Қанағат пен тәубеге шақыратын мейрам
01.09.2017
1109
0

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,
Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы,
Бас мүфти


Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Құрметті бауырлар!
Айтқа аман-есен жет­кізген Алла Тағалаға сансыз шү­­­кірлер мен мақтаулар болсын!
Баршаңызды күллі мұсылман қауымы асыға күткен қасиетті, ұлық мереке – Құрбан айт мейра­мы­мен құттықтаймын! Отба­сы­ла­ры­ңыз­ға амандық, мықты ден­сау­лық, жұмыс­тарыңызға береке ті­леймін.
Құрбан айт – Жаратушы Иеміз бел­гілеп берген екі мейрамның ұлы­ғы, айтулы мереке. Халқымыз бұл мейрамға айрықша дайын­далып, көпшілікпен ерекше атап өте­ді. Берекеге бастаған құрбан айт бірлік пен игілікке, мейірім мен кешірімге үндейді.
Айт – ағайынның ауыз­бір­ші­лігін арттыра түсетін, мұсылман қауы­мын имандылыққа ұйытып, бар­ша адамды қанағат пен тәубеге ша­қыратын ұлық мейрам. Айт кү­ні адамдар құрбан шалумен ғана емес, сауапты, ізгі, қайырлы амалдарымен Раббысының разы­лы­ғына, рақымына жақындай түседі. Өйткені, араб тіліндегі «құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» де­ген ұғымдарды білдіреді.
Қасиетті Құранда: «Ұмыт­паң­дар, олардың еті де, қаны да еш­қа­шан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәр­се – жүректеріңізге ұялаған тақуа­лықтарың (шынайы ниет­те­рің)» («Хаж» сүресі, 37-аят), – деп баяндалған.
Айт күндері қажылық парызын өтейтін күллі мұсылман баласы Жаратушыға жалбарына дұға жа­сап, құрбандық шалады. Қа­сиетті Мекке қаласында хал­қы­мыз­дың бірлігі мен берекесін ті­леп жатқан отандастырымыздың да дұғасы, қажылығы қабыл бол­ғай!
Қаржылық мүмкіндігі жоқ адам­ға құрбан шалу міндет емес. Құр­бандық еті ағайын-туыс, көр­ші-қолаң, тұрмысы төмен отбасыларына, жетім мен жесірлерге, мү­гедектер мен науқас жандарға тара­тылады.
Құрбан айт күні ерте тұрып, ғұ­сыл құйынып, айт намазына қа­тысу – пайғамбарымыз Мұхам­мед­тің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті.
Осы ретте еліміздің барша аза­матын мүбәрак мейрамның құр­ме­ті үшін мүгедектерге, жетімдер мен жесірлерге, қараусыз қалған қарт­тарға қайырымдылық жасауға ша­қырамын.
Алла Тағала дұға-тілектеріміз бен сауапты істерімізді және шал­ған құрбандықтарымызды қабыл еткей! Әмин!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір