Сыйлық
25.08.2017
2015
2

Төкен ӘЛЖАНТЕГІ


Қаладағы еңселі үйлердің бір қалтарысына бой тіктеген, құ­ры­лыс жобасы үнді-қытай елдері сәу­лет кескінін сипаттайтын, әлденеше қат шатырларының етектері қайырыла қиюласты­рыл­ған, қабырғалары ұлу тектес тастардан өрілген ғимараттың ішіне өткенде, өзімді жайсыздау сезінгенімді мойындауға мәжбүр­мін. Оған салдар: әрқайсысы бір-бір қаралық люстралардан төгілген жарықтың ішкі жиһаз­дармен үндестік таба бөлмелерді алтын түстес бояуға қанықтырған ерекше сұлулық сипатынан жас­қан­ғанымнан, сонымен қатар, қаздаң-қаздаң басқан мардымсу мен маңғаздық телегейіне мал­тық­қандардың мысы басқаны­нан, әйтеуір тізесі ақжемдене бас­таған джинси шалбарыма ың­ғайсыздана осында келуіме себепкер болған ауылдасымның соңынан бүгежіктей ере бергенім анық-ты.
Ғажабы сонда, анау-мынауды ішке кіргізбек тұрмақ, тесіктен сығалатпайтын иықты, оқтау жұт­қандай бойшаң жігіттер Болатайды бұрыннан тани ма, алдымызды кес-кестеместен, жымиыстарын жая бізді көздерімен ұзатысып салысты. Ал бұл кө­рініске мән бермеген досым басын кекжиткен қалпы екінші қабатқа көтеріліп, ондағы үлкен бір бөлменің есігін ашқан сәтте қалт бөгеле:
– Пәлі! Төрт көз түгел жиналыпты ғой! Ештеңеден қысылма, өз үйіңде жүргендей еркін се-
зін, – деді маған қарай басын сәл қисайта сыбырлап. – Түсінісе алсаң бұл орта уақыты жеткенде сені де демеп жібереді.
Кіммен де түсінісе білген жақ­­сы-ақ. Ол басы ашық дүние. Дегенмен, біреудің көмегіне зәру сияқты емес едім. Сонда демегені несі? Осы жағын пысықтауға үлгермедім, әп-сәтте жанымызда пайда болған домалаңдаған қызылшырайлы жігіт алдымды орап кетті:
– Оу, Бола, келіп қалған­бы­сың? Төрлет, бауырым, төрлет!
Ол Болатаймен төс түйістіре амандасты. Әріде «мынау кім?» дегендей, мен жаққа ажырая қа­ра­­ғанда, ауылдасым жымиды:
– Елден болады. Көріспегелі біраз жылдың жүзі өткен еді, бү­гін үйге арнайы іздеп келген
ек­ен. Содан «қонаққа баратын едім» демейсің ғой, бір адамды ауырсынбас деп, сені өзімсіне ертіп келгенім.
Мынаны естігенде толықты­ғына қарамастан майлы ішекте лықсығандай лыпыл қағып тұр­ған жігіт томпақ бетін одан әрмен жасанта, әкесі базардан келгендей ыржиды.
– Жөн-ақ! Сенің жақында­рың­ды ауырсынсам несіне жер басып жүрмін!? Бірін емес, бір­не­шеуін әкелсең ләм дермін бе! Алай­да… айып етпесең, біле жүргеніміз жөн шығар, бұл замандасты қонақтарға кім деп таныстырғаным дұрыс?..
Болатай езу тартты:
– Кім дебің не, құрдас-ау? Ақын де. Кәдімгі кітабы шыққан, елге танымал ақын деп айт.
Анау алғашында көзі бақы­рая аңырды, сонсын барып сөз ауанын түсінгендей, өз маңдайын өзі алақанымен салып қалды:
– Е-е, тақпақ жазады екен ғой!..
– Иә, тақпақтарыңның түбін түсіреді.
