Адамдарды жақындастырады…
18.08.2015
1282
0

5Өткен жылдың қараша айында Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшілігінің бастамасымен және «Литературная газетаның» ықпалдастығы арқасында Қазақстан мен Ресей шығармашылық интеллигенциясы өкілдерінің кездесуі өткен болатын.

Бақытжан ҚАНАПЬЯНОВ,
ҚР еңбек сіңірген қайраткері

Шынын айту керек, Қазақстан мен Ресейдің Олжас Сүлейменов пен Владимир Личутин, Төлен Әбдіков пен Георгий Пряхин, Нұрлан Оразалин мен Юрий Поляков, Ұлықбек Есдәулетов пен Сергей Мнацаканян, Әлібек Асқаров, Дидар Амантай және Максим Замшев сынды белгілі жазушылары мен ақындары, сыншылары мен әдебиет зерттеушілері келелі кеңеске бас қоспағалы бірталай уақыт болған еді. Сол себепті осы кездесу шеңберінде «ХХІ ғасырдағы Еуразиялық кеңестегі әдеби-көркем шығармашылық үдеріс» дейтін тақырыпта пікірсайыс мәжілісі болып, іскерлік және емін-еркін жағдайда бауырлас екі ел жазушыларының өзара ықпалдастығы мәселелері талқыланды.
Осынау есте қаларлық кездесудің нақты бір нәтижесі – «Қазақстан – Ресей» әдеби альманағы мен «Литературная газетаның» тоқсан сайынғы қосымшасын шығару туралы екі жақты шешім болды.
Әдеби альманахтың алғашқы, тырнақалды нөмірінің өзі-ақ «әркіммен бірге» дейтін ұғымның кілті деуге лайық атқа ие болды. Қазақ әдебиетінің ақсақалы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Ақшатау» атты туындысы жас шамасы бойынша да, мерзім-мезгілі жөнінен де бір кезде КСРО Жазушылар одағы мен «Новый мир» журналын басқарған, жақында арамыздан кеткен Кеңес Одағының Батыры Владимир Карповтың «Қайыршының нанымен» астасады. Олжас Сүлейменовтің, Владимир Костровтың, Валентин Сорокиннің, Евгений Рейннің, Нұрлан Оразалиннің, Сергей Мнацаканянның, Ұлықбек Есдәулетовтің өлеңдері, Әбіш Кекілбаевтың, Владимир Личутиннің, Сергей Есениннің, Төлен Әбдіковтің, Виктор Прониннің, Юрий Поляковтың, Әлібек Асқаровтың, Ғалым Жайлыбай­дың, Юрий Козловтың әңгімелері және повестерінің үзінділері, сондай-ақ Қазақстан мен Ресейдің басқа да белгілі және әзірше жұртшылық назарына көп іліне қоймаған жазушылары мен ақындарының шығармалары «Қазақстан – Ресей» әдеби альманағының ортақ қазанында тоғысқан.
«Жаңа кілт пен соны леп жаңаша саралауды қажет етеді, өзгеше көзқарасты қалайды, – дейді Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті елшісі Марат Тәжин нөмірге жазған алғысөзінде. – Сондықтан, сірә, әдеби үнқатысудың пішімі де өзгеруі керек сияқты. Қазақстандық-ресейлік салиқалы әдеби альманах тек әдеби ғана емес, тұтастай культурологиялық пікірсайыстың да іргетасын қалай алған болар еді».
«Қазақстан – Ресей» альманағы бес бөлік-тараудан тұрады да авторлары соларда өз елдерінің әртүрлі өңірлерін: Мәскеу мен Астананы, Алматы мен Вологданы, Иркутскі мен Таразды, Орал мен Воронежді таныстырады. Ал жас жөнінен – 28 жасар Әлібек Байбол (Қазақстан) мен 30 жасар Андрей Антипиннен (Ресей) бастап, 80 жастағы Владимир Костровқа және 90 жастағы Әбең Нұрпейісовке дейін қамтиды. Ал альманах Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Президенті Владимир Путиннің лебіздерімен ашылады. Әрі бұл дәйексөздер әдеби альманахтың қысқа да нұсқа эпиграфтары қызметін атқарады.
