сұмынына таяу, Шұңқыр жұртында дүниеге келіппін. Ақ тәңірі деп отырғаның – Моңғолияның батысындағы Баян-Өлгей аймағындағы тау сілемдері ғой. Бұл жер өзі қия-құзды, шыңды өлке. Қиядағы қыран балапанын қалай баулыса, сол өлкеде бізді ата-анамыз да солай баптады: биіктікке, тазалыққа, еркіндікке құмар қылып өсірді.
Әкем – Мұқамәди әңгімешіл кісі еді. Ата-баба тарихын тарқатып, шежірені жатқа айтып отыратын.
Шешем – Зағипа он екі құрсақ көтеріпті. Алдыңғы алты бала бірінен соң бірі шетіней берген соң, дүниеге жетінші болып келген ағамның атын ырымдап Елеусіз қойған екен. Елеусіз болса да, тірі жүрсін деген тілегі ғой. Бірақ ағамның аты Елеусіз болғанымен, заты елеусіз бола алмады. Елеусіз ағам Моңғолияда тұңғыш роман жазған қазақ. Қазақстан және Моңғолия Жазушылар одағының мүшесі, елге белгілі қаламгер, жазушы атанды. Жастайынан кітапты жата-жастана оқып, қалам тербеуге құмар болып өсті. «Жоғалған қыз», «Өрікті көл», «Сұлулық» атты шығармалары осы күні көзіқарақты оқырманға жақсы таныс.
Елеусіз ағамның соңын ала мен дүниеге келіппін. «Бұл баламыз да егеудей берік болсын» деген ырыммен атымды Егеухан қояды. Бірақ ауыл арасында қыршаңқы сөз, жөнсіз әңгіме айтылмай тұрмайды: «Егеуді берік деп кім айтты, ол да морт сынбай ма?», – дегендер де табылыпты.
Шәйзанда, Шәкерхан деген бір ұл, бір қыз ерді соңымыздан. Бір үйде төрт бала өстік. Әкем де, анам да сөзді құрмет тұтқан, сөзді қадірлеген жандар еді.
Әкем ескінің сырын шертсе, анам бала күнімнен айтысқа баулып, өлең, тақпақ жаттатады. Хат танымайтыны болмаса, анам Зағипа суырып салма сөзге шебер, өзі де бірнеше айтысқа қатысқан жан еді.
Әкемнің інісі Баймәди деген кісі де аз-маз өлең жазды.
Мұндай ортада бұлғаңдап, еркелеп өсіп келе жатқан мен де өлең сөзге жастайымнан құмар болдым.
Бірде Баяннұр сұмынына Шәмел деген кісі келді. Өзі әкесімен шамалас. Әкесі заманында болыс болыпты. Ақ пен қызыл елге дендеп ене бастағанда Қытай ауған. Ол жақта да күн көрсетпеген соң, пана таппай, Моңғолияға өткен.
Алтай асып келеміз,
Аямаймыз, желеміз.
Моңғолия кең екен,
Жарық сәуле көрерміз, –
деген сөз қалған ол кісіден. Сол Шәмел деген кісі үйде отырып, үйдегі 3-4 кітабыма көзі түсті. Ағам Елеусіз менен бұрын мектепке, үлкен оқуға барып, түрлі кітаптарды оқып жүретін. Ол уақытта кітап қат. Сондықтан кімнің кітабы болса да, қолдан-қолға тигізбей, тіпті, керек кітапты қолдан көшіріп, өзімізше кітап жасап аламыз. Ағамның маржандай жазуымен көшірілген қолжазба кітаптарды Шәмел ағатайым маған оқытып, тыңдады. «Кітап оқығандағы әуезі ерекше екен. Түбі осы балаңнан бірдеңе шығады», – деп, батасын берді. Аз-мұз өлең құрайтынымды ол кісіге айтуға ұялған едім. Сонда да, кітап оқығандағы дауыс екпінімнен-ақ, өлең сөзге бір табан жақын екенімді бірден сезген екен, жарықтық.