– Түсінікті.
– Түсінсең бопты. Онда мен ана жақтағы жиналғандармен амандасып қайтайын. Әйтпесе жеңгелеріміз өкпелей еріндерін шүртитісіп, ағаларымыз «елеме­дің» деп ерлерін бауырларына ала тулап жүрер.
– Әлбетте, Бола, әлбетте. Біздің дәл бұлай қауқиып жүрге­ні­міз осы аға-жеңгелеріміздің арқасы ғой…
Қонақтардың қарасы жиыр­ма­­шақты адам мұғдары болар деп жобаладым. Дегенмен, дастархан иесі жас көрінгенмен, құрал­пы­ластардан да ересектердің басым­дығы байқалады. Алды таяқ ұстаған­дар болса, кейінгілері қыр­қыл­жың мен қырма сақалды­лық­тан асып жығылған­дар. Араларында жалтырақтарын тағына жасанып алған әйелзаттары да баршылық. Әзірге бәрі ырду-дырдудан аулақ – еркектер бөлек те, әйелдер өз беттерімен әңгіме-дүкен құрған мамыражай шақ.
Әйелдердің жанынан бас
изесе өтіп бара жатқанымызда бір тосындықтың орын алғаны. Қал­­ған­дарына қарағанда бой­шаң, сида, иығына гүлді орама жамылған ақсары апайдың елді елең еткізе:
– Әй, Болатай, қайным, жетегіңдегің кім, сыйлығың ба? – деп қалғаны. Мынаны естігенде сол маңдағылар таңданыстарын жасырмастан біз жаққа ошарыла қарасты.
Болатай сабырлы.
– Құдай сақтасын, ханым!
– Ол сақтанғанды ғана сақ­тай­ды. Ал бүгінгілер не сақтану­ды, не сақтай білуді білмейді. Сонсын сұрап жатқаным да…
– Әзірге шеңберден шығып кетпегенімізге иланыңыз.
– Олай болса, сұрағанымды айыпқа бұйырмағайсың.
– Ол не дегеніңіз, жеңеше! Біздің тілегіміз – сіздердің аман­дық­тарыңыз, сол амандықтың арқасында жадырап жүрген­деріңіз.
– Ниетіңе рахмет! Әйткенмен, жадырап жүру үшін де жағдай керек екенін естен шығарма­ғандарың жақсы. Әйтпесе…
Ана кісі сәл іркілгенде араға тағы бір апайдың қыстырыл­ғаны:
– Мына қатын қайтеді-ей!? Әй, қой! Ойнаймын деп ойыңда­ғың­ды айтып қоярсың енді сөйлесең… – деді ол шиық-шиық күліп.
Бұған ақсары апай айылын да жимады:
– Е-е, айтса несі бар! Төмен етектіге қайынды не үшін береді? Ағасының жоқтығын білдіртпеу үшін бере салады. Шындығында біз көрдегіні емес, жердегіні айтып жатырмыз ғой, ендеше мыс­қы­лыңды маған бағыттамай ыш­қырыңа қыстыра тұрғаның жөн, – деп оның бетін қайтарып тастады.
Дәл сол шамада сонадайдан бір ақсақал дыбыс салмағанда мына доданың қаншаға жалға­са­ры белгісіз еді, үлкеннен жас­қана ақсары апай тілін тістей қалғанда біз төрге қарай жылыстай жө­нелдік…
***
«Жетегіңдегің кім, сыйлығың ба?».
Жастау қонақтарға өзін жеңге деп әспеттеген ақсары апайдың шәлкем-шалыс сұрағына әуел баста мән бермегенмін. Оны жәй бір, қисынсыз жерде айтыла салған өтпелі сөздей қабылда­ғанмын да қойғанмын. Алайда, әр-әр тұстан құмығыңқы естілген мырс-мырс күлкі көмекейден шыққанның иесі болатынын айғақтап, әрбір айтылғанға абай болуыма ишара жасағандай-ды. Солай бола тұра, қас пен көздің арасында, танымайтын ортада ненің байыбына барғандайсың, елірмеге елікпей, еңсемді түсір­мей алға озғаным анық еді.
