ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ЖАҢҒЫРТУЛАР
Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 18 маусымдағы Жарлығымен «Қазақстан Республикасының Зейнетақы жүйесін 2030 жылға дейін әрі қарай жаңғырту Тұжырымдамасы» бекітілді. Тұжырымдама ҚР Президентінің 2013 жылғы 7 маусымдағы Қазақстан халқына зейнетақы реформасы мәселелері жөніндегі үндеуінде айтылған Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін ҚР Президентінің «Қазақстан – 2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауын ескере отырып әзірленді.
Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін жаңғыртудың қажеттілігі төменде келтірілген факторлардан айқын байқалады:
1. Ортақ зейнетақы мөлшерінің азаюынан және зейнетақы төлем көздерін одан әрі әртараптандыру қажеттігінен;
2. Ұзақ мерзімді демографиялық трендтерден және экономикалық даму циклінен;
3. Зейнетақымен қамсыздандыру жауапкершілігін мемлекеттің, жұмыс беруші мен қызметкердің арасында бөлуді одан әрі оңтайландыру қажеттігінен.
Тұжырымдама Қазақстан Республикасындағы зейнетақы өзгерістерін іске асыру тәжірибесі мен зейнетақы жүйесін дамытудың әлемдік үрдістерін бағалауға негізделеді.
Зейнетақы жүйесін жаңғырту жұмыстары негізінде тұжырымдама бойынша зейнетақы жүйесін жаңғырту мақсатында мына негізгі бағыттар бойынша жұмыс жүргізілетін болады:
1. Базалық деңгейде зейнеткерлер арасындағы кедейлікті азайту және азаматтардың зейнетақы жүйесіне қатысуын ынталандыру мақсатында мемлекеттік базалық зейнетақыларды тағайындау тетігі жетілдірі-
леді;
2. Міндетті деңгейде жинақтаушы құрамдауышы сақталатын болады және жұмыс берушілердің өз қызметкерлерінің пайдасына 5% жарналары есебінен құрамдауышы енгізіледі;
3. Қызметкерлердің және жұмыс берушілердің ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылатын ерікті – үшінші деңгей сақталып, одан әрі дамытылатын болады.
Зейнетақы жүйесіндегі жаңалықтар жайына тоқталар болсақ, қазіргі таңда негізгі үш ерекшелікті атап өтер едік. Олар:
1. Әйелдердің зейнет жасын ұлғайту.
2. Базалық зейнетақы жүйесіндегі өзгерістер.
3. Шартты-жинақтаушы құрамдауышын енгізу.
2017 жылдың 1 шілдесінен бастап – мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері 14 466 теңгені құрады. 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап – базалық зейнетақы төлемдері ЕТКД-нің 54% (пайыз біртіндеп өседі), яғни 15 273 теңге құрайды.
Зейнетақы жүйесінде 10 жылдан кем қатысу өтілі бар тұлғалар үшін ең төменгі күнкөріс деңгейі (ЕТКД) шамасынан 54% мөлшерінде.
Қатысу өтілі 10 жыл үстіндегі әр жыл үшін ЕТКД мөлшері 2%-ға артатын болады, бірақ 100% ЕТКД-дан аспайды.
Ырыскүл ЖҰМАБАЕВА.