Шешем үйреткен жөнмен:
Бісмілда, бісмілда деп, бір бісмілда,
Аузыма бірден-бірден кір, бісмілда.
Арқада ат шаптырған той бар дейді,
Берейін атымды ерттеп, жүр, бісмілда, –
деп, он алты жасымнан айтысқа қатыстым.
Өлең ауылында, өнер ауылында даңқы аспандап тұрған Кәп ақынмен айтыстың арқасында кездесіп, табыстық. Арғы ғұмырды бір жүріп өтуге бел байлаған шақта жасым он сегізде еді. Құдайға шүкір, жаман болмадым, ақсақалым өмірлік серігіме айналды. Қазақтың бір азаматы қандай болуы керек болса, сол қалпын сақтады. Қазақтың бір әйеліне қандай тірек керек болса, сондай тірек, қалқа болды…
– Он сегізімде тұрмыс құрдым дейсіз. Білуімізше, Баяннұр орта мектебінде отыз жылдай кітапхана меңгерушісі болдыңыз. 1960 жылдан өлең жазып, айтыстарға қатыса бастағаныңыздан хабардармыз. Одан бөлек, Кәп Құмарұлы сынды ақынға жар болған, ақынды күткен, баптаған еңбегіңіз де бар. Он баланы өмірге әкеліп, алтын құрсақты ана атандыңыз. Моңғолия мемлекетінің екінші разрядты шахматшысы деген ресми дәрежеңіз барын да естідік.Мұның бәріне қалай үлгердіңіз?
– Еркек – әуел бастан түздің адамы. Бала күнімізде әкем көбіне сыртта жүреді. Үйдегі жұмыстың бәрі анамыздың мойнында. Қонағы үзілмейтін қазақы ауылмыз. Төрде көрпе онсыз да төселіп жатады. Бірақ үйге әкем, өзге де үлкен кісі, құдайы қонақ келе қалса, анам: «Жиюлы тұрған таза көрпеден астына таста», – деп ескертіп отыратын.
Қыз бала үлкеннің қас-қабағын бағу, қонақ күту сияқты жұмысқа кішкене кезінен дағдыланғаны жақсы. Кейінгі өміріңде еңбекке бел шеше кірісіп кете бересің.
Айтыс ақыны екенмін, ақын екенмін, қызметім бар ғой деп таңертеңнен ыздиып отыру қазақ әйеліне жараспайтын қылық. Өзіміз таңмен таласа тұрдық. Сиырды сауа жүріп, дәрет судың жылы тұруын қаперден шығармадық. Енең, жолдасың, бала-шағаң аш қалмауы керек. Олардың ыстық тамағы мезгілімен дайын тұрғаны жақсы.
Енем жарықтық, немере, шөбере сүйіп, жасы тоқсаннан асып дүние салды. Бір бала дүниеге келсе, өзімдікі деп меншіктеп бақты. Бала деген – байлық қой. Сол балалар өскен сайын – қолқанат. Бірінен соң бірі іркес-тіркес ержетіп, қыста «апамның қолы тоңбасын» деп сауынға шығады, «көмек болсын» деп тамақ даярласады, малға қарайды, үйге қарайды – жыл өткен сайын бір жұмысың жеңілдеп, марқайып қаласың.
Бірақ сонда да бос жатқанымыз жоқ. Жастайымыздан ою ойдық, құр ыздық, терме тердік, ши орадық.
Ақсақалың ақын болған соң, сері болған соң, елдің алдында жарқырап жүрсе екен дейсің. Ол заман тон мен ішікті, киімді қолдан тігеміз. Қай киімді де: қазақша көйлек пен моңғолдың шапанын да – жақсысын ақсақалымыздың иығына жапсақ екен деген тілек болды. Ақын болған соң көптің көзінде сән-салтанаты жарасып-ақ жүрсін деген ой жүрді көкейімізде.
