Туризмнің болашағы – сапалы қызмет
Әлемдік тәжірибеде туризм ерекше табыс көзіне айналып отыр. Халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтерудің ең тиімді жолы да туризмді дамыту болып саналады. Өкінішке қарай, шетелдермен салыстырғанда, Қазақстандағы туристік қызметтердің тым баяу қарқында жүзеге асып жатқаны байқалады. Еліміздегі табиғаты көз тартарлық әсем жерлерді өзгелерге таныстырып, қызықтырмақ түгілі, өзіміз онша біле бермейтініміз де жасырын емес. Бұдан бөлек, мамандардың аздығы мен осы сала бойынша жарнама жұмыстары да көңіл көншітпейтінін айтуға тиіспіз. Осы орайда еліміздегі туризмнің бүгінгі жағдайын зерделеп көру мақсатында Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданында орналасқан «Сарыағаш» емдеу-оңалту кешенінің дәрігері Айтбай Тәсілов мырза мен «География институты» ЖШС туризм және рекреация географиясы зертханасының меңгерушісі Кәмшат Егембердиева ханымды әңгімеге тартқан едік.
– Қазақстан жаңа халықаралық туристік бағыттар бөлігінде әлі де онша таныла қоймаған секілді. «Қазақстан» сөзі жиі айтылғанымен, арнаулы туристік имиджі жоқтай көрінеді. Осының себебі неде?
Айтбай Тәсілов,
«Сарыағаш» емдеу-оңалту кешенінің дәрігері:
– Мен туризм саласының нақты маманы емеспін. Бірақ менің байқауымша, еліміздегі көрікті жерлерді, тарихи орындарды жарнамалау, сервистік қызмет көрсету жағы онша дұрыс жолға қойылмай отырған секілді. Туризмнің қыр-сырын жете меңгерген мамандардың аздығы, бар болса да олардың өз деңгейінде жұмыс жасамауы салдарынан біз шетелдіктерден артта келеміз. Өзге мемлекеттер туризм арқылы әлеуметтік-экономикалық жағдайын түзеп отырғаны рас. Егер біз де солар сияқты осы салаға тиісінше көңіл бөлетін болсақ, әлеуетіміз бүгінгіден әлдеқайда жақсарар еді.
Бұрынғымен салыстырғанда қазір туризмге мемлекет тарапынан біраз қолдаулар жасалуда. Мәселен, әр өңірдегі туризмге лайықты жерлерге баратын жолдарды жөндеу, сырттан келген қонақтарды күтетін кешендер ашу, оларды жарақтандыру деген секілді бірталай жұмыстар атқарылуда. Десе де, осы төңіректе қызмет етіп жүрген мамандарды сауаттандыруға әлі де болса күш салуымыз қажет. Мамандарды Еуропаға, Ресейге, көршілес жатқан Қытайға, Түркияға жіберіп, сол елдердегі туризмді дамытуға тиімді әдістерді үйренуіне мүмкіндік берсек, осы салада үлкен табыстарға жетуге болады деп ойлаймын. Сырттан келген меймандарға қазақ халқының өмірінен хабар беріп қана қоймай, салт-дәстүрімізді, ұлттық мәдениетімізді таныстыру арқылы олардың көңілінде жақсы әсер қалдыра алатын мейірбан жандар болуы шарт деп санаймын. Ертедегі ата-бабаларымыздың қонақжайлық дәстүрін сақтай отырып, оны жалғастыра білуге тиіспіз. Өкінішке қарай, қазіргі кезде келген қонақтардың қалтасындағы қаржыны қағып алуды ғана ойлап, атүсті қызмет жасайтындар көптеп кездеседі.
Кәмшат Егембердиева,
«География институты» ЖШС туризм және рекреация географиясы зертханасының меңгерушісі:
– Иә, әлемдік статистиканы қарасақ, туризм мұнай мен газ және металлургиядан кейінгі ең үлкен табыс көзі болып табылады. Сондай-ақ, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын ешқандай шикізат көздерін өндірмей-ақ дамытуға болатын саланың бірі. Туризмді дамытудың тиімділігі сол, тек қана сапалы қызмет көрсету арқылы жетістіктерге жетуге мүмкіндік береді. Біздегі туристік қызметтерді жоғары деңгейге жеткізу үшін ең алдымен туристік имидж деген ұғымды түсініп алуымыз керек. Туристік имидж дегеніміз ол – еліміздің ішкі туристік әлеуетін ашып көрсететін қасиет. Менің ойымша, қазіргі кезде Қазақстанда туризм саласының кенжелеп тұрған себебі, ғылыми негізделген зерттеулер жоқ. Өзіміздегі барымызды жарқыратып көрсету жағынан қабілетіміз төмен болып отыр. Еліміздегі туристік нысандардың бір жүйеге келтірілген базасы да жоқ деуге болады. Бізде қандай ресурстар бар екенін білмей тұрып, бұл саланы басқара да, дамыта да алмаймыз. Ресурстарды анықтап алғанда ғана оны бағалау жұмыстары жасалып, нендей шаруалар атқарылуы керек немесе қандай әдіс-тәсілдерді қолдануымыз қажет деген сияқты мәселелер оң шешімін табады. Әлем бойынша осы салада экономикасын түзеп отырған елдердің қатарына Қазақстан да қосылғысы келеді. Осы бағытта түрлі шаралар жасалуда. Қазіргі кезде 2020-шы жылға дейін туризмді дамытуға бағытталған заңның жобасы бар. Бірақ ол әлі де болса аз, жеткіліксіз…
– Елімізде табиғаты бай жерлер көп-ақ. Соларды өз игілігімізге пайдалану үшін не жетіспейді?