Бұл көңіл-күйім дастархан басында да өзгермеді. Қонақтар нені жесе содан дәм татып, нені ішсе сол сусынмен шөл басып отырғанымда аяқ астынан дүние­нің апай-топай болып кеткені. Бәріне себепкер суретке түсіруге келген егделеу кісінің бір ауыз сөзі.
– Мен сыйлықпын, – деді ол түсіру апаратын ыңғайлаған бетте ана тұстан бір, мына тұстан екі шыға шырт-шырт басумен жүріп, – Жарасқан Жанасылұлының сыйлығы деп білгейсіздер.
Жүрегім су ете түсті. Міне, гәп қайда! Қарапайым киіміме, сонсын Болатайдың соңынан ерген сықпытыма қарап мыналар мені де «сыйлық» деп шамалап қал­ған-ау, тәрізі. Әйтеуір әжік-бү­жік­тің арасында бәрінің орнына кел­геніне тәуба. Оған әсіресе әй-шәй­ға қарамай тілін безей жөне­лер ақсары апамыздың көзі жет­кеніне шүкірлік.
Шүкірлікке жүгініп отырға­нымда қапияда француз режис­сері Франсис Вебердің «Ойын­шық» атты фильміндегі оқиғалар есіме сап етсін. Бас кейіпкер бейнесін сомдаған Пьер Ришар­дың билік пен байлық иесінің баласы қалаған жанды қуыршақ­қа айналуы, ақырында қамкөңіл баламен мүдде жарастығын тауып екеуінің әділетсіздікке қарсы өз әлдерінше бас көтерулері, сөйтіп қоғамдағы дерттің дауасына септесуге әрекет жасауы – бұл адамдық құндылықтар кейін­ге ысырылып, бөрілік шең­гел тырнағын батырған уақыт сипатын көрсетуге бағытталған туынды еді ғой. Ойыны осылған тірлікте адамдардың ойыншыққа айналуы оп-оңай екенін жадыға салар фильм көрермендерін күле отырып күрсінуге жетелеген. Жарайды дейік, өмірде кездесер сәттілік талшығына талақша жабысар жоқ-жітікті жанға ілуде бір бұйырар тағдыр тарысы қым­бат-ақ болсын, сонда шашам десе нені болсын шаша алатын, алам десе айды алақанына қондыруға жағдайы бар еріккен бай баласына қырыстыққа не жорық? Сөйт­сек, әр тіршілік иесінің өз күйігі мен қыжылы болатыны мына туындыда анықтыққа соқпақ түсіріпті. Ерке де болса есті бала әкесінің өздерімен бірге тұрмай, өзге әйелмен түтін түтеткеніне қарсылығын өзінше осылай білдіруге тырысыпты. Ол үшін бақ пен бақыт ордасы отбасы ымырасында екен. Ал қалғаны… қалғаны жай әурешілік қана.
Ақыр соңында жылылық пен мейірімге зәру бала өз жоғын ойда-жоқта кездескен «ойын­шық» адамынан тапты. Айып па? Бұлай табалауға ешкімнің дәті бар­мас. Адами ықыласқа қан­баған тұста ұшпаққа шығамын деу кім үшін де ақымақтық. Ал ақымақтық барда алысты ора­ғытуға пейіл беру әлбетте қисынсыздыққа жатады.
Көрер мен кешерден бас тартпай, үзіліс барысында дәлізге шыққанымда ақсары апаймен қайтадан ұшырастым. Ол қабыр­ғаға қашалған мозайка суретті та­ма­шалап тұрғандай әсер қалдырды.
– Ә, бұл сенбісің? – деді ол мені байқағанын білдіре сонадайдан дыбыс салып. – Кел, қайным, бері келе қал.