Түлкі терісінен ақсақалға арнап ішік, түлкінің пұшпағынан тымақ тіктім. Түлкінің қара қасқасының қиюын келтіріп тұрып, тымақ жасайсың. Ол тымаққа үкі тақсаң, сал-серілер киетін ғажап бас киімге айналады. Қозының елтірісінен балаларға арнап ішік тіктім. Күзде сойған қойдың терісін түлеме тері дейді, содан бала-шаға, үлкендерге лайықтап ішік тігесің. Ол уақытта тігін машинасы ілеуде біреудің қолында. Машинаны сұрап әкеле қойып, пішіп қойған киіміңді түнімен отырып, балалардың, ақсақалдың бойына шақтап даярлап қоясың.
Күні бойы бос отыру жоқ – құлынға ноқта жасайсың,саба тігесің, сырмақ оясың. Іркіт пісіп, құрт жаясың.Қойдың жүнін қырқып, түтіп, сабап, жіп иіресің. Осы жіптен алаша, туырлықтың бауы, басқұр, желбау жасап, үйдің ішін сәндейсің. Ақсақалым да ақын. Өзімнің де ақын атым шығып қалған кез. «Моңғолиядағы қазақ Жазушылар одағының кішігірім ұйымы» деген атымыз бар. Үйден қонақ үзілмейді. Ол қонақты лайықты күтіп алып, шығарып салудан бөлек, үйіңе кісі келсе, отауыңның да сәнді болып тұрғаны жақсы ғой.
Аналарымыз тіккен, өзіміз көріп өскен, қолымыз бейім болған сырмақ сырасың. Сырмақ пен текеметке оюды үлкейтіп салады. Оның себебі, үйдің көркі – сырмақ пен текемет болса, ондағы ірі, әсем ою сұлулықты үстемелей түспей ме? Ал киім-кешекке, түскиізге оюдың ұсақ түрін өрнектейсің. Сәннің жөні осы екен деп, оюды қалай болса солай түсірсең, киімің алабажақтанып, келіспей қалады. Әдемі, ұсақ өрнекті бешпеттің өңіріне, етегіне ғана саласың.
Осылайша күні-түні бел жазбай еңбектеніп жүріп-ақ қалтамыздан кішкене қойын дәптер түспейді. Киімді ыңылдап тігіп отырып, ойыңа бір жұп өлең орала қалады. Әлгі қойын дәптеріңе таңдайынан түскен өлеңді түрте қоясың.
Айтыс алыстау жерде болса, балаларды үйде енем қарап қалады. Ал атпен жете алатын айтысқа баланың кішісін алдыма алып, өзім бара берем.
«Қаршадайынан қосылған жары – Кәп Құралұлы да – ақын, ұлының кенжесі – Дәулеткерей де ақын. Бір үйде үш ақынның басқосуы – Тәңір сыйлаған бақыт», – дейді «Қайтқан қаз» атты кітабымның алғы сөзінде Несіпбек Айтұлы. Құдайдың берген Тамара, Әмірхан, Бәделхан, Нұржан, Рәшитәлі, Бұлбұл, Тәттімбет, Есенгүл, Естай, Дәулеткерей атты ұл-қыздарым бар. Соның сегізі – бізді мойындамай, апасының бауырында өсті. Есенгүл – әкесінің, Естай – менің қызым болды. Осы балалардың өнерден жырақ кеткені жоқ. Ешқайсысы да қаражаяу емес. Жас күндерінде әрқайсысы да өлең жазып жүретін.
Ал шахматқа келсек, бұл – ойыңды жұптауға, сергек жүруіңе сеп болатын ойын. Қатты шаршаған сәтте де шахматтың тасын тізе бастаймын. Кейінгі кезде немерем де шахматқа үйір. Шахмат ойнасақ, кейде ол жеңеді, кейде мен ұтып кетемін.