Н.Назарбаев: «Біз өзімізді мәдени кілтіміз: тілімізді, руханиятымызды, дәстүрлерімізді, құндылықтарымызды сақтаған жағдайда ғана уақыт талабына сайма-сай жауап бере алатынымызды ұмытпауымыз керек… Егер ұлт өзінің мәдени кілтін жоғалтатын болса, онда ұлттың өзі де бүліншілікке ұшырайды. Оған жол беруге болмайды!»
В.Путин: «Өз мәдениетімізді, өз тілімізді, әдебиетімізді сақтау арқылы біз өзімізді ұлт ретінде, халық ретінде, ел ретінде сақтаймыз. Сөйтіп мыңдаған жылдық Ресей Ресей болып қалады».
Бұл сөздер альманахта екі тілде – қазақ және орыс тілдерінде берілгенін атап өту керек.
Бүгінде, Ғаламтор заманында, әлемдік ақпараттық шытырмандағы сан алуан анықтамалықтар мен әдеби сайттар жағдайында түрлі-түрлі әдебиеттің жақсысын да, өте жақсысы мен ортақолдысын да шығару толас табар емес. Сығымдалған уақыт өз дегеніне көндіріп, оқырманның кітаппен оңаша қалуына, айталық, Лев Толстойдың жүз томдық басылымын, қазақ сөз өнерінің кемеңгері Мұхтар Әуезовтің елу томдық шығармалар жинағын немесе О.Генридің үш томдығын оқуына мұршасы бола бермейді. Жаңа ғасырдың және жаңа мыңжылдықтың оқырманы өзінің бойына белгілі бір жазушы шығарма­лары­ның сығындысын сіңіруге неғұрлым бейілді. Мұның жақсы, яки жаман екенін айта алмаймын. Бірақ ақыр осындай кезеңде өмір сүріп отырғандықтан өткеніміздің көркем өлшемдерінен жаза баспай, бұрынғы ғасырлардың бай әдеби мұрасын танып-біліп, соған сәйкес болуымыз керек. Ал бұл ретте бізге сол «сығындыны» бойына сіңірген альманах көмекші болмақшы.
«Қазақстан – Ресей» альманағы екі елдің елу авторының туындыларын қамтиды. Ал бір бөлім тек қазақ тіліндегі шығармалардан тұрады, яғни бұл альманахтың алдағы нөмірлерінде басылатын жаңа аудармалар болады деген сөз. Өзінің географиялық орналасуы жағынан Қазақстан Қытай мен Ресейдің екі ортасында жатқаны белгілі. Қытайда қыруар баспалар бар, соның біразы – ұлттық баспалар (өйткені, бұл – 1,5 млрд халықтан құралған қырық рулы ел ғой). ҚХР-да қазақ, қырғыз, ұйғыр және басқа тілдерде кітаптар шығады. Негізгі әдебиет қазіргі қытай тілінде басылады.
Басқа держава – Ресей болса, онда да сол елді мекендейтін ұлыстардың тілінде көптеген әдебиет жарық көріп жатады. Ресей баспалары толып жатқан анықтамалық басылымдарды да шығарады. Солардың бірі – «100 ұлы…» деп аталатын серия. Жазушылар да, суретшілер де, композиторлар да сонда. Біреу-міреу туралы білгісі келетін оқырман белгілі бір автордың шығар­ма­ларын өзі іздеп табады. Сөйтіп, анықтамалық әдебиет өзінің қабыл­дауға арналған бастапқы міндетін атқарады, яғни оның тәрбиелік мәні бар, сондықтан ол оқырманның уақыт ағымына ілесуіне көмектеседі. Осының бәрінде әдеби альманахтың атқаратын қызметі орасан. Бұл – жылдың әдеби өмірі ғана емес, сонымен қоса өткен жылдардың бай мұрасы да.