Жанына жақындағанымда мойнын да бұрмастан сөйлеп кетті:
– Шырағым! Бордақыда тұрған өгіз не білген? Оттықтағы шөбі мен жемін жеп, астаудағы суын ішуді ғана білген. Ертең қасапшының алдына баратыны жанын қинамайды, өйткені оны түсінуге шамасы жетпейді. Несін жасырайын, кейбір еркектерді дәл осы өгізге ұқсатамын. Ішеді, жейді, ақыр соңында қарнын сипалаудан аспай диванды күзетеді. Әрідегі бар бітіретіндері асүйде жүрген ошақұстарларына жекіргеніне мәз. Сонда деймін-ау, сонда олар өздері не тындырдым деп күпсінеді, ә? Бақсам, бақа екен демекші, байқасам Жаратқан ием еркек атаулына астамдықты жазғандай екен. Күш астамдығы, күпініс астам­дығы, қала берді күпірлік астам­дығы. Сен де солардың қата­ры­нан­сың, айналайын. Бірақ сенің сәл басқарақтығыңа көзім жетеді. Өйткені, ақынсың, ақын болған­нан кейін дүниені қабылдауың өзгелерден бөлекше болуға тиісті. Сондықтан мынаны айта қойшы, осыдан бес ғасыр бұрын салынған Леонардо да Винчидің «Мона Лизасындағы» әйелдің жұмбақ жымиысын қалай түсіндіресің? Кейде ойланып отырсам, оның астарында мүлдем басқа тұңғиық жатқандай. Сонда ол не? Тылсым тұңғиығына бөккен қандай сыр? Ұғынуға миым жетер емес. Кәне, сыбырлап жіберші мендей бей­бақ­қа.
Жөпелдемеде не айта қой­ған­даймын, кібіртіктей қалға­ным­да ақсары апай иығындағы гүлді орамасын түзей ойын әрі қарай сабақтады:
– Бүгінгі жастарға Лизаның жымиысын аңдау неге керек? Қазір көшеге шығып кетсе он, қаласа жиырма қыздың езуінен күлкі көре алады. Солай емес пе? Жарайды, мұны кейінге қалдыра тұрып Перовтың «Асудағы аңшы­лар» картинасына көңіл ауда­райық. Ана, атып алған олжаларына қоқиланған үш аңшының суретін айтамын. Олар несіне мәз-мәйрәм?
– …
– Міне, көрдің бе, шырағым, сендер жансыз мозайкалардың әсерімен жетілген ұрпақсыңдар. Сондықтан жандыдан гөрі жансызға жақынсыңдар, яғни жасандыға үйірсексіңдер. Тыңда ендеше, жұрт Лизаның жымиысынан нәзіктік пен сұлулықты аңдаса, мен мысқыл ұшығын көргендей боламын. Өмірге деген, бағанадан бері айтып тұрған еркектің астамдығына деген мысқылды. Ал ана үш аңшыда мүлдем ұят жоқ сияқты. Түрлеріне қарашы, тоғышарлықтың то­мырт­­қасын шайқап ішіп отыр­ғанға ұқсайды ғой, ә?!
Ол мырс ете қалып, артынан орамасының шетімен аузын баса қойды.
– Айып етпе, қайным. Анда-санда осылай желігіп алмасақ бір сарынды тірлік әбден мезі еткен қатындармыз біздер. Алғашында сені «сыйлық» деп ойлағанмын. Сатып алуға да ниетім ауған. Әйткенмен кейіннен еркіндігіңді көріп, райымнан қайтқанымды жасырмаймын. Ертеңің бар, жалпы есіңде жүрсін, «сыйлық» деген біздің айналамыздағылар­дың ғана алданышы емес, қала байшыкештерінің өздерінше ойлап тапқан бір ермегі…
Апайымыз мен жаққа көз қырын салар емес, түрлі-түсті ұсақ тастардан қиюластырылған суретті тамашалағандай соған қадалып қалыпты.