Айтбай Тәсілов:
– Қазақстанда табиғаты ерекше, көз тартарлық жерлер көп. Алайда, өзіміздегі барды өзгелерге көрсете білуді үйренбей жатқандаймыз. Жаңа айтып өткенімдей, бізге тарихты жақсы білетін, халықтың игілігі үшін жұмыс жасайтын азаматтарды тәрбиелеу керек. Қазақстанның қай түпкіріне барсаңыз да, тарихи орындарды кезіктіруге болады. Тек соларды тарихи оқиғалармен немесе әдеби шығармалармен байланыстыра отырып, ағылшын, орыс, қытай, тіпті француз тілінде жақсылап таныстыру жолға қойылса, әр адамның есінде қалады. Меймандар өз еліне барғанда да қатты әсерленіп айтып жүрсе, өзгелердің қызығушылығын арттыра түссек, нұр үстіне, нұр емес пе?!
Кейде теледидардан саяхат жасауға келген шетелдіктерді ертіп жүрген мамандардың жұмысына қарап қарның ашады. Бұл салада қызмет ететін әр адам үнемі ізденіп, өзін-өзі жан-жақты жетілдіріп отыруы керек қой…
Кәмшат Егембердиева:
– Еліміздің туристік нысандары орналасқан жерлерде инфрақұрылымның дамымауы, яғни алыс орналасқан көрікті жерлерге баратын жолдардың нашарлығы, қызмет көрсету деңгейінің төмендігі, т.с.с. көптеген қиындықтар бар. Туризм саласындағы білікті мамандардың жетіспеушілігі, жарнаманың жоқтығы да жұмысымызды кейінге тартып тұр. Алайда, бұл мәселе біртіндеп өз шешімін тауып келеді. 2000 жылдан бері еліміздің көптеген жоғары оқу орындарында осы сала бойынша мамандар дайындалуда. Сондай-ақ, Қазақстандағы туризм саласын дамыту үшін жүйелі ғылыми-зерттеулер жүргізілуде. Туризм индустриясының қарқындап өсуі үшін мемлекет тарапынан қолдаудың болуы өте маңызды.
– Туризм инфрақұрылымын дамытудың, елдің тартымды туристік имиджін қалыптастырудың, туристік әлеуетті арттырудың жолдары қандай?
Айтбай Тәсілов:
– Өзбекстанға барған меймандар сонау Ақсақ Темірдің заманындағы әуендерді салатын этнографиялық ансамбльдерді тыңдау арқылы сол дәуірді көз алдына елестетіп, тура көзбен көргендей әсер алады екен. Біз де солар сияқты қазақ халқының өмірін, мәдениетін насихаттайтын шаралар ұйымдастыруды ойлауымыз қажет секілді. Еуропадан немесе Англиядан келгендерге баяғы замандағы кесенелер жайлы мағлұматтар берсе, оларға біздің көне тарихымызбен танысу өте қызық болар еді. Жалпы, осы мәселелер мемлекет тарапынан қадағаланса деген ниеттеміз.
Кәмшат Егембердиева:
– Қазіргі таңда әлем тәжірибесіне сүйенсек, туризм инфрақұрылымының дамуы да, елдің тартымды туристік имиджінің қалыптасуы және туристік әлеуетті арттырудың жолдары да мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудан кейін ғана жолға қойылады. Мәселен, мемлекет тарапынан ірі инвестициялық жобаларға қомақты қаржылық көмек, салық төлемдерінің жеңілдігі, т.с.с.
Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі неше ғасыр өтсе де, бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы… Ішкі және сыртқы мәдени туризм халқымыздың осы қастерлі мұраларына сүйенуге тиіс…», – дей келе мәдени-географиялық белдеу қалыптастыруды тапсырған болатын. Осы бағдарламалар бойынша География институты оның ішінде «Туризм және рекреация географиясы» зертханасы Маңғыстау облысының туристік нысандарының құжатын жасап жатыр. Бұл зерттеу жұмысы табиғи ресурстар және табиғатты реттеу басқармасының қадағалауымен жүзеге асуда. Аталған зерттеу жұмыстарының нәтижесінде нысандардың барлығы бір жүйеге келтірілмек. Яғни туризм, табиғи ресурстар, мәдениет басқармаларының барлығы да өздеріндегі бар табиғи ресурстар туралы біліп отырады. Мұндай шаралар тек облыстар аясында ғана емес, бүкіл Қазақстанның территориясында жүргізілуі тиіс. Қазақстанның ішкі туризмін дамытудың, әлемге танылудың тиімді жолы ретінде 2016 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан «Nomad explorer» экспедициялары туралы айтқым келеді. Бұл экспедицияның мақсаты да Қазақстандағы ішкі туризмді дамыту және ел аралап, жер көруге қызығатын адамдардың басын қосып, сол адамдар арқылы әлеуметтік желілерде біздің ең әдемі, көрікті жерлерімізді насихаттау, халыққа таныстыру.