– 1989, 1992 жылдары Алматыда өткен халықаралық ақындар айтыстарына қатыстыңыз. 1989 жылы өткен айтыс туралы «Қазақ әдебиеті» газетінде: «Сайыс тағына үш рет сәлем етіп көтерілген Егеуханның ибалылығына көрермен көпшілік орындарынан тұрып, қошемет жасады. Бұл тәлімдік дәстүр жайлы көптеген газеттер жазды. Моңғолиядан келген Егеухан Мұқамәдиқызы аса биязы, мәдениетті де сырлы өлең өрнектерімен көзге түсті», – деп жазыпты («Қазақ әдебиеті» газеті, 1989 жыл, №4). Сол айтысты қайыра еске түсірсек…
– Қазақстан әлі егемендігін ала қоймаған тұс. Бірақ қазақ тілінің абыройын көтеретін заңға қол қойылып, самал жел желпіген арайлы шақ болатын. Қазақстанда тұңғыш рет айтыс ұйымдастырылып, оған Қазақстанның әр аймағымен қоса, Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстаннан да ақындар шақырылып, алты Алашқа сауын айтқан керемет бір заман болған. Сол айтысқа бізге де шақырту келіп, Моңғолиядан Қабдыжәлел Сахарияұлы екеуіміз аттандық.
«Қасиетті қара шанақ» өлеңімде сол айтыстың мән-жайын жаздым.
Қапы тауып қарсылас ілер қайдан?
Жаңа ортада сөз бастау оңай ма ойдан.
Айтыс – әуен, айтыс – салт, айтыс – қызық,
Айтыс – күрес, қару – тіл, нағыз майдан.
…Айтыс – шындық, сын – үндеу, сауық-думан,
Ақын арын сақтайды жаны құрбан.
Халықаралық сипатты ұлы айтыс
Аңсаған елмен елге қауыштырған, –
деген болатынмын. Бұл айтыс шынымен Абылайдың асындай дүбірлі додаға айналды. Тілінің мерейі артып, еңсесі көтеріліп қалған ел Республика сарайының үш мың адамдық залын лықа толтырды. Алғашқы күні ақын Манап Көкеновтың ұлы Әбдікерім Манапов, келесі күні Оралдан келген жыр жампозы Қатимолда Бердіғалиевпен сөз сайысына түстім.
Менің Әбдікерімге «Бес боғданы» сыйлайтын, Қатимолданың маған домбырасын тарту ететін шағы – осы айтыс.
Он алты жасымнан айтысқа түстім дедім ғой. Айтысқа домбырасыз шығатынмын. Домбыра тарта білмегенімнен емес, жастайымнан солай әдеттендім. Сондықтан да Қазақстандағы халықаралық айтысқа домбырасыз бардым. «Домбырасыз қалай айтысады?», – деді ме, әуелде жұрт тосырқай қабылдағандай болды. Бірақ кейін келе айтыстағы әуеніме үйренді де, екі ақынмен де залды дуылдата отырып, айтысқа түстік.
Қазақтың ғажап қаламгері Әзілхан Нұршайықов «Ақындар айтысының этикалық және эстетикалық тәлімі» атты мақаласында осы айтыс туралы айта келе: «Егеухан айтыстың үшінші күні Қатимолдамен жарысқа түсті. Бұл жолы ол өзінің аналық ақ жүрегінен қыздар тәрбиесіне байланысты ойларын ортаға салды. Қыздар шашын қимаса екен, ата-анасын сыйласа және тәртіпті болса деген сөздерін айтты», – деп жазады.
Жалпы, ана, әйел, қыз баланы құрметтеуге шақыру – айтыстың ғана емес, ақынның да бір бүйірінде жүруі тиіс тақырып қой деп ойлаймын.
Қыз бала бой жетіп, жар сүйіп, жас ана атанған, одан кейін ұлын – ұяға, қызын – қияға қондырған шағына дейінгі өмір жолын жырға тізген жазба жырымда:
Ана асар алты кезең, алпыс қырдан,
Ана жаны жаралған жақұт нұрдан.