– Сен осы кімсің: бойдақ­пысың, әлде боркемікпісің? – деп сұрады әлден шамада дауысы тарғылдана.
– Әзірге бойдақпын.
Оқыстан жалт бұрылды.
– Шалбар ауын несіне бостан-босқа дымдап жүрсің, ә?!
Шаңқ еткен дауыстан шошып кетсем керек, ақсары апай сәл жымия қабағын керді.
– Мен әйелмін, шырағым. Әйел болғаннан кейін айдай дүниені алақанымнан айырғым келмейді. Сен де есіңді жи, айналайын. Бойдақ болсаң тіптен жақсы. Ана бұрышта отырған үріп ауызға салғандай қызды көрдің бе? Түйсігім алдамаса – әлі бұзылмаған бала. Соны жетекте де кет мына жерден. Неғұр­лым тезірек жоғалсаңдар сол­ғұр­лым ана қызға да, өзіңе де сауапты іс істейсің. Түсіндің бе?
Ақсары апай бұдан әріде мына жерде аялдаудың жөні жоқ деп тапты ма, қонақтар жиналған бөлмеге қарай аяңдап бара жатып, орта жолға жеткенде кенеттен кілт бөгеліс тапты:
– Қайным-ау, жындыхананы бірнеше жыл басқарған адамның өзі де жынды болып кетеді деуші еді, сол рас та шығар. Шашылмай жүргенімізге тәубе дейміз біз. Басқаша жағдайда өлең мен тақпақты айыра алатын едік қой, – деді сонсын жымиып. Онымен де тоқтамады:
«Келші, көзім,
күн бетіңді көрейін,
Сүйші, сәулем,
тұншығып мен өлейін.
Жет, жұлдызым,
жылжып қана жібектей,
Жұлдызды – жүзік,
Айды алқа ғып берейін, –
деп Мағжан ағамыз үздіккен әйелзатынанбыз ғой, айналайын, айып етпегейсің… – деді тағы сампылдап.
Екеуара әңгімеге нүкте қойыл­ғанын екеуіміз де ұққандай едік…

***
Ақсары апай меңзеген қызды әуелден аңдағанмын. Қонақ қабылдар үлкен бөлменің бір бұрышына қойылған жеке столда күнұзақты жападан-жалғыз тапжылмастан отырған. Ешкіммен араласпай, тек алдындағы журнал ма, әлде кітапша ма, бірдеңені ақтарыстыра қарағанына сайып оны даяшы, болмаса осы жерде жұмыс істейтін бір қызметкерге балағанмын. Сөйтсем, «сыйлық» екен ғой. Мұндайды кім көрген? Көрмек тұрмақ бұрындары есті­сем керең болып қалайын.
Адам деген де түсініп болмас қызық жаратылыс иесі ғой, бағана ғана елемек түгілі елең етерлік ілтипаттан қашық қызға енді қабақ астынан ұрлана көз тастайтын, тастағанда да ұзақтау қарап қалатын әдет тауып алдым. Біртүрлі жаратылған жан сияқты. Төзіміне ішек тартқандайсың. Орындығына желімделіп қалған­дай тыпыр етпейді-ау, тыпыр етпейді. Ең құрымаса жан-жа­ғын­да болып жатқан қимыл-қозғалыстарға бір мезет елең етсе-ші. Жоқ. Дүние бөлек, ол бөлек. Екі бөлектің бір бүтіндікке сыйыспайтынын дәлелдегісі келгендей тым марғау.
Жақындасуға ниетім ауды. Жоқты-барды қотарыстырып әңгімелескім келді. Батылдығым ұстап жанына қалай жеткенімді байқамадым. Таныстық. «Айлас әйел – мұңдас» дегендейін, мына бейтаныс ортадағы екі оқшау жан тез-ақ тіл табысып кеттік. Жиырманың ол жақ, бұл жағын­дағы сүп-сүйкімді бойжеткен. Есімі – Назгүл.