Кез келген альманахты құрастыру кезінде сапаның дербес талғамдық өлшемдері қағажуланған құрастырудан қашанда басым болып отырады. Сондықтан альманах атаулы былайша құрастырылады: мына елдің әдебиеті бар, ана елдікі жоқ, сондықтан оның орнын толтыру керек; мына мемлекет­тің немесе өңірдің өкілі бар, аналардан ешкім жоқ. Мен өзім мұндай альманахты өлі туған деп есептеймін, өйткені, одан бір кезде Давид Самойлов «жан-тәні» деп атаған сиқырлы нәрді таба алмайсың. «Қазақстан – Ресей» атты әдеби альманахтың қандай болып шыққанын мен айтпай-ақ қояйын, тек айтарым: жарты жыл уақытымды мен соның тілеуімен өткіздім, сондықтан өзімнің жеке көзқарасым бойынша, ол әдеби ойдың мерекесіне айналған сияқты. Әр алуан әдеби ағымдардың үлкен-кіші өкілдерінің, Қазақстан мен Ресей ұлттық әдебиеттерінің түрлі жанрларының ой-сана мерекесі.
Әрі, әлбетте, сонау кеңестік кезеңдегі тартысты-тайталасты пікірлермен әйгілі болған Лев Аннинскийдің альманахқа жазған соңғы сөзіндегі: «…тілектестік те, аяушылық та, пәруанашылдық та адам табиғатына сай… Ізгіліктің табиғатына сүйене отырып жаманшылықтың табиғатына қарсы тұруға тура келеді…, ал жұмақтың тамұқпен осынау тайталасынан қашып құтылу мүмкін емес. Оның бұрылыс-бұралаңдары бұлтартпас сипатта. Әрі беймәлім. Демек, тағдырдың кез келген бұралаңына дайын болу керек. Әрі өз тағдырымыз­дың сазайын тартуға тиіспіз. Ал егер оны таңдайтын сен емес, өзіңді туғызған халықтың, сенің рухыңды айқындайтын мәдениеттің, өзің шеткері аттап баса алмайтын әлеуметтік шеңбердің еркімен сені таңдайтын оның өзі болса – өз тағдырың үшін бәрібір сен есеп айырысасың. Қалай? Беймәлім. Бұлтартпас түрде», – дейтін пікірі үш есе рас. Меніңше, бұл есеп айырысу тек өзіңіздің әдеби шығармашылығыңыз, өз туындыларыңыз, кітаптарыңыз, оқырмандармен кездесулеріңіз арқылы, жаңа ғана жарық көрген «Қазақстан – Ресей» атты әдеби альманахтың беттері арқылы болмақшы.
Біздің альманах-керуеніміз осы ғасырдың жолдары мен соқпақтарына түсіп, сапарға шыққаны бір ғанибет болды. Ежелдің ең әрісінен белгілі жайт: керуенбасылардың жолға қазинелі тауарларымен бірге елдің рухани байлығы – кітаптарды да ала шығатын дәстүрі болған. Ал ондай керуен әмсе адамдардың жан-дүние­сіне мәдениеттің ұрығын себетінін және білеміз.
«Қазақстан – Ресей» әдеби альманағы туралы жазбаларымды ақын әрі драматург, өзіміздің Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалиннің сөзімен аяқтасам деймін: «Біздің елдеріміздің жазушылары, – деді ол, – дәл осындай кездесуге, Еуразия кеңістігіндегі ХХІ ғасыр әдебиетін дамытудың аса маңызды мәселелері жайындағы осындай байыпты әңгімеге көптен ділгер болып келгенін жасырмайық. Тұтастай әдебиет тағдыры сөз болғанда ол Ресейдегі, Қазақстандағы, Беларусь­тегі, Қырғызстандағы немесе Жапония­дағы, Франциядағы, Қытайдағы, Түркиядағы – қай елдегі болсын әдеби-көркем үдерістің кез келген жағын, қандай да қырын қозғасын мейлі, ең басты проблеманы – Адам мен Уақыт жайын аттап өте алмайды!».