Ана жолы күдірлі, иірімі мол,
Там-тұмдап таратайын терең сырдан, –
деуімнің себебі де сол.
Жас келін – қолға түскен көк кептері,
Өмірдің игереді ылди, өрі.
Қит етсе, дейді «Келін аяғынан…»
Тұс-тұстан қадалады сын семсері…
…Келіннің ілтипаты қабағынан,
Шын ықыласпен жасаған тамағынан…
…Әйел жолы жіңішке, жаны нәзік,
Ілтипатты ізгілік – жаныңа азық.
Әйел – өмір негізі, бірлік-тірлік,
Отбасының ұйытқысы, темірқазық, –
деп тәптіштеп түсіндіргім келгендегі ой – бүгінгі қыз бала, келін баланың өмірдің алтын арқауы екенін санасына қазірден құя беру керек дегенді алға тартқандығымнан болар…
– Қазақстанға алғашқылардың бірі болып оралдыңыздар. Елге келгендегі алғашқы сезім, көңіл-күй туралы да айтып өтсеңіз…
– Сол 1989 жылғы айтыстан соң, Қайрат Жұмағалиев үйіне қонақ етіп: «Елге көшіп келмейсіздер ме?», – деп тілек айтты. Ол уақыт Қазақстанның басы байлаулы сәт, жеке ел болу жайлы әңгіме де жоқ. Бірақ ел дегенде елең ете қалғанымыз рас. Арада азғантай уақыт өткенде Моңғолияға Қазақстанның егемен ел болғаны туралы сүйінші хабар жетті. Әрине, туған жерге оралу – кім-кімнің де көкейінде жүрген жайт. Біз де көп кідірмедік.
Еркемін, егіз шыңға ұя салған,
Қарманғанда халықтан қуат алғам.
Цамбагарав саясы мені ұшырса,
Алатау қойнын ашты мұрат-арман, –
деп өлең жазатыным сол кез.
Құдайға шүкір, елге жақсы көңіл-күймен, адал оймен, ерекше сезіммен оралдық. Қыз баланың бір парызы – ата-анасын жерге қаратпау ғана емес, Отанының да жүзіне дақ түсірмеу деп білемін. Аллаға тәубе, елім ұялатын істі Құдай істетпеді. Қыз парызым – ата-ана мен Отанға кір келтірмеу, қанды бұзбау болса, сол парызымды өтей алдым. Құдай құрсағыма бітірген ұрпақтың қанын бұзбадым. Әйел адамның тағы бір парызы – дәстүрді сақтау, тілді ұмытпау, діліңді таза ұстау, дініңе кір келтірмеу болса керек. Ол парыздарға да адал болдық. Ақсақалымыз екеумізден тараған ұрпаққа да осы парызды ұмыттырмадық. Қай істе де әуелі Құдай қолдады. Ата-ана, ене тәрбиесі де бізді оңды-солды тайғанақтауға жол бермеді. Азаматым осы ғой деп етегінен ұстаған ақсақалым да ердің ері болды. Жүзіме мұң ұялатқан жоқ, көңіліме кірбің түсірмеді. Сол ақсақалым дүние салғанда:
Елу үш жыл елу үш күн сияқты,
Жүзіп өткен көк шалғынды қияқты.
Ажал парсыз ажыратты араны,
Өз қасыңнан бір орын қой тұрақты, –
деп өлең жаздым. Әлі күнге ақсақалымның орны – жүрегімнің төрінде. Ендігі міндет – он баладан тараған немере, шөбереге жөн сілтеу, жол көрсету. Әже, ана аманатына да адал болу. Құдай басыма тәж қылып кигізген өлең сөз атты құдіреттің қасиетіне жете білсем, өзгеге жеткізе алсам деген ой ғой біздікі…
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Қарагөз СІМӘДІЛ.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.