– Жұмысқа жаңадан тұрдым ғой, – деді өз жайынан хабар бер­генде, – Содан басшымыз: «Мына мекен-жайға, мына кісі­нің алдына барасың да «мен сый­лық­пын» дейсің. Болды. Қалға­нын жағ­дай­­ға қарай өздері шешіп алады», – де­геннен кейін келген­мін. Ен­ді­гі отырысым осы. Бір адам елеп-ек­ше­ген емес. Қызық өздері…
Бесік табы жанынан кетпеген бейкүнә бір жан. Өзін керемет тап­сырма атқарып жүрген қыз­мет­­кер есебінде сезінеді. Ақсары әйелдің күдігі шынға айналып, басына іс түссе қайтпек? Арам қатқаны ғой…
Сөзінен тағы аңғарғаным, қалаға жақында келген. Жездесі мен апасының қолында тұрады. Елдегі колледжді тәмәмдапты. Содан әке-шешесіне қолғабыс жасап жүріп артынан ерген сіңлі­сі жетілгесін үлкен жерге жеткен. Қазір бір жекеменшік сауда орнына тұяқ іліктіріпті. Барып кел, шауып келдің адамы. Бары осы.
– Мына жерде біреу-міреу көз сүзеді немесе әлденеге қолқа салады деп қорықпайсың ба? – деген сұрағыма көзі бақырая, түрі бұзыла қарады.
– Ой, ағай, сіз де айтасыз-ау! Мұнда жүргендер, әнеу бір-екеуі­нен басқасы, әкем, тіпті атам қа­тарлы жандар емес пе! Ұят та…
Ұят, аятқа сенеді. Жабайы табиғаттағы сияқты бірін-бірі түтіп жеген ашкөздік пен қор­қаулықтан мүлдем хабар-ошар­сыз. Мұндай да болады екен-ау. Әлде мына қыз жерде қалтыл­даған пенде атаулыдан емес, аспаннан салбырай түскен періш­телер қатарынан шығар? Ол да мүмкін. Өйткені, тым аңғал. «Ана жерде өгіз бұзаулап жатыр» десең «уызға жарыйтын болдық» деп қарап тұратынның нағыз өзі.
Аянышым оянды. Тіпті, одан да бөлек бір сезім жүрек тұсымды түрт­кілегенін жасырсам өтірікші атанатынымды ұққаным енді ғана.
– Сәлден күдіктенсең маған айт. Ешкімнің басынуына жол бермеймін! – дедім еркінси. Ас­пан­ды қос қолыммен тіреп тұр­ған­дай батыл сөйледім. Назгүл сенді. Сенгені ғой:
– Рахмет, ағай! – деді нұрлана, – Мынадай жат ортада сүйенішім, әрине, сіз ғанасыз!
Алақаныма әлем сыйып кеткендей сезімде тұрдым.

***
Сең екінші отырыстан кейін қозғалды. Әуелі қызылсудың жүргенін байқатқан еркектерге тән екеу ара, үшеу ара сыбыр-күбір көбейіп, артынан бүгінгі дастархан иесі әрі мына ғимарат­тың қожайыны домалаңдаған қызылшырайлы жігіттің пәр­ме­ні­мен қуыс-қуыстың бір бөлігіне жасырынған бөлмеге қарай ем­пең­деген қызметкерлер өз істерін тындырып қайтқан мұғдарда қонақтар бір-біріне ым қағысып, содан әріде зерлі таяқ ұстаған үлкен кісіге демеу білдірген бір-екі жан оны әлгі бөлмеге қарай бастай жөнелді.
– Бұқаның өзі қартайғанмен танауы қартаймайды деген осы екен-ау!.. – деді мынаны көргенде Болатай басын шайқай тұрып.
Селк еттім.
– Танауы несі? Мына шалдың оған не қатысы бар?