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары әдеби ортаға кеңінен таныла бастаған Сергей Мнацаканянның поэзиясы қала тіршілігін жырлаумен оқшауланған болатын. Виктор Быков, Николай Старшинов, Михаил Львов, Владимир Костров сияқты үлкендердің қолдауымен КСРО жазушылар одағына қабылданып, оқырман жүрегінің төрінен орын алған даңқты ақынға айналды. Жалпы таралымы төрт миллионнан астам поэзиялық кітаптардың авторы болды. Одан бөлек проза жазып, «Литературная газета» бетінде ақындар туралы толғамды мақалаларын үздіксіз жариялаумен келеді. Өлеңдері неміс, португал, испан, серб, армян, грузин, чех, поляк, болгар тілдеріне аударылған ақынның бір топ өлеңі қазақ тілінде.

Сергей Мнацаканян
(Мәскеу)

***

Махаббат та,
Тағдыр да дерек, елес,
Майдан кешіп келемін күзгі белде.
Ешкімге де ештеңе керек емес
Сенімдері азайған біздің елде.

Жер бетінің тозағы көп көргенім,
Сұлулықты сүймейтін қаңғып елі.
Ешкімге де ештеңе…
Шектелгенің –
Есепшотта көк қағаз бар білері.

Керек емес шынымен ештеңе де,
Дүниенің дүбірі ішіндемін.
Мөлдіреді көздерің кеште неге –
Дірілдеді саусағың түсінгенім…

Романс

Сүйкімді әйел, жайланасың,
Тұл кеңістік танып қал!
Көлеңкеге айналасың –
Көлеңкеде жарық бар!

Қас-қағым сәт ұмытылмайды,
Сол бір мұңды шақтарың.
Күзгі көңіл бір тынбайды
Қасіреті қап-қалың.
Сүйкімді әйел,
қанатты арман,
Жүрек жиі соғып тұр.
Бұл беттер де парақталған
Екі ғұмыр тоңып тұр…

Желтоқсан

Не екісі, не үшінде жүректің,
Тамырлары жарылғандай күй кешіп.
Сетінеген мына әлем,
Жүдеттің –
кетем қалай үйлесіп.

Бір білерім жарықшақтар жердегі,
Арғы жағы мен көрмеген бір әлем.
Сол бір әлем жүрегімді емдеді
Менде соған құмар ем…

Пойыздар да,
ұшақтар да бармайтын,
Сол бір әлем ғажайыптай мен үшін.
Қызыл-жасыл көңілімді арбайтын
Кеңігендей өрісім.

Шыбық біткен ырғалады, зор бақыт,
Құрлықтарды көлеңкелер байлайды.
Ұясында тіршілікті толғатып –
Көгілдір құс жүрегімде сайрайды.

Орыс тілінен аударған
Ғалым Жайлыбай.

Максим Замшев шығармашылығы поэзия, проза, сын жанрларымен байланысты. Алдымен ақын ретінде танымал болған Максим «Московский литератор» газетінің бетінде сыни талдау мақалаларымен де көзге түсті. «Аңсар» өлеңдер жинағы оқырмандар мен әдебиетшілер тарапынан жоғары бағаланды. Петр Проскурин, Владимир Фирсов, Николай Федь, Валентин Сорокин сияқты үлкен қаламгерлер ықылас білдерген Замшев Мәскеуде поэзиялық кештердің ұйымдастырушысы әрі белсенді қатысушысы.

Максим ЗАМШЕВ
(Мәскеу)

***

Жерге алыс жұмақ құшағы,
Құпия перде – құр елес.
Кейіпкер ажал құшады,
Әйтпесе пьеса – түк емес.

Алмалар! Тыңдап қарашы,
Мендегі тасқын тылсымды…
Тәуірі осы шамасы,
Әуендер үнсіз күрсінді.

Көлеңкем емес бойға дәл,
Шапандарымды шешейін.
Көретін түс пен ойға обал,
Басқаның бәрі әшейін.

Басқаның бәрі биікте,
Басқаның бәрі өрледі.
Сүймей де көрді, сүйіп те,
Кетті адам, қайтып келмеді.

***

Шеттеп жастық жағасынан,
Желкендері күнге ағарып,
Ақ мұнарлар арасынан
Барады өтіп жылдар ағып.

Кетті жүзіп балалық шақ,
Кекілінен самал өпкен.
Күрсініп ап тұрмын аңсап,
Күндерді ойлап арада өткен.

Жастық шақты қайтар, айдын,
Жасырынған трамвайда.
Қайырмасын қайталаймын,
Үнсіз шырқап бір әнді ойда.

Қайырылмай кетті-ау күндер
Қақпақылдап тәлейімді.
Өзгермейтін өтті-ау күндер,
Өзекті өртеп өгей үнді…

Қабақ түйді қарсы алған күз,
Кеп қалды ма мосқал шақ та?
Жүзіп бара жатқан жанбыз,
Кідірсек те, тоқталсақ та.

Төгіп түннің бұлты қайғы,
Қарайған топ көз тігеді.
Мұңлы сәуле жылтырайды,
Керуен көшіп, ит үреді.

Аққулар да алыс қалды,
Көзден көшті көнежелкен.
Армандар да жанышталды,
Құрғыр көңіл көне ме екен.

Мақұлықтай есіл-дүрміз,
Ұмытылдым, неге өшпейін.
Ақ мұнарды кешіп жүрміз,
Көрінбейтін елестейін.

Аударған  Кәдірбек Құныпияұлы.

ПІКІР ҚОСУ