– Өзге ұлт өкілдері жаз мезгілін әр елдерге саяхат жасаумен, рухани күш жинаумен өткізеді. Олар тіпті осы демалыстарын алдын ала жоспарлап, соған керекті қаражатты жыл бойына жинап та қояды. Ал біз, яғни қазақ халқы әдетте жазды науқан ретінде қабылдаймыз. Десе де, қазіргі кезде біраз отандастарымыз түрлі елдерді аралап, тиімді демалыс ұйымдастыруға дағдыланған секілді… Жалпы, қазақ демалу мәдениетін қаншалықты үйренді деп ойлайсыз?
Айтбай Тәсілов:
– Өзім қызмет ететін «Сарыағаш» шипажайына көбінде қазақстандықтар келіп жатады. Ал шетел азаматтарын сирек көресіз. Қазіргі таңда біздің шипажай қандай мейман келсе де жоғары дәрежеде қызмет көрсетуге қолайлы дер едім. Бұл жерді де туризм орталығы жасап, басқа жақтарды аралатуға болады. Әзірге «Сарыағаш» шипажайы тек қана емдік, сауықтыру шараларымен ғана айналысады. Дегенмен, келешекте курорттық қалаға айналуы әбден мүмкін. Кисловодск, Железноводск, Қырымның курорттары сияқты үлкен курортттық қалаға айналуы әбден мүмкін. Мемлекет тарапынан қомақты қаражат бөлініп, Келес өзеніндегі көпір қайта салынды. Көшелердің барлығына жарық берілді. Түрлі құрылыстар жүргізілуде.
Кәмшат Егембердиева:
– Бүгінгідей жаһандану заманында жер көру, ел аралау халықтар арасында жылдам таралып келеді. Сондықтан да отандастарымыздың қазіргі кезде түрлі елдерді аралап, тиімді демалыс ұйымдастыруға дағдылана бастауы табиғи жағдай. Менің ойымша, демалу мәдениеті ең алдымен әр елдің экономикасы мен әр ұлттың менталитетіне байланысты қалыптасады. Ел экономикасының оң тенденциясы халықтың әлеуметтік деңгейін жоғарылатады. Осыған байланысты халықтың талғамы өзгеріп, сәйкесінше демалу мәдениеті де өзгерістерге ұшырауы заңдылық.
– Пайдалы демалыс жасау адам денсаулығына және өміріне қандай әсері беруі мүмкін?
Айтбай Тәсілов:
– Демалғанды кім ұнатпасын?! Демалысты тиімді ұйымдастыру адамдардың тұрмыс деңгейі мен жеке өміріне байланысты ғой…
Ғалымдардың айтуынша, жылына бір рет демалу – адамның өмірін ұзартады екен. Денсаулығының жақсаруына көп әсер береді.
Қазір шетелдерге саяхат жасаудан да, экзотикалық курорттарға бару жағынан да халқымыз ешкімнен кем емес. Кейбір азаматтар өз еліміздегі түрлі демалыс орындарында жазғы демалыстарын өткізуде. Жалпы, қалалық жерде тұратын адамдар демалу мәдениетін үйренді деуге болады. Ал ауылдық адамдар демалысқа қаражат жұмсағаннан гөрі, дүркіретіп той жасағанды дұрыс көреді. Не болмаса басқа нәрселерге жаратқанды қалайды. Соңғы уақытта біздің халық өз-өздерін қара жұмысқа жегіп жүр. Олай дейтінім, қарызданып, қауғаланып, несие алып кісі шақырады. Ал оны неше жыл бойы өтейді. Бұрынғы қазақтар да той жасаған ғой, тек олар біз секілді бір-бірімен бәсекеге түспеген. Барға қанағат тұтқан. Ысырапшыл болмаған. Жалпы, халықтың әлеуметтік жағдайы күннен-күнге жақсарып келеді ғой. Болашақта барлық адам пайдалы демалыс жасауға дағдыланады деп үміттенемін.
Кәмшат Егембердиева:
– Пайдалы демалыс жасау – адамның физикалық және рухани күшін қайта қалпына келтіру үшін қажет. Адам физикалық және ақыл-ой әрекетін уақытша тоқтату арқылы ағзасының энергия қорын толықтыру немесе қайта қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Сол арқылы адамның жұмысқа қабілеттілігі де жоғарылайды.
– Әңгімелеріңізге рахмет!
Дайындаған Гүлім Нұрланқызы
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.