Ауылдасым езуін құлақ түбіне жеткізе ыржиды:
– Жас иіс дегенің өлген еркек­ті көрден тұрғызатынын білмеуші ме едің…
Денем түршікті. Жаным мұ­ры­­нымның ұшына тығылды.
– Сонда жас иісің анау «сый­лық» қыз болғаны ма?
– Басқа кім деп едің? Ол – сыйлық. Ал сыйлықты сандыққа салып тастағаннан қызықтаған жақсы.
Міне, мәселе қайда! Ақсары апай осыны білген екен-ау!
Қызға жетуге асықтым. Наз­гүл ештеңеден хабарсыз. Қос бетіне қос шұңқырын қондырып алып жымияды келіп.
– Тез қарамызды батырайық, әйтпесе жаман болайын деп тұр! – дедім алқынып.
Қыз иығын қиқаң еткізді.
– Жаманы несі? Не жаман?
Басыма қан тепті.
– Енді сәл кешіксең еркектер­дің қолжаулығына айналасың!
Сенетін емес:
– Қойыңызшы, қара аспаннан қан жаудырардай не кө­рініп­ті… – дейді еркелеген сыңайда. – Мен ешкімге жаманшылық жасамаған сияқты едім…
– Сен жасамасаң олар жасайды, білдің бе!
Ары қарай сөзіміз үзіліп қал­ды. Жанымызға әлекедей жалаң­ған жігіттер келіп қалған екен.
– Сізді «босс» шақырып жатыр, – деді оның бірі сыпайы.
– «Босс» деген кім?
– Бастығыңыз сізді кімге жібе­ріп еді – сол адам. Жолығып ке­тсін дейді.
Назгүл маған қарап жымиды. «Көрдің бе, олар бассыздыққа бармайды», деген астар бар мына көзқарасында.
Қыз бен нөкерлер әріге беттегенде ішімді аш бөрілер тырмалады. «Неге жібердім. Қолдарын­да өлуім керек еді!» Мұны ойым айтқанымен ықтиярым әрекетке барар емес. Сәл қозғалсам ана жігіттердің шыбын сияқты қа­быр­ғаға жапсыра салатынын бі­ле­мін. Сонда не істесем болған­дай?
– Жігіт емес, мігіт екенсің! Саған үміт артқан мен ақымақ­пын! – Ақсары апамыз ашудан булығады. – Кетіңдер дедім ғой мен сендерге! Қараларыңды батырыңдар дегенмін…
Ауызыма сөз түсер емес.
– Мен… мен…
– Құры әрі!.. Ертеңгі күні біреу сені де тірегім бар деп ауызынан ақ көбік ағызады-ау!..
Ақсары апайдың соңын ала Болатай жақындады. Мына болып жатқандай оқиғаларды көре-көре еті өліп кеткендіктен бе ештеңені уайымдап, ештеңеге бас қатырар сыңайы байқал­майды.
– Әй, бүгіндікке осы да же­теді, енді қайтайық, – дейді қа­на­ғат күйде.
Көр-жерін тегіс қотарысты­рып боқтағым келді. Батылым жетпеді.
Маған салса қызды күтпегім бар-ды. Бәлкім, бөрі тісі тимейтін шығар деген үміт алыстан ыңыр­сы­ғандай болған. Бірақ… Басқа­ша шықса ше? Қыз көзіне қарауға батылым жетпейтінін түсіндім.
Болатайдың соңынан түн қараң­ғылығына сіңісе салпақтап бара жатқаным есімде…

ПІКІРЛЕР2
Зарема 27.08.2017 | 21:11

Бүгінгі күннің нағыз шындығы осы. Алами құндылықтан ақша құндылығы асқан заманда әлі талай сұмдықтарды көреміз. Әңгіме өте шынайы, әрі көркем жазылған!

Маржан 28.08.2017 | 14:33

Адамның санасына қатты әсер ететін дүние екен. Сүйсініп оқыдым!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір